Республикалық дәстүрлі IX Қасым Аманжолов оқулары. Жүлде алған өлеңдер.

28 октября 2019

Ресупубликалық дәстүрлі IX Қасым Аманжолов оқулары өз мәресіне жетті. Назарларыңызға үздік деп танылған өлеңдерді ұсынамыз.

 

Салтанат Қайырбек. Бас жүлде

Дариға, қалам

Өңінде ме еді, түсінде ме еді,
Ақ сәуле жарық түсірген еді.
Аңсады ақын жұлдызға қарап,
Қып-қызыл өрттің ішінде нені?

Тажалға таңсық, болысқа бөтен.
Өлең мен өмір тоғысқан екен.
Үзілердей боп қайран, жас көңіл,
Сұрапылменен соғысқан екен.

Ызадан туған тілекті талай,
Қайтарып, өлең дір етті қалай?
Оқ-қару тәнін қорғаған құсап,
Қорғады қалам жүректі қалай?

Жарылды қай жер, еріді қай маң?
Кие боп қонды сенімі қайдан.
Қасқайып тұрып елжіреу екен,
Адамзат үшін ең ұлы майдан.

Тілеуін тілеп ішінен ғана
Жырымен үлгі, ісімен дара.
Поэзия — балет.
Аққудың биін
Дариға, қалам, ұшымен ғана.

Жаратып сөнсе,
Шырылдады ұрпақ.
Ақынға бардай тынымда бір бақ:
Далаға думан, салтанат келсе,
Көрпесін жатты қырында қымтап.

 

Бауыржан ЕРМАН. 1-ші орын

Дауылпаз

(Қасым Аманжоловқа арнау)

 

Уа, Дауылпаз,

Көрсе де өмір–майдан қан, зұлматын,

Талай қамал қопарған тағдырлы ақын,

Қара қалам ұшынан қанат қағып

Көкте әуелеп, тағы да жаңғырды атың!

Естісе ғой адамзат күбірімді,

Ұғар еді ау ессіздер тұғырыңды.

Сағындың ба, Сарыарқа, сайын далам,

Жарқ-жұрқ еткен мінезі тік ұлыңды?

Мойымай ғұмырына күйік өпкен,

Ол сені анасындай сүйіп өткен.

Әкесіндей қадірлеп туған жерін

Тынышыңды тілеген жиі көктен.

Бойға біткен әлемнің дара өнерін

қастерлеген,

Қопарып жан әлемін,

Толқын-толқын ғасырға ұласатын

Тасқа қашап жазғандай әр өлеңін.

Уа, бабам, дүниенің нар ұлы ең, Сен!

Қапаста қалған жұрттың жарығы ең, Сен!

Қатпар-қатпар сырыңды бүгіп кеткен

Қарқаралы тауындай алып еңсең!

Бола берер есімің асқақ әлі!

Арда ақындар дүркірер асса бағы,

Бірақ, қайта тумайды сендей Қасым

Жырын алтын қаламмен жазса дағы!

 

Асылбек Март. 2-ші орын

Құлагер

Құлагердің қу басы кісінейді,
Менің ылғи түсімде.
Көмбесіне жетпей қалған жануар,
Жатыр екен қай шұңқырдың ішінде.

Кісінейді!..
Кісінейді неліктен қайран Құла?
Аңсайды ма Ақанды.
Рухы да шапқысы кеп тұрады-ау,
Жата берер қашанғы.

Шапқысы кеп тұрады-ау
Тұлпар ғой ол,
Шабыс үшін жаралған.
Ақан үшін арғымақ боп туылып,
Зауал тапқан адамнан.

Оу, арғымақ кісіне,
Тектілерге жараспайды момындық.
Сен екеміз бәйгелерде шаң көрсетпей жүрсек те,
Арамдардан жеңілдік.
Надандарға бағасы жоқ Құланың,
Олар үшін сен бір өлген өлімтік!
Мен бір жүрген…

Уа, арғымақ.
Кісіней түс, кісіне.
Мен өлгенде сені тауып жерлесін,
Табытымның ішіне.

 

Бек Ноғайбайұлы. 3-ші орын

***
Қарғалардың дауысы,-ай, қарқылдаған.
Ақын барда бұл өлке ән тыңдаған.
Қарқарада қалың ну тербеледі,
Шанақтағы сол күйге тартылмаған.

Жан бар ма екен жанымда мұңымды ұққан,
Бар болса немді аяимын мұқым жұрттан.
Айтылмаған Қасымның бір сыры бар,
Шайтанкөлдей түбіне сырын бұққан.

Жамалмайды-ау жыртығы жүрегімнің,
Өмірді менде өзімше сүре білдім.
Орал жақтан оралған көп құстардың,
Қанатынан жыр іздеп бір егілдім.

Тағдыр атса тасадан қаралы оғын,
Кеңсайдан да бұйырар маған орын.
Қарқаралы басында жалғыз арша,
Жалғыздықтан жабыққан Жамалы оның.

 

Наурызбай Қазбекұлы. Арнайы жүлде

Сен жаудан қашсаң, өмір сенен қашады
Б.Момышұлы

Қасымға

Көңілімде (ы)лай жыр түйдектеліп,
Тынықталып келеді күйреп келіп.
Селеу-селеу шөлдеген жасыл шөптей,
Нөсер жауын құяды түйреп келіп.

Майда-шүйде немере байын бастап,
Лаулап жанған пешіне қайың тастап.
Анам ылғи күнде сабақ беред(і),
Әңгімесін Қасымға айырбастап.

Иә солай
Әліппедей бала да құмар еді,
Таң ұзаққа айтады ұлан ерді.
Көз алдында шинелін киіп алып,
Тірілтіп алғанбыз құлагерді.

Солай біздер
Анау айдан күн сұрап таң ұзаттым
Жалын ұстап келеміз жалғыз аттың.
Тебінге де түскенбіз бөтендермен,
Мүшкіл хәлін көргенбіз арғымақтың.

Таудай туып, адырналы тау ұлыңнан,
Жел де қарсы тұрмайтын дауылыңнан.
Қаладан жырақ жүрген қойын бағып,
Құйын жыр бұрын жетті-ау ауылымнан.

Естідім де мен солай дамылдадым,
Көкейіме алғанмын қабыл бәрін.
Жол жөнекей біздің үйге соғыңдаршы,
Қасым жайлы шөлдеген бауырларым.

 

Qasym.kz


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика