Өзгеріс Қуанар. Қасым поэзиясындағы ұлттық рух

8 Қараша 2016

qasym_zholyЕліміз егемендік алып, еңсесін тіктеп, етек-жеңімізді жиғалы да жиырма жылға қадам басты. Осы жылдар ішінде Қазақстанды төрткүл дүние танып, осынау ғаламда, жалпақ дүние де «Қазақ» деген ел барын жар салып жариялады.
Жер бетінде қанша ұлт болса, соншама тіл, әдет-ғұрып, мәдениет, әдебиет болатыны белгілі. Осы жағынан алғанда қазақ әдебиетінің алар орны ерекше. Төл әдебиетіміз өрістеп, қайта жаңғыра түсті. Бұрынғы кеңес дәуірінің шеңгелінде шектеліп, қытымыр саясаттың қармағына ілініп, атын атауға да тыйым салынған осы – қазақ зиялылары, яки, Алаш әдебиетінің қаламгерлері еді.
Бүгінде ұрпағымен қайта қауышқан, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар тұлғалар ауыз толтырып айтарлық. Соның ішінде қазақ поэзиясының пайғампары атанған хакім Абайдан бастау алатын, поэзия майталмандары, ақындар, сайдың тасындай іріктелген ірілер жетерлік.
Солардың бірегейі «көк дауылдай кеуделі» талант:
Аманжол Рақымжанның Қасымымын,
Мен қалған бір атаның ғасырымын – деп қазақ поэзиясына өзіндік өршіл үнімен келген дауылпаз ақын – Қасым Аманжолов еді.
Қасым – сол кездегі тұтас бір дәуір әдебиетінің, соның ішінде қазақ поэзиясының көгіне күн болып, еліне нұрын шашты. «Елім» деп, лүпілдеп соққан жүрегі замана шындығын ашына айтып, көр қоғамға жарық сәуле шашып, асау рухты үнмен:
Мен дауылдың ұлымын,
Тұра алмаймын дауылсыз.
Қарсы алуға дайынмын,
Соқса дауыл дамылсыз – деп «өртке тиген дауылдай» бұрқап, жыр нөсерін селдетеді. Кезінде Қасымды ұстаз санаған ақиық ақын М. Мақатаев:
Дейсіңдер-ау! Қасымның несі басым?!
Қасым солай болмаса, несі Қасым
«Ақынмын» деп қопаңдап жүргендердің
Әмесінен Қасымның десі басым – деп Қасымның өзге ақындардан өресі биік, «от шайнап, шоқ асаған» рухты, өміршең өлеңдерімен артына өшпес мұра қалдырды.
Қасым поэзиясының қазақ жырына соны серпінді, жаңалығының бірі тоғыз, он буынды өлең өлшемін енгізді.
Оқ тиді келіп, қайратым кеміп,
Барамын сөніп, келмейді өлгім!
Тұрғандай сол қыз жаныма келіп,
Талпына берді қайран жас көңілім!

Барамын сөніп, барамын сөніп,
Жұтар ма мені мына сұм соғыс?
Арманым барма бір көрсем өліп,
Қайда екен, қайда дариға, сол қыз! – деп қазақ өлеңіне соны ғажайып, әуезді, сезім мен сырға толы қайталанбас туынды әкелді.Осы өлеңге байланысты ақын Серік Ақсұңқарұлы бір сөзінде:
«Менің дүние жүзілік поэзияда күн сайын қайталап оқитын шығармаларым бар. Соның бірі – Қасымның «Дариға сол қызы» мен «Өзім туралысы», «Дариға – макропоэманың микроэскизі»! Дариға – бүкіл бір дәуірді бір-ақ демде көзге елестететін, әлемдік поэзиядан, мүлде, сирек кездесетін, лириканың әрі қысқа, әрі нұсқа үлгісі! Егер ғаламдық лириканың шалқар үлгісінен бір-ақ кітап құрастырылып, соған Қасымның «Дариғасы» кірмей қалса, әлемдік поэзия бүгінгі әдемі әрінен аздап болса да айырылып тұрар ма еді, қайтер еді?» – деп толғанады. Осылай қазақ өлеңінің өлкесін кеңейтіп, өресін тағы бір биік белеске көтеріп тастады.
Жалпы Қасым поэзиясының асау рухқа, ерен ерлікке толы өлеңдерін шартты түрде үш топқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, соғысқа дейінгі екіншісі, соғыс кезіндегі үшіншісі, соғыстан кейінгі поэзия деп қарастырамыз.
Соғысқа дейінгі поэзиясы да ұлттық рух, ерлікке, патриоттық сезімге толы. Әсіресе, ақынның «Дауыл» , «Нар тәуекел», «Мен – табиғат бөбегі», «Дүниеге жар» өлеңдері ұлттық рух дейсіз бе, сол заманның ащы зары, қайсар да жігерлі, батыл, өткір ойлар, ерлікке, бостандыққа шақырады.
Жығылсам да жүгірумен өтемін,
Аяңшылдың ақылын мен не етемін
Жығылармын, алқынармын, шаршармын
Барар жерге бұрынырақ жетемін – деп белін бекем буып, тәуекел етіп, сұм жалғаннан сүрініп, құлап жатса да қайта тұрып жүгіріп, алған бетінен қайтпайтын ақынның өр мінезі, өршіл рухы «Нар тәуекел» атты өлеңінде айқын көрінеді.
Нар тәуекел, құлаш ұрдым қиынға
Қайрат шіркін, алыа шықса қиын ба?
Бұл сапарда сүрініп те қалармын
Сонда, достым, мені айыпқа бұйырма

Жығылам деп жүре алмаймын жай басып,
Жүгіремін киіп жарып, айқасып.
Мүлги берсін, ілби берсін қорқақтар,
Жалт-жұлт қарап жан-жағына, жай басып – деп жан-жағына жалтақтап, қорқыныш сезімі билеген, екі беткей жағымпаздарды сынай отырып, қиындыққа мойымай қайсар болуға, ерлікке үндейді. Осы «Нар тәуекел» өлеңіне байланысты академик Серік Қирабаев:
«Қасым – ерліктің, тәуекелдің ақыны еді. Оның қайсар мінезі, ақындық өктем күші, өлеңдерінің биік пафосы адам рухының жоғарлығын паш етеді. «Нар тәуекел» атты өлеңін сол ақын өмірінің кредосы десе де болады» – деп бағалаған.
Ал ақынның «Мен – табиғат бөбегі» өлеңінен де өршіл рух, жалынды жастықтың оты лаулайды.
Мен – табиғат бөбегі,
Еркін жанмын, еркемін;
Аузымда жастық өлеңі
Еркелеп күйім шертемін – деп ақын өзін «табиғат бөбегіндей» сезінеді.

Жарқ-жұрқ етіп жүруді
Нажағайдан үйренгем.
Шадыман шат боп күлуді
Күн мен айдан үйренгем – деп найзағай отындай жарқ-жұрқ етіп, күндей күркіреп, өлең-өзені арнасынан тасып, ешбір бөгет-бөгеу жолына тұра алмайтындығын, сол дәуірдің маңдайына сыймай:
Тәкаппарлық, ерлікті
Асқар таудан үйренгем;
Мен бір жанмын ерікті
Жарысып желмен жүгірген – дей келе:

Ашу, қайғы дегенді
Қара бұлттан үйренгем;
Өз еркімше сілтемей,
Қашан ғана имендім?! – деп батыл айтады.
Қасым – өмір сүрген дәуір қылышынан қан тамған дауылды заман болды.Бірақ замана дауылы ақынды жасыта алмады, қайта керісінше, Қасымның намыс қайрағын қайрап, қайсарлығы мен жігерін жани түсті.
Ышқына соққан дауылға
Құмартушы ем жасымда.
Нөсерлеп құйған жауында
Қызығушы ем жасынға.
немесе:
Жүгіруші ем жарысып
Сарыарқаның желімен.
Ойнаушы едім алысып
Соққан дауыл менімен – дейді шалқар шабыт иесі.

Көшті дауыл керуені,
Ілестім де мен кеттім.
Көк дауылдай кеуделі
Жігіт болдым, ер жеттім  – деп асау рухтың ақыны екенін «Дауыл» өлеңінде тағы бір дәлелдей түсті.
Ақын кеңес өкіметінің қаһарына мініп тұрған заманда елінің еңсесін көтеріп, рухын асқақтатқан, төрткүл дүниеге жар салған туындысы – «Дүниеге жар» өлеңі еді.
Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы
Танисың ба сен мені?
Мен қазақтың баласы!  – деп зорлықшыл, әкіреңдеген әкімшіл-әміршіл жүйенің айдарынан жел есіп тұрған, қиын-қыстау заманда «…Мен қазақтың баласы!» деп айдай әлемге жар салып, бүкіл халықтың МЕНІН өз МЕНІНЕ айналдыра білуі нағыз ерлікке пара-пар іс еді. Міне, батырлық, Ерлік һәм Рух деп осыны айт!
Міне, ақынның соғысқа дейінгі поэзиясының өзі – бір төбе. Осы асқақ рух, тегеурінді жыр да толастамай, одан әрі өршелене түседі. Бұл қарқын, жырдың қуат-күштілігін, өзекті өртеген отты, өжет жырлар соғыс кезінде де жалғасын тауып, тіптен биік шыңға шығады. Ыстық жалын шарпып, өлеңдегі ерлік пен рух қайнай түсті.
Соғыс кезіндегі поэзиясы ақынның асқар шыңы іспетті болды. Бұл кезде дүниеге келген шығармалар сұрапыл соғыстың бетін қайтаратын, фашист басқыншыларына қарсы қолданылатын қару, бомба болып:
Қасиет күші, Ұлы Отанның,
Қанатын бер қыран құстың.
Ашуын бер арыстанның
Жүрегін бер жолбарыстың!
Күллі әлемнің ашу-кегі,
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да жарыл жүрек!  – деп майдандағы жауынгерлерге күш-қуат беріп, жігерлендіріп, болашаққа, жеңіске деген сенім отын тұтатты.
Соғыс басталып ақын қолындағы қаламын қаруға айырбастап, елін, жерін, туған Отанын жаудан азат етуге Қиыр Шығысқа соғысқа аттанып бара жатып:
Қош бол, досым, жақыным!
Уақыт тығыз, сөз қысқа.
Кетіп бара жатырмын
Сұрапыл бір соғысқа – деп туған жерін қорғауға аттанады. Майданға ақын Орал, Байкал арқылы өтеді. Осы кезде ақынның «Байкал», «Орал» атты т.б. жүрек тебірентер жырлары дүниеге келді.
Оралым, шықтың алдымнан,
Оралым менің Оралым!
Қол созып қызыл вагоннан,
Үстіңнен өтіп барамын – деп Отанымен қимастық сезім құшағында қоштасады. Сонымен қатар осы «Орал» өлеңіндегі:
Шағанның бойы көк шалғын
Шалқамнан жатқам шаңқай түс.
Гүл болып менің құшағым,
Кеудеме қонған бұлбұл құс – деген бір шумағына Амангелді Кеңшілікұлы: «Осы шумақтың бастапқы екі-ақ жолын алып қараңызшы: ұлттық рух десеңіз де, жыршы-жыраулар дәстүрі дейсіз бе, әсем табиғат көрінісі дейсіз бе, сезімтал жүректі шым еткізер тәтті бір сәтті тап баса білу дейсіз бе, Құдай-ау, соның бәрі осы екі-ақ жолға сыйып тұр»  – деп бағалаған еді.
Соғыс жылдары ақынның көптеген азаматтық лирикаға толы өлеңдері дүниеге келді. Солардың ішінде «Ұлы Отан соғысы туралы жыр», «Үстімде сұр шинелім», « Сен фашиссің – мен қазақпын», «Елге хат» сияқты өлеңдері сұм соғыстың бетін қайтаруға, тылдағы майдангерлердің ата жауына деген ыза-кегін, жауға қарсы қолындағы қаруымен де, жалынды жырларымен де аяусыз күресті.
Кеудесі кек пен ызаға толы, қорқу, сескену дегенді білмейтін қайсар рухты, ерен ерлікті ту еткен жауынгер Қасым туған еліне «Елге хат» жолдап:
Түссем де отқа, суға – тозар емен,
Солдаттың етігіндей жаным сірі – дейді. Соғыс даласындағы қар мен жаңбыр, қан мен қар араласқан саз-балшығы иленген лайсаң тіршілікке төзе біледі.
Үстіне сұр шинел киген солдаттың бойындағы ерлік, қайсарлық, қажыр-қайрат оның елге хат түрінде жолдаған өлеңдерінің («Сәбитке», «Ғалиға», «Қапанға» т.б.) бәрін де дерлік ұшырасады.
Үстімде сұр шинелім
Ақсаңдай басып келемін.
Қағып-соғып жығар ма
Оңайлықпен мені өлім!- дейді. Осы шумақтың соңғы екі жолында қаншама ерлік, боямасыз, бүкпесіз асқақ үн, өршіл рух өрбиді.
Соғыс кезіндегі ақынның фашист басқыншыларына қарсы:
Сен фашиссің, мен қазақпын,
Сен айтқандай «азиятпын».
Сен аспаннан «жұлдыз қақтың»
Мен далада түйе бақтым –
немесе:
Енді мынау қарайсың тек,
Дәрмененің жоқ, көзіңмен жеп
Арланасың, қорланасың,
«Тұтқын болдым тағыға»  – деп жыр көгенімен тұтқындап, ата жауына мірдің оғындай атылады.
Ақын шығармашылығын сөз еткенде оның шоқтығы биік туындысы «Абдолла, яки, Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасына тоқталмай кету мүмкін емес. Кезінде осы поэманы жазушы Ғ.Мүсірепов: «Майданнан соққан жаңа леп сияқты …Алыста отырып соғыстың өзін көргендей боласың» – деп баға берген.
Бұл шығарма майданда ерлікпен шайқасып, жау қоршауында қалып қойып, қасық қаны қалғанша күресіп, Отан үшін жанын пида еткен ақын А.Жұмағалиевтің ерлік өлімі суреттеледі.
Майдан етіп, дүние төрін,
Темір, болат қақтап отқа,
Бетпе-бет кеп өмір, өлім
Соққыласып жатқан жоқ па?! – деп бірден екпінді өр дауыспен, асқақ рухпен басталған поэма аяқталғанша, осы шырқау биіктен аспандаған қарқыны бір бәсеңсімей селдетеді де отырады. Аса қарқынды серпін, реалистік образ арқылы майдан даласындағы ерен ерлік пен шынайы шындықты көз алдымызға әкеледі.
Өмір гүлін, жаншып, таптап,
Шаштан сүйреп махаббатты,
Жерімізде жындай қаптап,
Найзаға іліп ар-ұятты, –
Келе жатты сұм жендеттер.
Олардан жиіркеніп жиырылған жер, жауға тамшы татырмай, суын алып қашқан өзендер, жауды бетке ұрып сабалаған жел, дұшпан аяғына бастырғысы келмей, аспанға ұшқан тастар – барлығы да жаудың зұлымдығын көрсетіп, оған деген кекті, ызаны өршітер суреттер бейнеленеді.
Қара толқын орман шашын,
Жұлды талдап снарядтар.
Мәңгі мекен көл жағасын
Тастап, суға сүңгіді жар.
Кең даланы жүнше түтіп, орман шашын талдап жұлып, көл жағасы – жар құлатқан снаряд күші батырдың жүрегін шайлықтыра алмайды. Ол ақтық демі біткенше арыстанша арпалысады. Абдолланың жауға берілмей, намыс қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан ғұмырын ақын кемел толқын – жас қауымға өнеге етеді.
«Өртке тиген дауылдай» өршіл ақын: «Қаламын қанына малып отырып жазу – өзі де қаһарман бола алатын Қасымдардың ғана қолынан келеді» – деп ақын Ә.Тәжібаев айтқандай сұм соғыстың өзін көріп, қан майданда толарсақтан су кешкен ақындар ғана соғыс тақырыбына әсіресе, поэзияда соғысты жырлау Қасымдай ерлік пен рухты ақындардың ғана қолынан келетін іс бұл!
Ақынның соғыстан кейінгі поэзиясының өзі бір – төбе. Бұл кез ақын шығармашылығының өрістей түскен кезі болатұғын. Осы кезде ақынның «Қазақстан», «Туған жер», «Нұрлы дүние», «Өзім туралы» сияқты т.б. патриоттық сезімге толы, ерлік, рухты паш ететін құнды дүниелері өмірге келді.
Елу жаста елім бар деп айта алмай,
Кетпес естен күйінгенің, мұңлы Абай,
Елім бар деп айтатын бір туды күн,
Елім бар деп шырқатайын мен бүгін,
Қойсын енді Қорқыт күйі сарнамай , – деп тәуелсіз ел болуды армандап:

Кең далалы, кең пейілді қазақпыз,
Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз.
Ел намысын ешбір жауға бермейміз,
Өмірді алға бастырамыз, өрлейміз –
Сертің осы, азат жігіт, азат қыз! – деп ешкімге бас имейтін қайсар қазақ, «Құл емеспіз, еркін жанбыз» – деп ел намысын қолдан бермейтін қазақтың наркескен намысты ұлдарымен, қайсар қыздарының намысына қамшы басады.
Ал ақынның «Туған жер» өлеңінде:
Шықшы тауға, қарашы кең далаңа,
Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға.
Ол шеті мен бұл шетіне жүгірсең,
Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма?!- деп немесе:

Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің,
Нендей күйге жүрегімді бөледің!
Сенде тудым, сенде өстім, сенде өлсем,
Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім! – деп, алтын бесік-туған жерін үлкен бір рухпен тебірене жырлайды.
Ал ақынның «Өзім туралысы» өз алдына бір әлем іспетті. Тұнғиық сырға шомылған ақынның өмірін сайдың тасындай екшеп, ой елегінен өткізіп:
Өкінбек мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп.
Күніне жүз ойланып, мың толғанам,
Өзіммен бірге өлмесіп өлеңім деп – өлеңінің өлмеуін арман етті. Ақын соғыстан оралған соң Алматыға қоныс аударады. Басына баспана таппай шарқ ұрып, әкімшіліктің есігін тоздырады. Сөйтіп, әкімшіліктен шығып бара жатып айтқаны:
Берсең, бер, бермесең, қой баспанаңды,
Сонда да тастамаспын астанамды.
Өлеңнің отын жағып жылытармын
Өзімді, әйелімді, жас баламды – дей келіп:

Қойдым енді, сірә, мен үй алмаспын,
Үйім жоқ деп ешкімнен ұялмаспын.
Өгей ұлдай қойныңа сыймасам да
Кете алмаспын, астанам, қия алмаспын – деп үйсіз, күйсіз жүрсем де Отаным сені тастамаспын дейді. Мұнымен ақын жасымайды, қайта жігерленіп, дүниенің кеңдігін:
Нұрлы дүние, от бердің сен
Көкірегімде мәңгі лаулар.
Бердің қуат, бір сілкінсем,
Арқама орнар асқар таулар – дейді.
Қорыта келгенде, Қ.Аманжолов шығармашылығы ерлік пен өрлікті ту етіп көтеріп, келер ұрпаққа қазақ аспанының көгінде мәңгілікке қалдырған қасиетті жырдың шырқау шыңы болып қала береді.

«Қасым – Ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика