С. Ақсұңқарұлы: Жүректі ұлы ұлттық рухқа суғарып…

10 ноября 2015

Сенің тұла бойыңдағы өршіген өрлікті,
Ерлікті
Мен ғана түсінем:
Екеуміз Майқұдықтан шыққанбыз,–
ГУЛАГ-тың ішінен,
КАРЛАГ-тың ішінен!
Түсінем…

Біздегі ыза-кек мұнда емес,–аржақта;
Орыстар өксіген,
Кәрістер өксіген,
Қазақтар өксіген КАРЛАГ-та!

Хомо Сапинестен—
Совето Сапиенске дейін шолып ем,
Адамзат жүрмеді Алланың жолымен.
Шеріңді сен сыртқа жұдырықпен шығарсаң,
Өлеңмен шығардым оны мен!

Шаршап та, шалдығып,
Таяқ жеп,
Мың арып,
Білекті сыбанып,
Жүректі ұлы ұлттық рухқа суғарып;
Сойғанмын мен-дағы зұлым мен аярды–
Рингке шығарып!

Сендегі өршіген өрлікті,
Ерлікті
Мен ғана түсінем:
Екеуміз Майқұдықтан шыққанбыз,
ГУЛАГ-тың ішінен,
КАРЛАГ-тың ішінен!
Түсінем…

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика