Рысбай СӘТІМБЕКОВ. ТОРАҢҒЫ ТОҒАЙ СЫҢСИДЫ…

3 сентября 2017

 ТОҒАЙТораңғы еліміздің шөлді өңірінде ерте замандардан өсіп келе жатқан қасиетті де киелі ағаштың бірі саналады. Ол көбіне құрғақ далалы аймақтардың тақырлы, тұзды борпылдақ сортаңды, құмдауытты шөлейтті, шөлді алқаптарындағы өзен аңғарларында, бұйратты құм жоталарының арасындағы ойпаңдау жерлерде өсетін бірден-бір биік діңгекті, жапырағы мол ағаш. Тораңғы 200-300 жылдан астам өсіп тұратын шөлді алқаптағы аты аңызға айналған желек.
Маман ғалымдардың пікірі бойынша тораңғы (Винтерголлер ,1976, Майсупова, 2011) ағашы талдар (Salixacede) тұқымдасының теректер (Populus) туысына жатады. Тораңғы діңі жуан, жапырақ желектері мол, жайқалып өсетін сәнді ағаш.
Қазақстан аумағында тораңғы ағашының 3 түрі өседі. Оның бірінші түрі – қара тораңғы (Populus diversiolia), ал екінші түрі – ақ тораңғы (Populus pruinosa) деп аталады. Бұлардан басқа литвинов тораңғысы (Populus Litwinowiana) да өседі.
Қара тораңғы өлкемізде біршама кеңінен таралған. Ол Арал маңындағы шөлейтті, шөлді өңірлерден бастап ендік бойынша Балқаш, Алакөл ойпаттарындағы ескі өзен аңғарлары мен жағалауларында, құмды төбелердің аралықтарындағы сортаңды, тақырлы жерлерде өседі. Қара тораңғының биіктігі 15-20 м, діңінің диаметрі 1-1,5 мм жетеді. Бұдан 61 жыл бұрын (1952 ж.) белгілі ботаник ғалым Б.К.Скупченко Балқаш көлі маңынан биіктігі – 30м, діңінің жуандығы 1,5 м тораңғы ағашын суретке түсіріп алған. Оның діңінің қабығы сарғыш сұр түсті болып келеді және қабықтары таспа тәрізді болып оңай сыдырылады. Қабықтарының қыртысы терең тілімденген. Жапырақтарының пішіні бүйрек тәрізді балауызды қалың әрі жалпақ, жылтырап түкті болып келеді. Жас бұтақтары мен өркендерінде орналасқан жапырақтарының пішіні әр түрлі болып келетіндіктен қара тораңғыны кейде “түрлі жапырақты тораңғы ” деп те атайды.
Қара тораңғы бұрын өлкеміздің оңтүстік және орталық аймақтарында өседі деп айтылып келсе, 2007- 2008 жылдары қазақстандық ботаник ғалымдар Н.В.Нелина мен А.А. Иващенконың Қостанай облысы аумағында, «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватты ұйымдастыру мақсатында арнайы ғылыми-зерттеу экспедициясы кезінде осы өңірдегі Тосынқұм шөлді алқабының қара тораңғы өсетін еліміздегі солтүстік нүктесін анықтап берді. Бұл – ғылым үшін маңызды жаңалық болып отыр.
Ақ тораңғы да шөлейтті, шөлді алқаптарда көбіне жеке дара (кейде шағын шоқтоғай болып) өседі. Ол Қазақстанда Арал теңізі маңындағы құмдауытты жерлерде, Сырдария өзенінің аңғарларында, Балқаш көлінің аймағында кездеседі, оның жеміс беретін сырғасының ұзындығы 5-6 см. Ол Бетпақдала алқабында, Мойынқұм өңірінде, Зайсан қазаншұңқырында өте сирек кездеседі. Оның түзу діңі биіктігі 15-16м әрі діңінің жуандығы 1 м жетеді. Бұтақтары жан-жаққа тарамдалып өсіп, бөрікбасы шеңберленіп тұрады. Оның да түкті жапырақтарының пішіні әр түрлі болып келеді әрі суды аз буландыруға бейімделген. Жапырақтарының түсі көкшіл болып келетіндіктен оны ғылыми тілде “көгілдір жапырақты терек” деп атайды. Ақ тораңғы ағашы Қазақстаннан басқа Орта Азия, Иран және Ауғанстан аумағында сирек болса да өседі.
Ақ тораңғы Қазақстан аумағында көне замандардан өсіп келе жетқан реликті түр ретінде әрі сирек кездесетіндіктен және жылдан-жылға азайып бара жатқандықтан Қазақстанның Қызыл кітабына (1981ж) тіркелген, қатаң қорғауды қажет етеді. Еліміздің ақ тораңғы өсетін аумақтарында республикалық мәні бар 2 мемлекеттік ботаникалық қорықша ұйымдастырылған. Оның бірі – Қызылорда облысы, Сырдария ауданындағы 1978 жылы ұйымдастырылған “Тораңғылысай”(аумағы 17 900га), ал екіншісі – Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданындағы 1986 жылы ұйымдастырылған “Тораңғылы” (48 га).
Қазақ халқы тораңғы ағашын ежелден-ақ “шөл даланың падишасы” деп ерекше қастерлеген, оны отын ретінде отқа жағуға рұқсат етпейді, тіпті оны кесуге және тораңғы тоғайына мал жаюға болмайды деп есептейді. Өйткені тораңғы ағашының сұр-қоңырқай қабығына пышақ тисе, сыртына қызғылт түсті сөл бөлінеді. Сондықтан да, тораңғының қанға ұқсас сөлін оның қанды көз жасы деп, оны кескен адамды тораңғының киесі ұрады деген сөздермен тыйым салған. Шөл даланың көркі болып саналатын тораңғыны бабаларымыз көзінің қарашығындай қорғауды үнемі ұрпақтарына өсиет етіп қалдыруының танымдық та, тәрбиелік мәні зор.
Тораңғы ағашының қасиетін қолөнер шеберлері жақсы біледі. Тораңғының қурап қалған ағашынан қолөнер шеберлері әр түрлі бұйымдар жасайды. Мысалы, түрікстандық шебер Гауһарбек Күнқожаев “Қасиетті көк түйе” атты композициялық туындысының қондырғысын Сыр бойында өсетін қасиетті тораңғы ағашынан жасауында да үлкен мән бар. Кей жерлерде жеке дара тораңғы ағашы өсетін алқаптар “әулиелі жерлер” деп аталады. Мысалы, “Бес тораңғыл әулие”, “Үштораңғы”, “Желтораңғы”, “Әулие тораңғы”, ”Қара тораңғы ” т.б. жер атаулары соның айғағы деп айтуға болады.
Халқымызда тораңғы ағашына қатысты көптеген сөз тіркестері кездеседі. Мысалы, “бүрі төгілген тораңғыдай”, “тораңғыдай толықсып”, “шөлге біткен қу тораңғыдай”, “кәрі тораңғыдай ” және т.б. Сонымен қатар, қазақ жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың “Бір түп тораңғы ” атты повесіндегі басты кейіпкерді тораңғы ағашына теңеуінде де үлкен мән бар. Халқымыз тораңғы ағашының көлеңкесінде ұйықтап демалуға болмайды деп есептейді. Тораңғы тоғайы түні бойы жанға жайлы сыбдырлаған үн шығарып тұрады деген де аңыз бар.
… Ғажайып ол дүние, адам айтса сенгісіз,
Адастыңыз, таң атпай шыға алмайсыз енді сіз.
Ел айтады аңыз қып сиқырлы әннің иесі,
Сол тоғайда бар дейді періште қыз белгісіз.
(Дәуітәлі Стамбеков)
Қазақ халқы тораңғы ағашы топтанып өсетін алқапты “Тораңғыл” деп атайды. Тораңғы ағашы туралы халық арасында аңыз- әңгімелер көптеп айтылады. Сондай аңыздың бірі тораңғы тоғайының түн қараңғысында сиқырлы ән салып тұруы періште қыздарының тораңғы тоғайының ішінде болатынын және сондай тоғай ішінде адасқан адамның періште қыздарының әсем әуендеріне елітіп, тоғайдан таң атқанша шыға алмайтынын аңғартады.
…Саялайды көңілді ән, аямайды
түн сыйды,
Аймалайды, сүйеді,
қытықтайды, шымшиды,
Үнге толып кеудесі, қосылып сол әуенге,
Тораңғының тоғайы түніменен сыңсиды.
(Дәуітәлі Стамбеков)
Өлкемізде өсетін тораңғы ағаштары 2 млн. жылдан бері өсіп келе жатқан әрі тарихи , әрі табиғи ескерткіш деп атауға да болады. Оның тамыры тарамданып әрі торланып өсетіндіктен “тораңғы“ деп аталған деген де пікірлер бар.
Тораңғы ағашы басқа терек түрлеріне ұқсас екі үйлі ағаш және ол жел арқылы тозаңданады. Аталық сырғалары қысқа, тығыз әрі жуан, олардың ұзындығы 2,5 см, ені 0,5 см. Гүлдері гүлсеріктерінің қолтығында орналасады. Аналық сырғаларының пішіні конус тәрізденіп тұрады. Тораңғы ағашы көкек айында гүлдеп, мамыр айында жемісі піседі. Жемістері қорапша. Тораңғы тамыр атпалары және тұқымы арқылы көбейеді.
Тораңғы ағашының тамырлары жан-жаққа тармақталып, 10 метрден астам тереңдікке таралады да , жерастындағы ылғалды көптеп сіңіріп, кейде 25 литр ылғал жинайды.Тораңғы ыстық аптапқа өте төзімді келеді. Жер бетіне жақын жатқан тамыр тармақтары айналасына тарамдалып, 30 м алқапты қамтиды.
“Тораңғалы” ботаникалық қорықшасы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Орта Дересін ауыл шаруашылық округінің аумағында орналасқан. Тораңғы ағашы осы ботаникалық қорықша маңындағы Тораңғышылық ауылдық округы мен шартты түрде “Балқаш-9” аталатын әскери бөлімше аймағында да өседі. Бірақ бұл алқаптар ботаникалық қорықша аумағына жататындықтан, ондағы тораңғы ағаштары қатаң қорғауға алынбаған. Бұл өңірдегі тораңғы ағашының сиреуіне негізінен 90-жылдардағы дағдарыс кезінде оны отын ретінде көптеп пайдалану басты себеп болған.
Тораңғы Балқаш көлінің солтүстік-батыс өңіріндегі Қызылкеңгір, Ақсор топырақ, Кеңаңғар, Мыңшұқыр, Бақтай, Малөзек, Шұңқыр деп аталатын шағын шоқтоғайларында жыңғылмен қоса өскендігін көнекөз қариялар есіне алып отырады. Өкініштісі, қазір бұл аталған тоғайларда тораңғы ағашы мүлде жойылған.
Тораңғы ағашын халқымыздың “шөл даланың падишасы” деп атауы, оның шөлді аймаққа төзімді екендігін және құм көшкінінен, аптап ыстықтан және жерді тұзданудан қорғайтындығын аңғартады. Ол көптеген өсімдіктер өсе бермейтін өңірлерде еркін өсе береді, яғни табиғаттың кез келген қаталдығына төзімді ағаш.
Тораңғыны қолдан өсіруге болады. Тіпті тораңғыны қалалар мен елді мекендерді көгалдандыру үшін қолдан көптеп өсіруге болады. Ол онша күтімді қажет етпейді. Маман ғалымдардың пікірі бойынша, әр түп тораңғы ағашы жыл сайын орта есеппен 1 тоннадан астам шаң-тозаңды сіңіріп, айналсына 1,5 мың литр оттегін бөледі.

Рысбай Сәтімбеков,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика