Руслан НҰРБАЙ: Ұлағатқа толы РУХ сапары

24 октября 2019

Зиялы зираят

«Атың барда ел таны желіп жүріп…»-деуші едік, қайран «Алаш» атың да, атағың айбынды еді-ау. Бабасының мекен-жайын мекеменің мөрімен емес, қонақжайлы төрімен, тіпті болмаса, моласымен, көрімен дәлелдеп беретін керемет ел едік қой. Бірақ, ұлтымыздың ұясын «жарнамашыл» қонақ пен «жаңа қазаққа» қалай ұқтырасың?!… «Өз өлкеңді таны» жобасы аясында өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» республикалық туристік-өлкетану экпедициясының діттеген дүниесі осы болатын. Саналы саяхаттың мақсаты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім үлгісін ұсыну, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ілгерлету және жүзеге асыру, қазақстандық бірегейлікпен ұлттық бірлікті нығайту, Қазақстан халқының тарихи-мәдени және рухани мұрасын сақтау. Қарағандылық достар осы жолғы бағыта көршілес жатқан Павлодар облысы мен Шығыс Қазақстан облысының киелі жерлерін аралап, облыс аймақтарындағы тарихи ескерткіштерді зеріттеуге қадам басты. Нысаналы жолға ниет қылған экспедицияға ҚХА этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, «Жаңғыру жолы» қозғалысының жастары, ҚХА-ң Ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, қоғам қайраткерлері мен өнер иелері, ғалымдар мен сарапшылар және БАҚ өкілдері қосылды. Қазанның сегізі күні Қарағандыдағы «Достық үйінде» жергілікті баспасөз өкілдерімен кіші-гірім кеңес өткізіп, бағыт-бағдарымызды айқындап, мақсаты мен мүддесін салмақтап, батаға бет сыйпадық. Бағытымызды болжадық. Ат жегілді, қоржын салынды, «ақ жол» айтылды. Алайда, қорым аралап, қоржын толтырудың қамы емес, рух жолындағы ырысты бағытқа бел будық. Экспедицияға екшеп алынған ел мен жердің салмағын түйсінетін отыз адам да осыны түсінсе керек.

Дұға басы Далбатау

Облыс орталығынан солтүстік шығысты бетке алып, Ботақара тауын бауырлай Бұқар жырау ауданының орталығындағы баба ескертішіне ат басын тіредік. Аудандық мәдениет бөлімінің өнерпаздары шашу-сәнімен қарсы алып, тілегімен, әнімен шығарып салды. Ел мұратын мызғытпайтын жырау мүсініне гүл шоқтарын қойып, дұғалы жолымызды 170 шақырым жердегі Далба тауына қарай жалғадық.
Түске таман қазақтың ұлы тағылымды тұлғасы Бұқар жырау Қалқаман ұлының кесенесіне келдік. Экпседиция мүшелері сапарға барынша сайланып шыққан. Бұқар жырау турасындағы азды-көпті мәліметтерге «құдайы қонақтар» Жексен аға мен 11-ші сыныптың сары оқушысы Женя да қанық. Келісті кесененің шырақшысы — Әлихан Уәлиев, бабаның жолы жайлы шарапатты әңгімелер айтып, құран оқып, дұға жасап, мазар маңында жасақталған тамаша мұражаймен көзайым қылды. Жәдігерлерге толы музей көзді арбап, көңілді толқытады. Бір бөлменің шамын жақса, қабырғада қозының терісіндей қыш тастарға «Он бір тілекті» жеке-жеке жазып қойыпты. Бөлмеге бас сұққан ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, т.ғ.к., академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті Нұрсахан Ахметқызы Бейсенбекова балаша қуанып -» Мұнда кірген бетте осындай ой келген еді, алдымнан шықты… Тіпті бар ғой, облыстағы басқарамалардың ішіне жазып іліп қоюға да болады»-деген еді. Мен өз ойыммен кеттім…

Бұқар бабам!
Жырау бар ма, жұрты үшін жұқармаған.
Батырына рухтан ырыс құйып,
Жақынына жырымен құт арнаған.

Алтынторым!
Ата-баба, аңыз ғой алтын тоның…
Хандар киген қамқаға қамшы бұрып,
Қараңғы үйден жаққандай халқың шамын.

Қалқаманнан!
Бұхарадан мына көш Арқа барған.
Далба таудан даңқыңа дұға жасап,
Балбал тас боп, баласын тартады арман.

Далба тауы!
Бөрі жыр мен бабаның қалды атауы.
Қалба тауы- шығыста шекара боп,
Алға тағы, сұрадық жол-батаны.

Он бір тілек!
Бір Алладан жазған соң, күн күркіреп.
Мөлдір-әлем, күй болып домбырамен,
Ол бір өлең, жаза алмай жүрмін тілеп…

 

Біреулер -«бұл діни зираят емес қой-десе, «ширк» деп шалқаятындар да табылар…Жан мен қанның арасындағы ырысты байланыс Рух болса керек, сана соның әлсіздігінен суалады-ау. Сонымен дұғалы-дұрыс бағытымызды Далбатаудан әрі дамыттық.
Жолдар, жолдар…Осылайша, қазыналы Қарағанды облысының шекарасынан шығып, пәрменді Павлодар аймағының баянды Баянауыл ауданына келіп кірдік. Бұл кеше бүгінгі қазаққа кемері зор ғалымдар мен кемелі мол азаматтарды дүниеге әкелген Ақкелін болысы. Академик Қылыш Бабаев атындағы ауыл мен Төрткөл төңірегін төтелей өтіп, Хан тасы жақпарын жағалай, Шаңтимес тауын қапталдай алып, Қазақтың әйгілі мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, фольклорист Мұса Шормановтың кесенесіне келдік. Мұса мырзаның маңында жатқан Садуақас Смағұлов сынды жандардың рухына құран оқылып, бұл қорымдағы марқұмдар жайында құнды әңігмелер айтылды. Мені қызықтырған мәлімет, Мұса Шорманұлы патшалық Ресейдің пәрмені жүріп тұрған шақтың өзінде, Сібір қазақтарынан 60 мың адамды көшіріп әкеліп, округке орналастырған екен. Міне, саған аманат!

Мұса мырза!
Айналып, ақ мәр-мәрді құшамын ба?!
Қазақтың қонатынын құдай білген,
Тек сол білген биікке ұшарын да!

Мұса мырза!
Алпыс мыңның аяулы құшағында,
Сіз әкелген топырақ толқып барып,
Айналады алапат күш-ағынға!

Мұса мырза!
Алтайдағы туыстар тұсалуда…
Жылатпасын, жебей жүр Рухыңменен!
Құлатпасын, Құдайым құса-мұңға…

Бұл кезде алыстағы Ақбет тауы кешкі күннің шуағына шомылып, шашақталған күзгі шұғыласын бізбен бөлісті…

Бұдан кейін біраз жерді артқа тастап, іңір қараңғылығында қазақтың ұлы ойшылы, фольклор танушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кесенесін көру мәртебесіне ие болдық. Бізді бұл жерде Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Кәрімов Серік мырза мен Мәшһүр Жүсіп кесенесінің шырақшысы, тақуа-таланттың өз немересі Қажымұқан Пазылов қарсы алды. Мазарына маздата құран оқып, маңызды мәліметтердің тиегін ағытты. Мәшекең жарықтық- 1858 жылы қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Қызылтау бауырында, Найзатас деген жерде туған. 1863–1868 жылы Баянауылда Байжан қазіреттің ұйымдастыруымен ашылған медреседе Нәжмедтин молдадан дәріс алады. 1866 жылы Шорманның Мұсасы Адам Жүсіпке «Мәшһүр» қастерлі атау беріп, азан шақырып қойған аты Адам Жүсіп Мәшһүр Жүсіпке алмастырылды. Ел арасы әкесі Көпжасарды «Көпей» атап, сонымен Адам Жүсіп қазақ тарихына Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы болып енген екен. Мұсылман қауымының ата -бабамыздан бергі ұстанған ақидасы сопылық болатын. Рухтың ырқымен жазылған баға жетпес дүниелері мен тақсырдың өзі тұтынған бұйымдары музей сөресінде, небір тарихтан сыр шертеді. Құдай сүйген ақынның құлыптасына көтерілер тұстағы тасқа қашалған жырлар- өмір баспалдағының өнегесі іспетті. Адамзатқа үлкен қауіп-айсбергтер еріп жатыр-дейді, ал адам жүрегін қалай жібітеміз?!..

Мүһмин-Мәшһүр

Тасқа бастық небір сөзді,
Таспалардан көңіл тозды…
Тақуадан таста жазу,
Тітіркеніп, сезім төзді.
Тақсыр, бізде басқаша бу,
Қаракөк түн көңіл кезді,
Жалғандығын жасқаса өмір,
Жаннан бұрын көңіл сенді…

Пақырыңыз шықты да алға-ай,
Өлең оқып, құт қылардай…
Пайда ойламай, пайым айтып,
Көрген еді мықтылардай.
Ұлтым үшін уайымдайтын,
Шерім де бар шық-тұмардай.
Кейбіреуге ойым қайшы…
Рух барын ұқтыра алмай.

Алла-деген тұр антыңыз!
Ақпараттар- құран тығыз.
Бәрзақты ойлап дәріс-ғылым,
Бізге жолын сіз айтыңыз!
Атомда да дауыс-діріл…
Бар дейді ғой Квантыңыз.
Сопылардан ауысты жыр,
Апарады-ау бұған түбі із…

Осылайша, дала жолымен даналар жолы шарпысып жатты. Мәшкеңнің кесенесі жанындағы қонақ үйде кешкі асымызды ішіп, ғибратты аныз-әңігмелерді тыңдадық. Тыңдата да білдік, өйткені біздің топ та өнерден кенде емес. Қыл қобызын қолға алып, тереңінен толғататын Әлібек Өзібекұлы Бимендин баурымыз- «Қазақмыс Корпорациясының», Нұрқазған кенішінің инженері. Күй өнерінің тағы бір танымал өкілі Мадияр Сүлейменов-Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжының оқытушысы, қазақтың қара домбырасын қанатына балаған өнерпаз. Олар алғашқы күннің абройлы әсерін сырлы аспаптардың сүйемелімен баяндады. Сәлден соң, сапарға шықтық. Сазды әуеннен әупірімдеп салқын ауаға араластық. Баянауыл бағытындағы жөнделіп жатқан қырма жолдан асфальтқа іліккенде елдің алды ұйқыға кетті. Пейілімізге қарай түнделетіп жеткен тұрағымыз -Аудан орталығындағы «Ақниет» қонақ үйі екен.

Бағы биік-Баянуыл!

Баянның күзгі таңы баяу атты. Түн де қымтанып жата тұрғысы келеді, күн де таңғы ызғарды ыждаһатпен басады. Табиғи болмыстың өлара шағы. Тоғызыншы қазан таңертең Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан Бейсенбайұлы Құсайын мырзаның бастамасымен экспедиция мүшелері жергілікті халықпен кездесті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын талқылап, өркендеу негізіндегі өлкетану сапарлары жайында сыр шерттік. Ресми түсініктемелерден кейін сөз алған сапарласымыз — Қарағандыдағы «Болашақ» академиясының профессоры, заң ғылымының докторы Болат Кемелұлы Сыздық болатын. Заңгер ұстаздың айтуынша, көңіл көргеніне сенеді, сол арқылы естігенді түйсікке байлайды. Бірге келе жатқан Қарағанды облыстық ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы өңірлік штабының мүшесі, Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің 3 курс студенті Расулова Ханануз Балдашгызы, өңірлік штабтың тағы бір мүшесі, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университет Экономика, бизнес және құқық колледжінің студенті Седышева Елизавета Валерьевна, Қарағанды облысы Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылы Ж. Ақылбаев атындағы эксперименталдық мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы- Янке Евгений Анатолиевич, бұл бала республикалық «KATEV» қазақ тілі олимпиадасында І, ІІ дәрежелі диплом, республикалық «Жарқын болашақ» олимпиадасында диплом, облыстық білім басқармасының сертификаты, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің дипломын, 2018 жылғы облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының лауреаты болған. Осындай отаншыл жастар жайында жылы лебізін білдіріп, тілін білмей төмен қараған жандардың алдында олардың өздеріне де сөз берді. Түскі ас тойға айналғандай, жергілікті билік ас үстінде «ауылдың аты ауызын» орындатып, Баяндық өнепаздардың әнімен сусындатты. «Қонақкәде» рәсімі де құр қалған жоқ. Дәмнен кейін, табиғат қорықшыларының жетегімен Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен таныстық. Аудан орталығындағы Қ.Сәтпаев атындағы мұражай, Мұса мырза мешітіне бардық, Абылайхан тасы, Қажымұқан тасы… Тас белгілерді көргенде тамыр тереңінен толқып көзіңе шық пайда болады. Бұл әсерді аудандық «Баянтау» газетінің бас редакторы ақын Еламан Қабіләшім бауырым жырымен баптады.

Қажымұқан көтерген тас

Әйгілі палуан Қажымұқан Баянауылға Қазақ автономиясының бір жылдық тойына Қаныш Сәтбаевтің арнайы шақыруымен келген екен. Сол келгенде Қуанышбайдың Сүбегі деген ұстаның үйіне түскен. Тойдан қайтарда «Менен не қалайсың?» — деп сұрайды палуан үй иесінен. Сүбек анадай төбе үстінде дөңкиіп жатқан алып тасты көрсетіп, «Дүкенімнің жанына әкеліп тастаңыз, үрім-бұтағыма «Қажымұқан әкеліп қойған тас» деп айтып жүрейін, бар қалауым – осы» — депті. Сүбектің «қалауын» орындаған соң Қажымұқан, онымен құшақтасып, қош айтысып жүріп кетеді.
Сол кезден бастап әлгі адам құшағы жетпейтін алып тас «Қажымұқан тасы» аталып кеткен. Қажымұқан тасы бүгінде бабадан қалған қасиетті белгідей орталық алаңда тұр. Баянауыл өңіріне келушілер оған соқпай өтпейді – таңданбай кетпейді.

Тастың бетінде:

«Қажымұқанның әлемге даңқы жеткен,
Баянға ол талай рет келіп-кеткен.
Бұл тасты көтеріп алып келіп,
Субек ұста досына тарту еткен», — деп жазылған.

Секірдік тоңып көптен, тойып көптен…
Ұрпаққа ұлылықтан ой ұқ – деп пе ең.
Қажымұқан таспен бірге көтеріп кеп,
Қазағымның рухын қойып кеткен.

Дүнияның мысалы – боран долы,
Қалтыраса, кетеді қоғам кері.
Ерлер еңсе түсіріп көрген емес –
Ездер езу тартқан жоқ содан бері.

Содан бері келеді таңданып ел,
Жоламаған сол тасқа арланып ер.
Ұққан жан қасиетін қара тастың,
Тас салмағы – намыстың салмағы дер.

Семсердейін сертке тек бастайды ерік,
(Көз жеткен, келем ұғып, жастай көріп.)
Палуан дос ұста доспен сыйласқан соң,
Орнаған ұлы сенім тастай берік.

Қара тас бұл, көзіндей, рас, көненің,
Көне көзден үйірілген жас көремін.
Қасиетіңнен айналдым, қайран баба,
Аспандатып жіберген тас беделін,-деп жазады Еламан Хасенұлы.

Аймақтың табиғатымен тарихын таныстыруда, туған жерін шынайы сүйетін Алтынбек ағаға ілестік. Жасыбайбай көлінің жағасындағы табиғи қорық орналасқан Қызытауға жеткенше, тұлғалар тарихынан, олардың туған-туыс, тұқым- жұрағаттары жайында, маңайдағы тауы мен қыры, өзен мен көлін қосып көркемдеп, ғажайып әңгімелерге қанық қылды. Экспедиция мүшелері Жасыбай демалыс орынына қарай бағыт алдық. Бұл жерден белгілі тарихшы, қазақтан танылған тұңғыш тарих ғылымдарының докторы Ермұхан Бекмахановтың, археолог ғалым Әлкей Марғұланның, сазгер-әнші Жаяу Мұса Байжанұлының, өзімізден өрбіген тұңғыш жоғары білімді дәрігер Әміре Айтбақиннің, атақты энергетик Шапық Шокиннің туған жерлерін, қоныстарын көрдік. Қасымда Қарағандыдағы № 61-мектептің әдебиет пәнінің қстазы Дидар Төрегелдина Республикалық Абай, Махамбет оқуларының жүлдегері, 10-сынып оқушысы Ділназ Мұратқа қарағайлы тау табиғатының тамашаларын айтып келеді. Ойды ой қозғайды…

Бояу тау

Баянтауға сары күзбен сән кірді,
Баянауыл басында әсем ән тұрды.
Адамдардай тақ-тұғырға талпынған,
Ағаштар да қартаяды әр-түрлі…

Ақ қайың мен тал-терекке қыс қайғы,
Қызыл-сары жапырақтан шық тайды…
Бұйра-бұйра Баянтауға ой арқау,
Сол бір қыздың шаштарына ұқсайды.

Күзге келіп, тірелердей барша мұң,
Сарғайғанға сыр айтудан шаршадым.
Қылқанымен қыс-аязда қыңқ етпес,
Қадірі артық қарағай мен аршаның.

Баянауыл, бойда өлең қалқиды,
Бояуына бар дүние балқиды.
Адамдар да боянады демесең,
Ағаштардай қартаяды әр-қилы…

«Қоңыр-Әулие» – ықылым заманнан елдің кие тұтқан жері. Бұл араға өз кезінде Бұқар жырау, Абылай хан, Мәшһүр Жүсіп, Мәстек абыз тәрізді танымал адамдар келіп, бір Аллаға мінажат етіп, зиярат еткен. Баянауыл тауларындағы биік шыңның жоғары жағында орналасқан. Бұл – құздағы тарылып, ұзартылған үш камералы бөлмеден тұратын үңгір. Соңғы бөлмесінде «қазандық» бар екен. Осы тас астаулы қазандықта су пайда болады. Бұл жерге жыл он екі ай діні мен тілі бөлек жандардың тізбегі ағылып жатады екен. Қ Р»Үздік өлкетанушысы», киелі жердің күзетшісі- Алтынбек Жұманұлының айтуынша, күннен бері, діннен әріде жатқан көне кездерде бұл үңгір ғибадат орыны немесе билікке келген қаған Көк Тәңірдің алдында ант береді-мыс. «Қоңыр-Әулие» атты тас үңгірлер Қазақ елінің біраз жерінде кездеседі. Бұл табиғы жәдігер Жасыбай демалыс орнынан 5 шақырым жерде екен. «Қоғамдық келісм» КММ-ң ғылыми-сараптамалық бөлімінің басшысы, тарихы ғылымының магистрі, Қоянды жәрмекесінің іргесінде өскен Думан Малаев тарихтың көмбесі болған көне тастарға таңдай қағады. Мұнда Жасыбай көлі, Арғымақтас, Сақтар қорғаны, Әлкей Марғұлан, Жаяу Мұса, Е.Бекмаханов, А.Айтбакин, Ш.Аймановтың аспан асты мұражайлары, Олжабай батыр қорғаны, Жасыбай батыр кесенесі, Кемпіртас, С.Торайғыров атындағы демалыс орны бар екен. Сол күнгі сапар соңында Торайғыров атындағы ауылға тоқтадық. Кішкентай ғана ауылдың ішіндегі Сұлтанмахмұт мұражайының жабдықталуы мен архитектурасы да бөлек екен. Ауылдың бастауыш сынып оқушылары келіп ақын аталарының өлмес өлеңдерін оқыды. «Қараңғы қазақ көгіне күн болу» мақсаты осы шығар. Музей меңгерушісіне өз қоржынымыздан сый-кәдеге құнды кітаптар тапсырдық. Экспедиция мүшелері естелік кітапшаға тілектерін қалдырып, беймезгіл уақытта қарсы алған қарапайым ауыл адамдарына алғыстарын білдірді. Аманат орынының арғы жағындағы тау етегінде «Сәкеннің жартасы» деп аталатын он алты қабатты үйдей одырайған құз-жақпар тұр. Бұл «Тар жол тайғақ кешуде» айтылғандай, боздақтың атаманнан біраз бой тасалаған орыны екен. 125 жылдығын тойлаған жерлес ақын-қайраткеріміз жайында мардымды мәлімет болғанымен, белгітасына барып бет сыйпай алмай жүрміз. Сондықтан Сәкеннің рухын сары даланың әр түпкірінен іздейміз. Осыдан ширек ғасыр бұрын өнертанушы-әнші, ұстазымыз Ерлан Төлеутай ағама мынадай жыр жолдарын арнаған едім…Тақырыпқа тұздық болсын.

1937-97

Тұлпарларға шеңбер жасап, шерлі еттік,
Жетпегендей сайын дала кеңдігі.
Бұлбұлдарды торға қамап, әндеттік,
Құлағыңнан кетпесе де ел мұңы.

Томағамен қалықтайды қас қыран,
Шаңқылдайды шыңға мұңын шағынып.
Қыңсылайды қақпандағы қасқыр-аң,
Намыс буа, кетердейін жарылып.

Құлжаларын шынжырға әкеп шырмаған,
Арқарлардың арқан қиды мойынын.
Киіктерді нысанаға ап сұм-заман,
Пәктігі үшін ол да тартты айыбын.

Ата қазға ермей қалды балапан,
Жыл құстары келмей қалды біз күткен.
Аққуларға айдын-көлде жоқ, Отан!
Үркек үйрек қалыпт-ау тек дүрліккен.

Маңғаз марал мал боп кетті момақан.
Теперішті, тегеурінді тірліктен,
Құрбақаға құлан дайын, таласа…
Құлаған соң құндылығын жүнжіткен.

Тасбақаға жүлделі орын тартамыз,
Меңіреу құр, мінбеде тұр байқасаң…
Қарға үніне қозады екен арқамыз,
Түлкілердің адалдығын айта алсаң.

Жоқ, жүрегім аласұрма, тыныш тап,
Адалдықтан ада болмай алға жүр.
Сол топалаң таорих болды жылыстап,
Ажырата аламыз ба, ал қазір?!

Беу, Баянауыл! Қатпарыңдағы қастерлі жандардың қабіріне бардық, танымын білдік, тамырын бастық, тарихын ұқтық. Жақпарыңнан жанға демеу болатын Рухтың дәмін сезіндік. Бар бол, бақ мекені Баянтау!

Павлодардағы пайым

Руслан боп жүргеніме биыл 45 жыл. Ұлтжанды таныстарым-«Ныспыңды өзгертпейсің бе?»-деп қағытады. Мен болсам «Азан шақырып қойған атым, (шынымен өзі шақырды ма екен?!) оның үстіне бұл атау түркі тұқымына жақын ғой»-деп жалтарамын. «Павельдің тартуы» қызық, ә…Ертістің жағасындағы өз жеріміз емес пе? Орынбор мен Омбыны алғаны аздай, бізге тегін беретіндей ол не бәсіре?! Ойлап қараңызшы, Аллаберген, Құдайберген деген есімдер секілді кім өз баласына Көршіберген деген ат қояды екен. Қожаберген қоштаса алмаған далада, «Паша берген» деген қала бар. Қойшы, сонымен Ертісті ен жайлаған Қазақстадандағы шағын және ерекше тазалығымен танылған тамаша шаһарға келдік. Облыс орталығының іргесінде үлкенді-кішілі оншақты өндіріс жұмыс жасайды. Көпұлтты шырайлы шаһардың шамасына қарай көпқырлы кәсібі де бар. Ертесімен Павлодар қаласындағы Достық үйіне бардық. Этномәдени бірлестіктер мен «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өкілдерімен, Ғылыми-сараптамалық топ мүшелерімен, Қоғамдық келісім, Аналар кеңестерімен келелі кездесу өткіздік. Басқарама басшыларының қошеметті ниеттерінен кейін біздің экспедиция мүшелеріне де сөз берілді. Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Әсем Серікқызы Сағатова ханым, мына жолдың тарихи, рухани байланысын айтып, көзайым болған көңілді қауымға алғысын білдірді. Қарағанды облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Майра Абдрахманова бабалар мұрасының балалар тәрбиесіне бағыт болатынын баяндаса, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, биология-география факультеті, экология ғылымдарының магистрі Ернар Кейкин осы өңірдің тумасы бола тұра, бүгінгі «Елтану» экспедициясынның ерекшелігіне тоқталды. Ал, Журналист, аудармашы, ағылшын тілінің маманы, Абай ілімін ағылшын тілінде насихаттаушысы Ернар Мелсұлы, өз тіліңді біле отырып, өзге тілді меңгеру болашаққа үлкен тірек-дегенді жеткізді. Естайдың елі ара-арасында өз өнерпаздарымен серпілтіп, қонақтардың алдына серілерін шығарды. Біздің жігіттер де жерге қарап отырған жоқ. Әлібек қыл қобызға қосылып, отырғандардың құйқасын шымырлатты. Қарағандыдағы Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі Ришат Шәбденов арқа әндерінің ажарын көрсетті. Ал күйші Мадияр шертпе күймен шалқытып, көпшіліктің көңілін көкке қалқытты. Осындай әсерлерден кейін сезімде сыйқырлы сөздердің қосындысы ойнап, Қарағандыдағы «Сары-арқа» арнасының Life 09 сайтының тілшісі, ақын Әділет бауырым Мадиярдың күйін мүсіндеп көріпті.

Мадиярға

Саусағыңда жүрек бар—гүл жайқалған,
Түсіндіріп күйіңді құлға айта алман
Өлген ойды жерле домбыра шанағына,
Көңіл арық,бұл күнде,нұр қартайған

Пенде болып кетуден келем аулақ
Шашылған әр нотаңнан – көрем аруақ.
Көкке ұшырдың күйіңді – мен күлімді,
Он екі пернеңнен отырмын өлең аулап.

Жапырақтың жасылы ұшып кетті,
Төбемдегі ай – бозама түсіп кетті.
Содан күмбір күйіңнің жасылынан,
Сары Күз.. есінен адасып,ішіп кетті

О,Мадияр, ардақтым дүр еді де..
Ескерткіш қалап отырмыз мұң еліне.
Сайтан тиегің қашырып сайтанымды,
Қос пернеңнен жүгірдім жүрегіме.

Білемін көк тағала Хақтан – Күйің.
О,бәлкім жіберерсің ақтан құйып
…Көктемге кешігіп келермін,түсінерсің,
Жиырма тоғызынан бітеді, Ақпан биыл- дейді Әділет Шопен шайыр.

Қос қала жастарының рухани-материалдық байланысы үшін «Жаңғырту жолы» республикалық жастар қозғалысымен мемарандумға біздің өкілдер «Намус» әзербайжан қоғамдық бірлестігі жастар қанатының мүшесі, Қарағанды облысы ҚХА «Жаңғыру жолы» РЖҚ өңірлік штабының мүшесі Расулова Ханануз бен Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, Экономика, бизнес және құқық колледжінің студенті, осы штабтың мүшесі Седышева Елизавета ел алдында рухани байланыстың ресми шарасына қол қойды. Түске дейін Г.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану мұражайына араладық. Сол маңдағы Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық орталықтың мәдени мекемесінде болдық. Онда Украина жерінен келген халықаралық дәрежедегі ғалым Крупа Татьяна Николаевна еңбек етеді екен. Бұл кісі ҚР Білім және ғылым министрлігі Павлодар Мемлекеттік Университетінің «Ұмай» халықаралық ғылыми-зеріттеу лабототориясының меңгерушісі. Татьяна Николаевна, Қазақстанның әр-түпкірінен табылған жәдігерлердің күні өте көнеден, ал құны баға жеспес-дейді. Онымен жапсарлас орналасқан Жошы ханның жұрағаты, Төреден шыққан қоғам қайраткері Сұлтанбет сұлтанның өзі салғызған шаңырағын көрдік. Ұрпақтары қайта жөндеуден өткізіп, бүгінде қала ішіндегі мәдени ошаққа айналыпты. Кезінде жергілікті басшылық қызметте болып, кейін зейнетке шыққан соң Төре әулетінен қалған шаңырақты ұстап отырған Аманжол Жәкенұлы Хамзин ақсақалды тыңдадық. Сөйтіп, күн бесінге жете бере, Павлодар қаласының қақ ортасындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешіттің ғимаратына бас сұқтық. Ерекше сәулетпен салынған ғибадат орыны жайлы имамның әңімесін тыңдадық. Бұл өңірдегі сапарымызды Далбатаудағы дұғамен бастадық, Мәшкең атындағы мешітте аяқтап, Алаш астанасы болған Семей қаласына бағытымызды түзедік.

Астыма мінген атым Генадушка!

Семейге біз кешкі салқынмен шыққанбыз. Жарты жолға дейін әсерімізді айтып, әңгімелесіп келе жатыр едік, біраздан кейін көбіміздің басымыз әр түлі бағытқа қисая бастады. Мен де қалғып-мүлгіп келемін. Бұл Павлодар мен Семейдің арасындағы тақтайдай тамаша жол. Қазаққа қазба байлықтың қорын Қаныш анықтаса, жазба әдебиеттің әдебін Абай дендетті. Яғни, бұл бағыт қазба байлық пен жазба байлықтың алтын көпірі. Мамандығым журналист болған соң әредік артқы жақтағы әңгімеге құлақ түремін. Онда Смолин Николай деген отызда орда бұзатын орыс жерлесім отыр. Өзінің қазақ тілін білуі арқылы қызметте жеткен дәрежесі де баршылық.«Қарқаралы ауданының білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ-нің әдіскері.
— Алматы қаласы – Түрксіб ауданының мекемелері мен ұйымдары арасында өткен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты аудандық байқаудың – I орын, Қарағанды қаласы – облыстық «Тіл – халық жанын танудың кілті» атты байқаудың да – I орын, тіпті осы Павлодар қаласында өткен өзге ұлт жастары мен балалардың арасында мемлекеттік тілді білу бойынша Республикалық байқаудың да – I орын жеңімпазы болған. Астана қаласына Қарағанды облысы атынан делегат ретінде ҚР Президентінің қатысуымен өткен республикалық жастар форумына қатысқан екен. Коляға жақын жерде жоғарыда атап өткен мектеп оқушысы Янке Женя отыр. Женя жай ғана Колядан сұрайды:-» Коля сен келесі жылы үй сатып алып, Қарағандыға көшіп келмейсің бе?-дейді. Оған Коля-» Жоқ, мен Қарқаралыдан қозғалмаймын, кейін балама алып берермін»-дейді жай ғана. Бұл сөзге Женя -» Ей, сен ауылдың ақсақалдары сияқты болдың ғой, бірдеңе болса ауылдан кетпейміз дейсіңдер»-деп ойымен зілсіз кейістік білдірді. Екеуіне еріксіз «мырс» еттім. Өскен ортасының, жеген тортасының әсері шығар. Тіпті ауыл баласынан айырмасы шамалы. Өлкетану тобындағы өзге ұлт өкілдерінің бозбала-бойжеткендері қазақы қалжыңнан қалыс қалмайды. Қоңыр-Әулие басында Елизавета суретке түсейін деп майысып тұр екен. Фотограф «Елтану» экспедициясының керуенбасы, Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы ұлт-аспаптар оркестірінің дирежері, республикалық-халықаралық сайыстардың жүлдегері Ерлан Бақтыгерей болатын. Сәл ұялса, бетіне қызыл жүгіретін Лизаға разы болған Ерекең-«Не деген қылықты қызссың, сені тіпті бір балама әперіп, келін қылуға болады»-дейді ғой. Сол кезде монтиып тұрған сары қыз жұлып алғандай-«Қалың малы қымбат боп кетпесе…деееп жымиып тұр. Ұтымды жауабына ырза болған бәріміз тауды жаңғырта күлдік. Тобымызда жер ортасына жақындаған Еркідір атты блогер аға болатын. Ылғи қолында сабы бар жұдырықтай камерамен жәдігерлерді түсіріп, сұхабаттар алып жүретін. Содан Женя -» Аға мынау камераңыз қанша тұрады?»-деп сұраса керек. Ерекең-«Өте қымбат 150 мыңдай»-деген екен. Сонда Женя «Үйбай, одан да ол ақшаға жабағы сатып алмаймын ба»-деп қымбат бұйымнан өзін жұбатқан екен. Жүрейік, ойнап күліп молодушка…

Соқтықпалы, соқпақсыз Семей!

Иә, Семейдің жолы сонау ғасырлардан бері кімді кездестірмеді, нені бастан кешпеді?… «Ақ қашып, қызыл қуған заманда-ақ», бұл жерді туға таласқандар тозған тулақтай ту-талақайын шығарды. Ұпай жинағандар мен Ұлтын сақтаймын деп Қытайға жиналғандардың қырғыны болды бұл жерде. Тұранның тұмарындай болған төңірекке атом сынақтарын жасап, елдің жігерін жасытқаны тағы бар…Сонда да, қазақ тарихында, Алаш астанасы!- боп қалған семсерлі Семей! Ассалаумағалейкум!
Түн қараңғылығында тарихи Семейдің табалдырығына жеттік. Қазанның ызғарын ыстық ықыласымен қайтарып, қала басшылығының өкілдері мен «Қоғамдық келісім» КММ-ң қызметкерлері, Ертістің ерке өнерпаздары ерекше құрметпен қарсы алды біздерді. Түңгі шамдары самаладай жарқыраған Семейдің төріне тарттық. Алдымызда қонақтың дәрежесін көтере-көрсетіп, қызылды-жасылды шамын қиқулатып, полиция көлігі келеді. Мадияр күйшіге мойын бұрып «Мәсссаған, Мәдош! Небір батыр, ақын әнші-күйшілерді күйзеліске салған Семей еді…Атылып кеткені қаншама?..Ақырғы құрбандық-Қайраттың өзі осында қаза болды. енді ерекше мәртебемен екеуміз кіріп келеміз. Қалай болар екен ә»-деймін, Мадияр жай ғана,- «Тәуелсіздіктің арқасы ғой..»-дейді. Бұл сөзде заман ауысымында алтын көпір болған Семей қаласының салмағы жатыр. Ертістің екі жағына өтетін ерекше сәулетпен салынған Семей көпірі керім келешектей көз тартады.
Түн ортасында туған даланың тарихына таразы болған Семей шаһарының «Турист» қонақүйіне орналастық. Ертеңгі күні таңертең Экспедиция мүшелері арнайы мамандардың бағыттауымен қала орталығындағы Алаштың ақылманы, хәкім Абайдың ескертішіне барып, қадірлі қарттың тас мүсініне тәу етіп, гүл шоқтарын қойды. Содан кейін Семей қаласындағы Достық үйінде жастармен, қоғамдық ұйымдардың мүшелерімен кездесу өткіздік. Кездесу барысында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі жобасын түсіндіре отырып, өз тарапымыздан кіші-гірім өнер қойылымдарын ұсындық. Достықтың шаңырағы астында ардагерлер алқасы мен аналар ансамблі, қалалық «қазақ тілі » қоғамы мен әрт түрлі этностардың өкілдері отыр. Екі тараптан жергілікті кітапхана мен баспаханалар атынан естелікке құнды кітаптар табысталды. Бұл жерде де біздің жастар тобының мүшелері «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысымен меморандумға қол қойды. Сол кездесуден соң көп ұзартпай ұлтымыздың мақтанышы болған Абайдың мекенін бағытқа алдық. Абай жолы-ауыр жол. Мұқаң жазған «Асуда», «Белде», «Тайғақта» …-деген тараулары соқпақсыз жолдың сорын айтады. Ал біз бағыт алған жол, тарихи-мәдени жерлерді кестелей өтіп, жыландай ирелеңдеп жатыр. Бір жарым сағат көлемінде Бөрілідегі Мұқтар Әуезов мұражайына жеттік. Мұражай маңындағы қорымда әлемге Әуезовтай әлім-жазушыны әкелген Омархан ата мен Нұржамал ана жатыр екен. Құрама тобымызызбен тамашалаудың басын құран оқып, дұға бағыштаудан бастадық. Бөрілідегі мұражайдың шырақшысы Шағжан Бекенұлы Исабаев ақпейіл азамат екен. Мұқтар мен Абайдың айналасындағы небір әңігмелерді өзіндік мимикамен әдемі жеткізеді. Музей бөлемелерін аралатып, мәліметтерді баяндап жүргенде құдды бір аудиокітап тыңдағандай әсерде боласыз. Кез келген әңгімені көркемдей біледі екен. Оның үстінде ұлылар жайлы, олардың туған-туыстары жайындағы мүлтіксіз деректердің көбі осындай кісілердің миына хатталады. Шағаң жүректің шамшырағын бөлмелердің шамымен қоса жағып кете барды. Ол қызмет жылдары мен жолсапарлары жайлы бөлме еді… Менің дипломдық жұмысым «М.Әуезовтың очерктері» болатын. (Машинка жоқ, басында алпыс бетті осы қолыммен бір жыл жазғам) Өз бетіммен қалтарыстағы бір бөлмеге кірдім шағын дастархан жайылған, көрпе төселген орташа бөлме, құбыла жақта шыны ішінде ескі құран-кәрім тұр. Бет сипап, бата жасадым…

Бөріліде

Өр жандар еді өңірі,
Жазылды содан том ірі.
Бөріліден-бөлтірік,
Орыныңа кел тұрып…
Қожекеңнің қоңыры.

Абайдың да жолы ұлы.
Жидебайды қорымы.
Әуезовтың әлемі,
Сізге де бар сәлемі.
Қожекеңнің қоңыры.

Шыңғыстауда тамыры,
Алатауда қабірі.
Тамаша үміт көктердей,
Жаңа шығып кеткендей,
Қожекеңнің қоңыры.
Қазекемнің өмірі…

Шырақшы Шағжан ағамыз шырайлы әңгімесін айта жүріп, әрі қарай бізбен бірге сапарлас болуға келісті. Іңкәрлікпен екінің біріне аңыз боп тараған Еңлік-Кебек ескерткішіне келдік. Шағаң сол кездегі үкім шыққан төбені көрсетті. Сол жерден он-он бес шақырым атқа сүйретіліп сүйектері жеткен жерге қазір міне, Махаббат мұнарасы қойылыпты. Басына бір сәт мұңмен аялдап, аят оқып, Жексен. Болат ағаларым дұға жасады. Мұнара жанында бір-біріне сүйенген қыз-жігіттің әдемі мүсіні тұр. Жолдан зеріккен апайлары жақсы көрініс жасағысы келді ме, топ ішінен таңдап әкеліп Мадияр мен Елизаветаға сол бір балғын бейнелерді қайталатып суретке түсірді. Сурет қатып кетті…мен де ойға батып кетім…

Екеу

Дүние-дүрмек шүйліксе, о, іңкәрлік сені іліп!
Масайрайды мырзалар махаббаты кеміріп.
Не деп сенем балама, сен өтпеген өткен бар…
Шелектеген шер-мұңы Кебекпенен Еңілік!

Махабатпен жаратқан аспанменен жер ұлық,
Көкбөрі күй қайтады көктегі айға кері ұлып.
Мұңға бөккен жан екен, жырға кеткен ер Кебек,
Шыңға өскен гүл екен, шын дәметсең- Еңілік.

Сендерді де жаратқан, сезімтал ғып, сері ғып,
Махаббат пен достықтың қай кезде де төрі нық.
Тылсымы ауыр күй екен, құлшына жыр жазбадым,
Күйші бауыр-Мадияр, Елизавета-Еңілік!

Қай кезде де сендерді қалдырмайды ел ұмыт.
Үкім шыққан төбеде, үрей тұрды, өлі үміт…
Бақ сүймеген тірліктен, таптың күйме көкке ұштың,
Ат сүйреген ер Кебек, нақ гүлдеген Еңілік!

Еңілік пен Кебектің мұңы, жалқы мұң боп әрбір жүректе қалады. Ал, халқының мұңы мен жалпының қайғысын көтерген Абайдың шері әлі де шешілмей келеді. Біздің ниетіміздің негізгі бағыттарының бірі Шыңғыстаудан шыңға шыққан дана Абай мен Шәкәрім қажының мұражай-қорымына бару. Ақшам кіре асфальт жолмен ағып отырып қазақтың бас ақыны, ұлы ойшылы Абай Құнанбаевтың Жидебайдағы үйі — «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне келдік. Құнанбай ұлы Ибраһим мен Құдайбердіұлы Шаһкерім моласының сыртқы архитектурасы тамаша сомдалған екен. Шығыс сәулетімен салынған шағын қамалдың іші амфитеатрдан бірақ шығарады, осы баспалдақтар арқылы қос ғұламаның ғұмырының нүктесі қойылған мазарына көтерілесіз. «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені. Абай мұнарасының биіктігі 32,5 метр, ал Шәкәрім мұнарасының биіктігі 31,5 метр Кесененiң iргетасының ұзындығы — 200 метр. Көлдеңiнен (енi) — 65 метр, биіктігі – 5 метр. Қабірлер арасы – 140 метр екен. Мұражай қызметкері Айқын қонақтарға құрлыстың құрылымы жайында, ел мен ерен ерлері туралы ақпар беріп отырды. Елдің санасына шырақ жағып, шығыс пен батыстың өнегесін ақтарып, қайтсем халқымды қасіреттен шығарамын деген жандардың рухтарына бағышталып құран оқылды. Дұға жасап жүректегі алаңды басқан соң біздер, біртіндеп амфитеатрдың алаңына шығып, шабыттана жыр оқыдық. Қоғам қайраткері Жексен Әбдірахменов бастады. Лирика толқынын Лиза тоқытты. Республикалық Абай, Махабет оқуларының жүлдегері Абайдың екі жүзден астам өлеңдерін мүдірмей оқитын Мұрат Ділнәз, Дидар мұғалімі де даланың түңгі тыныштығын Абайдың жырымен жылытты. Тағы бір айта кететін жайт, бұл меке Еуразия құрлығындағы жердің кіндігі екен. яғни, ұлы құрлықтың дәл ортасы біздің жерде екен. Бұ ақпарды осыдан ертеректе газеттен оқып таң қалған едім… Сондағы әсерімді амфитеатрдағы алқалы топқа ұсындым.

Кіндік

«Семей даласы Евразия құрлығындағы жер кіндігі екен».

Ұлы далам көшірмесі кеңдіктің.
Ұлы бабам Абай еді ең мықтың.
Жидебайда жер кіндігі құрлықтың,
Өлшеп, пішіп бойлық пенен ендікті.

Жұлдыздардың көшін көріп түндіктен,
Ұл-қыздарың өсіп-өніп кіндіктен.
Арқат ауыр дем алады сынақтан,
Жерге кіндік, елге сұмдық кім күткен?!

Торғай талып, мал мәңгіріп, бақа мас,
Улы жерге жанын күткен тақамас.
Шыңғыс шаршап, дел-сал болса Дегелең,
Бойын кеңге сала да алмас Бақанас.

Кімдерге жүк?!
Зағип болған шырақтардың обалы
Керең болған құлақтардың обалы
Шаба алмаған пырақтардың обалы
Шабылмаған құрақтардың обалы
Аға алмаған бұлақтардың обалы
Шындық неге сұм ақпар боп қалады
Кіндік деген — сынақтардың алаңы.

Ашық кіндік!
Нәпсіқұмар көз-күйік.
Шіріп жатыр күнәлі ой мен сөз тиіп.
Аман қалып қырық жылғы қырғыннан,
Тәубә дедік топалаңды тез тиіп.

Сұлу болсаң басқа жолмен бағыңды аш!
Бойыңдағы шайтан оттың шамын бас.
Түндігіңді түтін бітсе жап қазақ!
Кіндігіңді көрсетпеші қарындас…

Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйі Абай -Шәкәрім мазарының маңында екен. Құнанбай құдығы Жидебай қорығындағы Абайдың мұражай үйінен 120 метр аралықта орналасқан-дейді. Күн ұясына батып кеткен кезде оны жөндеп көре алмадық. Абайдың жүз елу жылдығында бұл мекендерде үлкен жұмыстар жүргізілген екен. сырттағы қарапайым ауыл тірлігіне қарап ішің жылиды. Біреу жаңа ғана тоқтаған күймеден атты босатып, қамытты шешіп, бағанаға іліп, атты суаруға кеткен сияқты . Мұражай ішіндегі әрбір жәдігер жайында тәпіштеп айтып, Айқын мен Шағжан ағай ышр-пыр боп жүр. Әр бөлмедегі жай заттың өзінен әсерлі әңгіме өрбиде. Домбыра, қобыз аспаптарының әрбірінде әжептәір этнографиялық дүниелер жатыр. Аналардан қалған, айна-тарақты сыртынан көрсе, шай құйған саумаурын-шәугімін сыйпап, адал ас берген ожауын ұстады. Бәкі, қанжар, шақша да басқа да көне көрнекіліктер біздің қолөнеріміздің алтын арқауы ғой. Өмірінің соңғы жылдары осындай жәдігерлерді Абай Семейдегі этнографиялық музейге өз қолымен тапсырған екен.

Жидебайда

Семей, Семей сезіімдермен толды Ертіс,
Жидебайда, үй мен жай ма, өң мен түс?!…
Осы жерде жазғытұрып жыр өрбіп,
Осы жерде Абай алғаш көрген қыс.

Он үшімде кірген еді үйге Абай.
Ауылды аңсап, аласұрар ми қалай?!
Тоғыжан дедім толықсыған сол қызды,
Әйгерім боп, ән салады Жидебай.

Абай жолы, жолдары бар жолдың да…
Ұлағатпен оралады ол мұнда.
Жидебайдан жан-жүйеме жүк арттым,
Бірақ содан «Толық адам» болдым ба?!…

Бір сағаттан астам емін-еркін аралап, Жидебайдан Семейге қарай жолға шықтық. Бұл жер қазақ әдебиетінің негізі мен халық мәдениетіне қалдықсыз қызмет етуде. Абай Құнанбайұлының құнарлы топырағынан өмірлік азық алдық. Өлкетанушылары анау-ынау ғылымныңнан озық па деп қалдым. Шыға берісте Абайдың әжесі Зеренің кесенесі тұр. 1986 жылы қабір айналасын қайтадан жөнге келтіріп, Зере әже мен анасы Ұлжан бейітінің басына Шығыс үлгісімен қойылған алты қырлы кесенесі қараңғыдан қарауылтады.
Ертеңінде Семей қалсындағы Абай Құнанбайұлының мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейіне бардық, бұл жерде де сол кездегі қала өмірін көз алдарыңызға келтіре отырып, тамаша тарихи тұжырымдар жасайсың. Әр бөлікте Абайдың пікірлестері, сапарластары, әншілері мен ақындары, оқыған кітаптары мен жазған хаттары, қолданған бұйымдары бәрі-бәрі қаз қалпында. Таң қаласың! Өлкетану мұражайында жалпы Семей өңірінің тарихымен мәдениетін таныстырады. Топырақта туған талантты саңлақтар жайындағы сан-қырлы мәліметтерден сүрінесің. Ертістің аңғарларынан табылған зіл мен ежелгі аюдың бас сүйектері тіпті түршіктірді. «Алаш арыстары- Мұқтар Әуезов» мұражайынан мықты мираскерлерімізді мерт қылған қоғамға лағнет айтып мұңайып, қайттық. Сол әсермен қала орталығындағы саябақта орналасқан Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан ескерткішіне гүл шоғын қойдық. «Ағайынды Невзоровтардың» тамаша сурет галереясына кештеу келіппіз. Көп суреттерді көңілге құйып үлгіремедік. Абай мұражайы жанындағы Ахмет Ризан медресесінің сыртына барып тағзым еттік. Талай тарландарға тұғыр болған білім ошағы ғой. Сапар соңында тарихи-этнографиялық, туристік-өлкетану тобының мүшелері Абай мұражайының фоэсінде домбырамен ән шырқап, күймен күмбірлетіп, қоштасудың сарынын сездірді.
Ел мен жердің еңсесі қалай көтеріледі?!- деп пұшаймын күйде жүретін Жексен Әбдірахманов ағамызды бұл сапар серпілтіп жіберген сыңайда. Уатсаптағы «Елтану» тобына тамаша тілегін жолдапты. Жолдас Жексен аға былай депті: «Ерге, Елін Танып жүргенге, Еліне Бас иіп, Табынып жүргенге, не жетсін! Елі де Ерін сонда Танымай қоймас. Қарағанды Достық Үйі үйымдастырған Ел Тану Экспедициясы қатарына шақырту алып, небір Жақсы Азаматтармен, оның ішінде көпшілігі Жалынды Жастармен сапарлас болып келгеніме, аса Ризамын Тәңіріме. Өлеңін Ел жатқа оқыр, арынды ақын Руслан Нұрбаймен, Ел тыңдауға құштар, даулескер күйші Мадиар ініміздей, сырлы әнші Ришаттай, қобызын күніренткенде, көзге жас келтірер, Әлібек Бимендиндай, Әлемнің кілті бүгінде Ағылшын тілін білуде деп, «Ағылшын Ауыл үшін» деген кітап жазып Қазағына енбек етіп жүрген, Ернат Мэлсұлы Қашқыновтай, кешегі Жер үшін басталған Белсенділіктен бері, бүгінгі күнге дейін бірге келер, Болат Сыздық, Майра Абдрахманова сынды Қайраткерлермен, дәрісін талай жұрт тыңдаған ұлағатты ұстаз, Профессор Нұрсахан апаймен, Қазақ Әдебиетіне шәкірттерінің құштарын оятып, небір Жүлдегерлерді тәрбиелеп шығарып келер Дидар мұғаліммен, бүгінде, Қазақ Тіліне аса бір Мұқтаждық ЖОҚ күні, Өзге Ұлт өкілі болсада Қазақ Тілін еркін меңгеріп, соның арқасында Қазақ мәдениетімен Дәстүр Салтына тәнті болып, Бас иіп жүрген, Женя Янке, Елизавета, Ханна, Николай сияқты жалындап тұрған Жас балалармен, Музыка майталманы, Елде саусақпен санарлық білімді-талантты Дирижёрлар қатарында жүрген, Ерлан Бақтыкерей бауырыммен, тағы басқа, Отызға тартар , бәрі атап тауыса алмаспын, Сапарлас, Пікірлес болуға мүмкіндік туғызған, Достық Үйінің басшысы Құсайынның Ерланына мыңда бір алғыс айтқанымда, артық болмас. Құсайынның Ерланы Қағазға сығаламай, кез келген сәтте, кез келген әртүрлі Кездесулерде, Қазақтың шұрайлы Тілімен, аспай саспай, Шешен сөзбен салиқалы Ойларды ортаға салып, сөз саптау мәнеріне керемет риза болдым. Басшы болар жігіттің қашанда, Еліне деген Махаббаты шексіз, Шешендігі сөзсіз, дүйім жұртты үйымдастыра білер іскерлігіде, Таңдай қақтырар болғаны, қандай Ғаламат. Осы керемет сапарда Ерланның бойынан сондай қасиетін көріп, шіркінай, Бастық атаулының бәрі, осындай болса ғой деген, Арманға берілген сәттерімде болды…
Талай талай Музей аралап, кешегі Тарихи Тұлғалардың басқан ізін басып, тұтынған заттарын көзбен көріп, тұрған үйілеріне тамсана кіріп, бөлмелерінде тізе бүгіп, өздеріне арнап Құран оқып, бұрын естігенімізді, Көзбен көріп, тағыда талай бұрын білмегенімізді естіп, білімімізді көп толықтырып келгенімді, тамсанып тауыса алмай айтумен жүрмін… Баянауылдағы өлкетанушы, кешегі Көнекөз Шежіре Қариялардың, бұзылмаған Ізбасары, атағы жоқ Академик Алтынбектей Бауыр тапқанымды, тамсанбай қалай айтбайын. Әуезов топырағының адал ұлы, Біліміне ден қойып, әнгімеге жетектей білсең, жәніна біраз ілессең, бір ұлкен Кітапханадағы бар білімді Көкейіңе қүйып берер, Шағжан Бауырды айтып тауысада алмаспын….Қысқасы Ағайын, керемет жолдан келдім, Абай топырағына, тағы басқа Ұлылардың ұлағатын көзбен көріп, қолыммен сипат, санамен сезіп, Ғажап күй кешіп келдік…Құдайым көп көрмесін…Рухани Жаңғыру деген осы болар. Бұқар Жырау, Шорманның Мұсасы, Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әлкей Марғұлан, Потанин, Мұхтар Әуезов, Енлік-Кебек қиқаясы өткен Жер, Абай әулеті, тағыда басқа Тарихи Тағылымы мол, Елге тастап кеткен Үлгі Өнегесі таптырмас Мұра, Өсиеттері Елді өрге сүйрер, кешегі Тұлғалар шыққан Топыраққа табан тигізіп , Елге бәріміз аман сау оралып , Рухани Күш Қуат жинап келіп жатқан, мақтанарлық жағдай бүгінде кешіп отырмыз. Айтар әнгіме, бөлісер Ойлар әлі өте көп… Бәрін бір сөзде айтып, шұбатып созғаным дұрыс болмас. Сонымен әлі-әзір сөзді тәмәмдәйін. Жолымыз жарқын, Үзінгілес Жолдастарымыз Жақсы, көлігіміз Күйлі, Ниетіміз Адал, Еліміз Аман, Тіліміз ТӨРДЕ, болуға жазсын Тәңірім»,-дейді.

Жексен серім!
Қашан да қазағы үшін төккен терің,
Көкбөрі түсірген жоқ көктен шерін.
Көшпенді боп көше алмай, елді аралап,
Сырлы сөздің қолға алдық от семсерін.

Жексен аға!
Қашаңғы тығылады көпте нала,
Омбы, Орынбор барғанбыз ат шанада.
Тәңір берген төзімді талғажу ғып,
Қаймықпадық ханға да патшаға да.

Жексен көке!
Тентек болып, тентіреп кетсем бе екен?
Бізде ой жоқ қой, малменен көштен бөтен.
-депті дағы дерт пенен дәстүр жасап,
Түрме салды, тың жыртты кеткен көсем…
Өкпемде-шер!-деп мен өз ойымды өлеңмен сабақтасам, саналы саяхаттан алған тағылымды талапты бауырларым өздерінше тармақтайды.

«Дұрыс айтасыз. Осындай адамдармен дидарласып, сұхбат құрып, насихат жасауымыз керек. Мысалы, Баянауылға, Жасыбайға жұрттар демалуға ала жаздай ағылады, бірақ осындай мықты адамдар бар екенің білмейді. Біз осы Алтынбек пен Шағжанға арнап жеке постар арнап жазуымыз керек. Негізінде осындай оқымаған, туа біткен құйма құлақты шешендерді қалаға, ЖОО-на әкеліп студенттермен кездестіру жобасын ұсынсақ. Талай академиктер келіп жастармен кездесіп жатады ғой, бұл кісілер өз өңірін тануда мықты академиктер яғни, Дала академиктері»,-деді ағылшын тілінің маманы, елтанушы Ернат Мелсұлы.
Қазан айының қара суығы, айлы түннің құшағында Сары арқаның жонын тіліп, Баянауылға келдік, Бұл жерден сүйінші жаңалық естідік. Қарағанды облыстық «Орталық қазақстан» газетінің бөлім басшысы, ақын Жәнібек Әлиман бауырым, Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығына арналған аймақтық ақындар мүшайрасының бас жүлдесін иеленіпті. Пірадар пейіліммен рух қолдап, дұға қабыл болған екен- дедім іштей..
Терезеден Шаңтимес тауының сұлбасы қараңдайды. Аңыз-әпсаналарда, Көшім ханның сұлу қызы қапыда қаза болса керек. Тәкаппар хан -» Мен қызымның сүйегін жайылған түліктің табанына таптатпақ түгілі, шаңы да тимейтін жерге қоямын деп, осы таудың басына жерлепті-мыс.
Қарағандыға кіреберістегі Керней-Корнеевка тіркеудегі балаларды қадағалайтын арнайы мектебімен белгілі…Келген қонаққа аң-таң ғып, ҚарЛаг-тың Долинкадағы мұражайына апарамыз. Спаск, Мамочкино моласы деген қарғыс атқан жерлерді көрсетеміз. Өткен жылы осындай ұлағатты сапарды осы мекеме Ұлытау жеріне де ұйымдастырған болатын.. Бірақ, біздегі сонау Жошы, Алаша хан мен Едіге-Тоқтамыс тастарынан бері қарай Қарқаралыдағы Мәдидің үңгірі, Қасымның құдығы, Құсбек пен Шөженің, Нұралы мен Матақ батырлардың бастарында, Шабанбай, Жидебай, Сана билер жөнінде жәдігерлерімен жарқ ететін мұражай бар ма? Бегазы-Дәндібай, Қызыл-кеніш көне қазба жұмыстары орындарын көруге жол бар ма? Тіпті орталық Қазақстандағы өрелі өнер мен сапалы өнімнің сөресі болған Қоянды жәрмеңкесінің орнында мынау мынадай еді деп әңігме айтатын қарттар да қалған жоқ. Қажымұқанның қонған немесе қонақ болған, Майраның ән салған орыны, Ғалияняың қымыз сапырған жерін ешкім көтеріп алып кеткен жоқ, сол мекендерде біз көргендей белгілер болса, атадан балаға баратын әңігмеге арқау еді ғой…
Осылайша, Павлодар мен Шығыс Қазақстанның өнегелі өлкесін аралап қайттық. «Өз өлкеңді таны» жобасы аясында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» республикалық туристік — өлкетану экспедициясының қортындысы бойынша баспадан саяхатшылардың ғылыми иллюстрациялық альбомы шығарылмақ. Осы ұлағатты істі ұйымдастырған ұжымға алғыс айтамыз. Жақсы іс жалғасын тауып, Рухани жаңғыру ырысқа жеткізсін!

Руслан Нұрбай,
Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, ақын-журналист

Суреттер фейсбук парақшасынан


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика