Сәбилер, кешіріңдер бізді…

18 Сәуір 2018

Бүгінгі ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған, ғылым мен білімнің ғасырында бейбітшілік – бүкіл әлемнің ортақ мүддесі. Солай бола тұра, адамзат неге қантөгіске, қиянат жасауға құмар? Қалайша зұлымдық пен қатыгездікке жол берілуде? Қаншама сәби жантүршігерлік қантөгістердің жазықсыз құрбанына айналуда. Дүние есігін енді ашқан, өмірдің ағы мен қарасын ажырата білмеген періште неге сайқал саясаттың құрбаны болуы керек?

Күні кеше ғана, 2 сәуір күні Ауғанстанның Құндыз аймағында Құранды толық жаттаған қаншама бүлдіршін қапада шейіт болды деген суық хабар түсті. Ресми дерек­көздеріне сүйенсек, Ауғанстан әскери ұшақтары «талибтерді» жою барысында қателікпен бүлдір­шіндерді хафиз дипломдарын табыс ету рәсімі кезінде бомбалаған. Куәгерлердің айтуынша, кенеттен медресенің төбесінен төнген әскери тікұшақ оқ жаудыра бастаған. Мерт болғандардың басым көпшілігі кішкентай балалар екен. Сонымен қатар ауыр жарақаттанып, жергілікті ауруханаға жеткізілгендер де бар. Ауғанстан Қарулы күштер министрлігі алғашында бейбіт тұрғындардың өлімі тіркелмегеніне сенімді болды. Министрліктің баспасөз хатшысы Мохаммад Радаманиш оқиғадан кейінгі баспасөз конференция бары­сында оқиға орнынан материалдар ұсынып, соққы талибтердің жиыны өтіп жатқан аумаққа жасалғанын, нәтижесінде 18 талиб мерт болға­нын мәлімдеді. Осылайша, Ауған үкіметінің ресми мәлімдемесі бойынша, авиасоққылар Құндыз аймағын жаулап алмақшы болып, жиналыс ұйымдастырып жатқан «Талибан» әскеріне қарсы болған. Ал жергілікті билік өкілдері мен халық сол күні жас қариларды марапаттау рәсімінен басқа ешқандай да іс-шараның өтпегендігін айтып отыр. Жергілікті БАҚ-қа куәгерлерден басқа да мәлімет түскен. Бұл жайында afghanistan.ru порталы жазады. Оқиғаның мән-жайы туралы әлемдік ақпарат құралдарында екі көзқарас қалыптасқан. Қаза болғандар мен жарақат алғандар саны туралы да әртүрлі ақпарат тарауда. Әлеуметтік желілерде де хафиздердің суреттері жарияланған. Оқиға төркіні неден басталып, қазір не болып жатқанын ұғыну үшін шетелдік БАҚ көздеріне үңілуді жөн көрдік.

Қарилерді құрбан еткен кім?
Ауған телеграф агенттігі (АфТАГ) ауған әскери әуе күштері «Талибандардың» жиыны өтіп жатқан аумаққа қарсы шабуыл жасаған дейді. «Шахин» 209-корпусының мәліметінше, нәтижесінде 21 талиб содыры өмірден озса, 11-і жарақат алған. Мерт болғандар қатарында талибандардың 6 көшбасшысы бар көрінеді. Дегенмен агенттік жергілікті халықтан әскери шабуыл болған кезде медреседе 200 бейбіт тұрғын болғанын, оның 50-70-ке жуығы мерт болғаны туралы ақпарат келгенін де жоққа шығармайды. БҰҰ Ауған миссиясының баспасөз қызметі БҰҰ қызметкерлері бейбіт тұрғындардың оқиғаға қатысы бар, не жоғын анықтауға кіріскенін жеткізді. Сондай-ақ АфТАГ «талибтер болған оқиғаны пайдаланып, медре­седе болмағандарын, яғни бейбіт тұрғындар зардап шеккенін мәлімдеді» дейді.
Аfghanistan.ru ақпараттық порталы ауыр соққыдан кейін 50-ге жуық адам Құндыз аймағының ауруханасына жекізілгенін, жарақат алғандардың қалғаны көрші Тахар ауданының ауруханасына жіберіл­генін, олардың халі ауыр екенін жазуда. Кейіннен өлімге душар болғандардың саны 50-ге жуық болса, жарақат алғандар саны 150-ге жеткені жазылды. Оқиғаға байланысты Ауған Парламенті наразылығын білдіріп, бірқатар сенаторлар алаңдаушылығын көрсеткен екен. Сенаторлар трагедия зерттеліп, кінәлілер жауапқа тартылу керектігін алға тартты. Ауғанстан президенті Мохаммад Ашраф Гани ауруханаға келіп, жарақат алғандардың жағдайымен танысты. Президент бастамасымен арнайы бригада құрылып, оның құрамына президенттің екі кеңесшісі, Қарулы күштер министрлігі қызметкерлері кірді. Арнайы топтың жетекшісі болып Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бас инспекторы Худайдад Хазар тағайындалды. Оқиға зерттелуде.
Ауғанстанның Құндыз аймағы – «Талибан» содырларының билігіндегі қарулы қақтығыстар жиі болып тұратын аймақ. Алайда дәл сол күні Құранды жатқа оқыған 200-ден астам бүлдіршінді марапаттау салтанатында қарапайым халықтан басқа медресе аумағында ешқандай да террорист немесе «Талибанның» содырлары болмаған, іс-шараға молда-имамдар мен жергілікті фермер, шаруалардың балалары ғана қатысқан. Бұл туралы «Әл-Жазира» ақпараттық агенттігі хабарлады. «Ауған билігі медреседе жергілікті азаматтар болмағанын, бұл «талибтердің оқу орталығы» екеніне сенімді болды. Бір қызығы, билік дәл сол уақытта аймақ губернаторы авиасоққы нәтижесінде, бейбіт тұрғындардың 5-і мерт болып, 55-і жарақат алғаны туралы мәлімдеме жасағанына мән бермеді» делінген. Куәгерлер алдымен тікұшақтардан оқ жауғанын, кейіннен жиылған жұртты ату басталғанын айтуда. Ауған әскери тікұшағы төменге жақын ұшқандықтан, бұл салтанатты рәсім екенін бірден білуі керек еді. «Тіпті бұл талибтердің әскери кеңесі болғанның өзінде де Женева конвенциясына сәйкес, бейбіт тұрғындар тұратын аумақта мұндай атыс-шабыс жасауға болмайды. Бұл әскери қылмыс деп те бағаланады. Ауған күштері бұл конвенцияны бұзбай, қарапайым азаматтар ішінде атыс-шабыс ұйымдастырмай террористік топтардан моральдік тұрғыда жоғары екенін көрсету керек» деп жазады «Әл-Жазира».
New York Times басылымы алғашында Ауғанстан үкіметі оқиғадан кейін ауруханаға жарақат алған балалар әкелінсе де, бейбіт тұрғындар зардап шекпегеніне сенімді болғанын айтуда. Шенеуніктер 3 сәуір күні ғана расында талибтар емес, жергілікті тұрғындар шығыны бар екенін мойындаған екен. Ба­сылымның пайымдауынша, ше­неуніктер соққыдан өлімге душар болғандар саны 57-70 адамға жуық деуде. «Шенеуніктер қайтыс бол­ған адамдардың қаншасы бей­біт тұрғындар екенін ашық айт­пайды. Дегенмен қауіпсіздік коми­тетінің қызметкері олардың 35 пайызы қарапайым тұрғындар – семинарияның студенттері, яғни балалар екенін айтқан» деп жазады басылым.
Құндыз аймақтық аурухана­сының бас дәрігері Наим New York Times басылымына берген сұхбатында ауруханаға 7-60 жас аралығындағы 57 жарақат алған адам түскенін айтқан. Аймақтың бас дәрігері Абдул Матин Атефи 26 мүрде ауруханаға жеткізілгенін, оның қаншасы бейбіт тұрғын, қаншасы талиб екенін білмейтінін, өлімге душар болған не жарақат алған талибтар ауруханаға тіркелмейтінін атап өтті. Сонымен қатар «Қауіпсіздік комитетінің бір қызметкері медреседе салтанатты рәсім өтіп жатқанын, ал «Талибан» қозғалысының мүшелері сол ғимаратпен қабырғалас бөл­меде жиын өткізіп жатқанын айтты. Авиасоққылардың көбеюіне байланысты талибтер Ауған қарулы күштерінің назарына түспейтін аумақтарды таңдайтынын алға тартты» делінген.

The Washington post басылымы «америкалық және ауған әскери шенеуніктері авиасоққыға Америка әскерлерінің қатысы жоқ» деп айтқанын мәлімдеді. Құндыз аймақтық кеңесінің мүшесі Сафиулла Амири авиасоққы кезінде «Талибан» қозғалысы мүшелерінің болуы мүмкін, дегенмен қарапайым тұрғындар саны олардан едәуір көп болғанын айтты.
CBS News халықаралық ақпарат агенттігіне сұхбат берген куәгерлер оқиға болған жерде талибтердің болмағанына сенімді. Жергілікті рудың ақсақалы Джамал Хан Баджури сұхбатында: «Мұнда талибтардың жиыны мүлдем болмаған. Талибандарға жазғы әскери жиынды балалар мен жергілікті тұрғындар жиналған қоғамдық жерде өткізудің не қажеті бар? Бұл – Ауған үкіметінің мағынасы жоқ аргументі» деген. 3 сәуір күні Пәкістаннан үндеу жіберген талибандардың командирі оқиға болған кезде мектепте 2000 адам, оның ішінде марапаттау салтанатына қатысуға келген 750 студент болғанын, алайда талибтердің көшбасшылары болмағанын жеткізді. Оның айтуынша, 400-ге жуық адам мерт болған, жарақат алғандардың саны белгісіз. Агенттік талибтер авиасоққыдан қашу мақсатында әдейі медреседе кездесу ұйымдастырған деген де мәліметті жоққа шығармайды.
BBC News ақпарат агенттігі Үкімет 25 лаңкес қаза болғанын хабарлағанын жазуда. Алайда агенттікке сұхбат берген дәрігер ауруханаға 50-ден астам адам ауыр жарақатпен түскенін алға тартуда. Есімін айтпаған ақ халатты жан зардап шеккендер арасында студенттер мен тұрғындар бар екенін жасырмады. Бұл аудан «Талибан» қозғалысымен қадағаланатынын айта кету керек. Бір куәгер сағат 12-00-де аспаннан әскери ұшақтарды көргенде, жұртшылық басында мән бермегенін, медресеге авиасоққы жасалмайтынына сенімді болғанын айтады. Америка қарулы күштерінің Ауғанстандағы өкілі Құндызда болған оқиғаға қатысы жоқ екенін мәлімдеген болатын. «Тамыз айында АҚШ президенті Дональд Трамп жаңа стратегияны жариялаған күннен бастап ауған мен америкалық күштердің жасаған авиасоққылары артқанын айта кеткен жөн. БҰҰ авиасоққылар саны артқандықтан, зардап шеккендер арасында бейбіт тұрғындар саны көбейгенін хабарлады» делінген.
Жергілікті полиция Reuters ақпарат агенттігіне бер­ген мәліметінде бұл ауданда Пәкіс­танның Квет қаласында негізделген талибтердің көшбасшы кеңесінің өкілдері бар екенін хабарлады. Олардың айтуынша, «Талибан» қозғалысының 15 мүшесі мерт болып, 10 адамы жарақат алған екен. Медицина қызметкерлері ауруханаға 5 мерт болған адам мен 40 жарақат алғандар жеткізілгенін айтты.
Arab News ақпарат порталы Ауғанстандағы Адам құқықтары жөніндегі ұйымның өкілі Патриция Госсманның Твиттердегі жазбасын мысал ете, бұл оқиғаны тарқатады. Жазбада авиасоққы нәтижесінде, бейбіт тұрғындар өлімі көбейгенін, бұл соғыс жағдайындағы пропор­ционалдық заңдылыққа қайшы екенін айтқан. Ақпарат порталы Радманештің сөзіне сілтеме беріп, авиасоққы нәтижесінде 21 талибан өлімі тіркелгенін айтты.

Жазығы бар ма сәбидің?
Әлемдік ақпарат көздерінен аңғарғанымыз, қалай болғанда да авиасоққы нәтижесінде бейбіт тұрғындар, оның ішінде бүлдіршіндер өлімі тіркелген. Дәл қазір Құндыз жұртшылығы «Бейбітшілік шаты­рын» орнатып, талибтар мен Үкіметті бейбіт келісімге шақыру акциясын ұйымдастыруда. Ауғанстандағы БҰҰ Миссиясы да оқиғаны зерттеу жұмысына кіріскен.
Тағы бір айта кетеніні, осы оқиғаға дейін, Чапархар және Нангархар өлкелерінде жүргізілген қарулы іс-шараларда бейбіт 7 шаруа мен 2 жасөспірім балалар қаза болған еді. Яғни, бұл осындай оқиғаның бірінші рет болуы емес. Осы жылдың 31 қаңтарынан бері ауған жеріндегі «Талибанға» қарсы ұйымдастырылған қарулы іс-шаралар нәтижесінде, Human Rights Watch есебі бойынша, 20 бейбіт тұрғын мерт болған. Бұл – Ауғанстандағы жағдай сәбилердің жазықсыз қантөгістің құрбаны болғанының бір мысалы ғана. БҰҰ көрсеткен мәлімет бойынша, әлемде 22 млн бала аштықта өмір сүруде. Соның ішінде 1,4 млн бала хәл үстінде жатыр. Олардың басым бөлігі – соғыс жағдайы орын алып жатқан 30-дан астам мемлекетте. БҰҰ көрсеткен мәліметтерге сүйенсек, тек қана 1990-2003 жыл аралығында 2 миллионнан астам жазықсыз баланың өмірін соғыс жалмаған. 6 миллионнан астам бала мүгедек болды, жарақат алды. 12 млн бала баспанасынан айырылған. Бұл көрсеткіш қазір Екінші дүниежүзілік соғысынан бергі ең жоғары шекке жетіп отыр. Бір ғана Сирия соғы­сында жарты миллион адам көз жұмса, қаза болғандардың әр алтыншысы – балалар. 300 мыңға жуық бала гуманитарлық көмекке зәру болып отыр. Сирияның өзінде 2015 жылы 522 бала тек қана соғыста көз жұмса, 2016 жылы бұл сан 20 пайызға артқан. Баспанасыз балалар саны бұлардан әлдеқайда көп. Ал Йеменде аштықтан өзегі талып 2 млн бала мейірімді жандардың көмегіне зәру. Оның ішінде 60 мыңнан астам балаға аштықтан өлім қаупі төніп тұр. БҰҰ дерегі бойынша, өткен жылдың өзінде Ауғанстанда саяси қантөгістер құрбаны болған 861 бала өмірден өтсе, 2318-і түрлі жарақаттар алған. Сәбидің мұндай атыс-шабыста жазығы не деген сауал алдымыздан шығады. Ақиқатында, ешбір ата-ана баласының шын иесі емес. Олар баланы Алладан аманат етіп алады. Ақырет таңында ол бала үшін міндетті түрде жауапқа тартылады. Осы ақиқаттарға қарасақ, баланы қан соғыстың ортасына салу, құрбан ету қаншалықты үлкен қылмыс, ауыр күнә екенін бәрі біледі. Біле тұра, осындай зұлымдық дүниеде орын алып отырғаны өкінішті-ақ.
Сәбилер, кешіңдер бізді…

Ақбота ИСЛӘМБЕК 

«Айқын» газеті


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика