ПОРТАЛ (ӘҢГІМЕ). Бекзат АЛТЫНБЕК

21 апреля 2018

Түсіп кетіпті. Терең шұңқырға. Сірә, есінен танып қалған болуы керек: көзін ашса, дым сары топырақта жатыр. Түрегеп, қою шашты басын ұстап көріп еді – қан жоқ. Ұға алмады. Тек алды да, арты да, оңы да… – Жердің еті. Сыз.
Жоғарыға қараса, жоғарыда – әркездегі аспан. Әйткенмен, түнерген күн бе, әлде атып келе жатқан таң ба…
Аса биік емес секілді. Шығуға амалдай бастады. Аяғының астында жатқан кішірек тастарды қолжетімге қадап…
Сол жағына бұрылғанында сатыны байқағаны!.. Ағаш.
Қуанды. Сыртқа шыққанына. Көк бұрынғы баз қалпында болғанымен, жер мен аспан арасы өзгеше. Бұл жолы… Бәлкім жүз, мүмкін одан да көп қабаттан құрылған ғимараттар. Күнді қабат жапқан қара бұлтты тесіп өткен… Ұшақтар, әлде ұшатын автолар. Көше – құжынаған адам. Күллі маңай тротуар ма…
Жалғыз-жалғыздан жан-жаққа сабылысқан жан. Киімдері денемен-дене болып жабысқан, өңкей ақ пен қара түсті. Өтіп бара жатқан біреуді иығынан түртіп еді – бұрылған жоқ. Тағы сол әрекет. Тағы сол бейреакция. Бұған қарама-қарсы келе жатқанға көз тоқтатқан. Құлағында – құлаққап. Бажайласа. Құлаққаптың ұшы кіндікке қадалыпты, қос жанары қанталап кеткен! Бәрі солай… Байқаса.
Уақыт сұрағысы келген…
Шыққан шұңқырының аузы тарылып бара жатыр екен. Жалма-жан жүгірді. Тесік жабылып…
Есікті күшене ашты. Подъездің зілбатпан есігін. Ішкі есікке де сол екі ортада жан бітіп жабыла қалғаннан…
Тысқа шыға ауаны кесегімен тістеді. Төбеге көз салса – аспан шайдай ашық емес, ақсұр шарбы бұлттар қалқи жүзіп жүр. Қалың қара сұр қардың көбесі сөгіліпті. Әр жерде шалшықтар жылтырайды. Күн сәулесіне шағылыса.
Қалың шашын сипай, басын шайқап-шайқап қойды.
Славян әлпетті біреу өтіп барады. Оған көз тастап қарап тұрды да, жанына жүгіре жетті. Ол жалт қараған. Бұл темекі сұрады. Ол тұтатып берді. Бұл қатарласа ерді. Шылымды құшырлана екі-үш ішке тартты да, ауа райы жайлы сөз бастады…


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика