Парасатты Ғабит Мүсіреповпен кездесу

10 Қыркүйек 2018

… Бұл оқиға 1984 жылдың тамыз айында болды. Алатаудың бөктерінде арнайы салынған жазушылардың «Шығармашылық үйінде» демалып жатқан едік. Осылай айтылғанымен, жазушылардың қолдарынан қаламы түспейтін кезі болатын. 

Асханада Ғабит пен Сәкен (Жүнісов) отырған столдың қатарындағы дастарханда отыратынмын. Бір күні стол басында отырған Ғабеңмен сәлемдескен соң «Бұзауы өлген сиырдай мөңіреп жұртқа ой қайтты» деген екен Дулат жырау. Ғабе, сіз Дулат жыраудың шығармашылығын жақсы білетін боларсыз?» – деп едім. Ғабең әдеттегісіндей соза сөйлеп: «Шын-ын-н айт-сам, терең білмейді екем», – деді.
Мен таңырқай қарап «Ол кісіні терең зерттеген – Құлмат Өмірәлиев екен», – дедім.
– Ә, солай-ма? Оны жақсы танисың ба?
– Иә, сыйласпыз.
– Онда шақырсаң қайтеді? – деді соза сөйлеп. – Кітабын да ала келсін.
– Жақсы, қазір шыға салып, телефон шалып көрейін, – деп түскі астан кейін кірісіп кеттім. Мұхтар Әуезовтің музейінде істейтін Мекемтаспен хабарласып едім, ол Ғабеңмен кездесуге бірден келісіп, Құлмат екеуі сағат 3-ке қарай жететіндерін айтты. Мәкеңмен келіскеннен кейін бірден Ғабеңнің бөлмесіне келіп жағдайды айттым.
Ғабең жадырай түсіп «Рақмет! Өзің ұйымдастырғыш екенсің» деді соза сөйлеп. Ризашылығын білдірді.
Айтқан уақыттарынан қалмай, Мекемтас пен Құлмат та кітаптарымен жеткен еді. Содан 2-қабаттағы арнайы орында әңгіме басталып кетті. Естіген жазушы-ақындардың барлығы жиналып, кешкі 7-ге дейін аса қызық әңгіме-дүкен болды. Кездесуден кейін менің бөлмеме келген Құлмат пен Мекемтас алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді. Міне, осы кездесуден кейін Ғабеңнің ыждағатыменен бірге серуендейтін болдық. Бірақ ол кісі 3-4 күннен кейін, Совминнің демалыс үйіне ауысып кетті.
Бұл кезде ұлы Мұхтар Әуезовтің музей үйінде «Қоғамдық университет» ұйымдастырылып, оның ректоры болып профессор Рахманқұл Бердібаев сайланды. Мекемтас Мырзахметовпен мен көмекшілері болдық. Мұндағы ең негізгі мақсат – бүгінгі заманның ерекше тұлғаларымен, жас ғалымдар мен зиялылардың кездесулерін ұйымдастыру болатын. Басты тақырыптар әр салада ашылып жатқан ғажайыптармен сырласу еді.
Осы жылдың қазан айында жазушы-ғұлама Ғабит Мүсірепов шақырылатын болды. Адамдардың көп жиналғаны соншама, тіпті студент жастар түрегеп тұрып тыңдады. Естіген жазушылардан келген – Сырбай, Ғафу, Қадыр, Сағи, Тұманбай, Сайын – бұлар да сығылыса жайғасыпты.
Әңгіме әртүрлі саладан болса да, негізінен Ғабеңнің «Ұлпан» романы жайында кеңінен талқы болды. Сырласу соңында, профессор Р.Бердібаев «Кімде қандай сұрақ бар?» деді. Ол бірнеше қайталап сұраса да, залда үнсіздік. Содан жан-жағыма қарадым да қолымды көтердім.
– Рұқсат па?
– Сұра, сұра.
– Ғабе, әңгімеңізге рақмет! Мен Кенесары жайында сұрасам деп едім. Ілияс Есенберлин мақтап жазса, Сіз даттап жазыпсыз. Осы екі нұсқаның қайсысына сенеміз? – дедім де орныма отырдым.
Біразға шейін үнсіз қалған Ғабит Мүсірепов:
– Маған сеніңдер, – деді де орнынан түрегеле бастады. Осыдан кейін залдағылар да тарады. Ғабең бастаған топ 2-қабатқа көтеріліп, жастар жағы топ-тобымен кете бастады. Микроауданда тұратындықтан, мен де тез жиналып үйге қайттым. Кейбіреулер бір-біріне сыбырлап:
– Ғабеңе «Жедел жәрдем» қызметін шақыртып жатыр, – дегендері естілді.
Ертеңінде хирургия институтынан шығып, Жазушылар одағының 3-қабатына көтеріліп келе жатсам, алдымнан жымия күліп Сырбай ағамыз қарсы шықты.
– Сәке, бауырым, сенің сұрағыңнан Ғабең ауырып қалды ғой, – деді.
– Қойыңызшы?! – дедім аң-таң болып. – Нендей ауру екен?
Сырбай Мәуленов гүжілдей күліп «соқырішек» деді. Мен де жадырай түсіп «Соқыр ішекте» ондай себеп жоқ» дедім де өз шаруаммен кеттім.
Ғабең «соқыр ішек» болмай, аман-есен үйіне қайтыпты. Әйтсе де, қасиетті Ғабең жарықтық келесі 1985 жылы дүниеден өтті.

Совет-Хан Ғаббасов,
жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика