Сағадиев: «Оқушыларды қазақша сөйлетеміз»

31 марта 2017

Алдағы уақытта орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ тілі жаңа әдістеме бойынша оқытыла бастайды. Өзгеріс жаңа оқу жылынан бастап облыстардағы 100-150 мектепке енгізіледі деп күтілуде. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Осыхан дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда жарты миллионға жуық оқушы қазақ тілін мүлдем білмейді. Мектеп бағдарламасына енгізілген «Қазақ тілі» пәні орыс мектептерінде 11 жыл оқытылғанымен де одан еш нәтиже шықпай отыр. Түлектер бір ауыз қазақша үйренбестен мектеп бітіруде. Министрлік бұл мәселені зерттеп, оны шешудің жолы ретінде қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемелігін енгізуді ұсынуда.

«Баланы сөйлеуге итермелейтін бұл коммуникативті әдістемені қолдануда сөздік қор шектеулі болады. Сол арқылы оқушылардың қазақ тілін мейілінше жылдам меңгеруіне күш саламыз. Оқушыларды қазақша сөйлетеміз. Министрлік жиі қолданылатын сөздердің сөздігін де әзірлеп қойды», — деді Сағадиев.

Қазақ тілін үйретудің жаңа әдістемесін жасауға Абай атындағы ҚазҰПУ жетекші педагогика ғылымдарының докторлары мен педагогика және әдістеме бойынша мамандары, НЗМ, «Оқулық» орталығы, Шаяхметов атындағы үйлестіру-әдістемелік тіл дамыту орталығы сынды мекемелер қатысқан. Қазақ тілінің жиілік сөздігін жасауға А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қолғабыс беріпті. Институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты Анар Мұратқызының айтуынша, олар жаңа әдістемені жасау барысында қазіргі қазақ тілінде жиі қолданылатын сөздерді саралап шыққан.

«Ең алдымен еліміздің мектептерінде оқитын орыстілді оқушыны елестете отырып, орың тілдік ортасына тән мәтін базасын жинақтадық. Қоғамдық ортада күн сайын кездесетін қазақ сөздерін, радио мен телеарнадан еститін, қазақтілді ақпарат құралдарынан оқитын сөздерді қамтитын мәтіндерді үлкен базасын жасадық. Сөздік осы мәтіндік базадан алынды», – дейді Анар Мұратқызы.

Сұлтан Жомартұлы

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика