Сарыарқа пирамидасы қалпына келтірілді

9 Қазан 2017

Қарағанды жерінен табылған Сарыарқа пирамидасының реставрациялық жұмыстары өз мәресіне жетті.  Археологтар көне мазарды қола дәуірінің Беғазы -Дәндібай мәдениетіне жатқызады. Үш мыңжылдық тарихы бар қорым сол заманның белгісіз билеушісіне тиесілі деген болжам бар. Бұл туралы археолог Виктор Новоженов Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Qasym.kz

Көне жәдігер Қарағанды облысына қарасты  Шет ауданының Талды ауылынан 8 шақырым қашықтықтағы Қаражартас қорымы маңынан табылған. Қорымдағы  топырақпен көмілген үйіндіні қарағандылық археологтардың назарын өзіне аударып, олар қазба жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылдайды. Әйтсе де қазба жұмыстарының нәтижесінде пирамида табамыз деп ешкім күтпеген екен. 

Сарыарқа пирамидасының бір ерекшелігі оның құрылысында болып отыр. Оның қабырғалары тастан 5-6 қатар етіп тұрғызылып, бұрыштары асқан шеберлікпен шығарылған. Жан-жағы 15, ал биіктігі 4 метр.

«Мұндай құрылыс бұрын еш жерде кездеспеген. Құрылысын былай қойғанда, қолданған тастардың өзі түп-түзу, төртбұрыш. Пирамиданың бұрыштарын да шебер келтірген. Бұл алғашқы мемлекет құруға жақын кезең, қола дәуірінің соңындағы сақ, скифтер болуы мүмкін», – дейді Сарыарқа археология институтының археологы, экспедиция жетекшісі Игорь Кукушкин.

Ғалымдардың болжауынша, қорымды бізден үш мың жыл бұрын өмір сүрген Беғазы-Дәндібай мәдениетінің өкілдері салған.

Бір айта кетерлігі, бұл қазақ даласынан табылып отырған алғашқы  пирамида. Ғалымдардың пайымдауынша, ол Беғазы-Дәндібай мәдениеті өкілдерінің сол заманның өзінде құрылыстан хабардар болғанын дәлелдейді.

Қарағанды жерінен көне пирамида табылғаны туралы ақпарат елді елең еткізген анық. Бір жылдың ішінде осы бір ерекше жәдігерді өз көздерімен көруге ынта білдіргендердің қатары да қалыңдай түсті. Сондықтан да тарихшы мамандар көне жәдігерді қалпына келтіру жұмыстарын қолға алған. Бұл жұмыстың өзіндік қиындықтары да жетіп артылады. Өйткені осыдан қаншама жүз жылдықтар бұрын тұрғызылған құрылысты дәл сол келбетте қалпына келтіру тыңғылықты жұмыс істеуді талап етеді.

«Жаз бойы И.А.Кукушкиннің жетекшілігімен экспедиция, ал күзде тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі археолог А.З. Бейсеновтің жетекшілігімен бір топ мамандар Сарыарқа пирамидасы жобасын аяқтады. Ендігі кезекте елдің туристік картасында ерекше тарихи орын пайда болды!»,- дейді Виктор Новоженов.

Сарыарқа пирамидасы мемлекет қорғауына алынған. Бұл маңайдан пирамидадан басқа 30 шақты қорым анықталды. Олар таяз, әрі шағын. Барлығында адамдар тұрмыстық заттармен бірге жерленген. Кейбірінен қыш, қоладан жасалған бұйымдар табылды. Жәдігерлер жақсы сақталған.

«Қасым-ақпарат»

 

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика