Парламенттегі өткір сөз: «Өлі разы болмай, тірі байымайды…»

30 Мамыр 2017

Ертең қуғын-сүргін мен аштық құрбандарын еске алу үні. Сталиндік репрессия жылдарында миллиондаған адам жазықсыз айыпқа ілініп, лагерлерде жапа шекті. Қазақ елінің бетіне шыққан қаймағы, көзі ашық зиялы қауым өкілдерінің барлығы дерлік атылып кетті. Бұл күннің тарихи мән-мазмұны тым тереңде жатыр. Осыған байланысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.О.Дулатбеков Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына депутаттық сауал жолдап, қуғын-сүргін және аштық құрбандарының рухына тағзым жасайтын  тарихи орындарды сақтап қалудың қаншалықты маңызды екендігін айтты. 

«ХХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін шаралары миллиондаған адамның өмірін тозаққа айналдырды. Халқымыз бастан өткерген қуғын-сүргіннің тарихи ауқымының тым үлкендігі соншалық, адам санасына сыймайды. Тек қана «контрреволюциялық қылмыс» үшін 3 миллион 777 мың адам сотталған. Олардың 642 мыңнан астамы ату жазасын кесілді. Қазақстанда саяси көзқарасы үшін 103 мың адам ұсталып, олардың 25 мыңнан астамы ең жоғары жазаға кесілді. 1938 жылдың 23 ақпаны мен 13 наурызы аралығында республика басшылығының барлығы дерлік, яғни 650 адам атылып кетті. Олардың қатарында қазақ елінің маңдай алды ұлдары – Әлихан Бөкейхан, Ілияс Жансүгіров, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин және басқа да азаматтар болды», – деді Н.О.Дулатбеков.

Өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін жылдарында елімізде 953 тұтқындар лагері мен қоныстар жұмыс істеген. Оларда қазақ халқымен бірге 1,5 миллионға тарта өзге ұлт өкілдері жазықсыз жазаланды. Тұтқындардың арасында дүниеге енді келген сәбилер мен әйелдердің де саны басым болған еді.
Қарағанды облысындағы Карлаг тұтқындар лагеріне түскен балалар Долинка елді-мекеніндегі балалар қалашығында ұсталды. Аналары күн сайын оларды айдауылдың бақылауында қоректендіріп отырған. Лайықты күтім болмағандықтан сәби өлімінің көрсеткіші тым жоғары болды. Олардың денелері ауылдың іргесіндегі зиратқа жерленген.

«Мамочкино кладбище» – өткен дәуірдің ащы шындығы тәрізді. Бұл жерге келген адамның бойын үрей билейді. Шырылдаған сәбилердің өзін жау көрген жүйенің қаншалықты қатігез болғанын түсінесің. Іштей ойланып, бүгінгі күніңе шүкірлік қыласың. Алайда бұл қасиетті орын да вандалдардың талауына түсіпті. Осыдан біраз уақыт бұрын белгісіз азаматтар зират аумағындағы айқыш темірлерді тонап, металл сынықтарын тапсыратын жерге өткізіп жіберген.

«Мамочкино кладбище» аймағы күні бүгінге дейін лайықты қорғауға алынбаған, ешқандай ескерткіш белгілері жоқ. Ал осыдан бірнеше күн бұрын вандалдар қасиетті орынның ойранын шығарды. Ұрылар зираттағы айқыш темірлерді металл сынықтарына тапсыру мақсатында ұрлап кеткен. Тіпті кішкентай балалар жерленген қабірлердің басындағы белгілер де қолды болыпты. Бұдан бөлек зираттың бір бөлігін арнасын ауыстырған өзен суы шайып кеткен. Өкінішке қарай, ГУЛАГ лагерлер жүйесіндегі ең ірі еңбекпен түзеу лагері болған Қарағанды облысындағы КарЛАГ-тың тарихын сақтауға тырысушылардың қарасы тым аз. Қазақстандықтар мен елімізге келген қонақтарға тоталитарлық жүйенің қасіретін ашып көрсетіп, жазықсыз құрбан болғандардың рухына тағзым жасалатын орын жыл өткен сайын жойылып барады», – деді Н.О.Дулатбеков.

Осыған байланысты депутат «Мамочкино кладбище» аймағын аза тұту орны ретінде тарихи орындардың бірыңғай мемориалдық кешенінің қатарына қосуды ұсынды. Бұл иеротопиялық жоба елдегі саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайларының тарихи-архитектуралық ансамблін біріктіруге мүмкіндік береді және саяси қуғын-сүргін кезеңінің көрінісі бола алады.

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика