Патшаға хат…

9 июля 2019

Баланың хаты(әңгіме)

Төрт қабырғасы опырылып ортасына түскен, сыз тартып, көңілге қаяу салатын мына бір қуықтай ғана бөлмеде жалғыз өзі есеңгіреп отыр. Есі кетіп отырған сегіз жасар Бейбарыс. Қолында қаламы, қалам астында мыжылған ақ парақ. Айналасына зер салып шықты. Үй ішінде ештеңе жоқ. Жататын орын мен тамақ ішетін үстел ғана. Үстел үстінде қатып қалған қара нан, қара су. Сәл шеткері де жантайып жатқан әкесі. Жантайып жатса тірлікке мастанғаннан емес, екі аяғынан айырылып қалғаннан. Былтыр дәл осы уақытта құрылыс маңында жүріп екі аяғымен айналып тұрған маторға құлап кеткен. Көрер жарығы бар болған соң ғана аман қалды. Әйтпесе дәрігерлер «адам болмайды» деп еді, Құдай адам қылды. Анасы базарға жұмысқа кетті. Қайбір жетіскен жұмыс болсын, жүк көтеріп, тірлік қамы үшін арпалысу.
Жеңі бар киім мен тесігі жоқ аяқ киімді әлі киіп көрмеген Бейбарыс бірдеңе жазуға оқталып отыр. Іштей ойланып келіп, біреуге хат жазуға бекінді. Бала жүрек бәрін сезіп, ұғынып отырғаны болар, жағдайын айтып біреуден көмек сұрағысы келді. Қайтсін, мұның да басқа балалар сияқты бақытты, жақсы өмір сүргісі келеді, ойнағысы келеді. Ішінен «сәбидің бәрі бақытты болу үшін жаралған» деп ыңылдап әндетіп отыр. Жанарында жас, көңілінде қаяу. Ұзақ ойланып отырып, мыжылған ақ парақтың маңдайшасына «Патшаға хат…» деп жазып қойды. Енді не жазу керек, не сұрау керек, кімнен сұрау керек деген дүниемен басы қатты. Өзінің лашықтағы лай өмірінің, сарайдағы сән өмірге жетпейтінін түсінді сірә. Адамдарды меңзеп, хатын патшаға жеткізуді тапсырғысы-ақ келіп отыр. Бірақ күнделікті өмірде көріп жүрген мың адамның біреуі қайырылып келіп жақсылық жасамаған соң «адамдардан қайыр жоқ!» десе керек, тақырыптан кейін қаламын тағы түртсе бастады…
«О, құрметті Аспан, Ай-ана, жарық Күн, бұйра Бұлттар, Жел,Жаңбыр, Қара жер!
Титтей жүректің титтей ғана тілегін Патшама жіберші. Сендерден өзге сенерім жоқ.
Иә, менің патшам! Алладан «патшаңа бағын» деген пәрмен келгелі басымды иіп келем, сізді сүйіп келем! Бұл ешқандай да жасандылық емес, бұл шынайы. Мен тіпті балиғат жасына да келген жоқпын, періште көңілім бұл!
Патшам, менің әкем жалғандағы жалғыз асқар биігім. Осыдан бір жыл бұрын әлдебір түсініксіз жағдайлардың кесірінен асқар тауымның тауы шағылып, қос бірдей аяғынан айырылып қалды. Құрылыс орындары ештеңе білмейді, салдың сауылығы жоқ, ол енді қоғамға керек емес деп сырып тастады. Содан бері үйде үймелеп жатыр. Анам болса базарда арба сүйреп менің нанымды тауып, қамымды ойлап жер тырмалап жүр. Тапқаны… әй ол ақшаны айтудың өзі ыңғайсыз. Әкемнің бірдеңе дегісі келеді-ақ, бірақ сөйлеуге екі аяқтың жоқтығы мен іске жарамсыз дененсінің намысы жіберер емес. Ләм демейді. Мен болсам үйдің жалғызымын. Атым – Бейбарыс. Жегенім қара нан мен қара су. Оған да шүкір! Алла тыныстан айырмасын ең әуелі. Бірақ менің жүрегім оған алаң емес, мен әкемнің күйін, анамның көз жасын көріп өртеніп барамын. Неге мың қазақтың ішінен осы тағдыр тауқымет менің басыма түсті, неге мен қызық өмірдің дәмін тата алмаймын? Мені ойландыратыны осы. Менен де жағдайы төмен отбасылары бар да шығар. Бірақ мен өзім бастан кешіп отырғаннан кейін бұл жайлы ойлаудың өзі қорқынышты.
Иә, патшам! Дәл өзіңдей шырттай киініп отырған адамдарға, аяғы бар, жағдайы барларға, аналары үйінде ақ сүтпен шәй ішіп, әкесі демалыста жүрген адамдарға осы бір тілімдей хатымды жеткізгім келіп еді, бірақ ешкімді танымаймын ғой. Мен үшін сіз ғанасыз. Маған байлықтың керегі жоқ. Маған үш – ақ нәрсе керек. Мен оқып жүрген ертегілерде патша құлдарының айтқанын армандарын орындап жатады ғой. Мен соған сенем. Сол сенімді арқалап сізден сұрайтын үш нәрсем мынау: жүрсе табаны тас үгетін, жүгірсе желді қуып жететін қос бірдей аяқ берсеңіз. Әкем үшін! Жыласа шықпайтын, қайғырса төгілмейтін, ащы емес тәтті, төгілсе де бал болып құйылатын жас бер, анам үшін! Маған тез есейтетін дәрі беріңіз, жұмыс жасауға жарамды болып отбасымды бақсам деп ем! Егер осы хатты оқып отырсаңыз үш-ақ тілегімді орындап беріңізші.
Сізге деген құрметпен, Бейбарыс балаңыз. Айтуды ұмытып барады екенмін, әкем ылғи айтып отыратын бір сөз бар еді: «Қазақпын» деп айтудан қорықпа деген. Мен- Қазақпын!
О, тіршілік! О, табиғат! Хатты жеткізші Патшама!»
… Бейбарыс отырып-отырып орнына атып тұрды да, далаға жүгіріп шықты. Далада жаңбыр құйып тұр. Қолындағы хатын жауып тұрған жаңбырға қарамай есік алдында тұрған қара тастың үстіне қойып кетті де, үйге жүгіріп кірді. Бәлкім, табиғат адам болып келіп алып кетер деді ме екен, әйтеуір бір ғажап дүниеге сенді. Қатты қалжырғаны сонша, әкесінің қасына барып бұл да жантайды. Жантайып жатып ұйықтап кетті.
… Жауын астындағы қалған тас үстіндегі бір парақ қимылсыз әлі тұр. Хатты оқып шыққан жаңбыр бір жылап алды да, іштей хатты патшаға жеткізсе сөгіс алып, өзінің болмысынан айрылып қала ма деп қорқып, қара бұлтсыз қалам ба деп, тамшылармен қара сөздерді тескілей берді, төбесінен төпелей берді. Бірақ әдетте ағып кететін қара сия бұзылар емес, тіпті тамшыларға ерегесіп жатқандай. Өшпеді, сиясы ағып кетпеді. Әлі құрыған жаңбыр тамшысы таусылып, бұлттан көмек сұрады. Қою қара бұлт та хатқа көз салып, осы ойдың жетегімен хаттың көзін құрту үшін сап тиылып, хат өртенсін деп күннің көзін ашып жіберді. Шуағын шашып көрінген күн далаға көңілді көктем силағанымен, оның да іші қара еді. Хатты өртеуге тырысқанымен қолынан келмеді. Өртеуге себебі қорықты. Түнсіз, айсыз қалам ба деп қорықты. Өрттен аман қалған хатты Айға тапсырды. Ай-ана ұзақ күрсініп тұрып, хатты патшаға бергісі келіп еді, аспан түнеріп, іштей «әкел маған» деген сыңай танытты. Аспан өзінің астындағы қара жерге бұйрық беріп, жұтып жіберуін тапсырды. Қара жер өз пендесінің мұңын түсінгенімен, ол да жалғанның топырағы екенін сезінді ме, қорықты. Аспаннан қорқып, жұтуға мәжбүр болды. Бірақ ешқандай жаны жоқ тілсіз тас үстінде тұрған хатқа қара жердің әлі жетпеді. Хатты алғысы келді бірақ ала алмады. Жұта алмады. Жұтылмаған хатты лезде ысқырып келіп, Жел ұшырып әкетті. Ешкім желді ұстай алған жоқ. Ұйытқытып отырып ала жөнелді. Патша сарайына ұмтылған Желдің ымын түсінген Көк аспан қаһарланып, желдің өтін әлсіретіп, самалға айналдырып, жоқ қылып жіберді. Миллиондаған жел соққанымен, дәл осындай жел қайта соғарына кім кепіл. Әттең…! Қалықтап түсіп келе жатқан хатты жұтуға қара жер дайын тұр. Бірақ хат айналып келіп қайтадан бағанағы тастың үстіне қонды. Қауқарсыз қалған табиғаттың амалы құрып, хатқа тесіліп қарап қана қала берді. Хат та барар жеріне жете алмады. Қасірет пен үміттің оты араласып, мыжылып жатқан хатқа жолай өтіп бара жатқан қос періштенің жанары түйісе кетті. Жаратушы тұрғанда жаратылғаннан жаңсақ тілек тіліген сәбидің күнәсіз жазуларын көтеріп, екеуі көкке қанаттап бара жатты…
Көзін ашып, ұзақ ұйқыдан кейінгі мең-зеңмен Бейбарыс біраз уақыт бұрын жазған хаты есіне түсіп, біреу алды ма екен деп далаға атып шықты. Шыққаны сол еді көз алдында кешегі мыжылған ақ парағы қалықтап, кеңістікті бойлай аспанға жол алып бара жатты. Тілегімді ескерген екен ғой деп, « Мың алғыс саған табиғат, рахмет саған көк аспан» деп қала берді. Бейкүнә сәбидің тілегін орындаудан бас тартқан әлем ең әлсіз бейшара күйінде қос періштеге қарап қана қалды…
Кеудесіне қуаныш отын маздатып кіріп бара жатқан Бейбарыс, жазған хатының патшаға емес, патшаны жаратқан «Патшаға» (Аллаға шүкір) жол алып бара жатқанын сезді ме екен…?!

Марғұлан АҚАН


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика