Раушан НҰРША. ӘН ЖҮЙРІГІ — ЖҮСЕКЕҢ
4 февраля 2019
Қазақ әнінің ақтаңгер ардағы, ұлттық өнеріміздің бақыты үшін туып, бүкіл саналы ғұмырын ән құдіретіне арнаған «Ән Абайы» атанған Жүсекең – Жүсіпбек Елебеков бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Сартау болысына қарасты Қойтас ауылында 1904 жылы дүниеге келген. Әкесі Елебек – жас кезінен-ақ ән салып, күй шерткен жан. Әсіресе, «Жекеннің желпуі», «Бозайғыр», тағы басқа көптеген күйлерді шебер орындауымен көзге түсіпті.
Әкесімен бір туысқан Жақыпбек деген ағасын Жүсекең тікелей ұстазы санапты. Аққұба, көрікті келген Жақыпбек жасынан өнерге деген құштарлығымен дараланыпты. Өкінішке қарай, 23 жасында дүниеден озады. Өзі осыны сезінгендей-ақ, Жүсіпбекті 10 жасқа толар-толмаста-ақ қасына ертіп: «Менің өнерімді осы Жүсіпбек қана алып қалады»,– дейді екен. Көзкөргендердің айтуынша, Жүсекең ұстаз-ағасының барлық орындаушылық мәнерін, қасиетін бойына қондырып алған көрінеді.
1931 жылдың мамыр айында Алматыдан Қазақ Мемлекеттік драма театрының директоры, жазушы Орынбек Беков ауылда жүрген Жүсіпбекті жұмысқа шақырады. Осында жеке өзі және танымал әнші Рәбиға Есімжановамен бірге ән айтқан. Сонымен бірге, «Еңлік-Кебек», «Сүңгуір қайық», тағы басқа пьесаларда ойнаған.
Отызыншы жылдардың ортасынан былай Жүсекең бірыңғай концерттік жұмысқа ауысып, Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармонияға қызметке тұрады. Домбырамен және оркестр сүйемелдеуімен ән салып, жұрт назарына ілігеді. Репертуарына халық әндерімен қоса, Е.Брусиловский, М.Төлебаев, Л.Хамиди, А.Жұбановтың және жас сазгерлердің шығармаларын енгізіп, ол туындыларды халық аспаптары мен симфониялық оркестрлердің сүйемелінде, бар нәшіне келтіре орындап жүрген.
Жүсіпбек ағамыз 1942-1943 жылдары Ұлы Отан соғысына барып, даңқты панфиловшылар дивизиясында бірнеше концерттер бергені жайында, осы сапарда Рамазан Елебаевпен жүздесіп, оның «Жас қазақ» әнін үйреніп келгендігі және оны алғаш рет орындап, жұртқа таныстырғаны жөнінде басылымдар мен кітаптарда талай рет жазылған болатын.
Аққуға үнін қосқан әншінің ерекше шабытпен, ешкімге ұқсамайтын өзіне ғана тән асқан шеберлікпен орындағаны Абай әндері – «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, қаламқас», «Сегіз аяқ», «Қор болды жаным», «Бойы бұлғаң», «Татьянаның хаты» тәрізді әндер болды. Сондай-ақ, репертуарынан берік орын алған «Қарғам-ау», «Құлагер», «Сұржекей», «Көгершін», «Қанатталды», «Жамбассипар», «Ағаш аяқ», тағы басқа әндері орындаушылық өнердегі ұлттық бояу-нақышымен, терең мазмұнымен, сыршылдығымен танылып, әнші қабілетінің шексіздігін, шоқтығы биіктігін көрсетті. Асқақ үнімен артында өшпес мұра қалдырды.
Біртуар сахна саңлағы, асқан талант иесі жайында қазақтың тұңғыш өнер академигі Ахмет Жұбанов: «…Жүсіпбек – үлкен өнер иесі, шебер әнші. Оның әншілік өнері әлі де халқының мәдени шөлін қандыру жолында ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді»,– деген болатын.
Жүсекең XX ғасырда дәстүрлі орындаушылық өнердің мектебін қалыптастырып, дамытқан ұлағатты ұстаз ретінде бүгінгі ұрпағына қадірлі. Оның ел таныған дарынды шәкірттері – байтақ еліміздің түпкір-түпкірінде жемісті еңбек етіп, дәстүрлі орындаушылық өнердің алтын арқауын, шежірелі үрдісін жалғастырып, өздері де балауса таланттарды қанаттандырып жүрген ұлағатты ұстаздар. Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, Астанадағы Ұлттық музыка академиясының профессоры Қайрат Байбосынов та – ардақты ағаның алғашқы шәкірттерінің бірі.
– Негізі, Арқаның ән мектебі осы ортада қалыптасып, оның алғашқы туын көтергендердің легінде Ғаббас Айтбаев, Мағауия Көшкімбаев, Қали Байжанов, Қуан Лекеров, Жабай Тоғандықов, Жаңыл Қартабаева тәрізді ән дүлдүлдері болды. Солардың бүгінгі ізбасарлары – Мейірхан Адамбеков, Жақсыкелді Кемалов, Сержан Мұсайын, Ерлан Құжиманов, тағы басқа да өнерлі өрендердің ізін ала кейінгі жас толқындар өсіп келеді. Кеншілер өлкесі – Қарағанды шаһары қара алтынның ғана емес, мәдениет пен өнердің де киелі ордасы екендігін қадап айтқым келеді. Республикалық деңгейде өткізіліп жүрген осынау ірі өнер додасының алар орны ерекше. Бұл конкурстың қанатын кеңге жайып келе жатқандығы қуантады. Осы арқылы талай балғын таланттың бағы жанып жүргендігін айрықша айтсақ, артық болмас.
Раушан НҰРША,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.