Сахнада – «Досымның үйленуі»

31 Мамыр 2018

Сахнада досымның үйлену тойыСәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры өзінің 80-ші мерейтойлы маусымын 8 қыркүйекте дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың «Досымның үйленуі» атты комедиясымен ашпақ. Сондай-ақ, аталмыш қойылым жаңа маусымның шымылдығын ашумен қатар, қыркүйектің 8-11 күндері өтетін ақынның 100 жылдық мерейтойының түңлігін түреді. Жаңа маусымның ашылу салтанатына дайындық, мерейлі маусымның жоспары мен көрермен қауымға тартар сыбағасы және театрдың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында атқарылатын іс-шаралар жайында театр басшылары мен жетекші әртістердің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында ауқымды әңгіме қозғалды.
Қазыналы өлкедегі қазақ өнері­нің қара шаңырағы – С.Сейфул­лин атындағы облыстық драма театрының сексенінші маусымын­да көпшілікке таралғы етер сыб­а­ғасы – қомақты. Мерекелі маусым берекелі болғалы тұр.
БАҚ өкілдерімен кең отырып әңгіме-дүкен құрған сыр-сұхбатты театрдың әдебиет бөлімінің мең­геру­шісі Марал Нұртөлеуова ашып, бүгінгі мәслихаттың мақсатына тоқталды. Одан кейін әңгіме тізгінін театр директоры, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кеңес Жұма­беков алып, журналистерге жаңа маусымның жаңалығын жария етті.
– Біз биылғы маусымға жан-жақ­ты әзірлік, зор жауапкершілікпен кел­іп отырмыз. Өйткені, биылғы жыл – ел өміріндегі елеулі жыл. Тәуел­сіздігіміздің 20 жылдығы, Қасым Аманжоловтың 100 жылдығы, театры­мыздың 80 жылдығы сияқты тарихи мерекелерді қамтыған шы­ғар­машылық жоспар әзірлеп, 80-ші маусымның шымылдығын тың серпінмен ашпақпыз. Жаңа мау­сым 8 қыркүйек күні ашылады. «Қазақ поэзиясының жолбарысы» атанған Қасым Аманжоловтың мерейтойының меймандарын біз қарсы алатын боламыз. Еліміз­дің түкпір-түкпірінен келген қонақ­тар сол күні Қасым ақынның «Досым­ның үйленуі» атты комедиясын тамашалайтын болады. Қойылымның режиссері – театрдың көркемдік жетек­шісі, ҚР Жастар одағы сый­лы­ғының иегері, Мәдениет қайрат­кері Дунай Есбаев.
Жалпы, театрымыз сәт сайын шығармашылық шыңға өрлеп, тың ізденістің тамаша үлгісін көрсетіп келеді. Мәселен, өткен маусымда театр труппасы өз репертуарын 6 жа­ңа қойылыммен толықтырса, биыл­ғы маусымда да бұл межеден асуды көздеп отырмыз. Өткен маусымдағы тамаша қойылымымыздың бірі Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасының сах­на­лық нұсқасы болғаны естеріңізде болар. Сонымен қатар, өткен жы­лы театрымыздың кіші залы­нан қуыршақ труппасы ашылып, кішкентай көрермендерімізді қуа­ныш­­­қа кенелтті. Әсіресе, театр­дың жас көрермендеріне «Алдар көсе» ертегісінің желісімен әзірленген қойылым қатты ұнады. Көрермен көзайымына айналып, өнер әлеміне тың серпіліс әкелетін қойылымдардың бірнешеуін алдағы маусымға дайындап жатырмыз, – деп ағынан жарылды Кеңес Нарым­байұлы.
Әрине, мұның бәрі – театр басшысының әсіре сілтеген әңгімесі емес, баршамыз куә болған жетістік.
Театр ұжымы 10 қыркүйек күні Қырымда өтетін «Ялта. Чехов. Театр.» атты халықаралық театр­лар фестивалына аттанбақ. Бұл байқауға қатысуға Қазақстаннан 5-6 театр тапсырыс берген екен, фестиваль әкімшілігінің таңдауы Қарағанды театрына түсіпті. Бұл – үлкен абырой. Әлемнің көшбасшы театрлары бақ сынасатын өнер бәйгесіне біздің театр қырғыз драматургтері, ерлі-зайыпты Мырза, Ғалия Ғаппаровтардың «Қиямет-қайым Киота» атты шығармасымен қатысатын болады.
– Ялтадан оралысымен Ре­сей­­дің Омбы қаласына гаст­роль­дік сапарға аттанамыз. Қыр­күйектің 25-29 күндері Омбы­дағы қандастарымыз біздің театр­дың шебер сахналанған үздік қойы­лымдары – Ш.Мұртазаның «Домалақ анасын», Д.Исабековтің «Әпкесін», Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашы», М.Хасеновтің «Hi-Fi махаббатын» және М.Әуезовтің «Ай­ман-Шолпанын» тамашалайтын болады. Ал, жаңа маусымда театр актері Бекмұхамет Киекбаев көрер­мен назарына Рэй Кунидің «Еркек. Әйел. Балкон. Өлік» драм­асын ұсынбақ. Сондай-ақ, жас режиссер Айбек Қырықбаев «Жетоқсан желі» қойылымын әзір­леу үстінде. М.Чеховтың «Шаға­ла» драмасын да жоспарға ен­гіз­іп қойдық. Жалпы, театр труп­пасындағы стиль алуандығы өнер ұжымының шығармашылық тұрғыдан шыңдалуына мол септігін тигізеді. Сондықтан да, біз әлем классиктерінің жауһар дүниелерін сахналауға баса мән беріп келеміз. Ұжымның шеберлігін шыңдау мақ­сатында ТМД, Қазақстан көлемінде аты мәшһүр режиссерлармен шығар­машылық байланыс орнатуды да қолға алдық. Алдағы маусымда белгілі режиссер Болат Атабаев «Абылай хан» қойылымын, Қуандық Қасымов М.Әуезовтің «Қаракөзін» біздің театрда сахналауды жоспарлап отыр, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Дунай Есбаев.
Өздерін жарнамалауды емес, барды бағалауды мақсат еткен кездесуде театрдың жетекші әртістері Қайрат Кемалов, Нұр­жібек Жан­сүгірова театр өнерін өркен­детуге қатысты оқшау ойларын ортаға салды.
Қазақстандағы көшбасшы те­атр­­­дың көшелі керуені мерекелі жыл­ға осындай мазмұндағы жос­пармен қадам басып отыр. Көрер­мен көзайым болар көрікті сәттерде бірге болайық, ағайын!

Ерсін МҰСАБЕКОВ


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика