САБЫР ЕТШІ

6 Қаңтар 2018

Неге мұнша, сорлы жүрек, соғасың?
Неге күйіп, неге мұздап тоңасың?
Арпалысып тыныш жата алмай ұяңда,
Неге мұнша мазасыз сен боласың?!

Неге мұнша үрейлене соғасың?
Қиял кернеп, нені ойлап шоласың?
Сорлы жүрек, ойларсың да, толғарсың,
Толарсың да, сарғаясың, соларсың.

Неге мұнша жалындайсың, жанасың?
Жанды қинап, тәнді өртеп барасың?
Өл дейсің бе, кет дейсің бе ғайып боп,
Талақ етіп жер мен көктің арасын!

Сорлы жүрек, баяуладың балбырап,
Сорлы жүрек, талдың ғой сен қалжырап.
Не қыласың өзіңді – өзің жаралап,
Қажымашы сабыр етші азырақ!

Сабыр етші, жан- тәнімді талдырмай,
(Не шара бар, кетті ғой ол қайрылмай.
Сен жыласаң- ол күледі мәз болып,
Сен өлсең де, жүре берер  қайғырмай).

Сабыр етші, мен де тыным алайын,
Сабыр етші, бар тілегің табайын.
Сабыр етші қайғанды мен жояйын,
Күй шертейін, шырқатып ән салайын!

Сабыр етші, қолға қалам алайын,
Толғанайын, ой құдын қазайын.
Тау суындай сөз шығарып кеудеден,
Сырыңды мен жырға тізіп жазайын.

Сабыр етші, не десен де тұрайын,
Қырандайын, көкке құлаш ұрайын.
Көкті кешіп, бұлтты тесіп, айға өрлеп,
Күнге барып тілегіңді сұрайын!

Сабыр етші, жерді кезіп кетейін,
Асқар таудан, орман- нудан өтейін.
Жонын тіліп, тоңын, тасын қопарпып,
Қол тимеген қойынына жетейін.

Сабыр етші , суға түсіп жүзейін,
Судың бетін қалқып, түбін сүзейін.
Су сұлуын, барлық асыл бұйымын,
Мөлдіретіп, алдыңа әкеп тізейін!

Сабыр етші, не десең де көнейін,
Өмір- бақша, біраз жеміс терейін.
Соның бәрін жырға тізіп, дестелеп,
Мәңгі өшпес ескерткіш сап берейін!


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика