Руставели Шотаға

12 Қаңтар 2018

Шықтым шалқып шың басына,шарықтатып шат қиялды,
Өр көңілмен орай шолдым бар ғаламды, жер-жиhанды.

Тұғиыққа терең бойлап, түстім тарих дариясына,
Көз жеткісіз көлемді ойлап, амандастым бар ғасырға.

Өткен өмір – бейне музей, араладым емін-еркін,-
Ұқтым талай ғасыр сырын, өмір сиқын елдің кейпін.

Жеті ғасыр жолға жетіп, айналама көз жібердім,
Қап тауында тұрмыс құрған халық көрдім, көңіл бөлдім.

Ханды көрдім, қаhарымен айналасын қалтыратқан;
Батыр көрдім, жолбарыстай тауда жортқан, садақ тартқан.

Елді көрдім, еңіреген, Еділдей боп жасы аққан,
Ерді көрдім, есі шығып етегімен бетін жапқан.

Қызды көрдім, қиын қамал зыңданда зар жылаған,
Құлды көрдім, азап қабын арқалаған, нәр сұраған.

Сұм заманнан жан шошып, жапан түзге кеткен босып,
Көрдім жалқы жауынгерді, өлім жолын жүрген тосып…

Қарай қалдым Қап тауының бұлт бүркенген құз басына,
Кенет көзім кетті түсіп бір ұлы адам тұлғасына.

Тұр екен ол тым тұнжырап,Эльбрустан елге қарап,
Ел қиялын ер арманын жиып-теріп,өзі арқалап.

Ақын екен, арыстандай айбарымен айға шапқан,
Ағыл-тегіл төгілген жыр – бейне терек таудан аққан.
Қиыр кезіп, ойға жүзіп, қиял құсы қанат қаққан,
Айдынды аспан аясында жыр тыңдатқан, мұңын шаққан.

Жан саясын, ой шұғыласын іздеп асыл махаббаттан,
Шын достыққа, шын ерлікке, бостандыққа дабыл қаққан.

Қолын сілтеп қашқан патша Тамарадан, тәж бен тақтан,
Ақырында арманды ақын күн боп туып, ай боп батқан.

Көргем талай, күнгірттеніп, нұры кеміп батқан айды,
Батар айды басқан бұлттай, ақын жүзін жапқан қайғы.

Көз ұшында көлеңкедей ақын маған бұлдырайды,
Тіл қатпайды, томсарады, Тариелдей тұнжырайды…

Амандастым мен тіл қата, Алатаудан ән шырқата:
О, сабазым, ақын Шота, неге мұнша болдың қапа?

Өміріңе өкіндің бе, көрмедім деп, ешбір опа?
Әлде жаның қажыды ма жер жастанып жата-жата?

Сен тірісің? Мәңгі өлмейсің. Өлім сені басына алмас,
Сен жалынсың лапылдаған, түн түнегі жасыра алмас.

Сен болатсың жарқылдаған, тот та баспас, жерде қалмас,
Сен алтынсың, жүрегінде сақтап келді Кавказ, Парнас.

Бір тыңбады, зырылдады дүниенің дөңгелегі,
Ақырында атты алтын таң – адазаттың көксегені.

Бақытты өмір құшағында еске алады бүгін сені,
Тариелдің інілері, Нестаныңның сіңлілері.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика