Прокурор Өркен Азаматұлының қалай өлтірілгенін айтып берді

10 мая 2017

Бүгін Алматы қаласында 11 жастағы Өркен Азаматұлы өлтіргендерге қатысты сот процесінің алғашқы тыңдалымы өтті. Сот барысында мемлекеттік айыптаушы қылмыстың барысын баяндап берді, — деп хабарлайды Qasym.kz

Мемлекеттік айыптаушы Арыстанбек Әлекеновтің айтуынша, даудың басы Шәрипа Ақбердиева мен оның күйеуі Азамат Кемпірбаевтің арасындағы отбасылық жанжалдан басталған. Тыныштық бермейтін жарынан мезі болған азамат анасының үйіне кетіп қалады және өзінің ажырасуға ниетті екенін жеткізеді. Бұған ашуланған Шәрипа Ақбердиева енесінің үйіне барып жанжал шығарған. Баласын қорғап, өзіне қарсы шыққан енесінің әрекетін кек сақтаған келіншек Шымкент қаласында тұратын ұлы Темір Ақбердиев пен оның туысы Кәдіржан Гулямовты шақыртады. Оларға өзінің енесінен кек алмаққа ниетті екенін жеткізіп, Бағдагүл Есенбекованы өлтіруді тапсырады. Алайда жас балалар ұзақ уақыт  аңдығанымен ол кісіні өлтіре алмай, әу бастағы ойларынан бас тартып, Алматы қаласына кетіп қалған. Осыдан соң Шәрипа Ақбердиева кек алудың жаңа жоспарын құрып, баласы мен Кәдіржанды қайта шақыртып алады. Бұл жолы оларға Өркен Азаматұлын ұрлап кетіп, өлтіріп тастауды тапсырады. Осы «жұмыс» үшін оларға 100 мың теңге бермек болып уәде береді. Қылмысты жүзеге асыру үшін өзінің туған қызы мен таныс такси жүргізушісін де тартады.  

19 қаңтар күні Шәрипаның қызы Айдана Ақбердиева мектептен қайтып келе жатқан Өркенмен кездесіп, оны алдап Руслан Муталиевтің көлігіне отырғызады. Осыдан соң бірден алдын ала жалға алып қойған саяжайға әкеледі. Бұл кезде Темір Ақбердиев пен Кәдіржан Гулямов саяжайдан баланың мәйтін көметін шұңқыр қазып, дайын отырған.

Саяжайға келген соң такси жүргізушісі Руслан Муталиев бірден кері қайтып кеткен. Ал Айдана анасының айтуы бойынша көршілердің үйіне кетіп қалады. Шәрипа Ақбердиева болса Өркенге жертөлеге түсіп, ағаларына көмектесуді тапсырады. Ешнәрседен күдіктенбеген Өркен жертөлеге түсе бергенде ту сыртынан Темір Ақбердиев соққы жасап, тұншықтырады артынша пышақ сұғып,  өлтіріп тастайды. Осыдан соң мәйтті көміп, ешнәрсе болмағандай тарап кеткен.  

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика