«САҒЫМНАН ШӘЙІ ЖАМЫЛҒАН, ҚЫРМЫЗЫ ТОТЫ ҚҰСТАР-АЙ…»

13 августа 2017

Мұқағали Мақатаев Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев шығармаларының тілі бүгінде жан-жақты зерттеліп келеді. Ақынның көркем сөз тудыру тәсілдері, өлең сөз құрылымына қосқан сүбелі үлесі, көркемдік шеберлігі, көріктеуіш құралдарды тудыру ерекшелігі поэзия әлеміндегі дара қолтаңбасын айқындайды. Олай болса, «Сөзтаным» айдарының бұл санында біз ақынның жырларындағы сөз қолданысының сыры мен сипатын, бейнелі теңеулерді сөз етпекпіз.

Табиғат пен болмыс

Біздің байқауымызша, ақынның бейнелеу шеберлігіндегі басты ерекшелігі – жансызға жан бітіріп, жандыны жансыздандыру, адамзаттың мінезін табиғат құбылыстарымен теңеу, сонымен қатар табиғатқа тіл бітіріп, адамша әрекеттендіру. Осындай бейнелеу тәсілдері арқылы ақын керемет перифраздарды дүниеге әкелген. Мәселен, тағдырды – қамшы ұстап, арба айдаған ұры арбакешке, өлімді – Қорқыттың көріне, Күнді – шашын бірде жайып, бірде түйген қызға ұқсатуы, күнделікті тіршілікті зырылдаған ұршыққа, өмірдің бақытты сәттерін – жарқ еткен найзағайға телуі, өсекті  – қанден итке теңеуі, тағдырды – балаққа жабысқан күшікке ұқсатуы ақынның жалпы адамзаттық стереотиптен тыс, эстетикалық стереотипте тану қабілетінен туындаған суреттемелерден жасалғанын байқаймыз.
Ақын шығармаларында көркемдік әлемнің белгілері молынан ұшырасады. Қайыңның өкшесін үсітіп, құлағына сырға тағып, шәйі орамал жауып тіршілікке араласқан қыздың кейпіне үйлестіре бейнелеген поэзия шеберінің көркемдік әлемінде табиғат пен адамның алма-кезек суреттелуі жиі кездеседі. Өзінің қызын жүзімге балап, «бақшамдағы жүзімді кім үзді» деп бейнелеуде нәзіктікті нәзік дүниемен теңбе-тең қоя білуі, желдің қасиетіне тентектікті, бұлақтың қасиетіне еркелікті, теңіз толқынымен ашу-ызаны, бұлтпен қайғы-мұңды, жаздың жайдары жайма-шуақ күндерімен жастық шақты, күздің бұлыңғыр белгілерімен егделік, есейген шақты, қыстың қатал аяздарымен кәрі шалды бейнелеуі ақынның табиғат арқылы адамның ішкі мінез-құлқын сипаттауға бейім, табиғатқа жақын болғанын байқаймыз.
Сонымен қатар ақынның көркемдік әлемінде материалдық дүниелердің абстрактілі ойды түсіндіруге белсенді қолданылғаны аңғарылады. Тіпті ұқсатуға келмейтін заттардың бойындағы білер-білінбес қасиеттерді таңдап алып, абстрактілі ұғымдарды танытуы көркемдік әлем жасаудағы ерекше модельдерінің бірі болып саналады. Мысалы, ренішті – қосылмайтын рельстерге теңеуі, өлімді – келмес кемеге, уақытты – бір орында тұрмайтын сынапқа теңеуі, жалғыздықты – еменге балауы (емен тамырын кең жаятын болғандықтан, жанына басқа ағаштар өсе алмайды, орманда жалғыздығымен ерекшеленеді), тағдырды – ұры арбакешке теңеуі, түнді жамылған қара шәлі, жабылған перде, қара кілеммен теңестіруі ақынның эстетикалық танымының ұшқырлығына байланысты болатыны сөзсіз.
М.Мақатаевтың көркемдік әлемін оның өзі жасаған иконикалық бейне-таңбалары толықтырады.
Ақынның икондық таңбаларының ішіндегі жандылары жансызданып, жансыздарына жан бітіп, тіршілікке араласып жатқанын аңғаруға болады. Шығармалардағы иконды таңбалардың басым көпшілігі зооморфтық (жануарлар бейнесіне ұқсату), фитоморфтық (өсімдіктер бейнесіне ұқсату) және антропоморфтық (белгілі адам бейнесіне ұқсату), мифоморфтық (мифтік кейіпкерлер бейнесіне ұқсату) бейнелі сөздерден құралады.
Мәселен, зооморфтық бейнелі сөздерді жасау барысында ақын бөрі арқылы озбырлықты (бөрі – әлсіздердің жауы), ақиық құс арқылы еркіндікті (Ақиық – еркіндіктің ардагері), арыстан арқылы батылдықты (Талабым арыстанның жүрегіндей), түлкі арқылы сайқалдықты (Сайқалды соға алмаса құмай тазы, Құм қылып жігеріңді мұңайтады), көкжал арқылы малшының шақырылмаған қонағын, самұрық құс арқылы қайсарлықты (Болат тұяқ қақшиып, Қақ тұмсыққа ұмтылды, Қос жанарын арланның, Екі-ақ шоқып ағызды), көбелек арқылы әлсіз адам мен жеңіл мінезділікті (Көбелек деп жүрсің бе отты айналған? Қуатым бар кеудемде шоқтай жанған) сипаттайды. Қанден ит өсекшіл адамға теңестірілген (Артымнан қанден өсек үргенін-ай, Қанденмен күресе алмай жүргенім-ай).
Ақынның көркемдік әлемі фитоморфтық бейнелі сөздерге толы. Себебі оның жан дүниесіндегі әрбір ой табиғат әлемімен теңестірілген. Мәселен, «өсек» пен «шеңгел» ұғымдарының арасында бір ұқсастық табу қиын. Бірақ ақын өсек адамды қандай шырмауық шырғалаңына түсіріп, жаныңды жырып өтсе шеңгелдің де шырмауықтай шырматылып өсетіні, тырнайтын тікенектері болатын қасиеттері өзара үйлестірілген (Сол үшін жүрек жабырқау Шеңгелінде өсектің). Қызғалдақ ақынның көркемдік әлемінде жас бойжеткен қыз (Күн жауған шақта қайтатын едік қырманнан, Көтеріп алып, өтетін едік сулардан, Қызғалдақ қызды жаңадан ғана бүр жарған). Ал жастық шақты жауқазын гүлмен символдау ақын өлеңдерінде көп кездеседі (Жаңа жарылған жауқазын едің көктемде, Жылысып жазың өткен бе). Майы­сып өскен қайыңның сыртқы бейнесін ақын бірде мас адамға, бірде белі майысқан бұралаңдаған сылқым қыздарға теңейді.
М.Мақатаевтың иконды таңбалар әлемінде ерекше көзге түсетіні натуроморфизмдер, яғни табиғат әлемі. Ақынның бейнелілік әлемі тұтастай  өзі өмір сүрген ортасының табиғи әлемін бейнелеуден құралған десек те болады. Себебі, ол қуанса да, қайғырса да, шаттанса да, мұңайса да, ренжісе де, кектенсе де табиғаттың дүлей күшімен теңестіре бейнелеген. Мысалы, жайлау, жаз, көктем ақын өлеңдерінде қуаныш, шаттыққа толы эмоцияны бейнелеуде белсенді қолданылады (Жастықтың жайлауы), ал жауын, жаңбыр, бұршақ – жылау, еңіреу эмоциясын (Көз жасымды жаңбыр етіп, Қара жолдың шаңын бастым), бұлт, тұман – қайғы, мұңды бейнелейді (Шұғыла боп содан соң ашыл дағы, Бұлтымды таста серпіп басымдағы), дауыл, жел, нөсер, найзағай – ашу, ыза, кек сияқты аффектілі сезімді бейнелеуде жиі қолданылған (Дауыл ұлып жатады, толқын ұрып, Шайқаласың өмірдің кемесінде).  Мұқағали ақын өзінің арманын таудың биік шыңына теңеп, соған жетуді көздейді. Ал өзін сол таудың басында еркін мекендейтін тау тағысына теңейді. Тауларды кәрі қарияға теңеп, оларды ақ бас шалдар, сәлде ораған қариялар деп бейнелеп, әлемнің үстінен қарап тұрған көшбасшы ретінде сипаттайтын тұстары да бар. Ақынның натуроморфизмдерін бұлайша талдаудан гөрі, лингвостилистикалық жүйеде метафора жасау, теңеу жасау, эпитет жасау модельдері қандай болғанын сөздікте айқын көрсетуді жөн көрдік.
Ақын ұлттық материалдық бұйымдарды бейнелі сөздер құрылымында жиі қолданады. Мысалы, ұршықты соғыстан баласын сарыла күткен кемпірдің деталі ретінде нәзік бейнелейді. Ұршығындағы жібі жіңішкере үзілген әжемнің көңіліне жаман ой келді. Ұршықтың зырылдаған бейнесі күнделікті күйбең тіршілікпен, тау­сылмайтын бейнетпен теңелуін ақын былайша жырлайды: Күн сайын Күн шыққаны: Тіршіліктің зыр қағып ұршықтары Әженің таусылмаған түйдегіндей, Домаланып, иіріп, тыншытпауы.
Шолпы заты ақын өлеңдерінде қыздың бейнесін сомдауда емес, бұлақтың сыңғырын, бұлақтың бейнесін сипаттауда орынды қолданылады. Мысалы, Шолпылы бұлақ (Шомылып алам әуелі Шолпылы сылдыр бұлаққа).
Қамшы сөзі өлеңдерінде билікті бейнелеуде, тағдырды бағындыратын құрал ретінде суреттеледі. Өмірге қамшы ойнату, дүлділіме қамшы салу, бұзықтық қамшысындай ирелеңдеу сияқты бейнелі сөздер қатарын жасауда қолданылған.
Шәйі орамалдың желпінгіш, сусылдақ қасиеті самал желді сипаттауда (Балауса бел, құба жон, бал құрақтан Шәйі самал желпиді балбыратқан), сағымды бейнелеу­де (Сағымнан шәйі жамылған,Қырмызы тоты құстар-ай), (Сағымның шәйі желегін, Тентек жел жұлып алыпты), шаттыққа бөленген көңіл-күйді суреттеуде (Желпіп жібер шаттықтың шәйісімен, Бүкіл мына ғаламның мұңын бер де), сары шәйі – күзді бейнелеуде (Сағыныштай сарғайып жанды ма күз, Сары шәйі жамылып алды ма түз) қолданылған.
Ошақ белгілі бір бастаманың ұйытқысы, ортасы ретінде, берекесі ретінде суреттеледі. Мысалы, жыр ошақ, болашақтың ошағы.
Шымылдық белгілі бір дүниенің ашылуын немесе жабылуын сипаттауда қолданылады. Мысалы, Шындық – шымылдық (Шындық деген шымылдық біреулерге Қалқа қылып шындықты жүрер пенде Шымылдығын шындық кеп жұлып алса, Шыбыны ұшып бейшара кірер жерге), Ақ таң – шымылдық (Ақ тауға асылғанда ақ таң келіп, Ашылған ақ шымылдық мақпал дерлік), Тау – шымылдық салбыраған (Түні мынау тамыздың маужыраған, Тауың анау – шымылдық салбыраған).
Қазан – белгілі бір берекелі орта кеңістігін сипаттайтын бейнелі таңба. Ақын өлеңдерінде Жыр қазаны, Қазақ жері – алып бір қара қазан деп суреттелген.
Кілем – ақын өлеңдерінде күзгі жерді, көктемгі жерді, түнді бейнелеуде жиі қолданылған бейнелі таңба. Күрең жер – тозған кілемдер (Жыртылып жатыр күрең жер, Күрең жер – тозған кілемдер), Күрең бел – жиған кілемдер (Күрең тау анау күрең бел, Күрең бел – жиған кілемдер). Дала – кілем (Түгі кетіп, жарғаққа айналған ба, Көздің жауын алатын дала кілем). Түн – қара кілем (Шығыс жақтан бозалаң беріп ірең, Баяу ғана түріліп қара кілем).
Мұқағали Мақатаевтың көркемдік әлеміндегі кеңістіктің өзін сан түрлі бағыттарға жіктеп қарастыруға болады. Себебі ол көк пен жердің, тау мен құздың, оң мен солдың, биіктік пен аласаның, алыс пен жақынның, тіпті ғарыштағы кеңістіктің де бейнелі таңбаларын жасай білген. Ақын  ақиқат дүниені, әсіресе дерексіз ұғымдарды бейнелеуде осы кеңістік бейнелерді ұтымды қолданады.

Кеңістік бейнелері

Көлденеңді кеңістік бейнелер. Бұл бейнелер негізінен кеме, өзен, дария, мұхит, теңіз, жол, орман, мекеме, мектеппен таңбаланған. Бұл бейнелі кеңістік таңбалары өмірді, өлімді, ақылды суреттеуде белсенді қолданылған.
Дария – кеңістік бейнесі. Өмір – дария (Көрдің бе бір-біріне дөп келуін, Бір қырсық бір қырсықпен шектелуі? Балам-ай, мынау өмір-дарияның, Білмейсің қайда екенін өткелінің. Өлім – дарияң бітіп, тартылу (Дәрменсіз, ойсыз шарқ ұрып, Қалғанша қатып қайғыға, Дариям бітіп, тартылып, Кіргенше өлім қойнына). Дария – ақыл (Жүрегің – от, дария-ақылың кең). Өмірдің дариясы. Дариясы өмірдің шайқалмайды, Дәрмені жоқ бір пенде жылағанда.
Кеме – кеңістік бейнесі. Жүрек, кеуде кеңістігін бейнелеу үшін, үміт, дәуір, өлім, достық, арамдық, өмір сияқты абстрактілі ойды бейнелеу үшін қолданылған. Жүрек – мұхит кемесі (Жүрегім менің жүйткіп жүзген, Долы мұхит кемесі). Кер үміттің кемесі (Әрі күттім амалсыз, бері күттім, Кемесіне жармасып кер үміттің). Достықтың кемесі (Аңыраймын иесіз жағалауда, Айырылып достықтың кемесінен). Өмірдің кемесі (Дауыл ұлып жатады, толқын ұрып, Шайқаласың өмірдің кемесінде). Арамдықтың кемесі (Арамдықтың кемесінде шайқалған, Тентек болған тайыншадай ділгірдім). Дәуір – кеме ( Дәуір атты кеменің жотасында, Нық тұрмын аяғымды анық басып). Өлім – келместің кемесі (Неменеңе жетістің, бала батыр? Қариялар азайып бара жатыр. Бірі мініп келместің кемесіне, Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр).
Өзен – кеңістік бейнесі. Ақиқат ұғымдарын бейнелеу­де белсенді қол­данылады. Ақиқаттың өзені (Шомылып ақиқатты өзенінде Шыныға ма шындықтың өз елінде?).
Теңіз – кеңістік бейнесі. Өмірді, ақындық шабытты, дүниені, қайғыны бейнелейтін маңызды бейнелі таңбалардың бірі. Өмір – теңіз (Өмір – теңіз, ол теңізде мен шабақ, Тұтпақ болып түрлі қауіп тұр қарап). Ақын – тулаған теңіз. (Өзіңсің солай жаратқан, Өзегі жалын бұл балаң – Шағаласы бар тулаған, Теңіздің сыры белгілі). Дүние – теңіз (Сұрғылт дүние теңізінен Сұстана қорқып жиренген). Қайғы – теңіз боп теңселу (Көзіңнің жасын көрсетпе маған, еңселім, Қайғыру саған – Қара теңіз боп теңселу).
Жол – кеңістік бейнесі. Жол – ақынның көркемдік әлемінде өмірді сипаттау үшін қолданылған. Өмір – соқпақ жол (Ала жүрген бақыт пенен сорың бар, Соқпағы көп сорға лайық жолың бар). Өмір – жол (Кім білсін болашағым әлде жарық, Көлденеңсіз жол шығар айқын, анық). Өмір – соқпақ жол (Құмартамын өмір, саған жалғыз-ақ, Соқпағы көп қара жолың қауіпті,Үмітті үзіп, ойыма арман салғызад). Өмір – жол (Өмірде кең, даңғыл жол қайда… Дауылдар, жауындар болмай ма?).
Орман, тоғай – кеңістік бейнесі. Адамды суреттеуде кеңінен қолданылады. Адам – бір жыныс тоғай (Әрбір адам бір-бір жыныс тоғай ғой Ну орманнан шыққаннан да жол тауып, Еркін келіп, еніп кету – оңай ғой). Шаш – қара орман (Сенің жүзің көкте күннен, жерде гүлден жаралған Шашың сенің жан баспаған жапандағы қара орман). Өмір – орман (Келіп ем өмір-орманға Наурыз айы туғанда).
Мектеп – кеңістік бейнесі. Өмір – мектеп (Баяғыдай мінезім, ақылым да Кеткен жоқ әлі ұзап шақырымға Өмір деген мектепті бітіре алмай Көше алмай-ақ келемін бір класстан). Өмір – дәу мектеп (Өзіңнен, тегінде, мен Атта­нам сенімменен. Ассалаума­ғалейкүм, Дәу мектеп өмір деген!).
Мекеме – кеңістік бейнесі. Өмір – өзгермес мекеме. (Той жасап, торқа төсеп шабылмаған, Демек, тойдың жабдығы табылмаған, Өмір дейтін өзгермес мекеменің Алдында әжем мені қабылдаған).
Сахна – кеңістік бейнесі. Сахна – дала (Өрекпіп бұлттар өткенде сахна даладан, Сақтан деп аспан соққанда дойыр барабан). Өлім – өмір сахнасынан жөнелу (Өмір жолын либерал боп бастады. Өмір сахнасынан жөнелді. Ол өлді!). Өмір сахнасы (Өмір сахнасына алған заңды билетім бар, Заңды орныма таласамын!).
Тік кеңістік бейнелері. Бұл бейнелер аспан, көк, тау, шың, құз, жар, баспалдақ, жанартау (вулкан) бейнелік таңбалары арқылы суреттеледі. Тік кеңістік бейнелері арқылы өмірге ұмтылыс, арманға жету, өлім, тағдыр сияқты абстрактілі ұғымдарды танытуда ұтымды қолданылған.
Тау – тік кеңістік бейнесі. Тағдыр – көлденең жатқан тау (Ей, Тағдыр, білесің бе? Мен саған бағынбаймын. Бар ма тағы беретін зарың, қайғың?! Көлденеңдеп жолымда тау боп тұрсың).
Баспалдақ – тік кеңістік бейнесі. Өмірдің баспалдағы (Аттай жүріп өмірдің баспалдағын Бірі менмін қайғыдан қашқан жанның). Қырық жас – қырқыншы баспалдақ (Қыршын жастық – сен менің ғашықтығым, Қырқыншы баспалдақ басып тұрмын).
Шың – тік кеңістік бейнесі. Бақыт – биік шың (Мен шыға алмас шың едің, шын бақытым, Әлі де биікпісің, биікпісің).
Жер асты – тік кеңістік бейнесі өлімді бейнелеуде қолданылады. Өлім – жер астынан баспана алу (Қарт кетіп, жер астынан баспана апты, Байлық қапты, бақ қапты, басқа қапты).

Үш бақытым

Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
…Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай-ақ кел-дағы от ал менен.
Түтін түтет,
Өс, өрбі, көгере бер,
Немерелер көбейсін, шөберелер.
Жадыңда ұста:
Жақсылық күтпегейсің!
От емес, оқ сұрасаң менен егер!

Үш бірдей бақытым бар алақанда,
(Мені мұндай бақытты жаратар ма?!)
Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!

Өмір туралы пайымдаулар

Ақынның негізі тақырыбы – өмір мен өлім. Соның ішінде өмір туралы пайымдаулары өте көп. М.Мақатаев өз өлеңдерінде өмір сүру мен күн көрудің аражігін ажыратып көрсетеді. Өмірдің мәнін, құндылығын өзінің стереотиптік танымындағы бейнелі таңбалармен суреттеп, өмір сүруге деген құлшынысты оятады. Ал күнкөріс тіршілігінің қиындықтарын, күнделікті тіршіліктің күйбең күндерін түрлі дүниелерге теңейді. Өмірдегі жақсылық пен жамандықтан, қуаныш пен қайғыдан тұратын жағдаяттарды мүлде ұқсамайтын дүниелермен үйлестіре отырып бейнелеуі ақынның эстетикалық ойлау шеберлігі жоғары екенін көрсетеді.

Өмір – аласұрған күндер
Күндер, қайда асығып барасыңдар?
Кідіріңдер, бересім, аласым бар
Әлі де табысу бар, таласу бар,
Бітірейін, тоқтаңдар санасыңдар!

Өмір – мұз айдыны
Өмір деген тайғанақ мұз айдында,
Жырлап кетем, алдымен жылаймын да
Сөредегі кермені кесіп өтсем,
Маған әлі жетпейді Құдайдың да.

Өмір – майдан
Өмір деген осынау майданда бұл,
Қолбасы да, қорқақ та сайраңдап жүр.
Өмір менен өлімнің ортасында
Кетер ме екен келе алмай байламға бір?!

Өмір – билік
Жазықсызбын дей алман, жат көріндім,
Жазықтымын дей алман, ақкөңілмін
Өмір деген біреу бар билік құрған
Билігінен мен соның қақ бөліндім.

Өмір – тер төгу
Өзіңе-өзің жүк артып,
Өмір деген – тер төгу.

Өмір – құмарту мен жиіркену
Бір нәрсеге құмартып,
Бір нәрседен жиіркену.
Өмір – алдау және алдану
Біреулерді алдау да,
Біреулерден алдану.

Өмір – жан бағу
Қор боп өтпей жалғанда,
Қолдан келсе жан бағу.

Өмір – шалқу мен толқу
Кейде шалқып шаруам,
Кейде қашып берекем,
Өмір деген, жаным-ау
Өзім екем, мен екем.

Өмір – дария
Көрдің бе бір-біріне дөп келуін,
Бір қырсық бір қырсықпен шектелуі?
Балам-ай, мынау өмір-дарияның,
Білмейсің қайда екенін өткелінің.

Өмір – кейде шаттық, кейде мұң
Өмір жайлы ойланам, өзім жайлы,
Кейде шаттық, кейде бір мұнар қайғы,
Алма-кезек алдымда бұлаңдайды.

Өмір – бүгінің
Шыдамдыны мына өмір ұнатады,
Өкінбе, өкпелеме бүгініңе,
Мәңгі мені жазбаған сүрінуге
Қайта тұрып, хақың бар жүгіруге.

(«Ана тілі» газетінен)


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика