Сайлау алдындағы сауал: Тоқаев орнын сақтай ала ма?

21 апреля 2019

Иә, биылғы жыл қазақ мемлекетінің саяси сахнасы «қойылымға толы» болды. Қазықтай қағылған қалыпқа әбден үйренген бой жапатармағай жауған жаңалықтарды сүзгіден өткізіп те үлгермей жатыр. Дегенмен, айдай анық ақиқат… «Ең Маңызды Саяси Шоу» жалғасады!


Әлқисса, түркі ұғымындағы жаңа жыл қарсаңыда Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа жолдауы барысында өзінің президенттік өкілетін тоқтатқаны туралы мәлімдеген болатын.

Ата-Заңға сәйкес таққа отырып, тізгінді қолда ұстау үшін Парламет Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып тағайындалды.

Тәжірибе көрсеткендей, Орта Азия елдерінде биліктің ауысуы не транзитке бет бұруы – айтарлықтай үлкен процесс. Сол себепті елдегі саяси арена Гроссмейстерлерінің келесі қадамдары мен бұл өзгерістерді қабылдау барысындағы әрекеттерін бақылау іш пыстырмасы анық. Елдің саяси тарихында бұрын соңды болмаған ең ірі шахмат ойынының алғашқы партиясы басталды. Партиялар не дейді?

Бүгін Қ. Тоқаевтың таққа отырғанына тұп-тура 30 күн толды. Қазір ел тұрғындарының көкейінде жүрген басты сұрақ: «Келесі президент кім болады?» дегенге тіреліп тұрғаны анық.

Қазір бұл туралы таңды таңға асырып айтудың еш қажеті жоқ. Осы уақыт аралығында Тоқаев мырза кезектен тыс президент сайлауының болатыны туралы мәлімдеп үлгергені аргумент шығар. Алайда саяси партияларды қосқанда, әлі бірде бір республикалық қоғамдық бірлестік өз кандидатын таққа үміткер етіп ұсынған жоқ. Сондықтан қараңғыда нысана іздеп оқ ату – мардымсыздау қадам.

Бүгінгі біздің тілге тиек етіп тарқатар әңгімеміз жалғыз саясаткердің маңайында өрбімек. Ол – Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Елге танымал саясаттанушылардың көбі Тоқаев мырзаның алдағы сайлауда жеңіске жетіп, президент болуының ықтималдылығы жоғары екендігі туралы жарыса айтуда.

Сонымен, Тоқаев тақта қала ма? Осы турасында толығырақ тарқатып көрелік.
Ойталқыда таразыланатын алғашқы фактор – Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Тоқаевты осыншама маңызды уақытта Президент етіп тағайындауында. Бұл «жест» Қасым-Жомарт Кемелұлының қаншалықты салмақты саяси персона екендігін көрсетеді. Оның үстіне Елбасы қазіргі мемлекет басшысын бірнеше жылдар бойы осы рөлге дайындағанын анық байқауға болады.

Алдағы сайлау барысында Тоқаевтың таққа үміткер ретіндегі көзірлерінің бірегейі осы болмақ.
Айта кетуіміз керек қазіргі мемлекет басшысы Тоқаев мырза – өте таза саясаткер. Келіссіз реформалармен басы дауға қалмаған,орынсыз сөз айтып, опық жеген кезі көзге шалына қоймаған, тіпті сыбайлас жемқорлық және қаржылық махинациялар қайраңынан есімі қалқып шықпаған, бір сөзбен айтқанда,жақсы репутациясын сақтай білген тұлға. Оның үстіне мемлекет басшысының бизнес элитамен де байланысы суық. Бұл Тоқаевтың сауда үйі, Тоқаевтың компаниясы дегенді естіппе едіңіз? Әлбетте, жоқ. Бұл дүбірі жақындап келе жатқан саяси дода барысында үлкен плюс болатыны сөзсіз.

Әлқисса, Тоқаев мырзаның биографиясы толық дерлік зерделеніп, зерттеліп, отандық БАҚ бетінде жарияланған. Сондықтан ол бағыттағы тапталған жолға қалам тіреп, қатар ұзатудың қажеті жоқ секілді. Десе де уақытша президенттің саяси сапары туралы ауыз толтырып айтарлық дүниелердің бар екені сөзсіз.

Алғашқы қызметтік қадамын Кеңес Одағының СІМ-де бастаған Тоқаев мырзаның резюмесінде оның тұлғалық болмысын, кемеңгер көзқарасын айшықтауға сеп болатын қызмет орындары жетіп артылады. Ширек ғасырдан асқан саяси сапары барысында жаман аты шығып көрмеген тұлғаның артынан ерген аңыз да баршылық.

Мысал ретінде, Ресейдің ТМД істері бойынша мемлекеттік думасының төрағасы Леонид Слуцкий Тоқаев һақында: «Ол кісі еуропалық емес, одан да биік деңгейдегі саясаткер»,- деп баға беруін негізге алайық. Ресей саяси элитасынан шыққан бір ауыз пікір Қасым-Жомарт Кемелұлының халықаралық деңгейін айшықтай түсетіндей.

Иә, жасыратын ештеңе жоқ. Тоқаев таққа келгелі бері ел ішінде «қуыршақ саясаткер», «Елбасының айтқанынан шықпайды» деген қауесет жиі айтылып жүрді. Алайда тізгінді қолына алған отыз күннің ішінде Қасым-жомарт Тоқаев бұл тұжырымды түбегейлі жоққа шығарды деуге негіз жетерлік.

Біріншіден, Тоқаев өте тосын, батыл, бірақ өте негізді тағайындаулар жасап үлгерді. Оның ішіндегі ерекшесі–Қазақстанның Финляндия мен Эстония мемлекеттеріндегі Елшісінің Президент көмекшілігіне келуі.Бұл әлемдегі ең бәсекеге қабілетті мемлекет – Финляндия мен Орталық және Шығыс Еуропадағы ең сәтті экономикалық реформалар жасап, даму динамикасын үдеткен Эстония елдерінің озық тәжірибелерін, даму моделдерін Қазақстанға енгізу жоспарының алғышарты. Осы арқылы Тоқаев бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіру міндетін қазірден іске асыруға кірісіп, Қазақстанның даму траекториясына айқындық енгізді деуге болады.

Екіншіден, Тоқаев «әділетті қоғам» құру идеясына ерекше мән беріп отыр. Бұл идея Тоқаевтың әрбір сөйлеген сөздеріндегі жемқорлыққа қарсы күрес, әлеуметтік әділеттіке қол жеткізу, бюджет қаржысын дұрыс пайдалану ұстанымдарымен шегелене түсті. Президенттің «Ұлы дала демократиясынан бастау алатын әділдік қағидалары қатаң сақталуы керек. Олардан айырылу адамдығымыздан , ұлттық даралығымыздан айырылумен тең» деген сөзді бірнеше қайталағаны есімізде. Бұл идеяны сенімді көтеруіне ешқандай олигархтық топтарға тәуелділігі жоқ Тоқаевтың толық моралдық құқығы бар деп есептейміз.

Үшіншіден, халықпен коммуникацияны жолға қоюға деген ұмтылысы – орынды. Өздеріңіз білесіздер, Елбасы тарапынан бұрынғы Үкіметтің басты кемшіліктерінің бірі халықпен дұрыс қарым-қатынас құра алмауы, сондықтан елдің мұң-мұқтажын түсінбеуі және жасалып жатқан істерді көрсете алмауы деп бағаланған болатын. Әрине, коммуникацияның әлсіздігі – тек жоғарыдан төмен қарай тағайындауға негізделген қатаң иерархиялық жүйенің үлкен әрі дәстүрлі кемшілігі.Осы олқылықтың орнын толтыру үшін бұрыннан бері твиттерде белсенді Тоқаевтың әкімдерді әлеуметтік желіге тіркелуге міндеттеуі және өзінің Виртуалды қабылдау алаңына ашуы қатқан сеңнің қозғалғанын көрсеткендей.

…Енді әуелдегі сұрағымызға оралайық.
Айта кетуіміз керек Қасым-Жомарт Тоқаевтың халқаралық аренада атқарған саяси лауазымы жетерлік. 2011-2013 жылдар аралығында Ол БҰҰ бас хатшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған. Аталмыш қызмет Тоқаевтың дара принциптерін айшықтап, өзін беделді саясаткер ретінде көрсетті. Қазіргі президенттің еуропалық үлгідегі саяси қолтаңбасының бекігені осы тұста айқын көрінді деуге негіз бар. Оның үстіне Қасым-Жомарт Кемелұлы БҰҰ-да осындай маңызды қызмет атқарған Орта Азиядан шыққан тұңғыш саясаткер болатын. Бұның өзі айтарлықтай салмақты кесім емес пе? Женевадағы жұмыс жылдарында Тоқаев «кресло жылытып» отырмағаны анық. Осы аралықта Сирия еліндегі дағдарыс барысын шешу үшін жүзеге асырылған «Женева-1» конференциясын ұйымдастыру кезінде Тоқаевтың қосқан үлесі орасан зор болды. Одан бұрын да ядролық қарудан азат Қазақстанның халықаралық аренадағы бейбітшілік миссиясының басында жүрген Тоқаев осы жолы өзінің әлемдік масштабтағы саяси салмағын бекемдей түскендей көрінді.

Негізінен осы жылдар арасындағы қызмет барысын Елбасының Тоқаевты таққа мұрагер ретінде, заңды транзитті жүзеге асыру барысындағы маңызды персона ретінде анық таңдағанын байқауға болады. Себебі, осы қызметте отырған жерінен Тоқаев мырзаны мемлекеттің кері шақырып алуы еуропалықтарды қатты таңғалдырған. Одан кейін, бәрімізге белгілі, Қасым-Жомарт Кемелұлы елдегі Президенттен кейінгі екінші жоғары статусқа ие лауазым – Сенат Төрағасы болып тағайындалды. Бұл Тоқаевтың тағы бір аса маңызды миссияға қадам басуы болғанын елдегі соңғы саяси жағдайлар айқын көрсетті.

Сонымен қатар, қазір Қасым-Жомарт Тоқаев тек транзиттік кезеңдегі тұрақтылықтысақтау шараларын қамтамасыз етіп қана қоймай, елдің ертеңін айқындайтын батыл саяси шешімдер қабылдап жатқанын көріп отырмыз. Бұл қадамдар келесі Президенттің тұлғасын сомдауға таптырмас құрал қызметін атқаруда…
Түйін сөз орынына:

Қазіргі таңда елдің бар назары алда өтетін сайлауда екені түсінікті. Біз де өз болжамымызды ортаға салдық. Елдің бағдары мен бағытын, болашағы мен игілігін анықтайтын тұста, қазіргі президентіміздіңалдағы додадағы мүмкіндігі мен ықтималдығы әлде қайда басым екені анық байқалады. Интеллектісі жоғары эрудит тұлғаның ел тізгінін алуы көшімізді оңға бастары анық. Бір қызығы Ел президентінің әкесі Кемел Тоқаев детективтік шығармаларымен танылған. Қарымды қаламгер өз кезегінде қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының алғашқы із салушыларының бірі. Түрлі шытырман оқиғалар мен интригаларды өрбітіп отырған жазушы арғы бөлмеде ұйықтап жатқан баласының Тәуелсіз Қазақстан тарихында орын алатын ең үлкен саяси интриганың басты пазлы болатынын сезді ме екен?.. Қызық…

Ербол Алшынбай


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика