Өтен Ахмет. Желтоқсан ызғары

6 Қаңтар 2017

(Екi бөлiмдi қайғылы драма)

Ойынға қатысушылар:

Асау – жас жiгiт, кейiн жасы 50 –лерде, атақты шахтер.
Бәтжан – оның жұбайы.
Әсем – олардың қызы, студент.
Айша – Асау iштей ұнатқан жас қыз, кейiн егде әйел.
Безроднов Емельян Ненашевич – Қазақстанға күнкөрiс iздеп келген жетiмек, кейiн шахта директоры.
Сымбат Котбариш – шахтада учаске бастық.
Иман – шахтер.
Хатшы қыз
Милиционер
Вагондағы майкiшең жолаушы
Радиодан диктор сөзі
Қайсар
Дауыстар

Бiрiншi бөлiм

1 – көрiнiс

ҚарағандыӨндiрiстi қаланың басты көшесi. Сахнаның сол жағында екi қабатты еңселi үй. Мұнда обком орналасқан. Кеңсе алдында қолын алға созған тас Ленин. Сахнаның оң жақ шетiнде шахтер монументi. Бiрi қазақ, бiрi орыс – екi шахтер. Қазақ көмiрдiң бiр кесегiн жоғары ышқына көтерсе, орыс бүкiл жер асты байлығын бiр қолымен басып, бiр қолымен қазақ көтерген көмiр кесегiн демеп қана тұр. Әрiректен, Египет пирамидасы сияқтанып шахта терриконы көрiнедi. Қаланың шетiн ала қос шектi темiр жол кең дала төсiне қарай созылып кетiп жатыр. Қыс. Үйдiң төбелерiн, Ленин ескерткiшi мен шахтер монументiн қар басқан. Қала сұрықсыз, жүдеу.
Асау шахтердiң пәтерi. Бәтжан үйде жалғыз. Ымырт жамыла бастаған кез. Бәтжан күйбеңдеп жүрiп шам жағады. Өзi әлденеге елегiзулi. Радионы қосады. Орыстың әлдебiр революциялық әуенiнiң соңы аяқталып, диктор даусы естiледi.
Диктор. (Үнтаспа) Кеш жарық, құрметтi радио тыңдаушылар. Облыстық партия комитетiнен келiп түскен мына бiр төтенше хабарға құлақ түрiңiздер… Кеше Алматы қаласында бой көрсеткен қазақ ұлтшыл жастарының желiгi Қарағандыға да жетiп, бүгiн кейбiр оқу орындарында тәртiп бұзушылық орын алды. Бұзақы жастардың бiр тобы обком алдына жиналып, ұлтшылдық талаптар қоюға әрекеттендi. Бiздiң советтiк әдiл қоғамда мұндай басбұзарлыққа орын жоқ. Тыныш, тату елдiң шырқын алған нашақор экстремистер бiздiң әдiл заңымызбен қатал жазасын алатын болады…
Бәтжан (жақтырмай). Өй, не деп кеттi мынау… Жазасы несi? Не бүлдiрiптi сонша, сотқа тартылардай?
Асау келедi.
Асау. Бәтiш – ау, үйде кiсi бар ма, екi кештiң арасында кiммен сөйлесiп жатырсың?
Бәтжан (қасына келiп, сырт киiмiн шешуге көмектесiп). Радио ғой, қайдағыны айтып, оттап…
Асау. Осы күнгi казитiң, радиоң, телевизорың сөйлей беретiн болды ғой, беттерiмен лағып… Домбырам не дейдi, мен не деймiннiң керi, баяғы…
Бәтжан (Күйеуiнiң сырт киiмiн қолына алып жатып). Туһ, ища – ай, қаудырап мұз боп қатып қалыпсың ғой.
Асау. Қатпағанда қайтейiн. Биылғы желтоқсанның түрi жаман. Желi ысқырып, аязы азынап бет қарататын емес. Оның үстiне автобусы құрғыр да көп тостырды, кешiгiп…
Бәтжан. Баяғы тас шайнар қуатты шағым деп жүрмiсiң әлi?.. Жылы тоныңды ки дедiм…
Асау. Қайдан бiлейiн, мына күннiң аяқ астынан нiлдей бұзылып, қақшиып қатып қаларын… Әсемтай әлi келмеген бе?
Бәтжан. Өзiңе ұқсаған пысық қызың кешеден берi жоқ…
Асау. Ондай… сырт қонып қалатын өнерi бар ма едi қызымыздың?
Бәтжан. Жо-оқ, бiрiншi рет.
Асау. Телефон соқпады ма, қайда жүргенiн айтпады ма?
Бәтжан. Хабарласқан жоқ… Дүние болса мынау, астан – кестен… Қайсарға ерiп кетпесе деп қорқам. Сол бiрдеңеге ұрындырмаса апарып…
Асау. Апыр – ай, ә… Сен айтқанда нанбаушы ем… Араларында бiр жақындық бар дегенге…
Бәтжан. Не, бiрдеңе бiлдiң бе?
Асау. Обком алдына барған бұзақы топтың iшiнде болған дей ме… Қазақстан Ресейдiң құлы емес, терезесi тең ел деп айқайлаған дей ме…
Бәтжан. Құдай – ай, қасында бiздiң жалғызымыз Әсем де болып жүрмегей…
Асау. Қайсардың тәртiп бұзғаны жайындағы әңгiме шахтаға да жеткен бiлем…
Бәтжан. Әсем ше, Әсем болып па қасында?
Асау. Ол жағын бiлмедiм… Ал Қайсар кешеден берi жұмыста жоқ…
Бәтжан. Айттым ғой мен саған, қақсадым ғой ескертiп… Ал сен болсаң, «ағалы – қарындастай емес пе, терiс ойлауға қалай дәтiң барады» деп бет бақтырмадың…
Асау. Қайдан бiлейiн, өз туған баламдай болып кеткен соң… Жә, қорыққанға қос көрiнедi деп, қираған – бүлiнген ештеңесі жоқ. Дүрлiгер де басылар…
Асау жуынатын бөлмеге кiрiп кетедi. Бәтжан жорнал үстелiне шай жасайды. Жуынып, үстiне халат киген Асау дастархан басына келiп отырады. Осы кезде үйге Әсем кiрiп келедi.
Бәтжан (Жақтырмай). Артыңнан біреу қуды ма, бұл не жүрiсiң арсың – күрсiң?..
Асау (қуанып). Ой, алтыным, бармысың? Бiрдеңеге ұрынып қалмай сау жүрсең болар, әйтеуiр… Әңгiме кейiн. Әуелi шай iшiп алайық. Күн суық, тоңып қалған шығарсың…
Әсем (өзiмен өзi сөйлескендей ашулана бұрқылдап). Империяның қансорғыштары… Жұдырығым жуан дейдi ғой… Әлсiз, момын елдi мәңгi – бақи құлдықта, қорлықта ұстап отырамын дейдi ғой… Жерiмiздi, суымызды алды… Өз үйiмiзде өзiмiздi сүмiрейтiп босағаға шығарып тастады.
Бәтжан (аңырып, Асауға қарап). Өй, мына сенiң ерке қызың не деп тұр – әй?..
Асау. Алтыным – ау, жастық балалықпен яғыңды терiс басып жүрген жоқсың ба, құрып қалғыр сайқал саясатта нең бар едi?.. Саясатпен айналысамын деп, мүйiзiм қарағайдай дейтiн талай аталарың жасына жетпей жер боп кеткен. Үкiмет пен партия бәрiн көрiп, бiлiп отыр. Көсемдер өздерiне еншiлеп алған саясатты өлсе бөлiспес ешкiммен. Қайтесiң әуейiленiп. Босқа жазым болып кетерсiң…
Бұл екi ортада Әсем шағын сөмкеге киiм- кешек толтырып – ап кетуге ыңғайланады.
Бәтжан. Оу, шайыңды да iшпестен… Азынап тұрған мына суық түннің iшiнде қайда бармақсың?
Әсем. Сыртта Қайсар күтiп қалды.
Асау. Қайдағы Қайсар, қай Қайсарды айтасың?
Әсем. Неше Қайсарымыз бар едi… Өзiмiздiң.
Бәтжан (өзгерiп). Күнде келiп жүрген үйi, бiздi нағып аяқ астынан тосырқай қалды ол немең?
Асау. Өзiмiздiң Қайсар болса, шайға шақырмадың ба, қызым –ау, тоңып қалатын болды ғой.
Әсем. Ол ендi бөтен, бәрiңе де бөтен. Сендерге бәлесi жұғады. Сондықтан…
Бәтжан (сөзiн бөлiп, ашулы). Бiреудiң жанын бiреу алып қалмайды, қызым, ақылға кел.
Әсем. Ақылдан тойсақ, бiздiң қазақтың басына ендiгi қарағайдай боп мүйiз шығар едi.
Асау (Бәтжанға бұйырып). Жә, жолына тұрма баланың, жiбер! Барсын…
Әсем (әкесiне ризалықпен). Көке, бiз Қайсар екеумiз милицияның бақылауына түстiк. Ұстап, қамап қоюлары мүмкiн.
Асау. Қашып, тығылып жүрсiңдер ме?
Әсем. Иә, көке. Қала сыртындағы ауылдардың бiрiнде жасырына тұрмақпыз.
Асау. Әңгiменiң қызуы басылғанша бiрер күн бой тасалай тұрғандарың дұрыс та шығар. Жасырынатын жерлерiң сенiмдi ғой, әйтеуiр?
Әсем. Адалдыққа серттескен жан достарымыз.
Бәтжан. Ойбай – ау, сонша не бүлдiрiп, ненi қираттыңдар мынадай қыстың көзi қырауда қашып – пысып жүретiндей?
Әсем. Бiз де iргелi елмiз, намысты халықпыз деп даусымызды шығардық. Соны үлкен қылмысқа жорып жатыр.
Бәтжан. Ойбай- ай, ойбай, ендi қайтейiн. Арыстан айға шауып мерт болыпты деген. Барша жұрттың қамын жейтiндей, сен кiм едiң, қызым –ау. Ондайға күн – түн ұйықтамай ой ойлайтын көсемдерiң бар едi ғой… Жер астынан жiк шықты, екi құлағы тiк шықты деп, бұл қай мiнезiң, ерлiгiң?! Жоқ, ешқайда бармайсың. Жiбермеймiн. (Алдын кесiп). Шахтаның қара жұмысынан басқа ештеңе көрмеген, өзiңнен көп төмен қайдағы бiр қарабайырдың соңына еремiн деп, мезгiлiнен бұрын үзгелi жүрмiсiң желкеңдi, қызым – ау?
Әсем. Апа, маған бола шала бүлiнбеуiңдi өтiнем. Үйiң басыңда, шалың қасыңда, өзiңдi социалистiк қоғамның ақсүйегiмiн деп ойла да жүре бер. (Кетедi.)
Асау креслоға барып түнере ойланып отырып қалады. Не iстерiн бiлмей дағдарған Бәтжан да олай-бұлай жүре түсiп, басқа түк таппағандай радионы iске қосады. Радио бiраз қырылдап тұрып, сөйлеп кетеді.
Радио (үнтаспа). Қазақтар шетiнен мансапқор, шенқұмар. Жеңiлдiң астымен, ауырдың үстiмен жүруге дағдыланған жалқау халық. Процентке шаққанда олардың өндiрiстегi ара салмағы болмашы ғана…
Бәтжан. Не болып кеттi мына дүние?! (Ашулана барып, радионы сөндiрiп тастайды.) Күндiз – түнi еститiнiң қазақ жаман, қазақ жаман… Қазақ жаман дегеннен басқа әңгiме қалмаған ба бұл дүниеде?! Қайда қойшы, қайда малшы болса – бәрi қазақ. Немене, олар бақыттан шекелерi жылтырап жетiсiп жүр ме екен…
Асау. Апырау десейшi, осы жерде алғаш көмiр қазып, Қарағандыны қалқайтқан қазақ емей, кiм едi?.. Қарағанды отызыншы жылдары аштықтан қырылып қалған қазақ сүйегiнiң үстiнде тұрған жоқ па, әрбірден соң…
Бәтжан. Жүрегiм сезедi, мұның арты жақсы емес. Өмiр бойы жиған – терген абырой – беделден жұрдай болып жүрмесең… Бiр әрекет жасамай, әкесi –ау, қамсыз отырып қалғаның жарамас.
Асау. Кiмдi арашала дейсiң сонда сен маған?
Бәтжан. Қызыңды… Қызыңды арашалау арқылы өзiңдi.
Асау. Бала, баланың iсi шала деген, ұрысар да қояр.
Бәтжан. Қайдам – ау, осы өкiметтi орнатқандардың көбiнiң моласы түгiл, сүйегiнiң қайда жатқаны белгiсiз. Қорқамын. Жалғыз қойы бар сорлы шаруаға екi жарым қой терiсi салық салған, он екi жастағы әлi ақыл толмаған баланы соттауға заң шығарған сұрқия – сұмпайы мемлекет… Қайбiр жұмсарып, мейiрiмдi бола қалды дейсiң…
Асау. Бәйбiше, қорыққанға қос көрiнер деген. Ел аман. Жұрт тыныш. Бiреудiң мекен – жай, жер – суына таласып жатқан қазақ жоқ. Сарыуайымыңды тоқтат, сарнай бермей… Демалайық.
Бәтжан. Әкесi – ау, жаңа ғана радиодан не естiдiң, құлақ қоймадың ба?
Асау. Ой, осы күнi не көп, данышпан көп. Кiм не оттайды деп отырсам бәрiн тыңдап.
Бәтжан. Жоқ, жалтарма өйтiп. Қазақты процентке шаққаны орнын көрсеткенi… Жүздiң онысың, азсың, әлсiзсiң дегенi. Жер иесi, ел иесiмiн деген есек дәмеңдi қой, үнiңдi өшiр, деп жатқан жоқ па?
Асау. Мен қарапайым шахтермiн. Саясаткер емеспiн. Бәтжан. Шахтерсың. Бiрақ қатардағы көптiң бiрi емессiң. Депутатсың. Лауреатсың. Үкiмет адамысың. Басқаға болмаса да өз басың мен отбасыңды қорғауға қарымың жететiн шығар…
Асау. Қайдағы жоқты қайдан шығарасың осы сен?
Бәтжан. Қызың Әсем әлгiнде не деп кеттi, тыңдамадың ба?
Асау. Айттым ғой… Көп болса ұрысар, тәртiпке шақырар…
Бәтжан. Милицияның қармағына бiр iлiнген адамның одан құтылғанын қайдан көрдiң, кiмнен естiдiң? Менiң байқауымда, бiздiң қызды желiктiрiп жүрген әлгi Қайсар… Оның несi кетедi. Әке жоқ. Шешенiң өз күнi өзiмен. Жастарды бұзып, араға iрiткi салып жүргендердi «экстремистер» деп жатқан жоқ па бөрiнiң көтiнше шуылдап. Мен бiлсем, Қайсар – экстремист… Сол үйретпесе, оқу мен сабақтан басқа ойы жоқ, Әсем әлi бала емес пе?..
Асау (кенет). Қысқарт тiлiңдi!.. Болды. Демалдыр кiсiнi… (Бәтжан қорғалақтап, үнсiз басқа бөлмеге өтiп кетедi. Оңаша қалған Асау креслоға жайғаса түсiп, ойға шомады. Үнтаспа.) О, бар болғыр, бар болғыр…Арада бақандай отыз жыл өтiп, кәрiлiктен хабар жетсе де, әйелдiгi жеңiп, менi Айшадан қызғанғаны ма, әлде Қайсарды сонша қор санап, тiптi оны құрбандыққа шалуға болады деп есептегенi ме? О, несi – ей, бар болғырдың… (Ақырын жымияды. Ойына жастық шағы елестейдi.)

2 – көрiніс

Шымылдық алды. Авансцена. Бой жете бастаған балауса қыз екi иығы бүлкiлдеп, ақырын қорс-қорс жылап тұр. Иығына кәстел қағатын ұзын сапты күрзi балға асынған Асау шығып, жылап тұрған қыздың қасына келедi.
Асау. Біреу тиісті ме, неге жылайсың?
Айша. Сөмкемдi тартып әкеттi…
Асау. Кiм әкеттi, қайда ол өзi?
Айша. Мынаның iшiнде.
Шымылдық ашыла бередi. Вагон iшi, ығы – жығы адам. Асау Айшаны қолынан жетектеп алған. Бiреудiң аяғын басып кетiп, бiреудi қағып кетiп жүр. «Куда прешь!», «Вот нахал, мерзавец!» деген ашулы дауыстар естiледi. Iргеге таман тығыла түсiп, сирағы көстиiп бiреу жатыр. Асау оны иығынан шеңгелдей ұстап, жұлқи тартып, берi алып шығады. Ол – Безроднов
Айша. Менiң сөмкемдi тартып алған осы… Осы алған.
Безроднов (сасқалақтап, қорқып). Қайдағы сөмке? Мен ештеңе бiлмеймiн… Алғам жоқ…
Майкiшең жолаушы (Асауға). Эй, калбит, жайына қарап жатқан адамда не ақың бар? Жоғалт көзiңдi бұл жерден!
Асау. Жайына қарап жүрген болса, не жыным бар кiсiге соқтығып… (Еңкейiп Безроднов жатқан жерден сөмке алып шығады.)
Безроднов (жармасып). Өзiмдiкi тиiспе, бермеймiн! Айша (ол да сөмкеге жармасып). Жоқ, бұл менiкi, менен тартып алғансың…
Асау (сөмке iшiнен кiтап, дәптер алып). Мынау не? (Отырғандарға көрсетiп). Көремiсiңдер? Қазақша жазылған сегiзiншi кластың оқулығы. Ал мынау диктант дәптер. Мұның да жазуы қазақша, мiнеки, мiне… Әлде мына жiгiт (Безродновты нұсқап) сегiзiншi класта қазақша оқиды деп ойлайсыңдар ма?
Дауыстар: – Е, арамза ұры болды ғой.
– Әй, бiздiң де бiрдеңемiздi қағып кетiп жүрмесiн.
Майкелi жолаушы. Қараңдар. Қазiр мен оның мұрнынан бет жасаймын… (Түрегелiп, ентелей бастайды.)
Айша. Ұрмаңызшы, ағатай, тимеңiзшi… Сөмкем табылды ғой. Мен кешiрдiм.
Майкелi жолаушы. Сен кешiрсең, мен кешiрмедiм… (Ұмтыла бередi.)
Асау. (Безродновты алдына салып). Давай, жүр бiзбен… (Олар вагоннан шығады. Пойыз жүрiп кете барады. Перрон басында үшеуi ғана қалған. Асау әлi де ашуы басылмаған күйi Безродновқа). Бiр жаным қалды, таяқ жемей аман құтылдым деп тұрсың – ау, ә? (Жұдырығын Емеляның аузына тақап). Мынадай ауыр жұдырықты көрiп пе едің бұрын?
Айша. Тиiспешi… Аяп кеттiм өзiн…
Асау. Екiншiгәрi өзiнен әлсiзге бүйтiп күш көрсетпеуi үшiн аздап төмпештеп алсам жөн едi. Әлде, қортық милиционер Қарпыққа ұстап берсем
бе екен, ә?.. Әй, дала кең. Жол көп. Табаныңды жалтырат ендi бұл жерден! (Безроднов төмен қарап аяғымен жер шұқып, қозғалмайды.) Өй, мынаның кiндiгi бiзге байланып қалғандай ғой… Жарайды, онда кел, танысайық. Менiң атым Асаубек.
Айша. Айша.
Безроднов. Емельян Ненашевич Безроднов… Емеля десеңдер де өкпелемеймiн.
Айша. Қарай гөр, iрiсiн…
Асау. Тiптi керемет… Пугачевпiн десе де жарасқандай… Бiрақ Пугачевтан Безродновтар тарамағанда кiм тараушы едi… Шiренуiн кәпiрдiң… (Олар жарыса күледi,)
Айша (Асауға). Сөмкем үшiн рахмет. Жақсылығыңызды ұмытпаймын, аға…
Асау. Жылағаныңды көрiп, шыдамай кеттiм…
Айша. Жүрегiңiз жылы, пейiлiңiз кең жақсы аға екенсiз…
Асау. Түу, айналайын – ай, лебiзiң қандай майда едi өзiңнiң…
Айша. Көрiскенше сау болыңыз, аға. Мен мұнда (жолдың сыртын нұсқап) мектеп – интернатта жатып оқимын. Тағы да көп – көп рахмет сiзге. (Кете бередi.)
Асау. Өзiң шынында дұрыс қыз екенсiң. Әттең, әлi кiшкентайсың… Айша. (артына бұрыла берiп.) Қыз өспей ме екен, көкейдi теспей ме екен, ағасы… (Сыңғырлай күлiп, тез кетiп қалады. Асау мен Емеля оны бiраз жер көздерiмен ұзатып салады.)
Асау (күрсiнiп алып, Емеляға қарап). Не, пойыздан қалып қойдым деп өкiнiп тұрсың ба?
Емельян. Тойдан қалып бара жатқам жоқ. Әйтеуiр, бiр жетермiн.
Асау. Бет алысың қай бағыт?
Безроднов. Қарағанды… Шахтерларға ақшаны көп төлейдi дейдi ғой, рас па?
Асау. Рас. Олар тамақты тек рестораннан ғана iшедi… Бiрақ ақша деп аузыңды апандай ғып ашпас бұрын, әуелi өзiң нешедесiң, соныңды айтшы?
Безроднов. Он алтыдамын. Не, аз ба? Асау. Шахтаға жасың он сегiзге толмай алмайды. Оның үстiне жауын құрты сияқты шiлмиген пошымың…
Безроднов. Сүйек болса, ет бiтедi… Өзiң ше, өзiң нешедесiң?
Асау. О, мен сенен көп үлкенмiн. Он жетiге қарап тұрмын.
Безроднов (мұңайып). Маған шынымен жұмыс бермей ме, жасың кiшi деп?
Асау. Неге? Әуелi училищеде оқисың. Сосын…
Безроднов. Оқығым келмейдi. Ақша тапқым келедi. Әркiмге бiр тәуелдi боп, кiсi бетiне қарап жалтақтаудан жалықтым.
Асау. Дұрыс екен, құрдасым. Жөн… ( Емеляның қарны ашып, шөлдеп тұрғанын байқап). Әй, жүр, бiздiң үйге… Шөл басып, тамақ iшiп шық…
Безроднов (қорқып кетiп). Ты что, нет. Не пойду. Мне умирать еще рано…
Асау. Өй, дорақ что ли? Сенi өлтiргелi жатқан кiм бар? Тамақ iшiп, әлденiп алсын деп аяп тұрсам. Өзiң қояннан да жаман қорқақ екенсiң ғой… Жарайды, осы жерден ешқайда кетпей сәл күте тұр. Мен жүгiрiп барып, үйден айран мен нан әкеле қояиын. (Асау жүгiрiп кетедi.)
Жолда тұрған жүк пойызы ысылдап – пысылдап қозғала бастайды.
Безроднов. Интересно! Маған тамақ әкелмекшi… За что он должен меня кормить? Незнакомого? Чужого? Нет, здесь явно какой – то подвох есть… Может, достарымен келiп, (қимылымен көрсетiп) былай – былай тепкiлеп… (Жылжи берген жүк пойызының тепкiшiне қарғып мiнiп алады. Осы кезде дәм оралған түйiншегiн алып Асау да жеткен.)
Асау (пойызбен қатарласа жүгiрiп). Емеля, Емеля! Неге асықтың?.. Жарайды, жолың болсын! Мә, ұста мынаны! (Дәм оралған түйiншектi лақтырады. Емельян оны қағып алады. Пойыз ұзап көрiнбей кетедi.)
Перронда жалғыз қалған Асау қолына шойын балғасын алып, рельстiң босаған кастелдерiн тықылдатып қағып қойып жүр. Бiртүрлi енжар. Жұмыс iстегенiнен тұрғаны көп. Тағы да балғасының ұзын сабына сүйенiп ойлана тұрып қалады. (Үнтаспа). Ғайыптан келiп, кездейсоқ танысқан Емеля да кеттi әне Қарағандыға. Елiм алыс, салтым бөтен деп қысылып жүрген ол жоқ. Алдынан сағынып күткен нағашысына бара жатқандай алшаңдайды тiптi. Қарағанды… Қалың ел, қазандай қайнаған үлкен өндiрiс… Ал менiң түрiм мынау… шпалға кастел қағып, рельс сүйреп жүрмiн… Әрлi – берлi өтiп жатқан пойыздардан басқа қызығым да жоқ көретiн… Бар жастық өмiрiмдi өстiп айдалада жол жағалап жүрiп босқа өткiзем бе?… (Балғасымен кастел қағып, рельс жағалап ұзай бередi.)

3 – көрiнiс

Темiр жол бекетi. Жолға дайындалып, сөмке көтерiп шыққан Асау бекет басындағы су алар шүмектi ағызып, алақанын тосып су iшiп жатыр. Қолында ақ қалайы бидон, Айша келедi.
Айша. Аға, суыңыздан маған да қалдырыңыз. (Судан басын көтерген Асау қызды көрiп аңырып қалады.) Танымай қалдыңыз ба?
Асау. Неге, таныдым… Әдемi боп өсiп кетiпсiң… Айша…
Айша. Екi айдың iшiнде ме?
Асау. Екi ай болған екен ғой танысқанымызға…
Айша. Бүгiн, мiне, тура екi ай.
Асау. Қайдан бiлдiң, күн санап жүрдiң бе?
Айша. Иә, күн санап жүрдiм.
Асау. Уақыт қалай жылдам, ә?
Айша. Уақыттан қалыспай мен де тез өсiп жатырмын, ендеше.
Асау. Рас, өсiпсiң… Содан берi қалай көрмегенбiз бiр – бiрiмiздi…
Айша. Мен көрдiм… Ылғи да көрiп жүрдiм… Интернат төбесiне шығып- ап пойыздарға қараймын. Сiздi де көремiн. Күнде көремiн. Ұзын сапты балғаңызды сермеп-сермеп қалғанда, сағыммен ойнаған сиқыршы сияқтанып кетесiз.
Асау. Өзiң аңғарымпаз екенсiң… Жаздыгүнi күн ашықта даладағы жалғыз адам алыстан қарағанда, расында, сағымға оранған сиқыршы сияқтанып көрiнедi… (Сасқалақтап). Ә, айтпақшы, су iшкiң келген екен ғой. (Шүмектен қос алақанына су толтырып ап, қыздың ернiне тосады. Балауса қыз сондай бiр әдемi еппен еңкейiп, жiгiт алақанынан су iшедi.)
Айша (жымиып). Рахмет, аға… Сiздiң қолыңыздан тура бал iшкендей болдым.
Асау. Алла разы болсын.
Айша. Мен де разымын, аға… Қалғанын бидоныма құйып алайын, жарай ма? (Су құйып алып жатады.)
Асау. Интернаттарыңда су жоқ па, немене?
Айша. Бар. Бiрақ темiр бөшкеде тұрған соң тез қаңсып кетедi. Iшсең, жүрек айнытады.
Асау. Ә-ә… Ал мен Қарағандыға кетпекпiн… Бiржола…
Айша. Ұйден жиналып шыққан бетiңiз бе?
Асау. Иә.
Айша. Қарағанды үлкен қала ғой… Сiздi ең болмаса, бiр көрiп қалғаныма да, шүкiр… Жолыңыз болсын, аға… (Айша бидонын көтерiп ұзай бередi.)
Асау. Айша! (Қыз тоқтап, артына мойын бұрады.) Оқуыңды жақсылап оқитын бол.. Ауылды сағынғанда iздеп келiп тұрармын. Жарай ма, Айша?!
Айша жымыраңдап бiр күлiп ап, ақырын ұзай бередi. Кетiп бара жатып сырлы сазды әдемi бiр үзiк ән айтады. Асау ұйып тыңдап қалады. Сахна қараңғылана бередi.

4– көрiнiс

Сахнаға жарық берiлгенде 1- шi көрiнiстегi қалып. Асау ойдан сергидi. Бәйбiшесiн iздеп, жан – жағына қарайды.
Асау. Бәтжан? Қайдасың Бәтжан?
Бәтжан (жапсарлас бөлмеден үрейлене шыға келiп). Апыр-ау, не болды? Жүрегiң қысып кеткен жоқ па? Дәрi керек пе?
Асау. Кәстөмiмдi әкелшi.
Бәтжан. Кәстөм?.. Қай кәстөм?..
Асау. Өй, анау… шылдырмақ – сылдырмақтар тағылғаны ше?…
Бәтжан. Ә, сән – салтанатқа киетiн шахтер кәстөмiм десейшi… Адам-ау, түн iшiнде сәнденiп қайда бармақшысың?
Асау. Айтқанды орындаудың орнына өстiп тергеп алмасаң болмай ма?
Бәтжан. Жай сұрай салғаным ғой.
Асау. Әкелшi бол, сөздi көбейтпей…
Бәтжан (өзiмен – өзi сөйлескендей). Апыр –ау, мынаған не болған. Өзiнен басқада ауыз жоқтай сөйлетпейдi ғой кісінi… (Сөйлей жүрiп, Асаудың шахтер кәстөмiн алып келедi. Кәстөмнiң омырауы толған нешеме алуан орден, медальдар, белгiлер.) Осы ма сұрағаның?
Асау. Бұрынырақ, ертеде өткен аталарымыз: «Күлдiр – күлдiр кiсiнетiп, күреңдi мiнер күн қайда?», деп армандаған екен. Бергiдегi Абай дана елге ақылшы, қамқор болады дейтiн билiк ұстағандардың ақылсыздығына налып: «Мәз болады болысың, арқадан ұлық қаққанға. Шелтiрейтiп орысың, шендi- шекпен таққанға» деп сынап – мiнеген екен… Бiздiкi соның қайсысына жатар екен… Әкелшi бермен. Өтектелген бе?
Бәтжан. Ойпырмой, қашан үстiңе қылау жұқтырып ем?.. (Кәстөмдi киюге көмектеседi.) Түу, көрген сайын көзiм тоймайды. Өзiңе қалай жарасады, әкесi – ау. Адал еңбекпен тапқан марапатың. Қайда киемiн десең өз еркiң. Кiмнiң қандай шаруасы бар. Қызғаныштан iштерi күйгендер болса, тұз жаласын.
Асау (жалданып). Дұрыс айтасың, Бәтжан. Бұл менiң жұрт көзiндегi сесiм ғой! Айбатым!.. Көрсiн. Жасқансын… Ерiксiз сыйлатамын. Сөзiмдi де тыңдатамын… (Сахна қараңғылана бередi.

5 – көрiнiс

Шахта. Үстел жанында учаске бастық Сымбат әлдебiр қағазға шұқшия үңiлiп жатыр. Есiктен әуелi бас сығалатып, имене басып, iшке Иман кiредi.
Иман. Сәлематсыз ба, Сымбатжан?.. Мен…
Сергей-Сымбат. Что за чушь, казахбайский, «жан», «айналайын», «пәленшеке»… Отчеством бар емес пе?
Иман. Кешiрiңiз, Сергей Котбариш.
Сергей-Сымбат. Шаруаңды айт. Көмiр түсiртiп берейiн бе? Әлде, ақша – қаржы сұрайсың ба?
Иман. Ой, рахмет, мың жасаңыз, Сергей Котбариш… Бiзде бәрi бар. Ештеңе керек емес, бiзде бәрi бар.
Сергей-Сымбат. Ештеңе керек болмаса, чо ходишь бас қатырып?
Иман. Ештеңе керек емес дегенде, қарын тоқ, киiм бүтiн дегенiм ғой. Бiрақ керек, өте керек.
Сергей-Cымбат. Ну тогда не бубни, говори!
Иман. Үй керек… Өте керек… Сергей Котбариш…
Сергей-Сымбат. Квартира?.. Сколько лет ты у нас шахтером?
Иман. Жиырма жыл болды.
Сергей-Сымбат. Двадцать?! И до сих пор сенде квартира жоқ. Интересно…
Иман. Бар, неге болмасын, бар.
Сергей-Сымбат. Бар болса, үй керегiң не? Ты что, не в своем уме что ли?
Иман. Бар болғанда, тозған үй… Списаниеге шығарылған… Баяғыда…
Сергей-Сымбат. В городе таких домов многодан да көп.. Талайлар тұрып жатыр. Ты не один.
Иман. Бiлем ғой.
Сергей-Сымбат. Тогда какие претензии к нам?
Иман. Бiздiң үй бiр жамбастап қисайып қалған… Жарығынан дала көрiнедi.
Сергей-Сымбат. Слушай, мен немене саған, исполком, или обком что ли?
Иман. Өй, олар… түк шешпейдi. Бәрiн шешетiн Емельян Ненашыпиш… Сымбатжан, кешiрiңiз, Сергей Котбариш, сiз Емельян Ненашыпишпен жақсысыз ғой. Сiз айтсаңыз, сөзiңiз өтедi ғой оған.
Сергей-Сымбат. Үй кезегiнде тұрған шығарсың. Жди. Все ждут. Ты не один бездомный казах.
Иман. Мен күтудейiн күтiп – ақ жүрмiн – ау… Он жыл болды күткенiме… Әйелiм, то есть жаман жеңгеңiз ғой, шыдамаған. Еркек емессің, сүмелек шiрiксiң деп үйден қуып жiбердi. Далада жатып, қаңғып өлетiн түрiм бар.
Сергей-Сымбат (телефон қоңырауы соғылады, Сергей-Сымбат тұтқаны көтерiп). Слушаю, Емельян Ненашевич… Задержан? КГБ занимается? Надо же… Сделаем. Не беспокойтесь Емельян Ненашевич, сделаем… (Тұтқаны орнына iледi. Иманның бетiне сынай қарайды.) Сен… Кайсара не видел?
Иман. Екi күн болды, жұмыста жоқ.
Сергей-Сымбат. Вот, вот, возомнил себя национальным героем. Хотел развалить СССР! Представляешь?
Иман. Не дейдi?! Екi – үш күннен берi Алматыдан бастап бүкiл елдi шулатып жатқан бұзықтардың iшiнде болған екен ғой ол да.
Сергей-Сымбат. Казахстанды казах неге баскармайды… Вот их главный лозунг. Казах – мазах, что за чушь? Бизде уже давно национальность деген жок. Бизде единый советский народ!
Иман. Иә, өлеңде де бар ғой. Қалай едi?.. Iм… «Тұрағым менiң, үй емес, көше емес. Түрағым менiң советтiк ұлы Одағым!»
Сергей-Сымбат. Правильно. «Мой адрес не дом и не улица. Мой адрес Советский Союз»… Так что, Кайсарды придется уволить…
Иман. Жақсы шахтер. Жұмысты қопарып тастайды.
Сергей-Сымбат. Он замахнулся на святая святых… Коммунистический идеологияны аякка таптап, халыхтар достугына иритки салган.
Иман. Қайсар бүкiл бассейнге әйгiлi шахтер, бiздiң бригадирiмiз Асаубек ағаның өз туған баласындай ғой.
Сергей-Сымбат. Опять двадцать пять… «Ага», «ата», что за аксакализм…
Иман. Беделдi адам… Асау келiспей қойса қайтемiз дегенiм ғой.
Сергей-Сымбат. Слушай, саган уй керек пе?
Иман. Ойбай-ау, неге керек болмасын, Сергей Котбариш. Айтып отырмын ғой, әйелiм үйден қуып жiбердi. Далада қалдым қаңғып…
Сымбат. Тогда слушай. Биз демократия жасаймыз. Жиналыс ашамыз. Единогласно проголосуем и уволим. А там дальше пусть КГБ разбирается.
Иман. Дауыс деген қол көтеру ме? Қол көтер деген жерде қашан қалыс қалдық, көтере саламыз. Ал Қайсар «Көттi қысқан бай болады» дегендi ұмытқан болса, өзiнен көрсiн.
Сергей-Сымбат. Вот, молодец. Бир тутас совет халхын ишким де козгалта алмаган.
Иман. Онда мен кеттiм, Сымбатжан, кешiрiңiз, Сергей Котбариш. Үйiм құлап, өзiм далада қаңғып қалғанымды Емельян Ненашыпышқа айтасыз ғой, а, Сергей Котбариш? Айтасыз ғой?
Сергей-Сымбат. А ты не забыл как должен будешь голосовать?
Иман. Өлсем ұмытам ба? Халық жауларына аяушылық жоқ! Мойын омыртқасын үзiп жiберемiз!! Жасасын Советтер Одағы! (Кетедi. Сахна қараңғыланады.)

Бірінші бөлімнің соңы

Екінші бөлім

1 – көрiнiс

Шахта директорының қабылдау бөлмесi жанында парад кәстөмiн киген Асауға Иман қарсы ұшырасады. Әдейi байқамаған боп өтіп кетпек еді..
Асау. Ау, Иман iнiм,тоқтай тұр… Амандық – саулық жоқ, қайда тартып барасың?
Иман. А – а, Асеке, то есть, Асаубек Қасқырбаиш, сiз екенсiз ғой, сәламатсыз ба?
Асау. Өй, «иш – иш» деп ысылдап – ысқырып, қайдағыны шығарып, аяқ астынан өзгерiп қалыпсың ғой тегi?
Иман. Генералға ұқсап кеткенсiз бе, танымай жатырмын.
Асау. Өй, құрғыр, қылжағыңа береке берсiн… Шахтер кәстөмiн кигенiмдi көргенiң осы бүгiн бе?..
Иман. Шахтер кәстөмiн бәрiмiз де киемiз. Бiрақ бiздiкi сiздiкiндей сұсты, айбарлы емес.
Асау. Ой, құрғыр, омырауымдағы мадақтарымды айтып түрсың ба?.. Бұйыртса, сен де аларсың.
Иман. Е, ондайды маған кiм берiптi. Кiмiм бар қолдайтын?.. Басымда баспанам да жоқ дұрыс.
Асау. Баспанадан жүдеп жүргенiң рас. Кезекте тұрсың ғой, бiр мәнiсi болар. Шыда азырақ, шыдай тұр.
Иман. Осы сiздер, қазақтар, шыда, шыда дегеннен басқа не бiлесiздер өзi?
Асау. Бәлi, қазақтар деп менсiнбейсiң ғой тiптi. Өзiң қазақ еместей.
Иман. Осы бар ғой, шынымды айтсам, қазақ болып туғаныма қатты өкiнем. Салтының да, тiлiнiң де тап әкесiнiң аузын…
Асау. Өй, қой, бұл жерде жалғыз емеспiз. Басқа да құлақ, бөтен көздер бар. Естiсе, ұят болар.
Иман. Ұят? Қайдағы ұят? Қазақта ұят болса, жастары көшеге шығып айқайлап, коммунистiк партияға тiл тигiзе ме? Дүние жүзiндегi ең әдiл, ең мейiрiмдi мемлекет Советтер Одағының атына кiр келтiре ме? Қазақстанды қазақ басқарсын деген не сөз? Орыспен тереземiз тең болсын деген не сөз? Орыс жолы үлкен аға емес пе, ақылшымыз, қамқоршымыз, ұстазымыз емес пе?! Сол еңбегiн аяққа басып таптап, бетiмен кетiп, көшеге шығып шуылдаған экстремист бұзықтардың iшiнде сенiң… алақаныңа сап мәпелеп, болашақ күйеу балам болады, орныма бригадир болады деп жүрген Қайсарың да бар боп шықты.
Асау. Өй, өй, ақырын. Сен шын солай деп ойлайсың ба? Қайсар сен ойлағандай жаман – ақ болсын, барша қазақтың не кiнәсi бар, сонша сөгетiндей?.. Ашуың ба, әлде қазақтан шыны жерiгенiң бе бұл?
Иман. Жерiдiм! Қазақ болғым келмейдi!!. Қазақтан не жақсылық көрдiм? Жиырма жыл көр тышқандай қыбырлап жер астынан көмiр қазсам да әлi күнге баспанасыз сорлымын.
Асау. Қой, саған бiрдеңенiң шалығы тиген шығар.
Иман. Дұрыс айтасың, сендейлердiң ызасы әбден өтiп болды.
Асау. Ау, мен саған не жаздым? Кезiнде кәсiпсiз, бiлiмсiз шеттеп қалған жамағайыным ғой деп, шахтаға орналастырып, қатарға қосқаным ба жазығым?..
Иман. Қатарға қосқан болсаң, сен алған жақсы пәтердi мен неге алмаймын?.. Сен алған сан-сапалақ атақтардың ең болмаса бiреуi неге маған бұйырмайды?
Асау. Айттым ғой, кезегiң келер деп… Шыдамыңды тауыса бермесейшi…
Иман. Осы бар ғой, сендейлердiң ақылын тыңдай – тыңдай жалықтым. Жетер ендi менi үйреткенiң. Тыңдамаймын!
Асау. Өй, қой, сонша неге бүлiндiң? Ата сақалың аузыңа түскенде саған ақыл үйреткелi тұрған мен жоқ…Ұйықтамағансың ғой. Бар, ана ескi жыртық үйiңе тезiрек жетiп, тынығып ал… (Кете бередi.)
Иман (артынан айқайлап). Үй жоқ менде. Қатыным қуып жiберген.

2– көрiнiс

Шахта директорының кабинетi. Безроднов Емельян Ненашевич шахтаның бас мамандарымен мәжiлiс өткiзiп жатыр. Үстерiне баса – көктеп Асау кiрiп келедi. Отырғандар таңданыс білдіріп үрпиiсе қалады.
Безроднов (өтiрiк күлiп). О-о, кәрi тамыр, төрлет, төрлет. (Қарсы жүрiп, қол берiп амандасып). Однако, как ты великолепен в своих шахтерских регалиях. (Отырғандарға көз қысып). Не правда ли, товарищи?
Дауыстар: – Да, внушает.
– Смотрится, грозно.
– Говорят, казахи очень падкие ко всяким наградам.
– Да, это точно, имея награду, они могут жить припеваюче, не работая.
Безроднов. Думаю, увидев тебя, сам Аблайхан умер бы от зависти. (Отырғандар жырқ – жырқ күледi.) Говорят, он был последним ханом степных аборигенов. Я прав?
Асау. Болған. Болған. Ендi ондай хандық бiздiң халық үшiн арманға айналды ғой.
Безроднов. Что, тоскуешь по – былому? Увы, как говорится, былое уже давно поросло былью. Зато қазiр мемлекет болдыңдар. Казахская Советская Социалистическая Республика! Звучит, а? Гербтерiң бар, туларың бар, гимндерiң бар. Что еще нужно, а?.. (Орындық ұсынып). Ладно, мына жерге отыра тұр. Мәжiлiс қазiр бiтедi.
Асау (отырмай). Күтiп отыруға уақытым жоқ.
Безроднов. Что? Пожар? Горит что – нибудь, что ли? (Қолымен белгi жасайды. Отырғандар жырқ – жырқ күлiп шығып кетедi.)
Асау (өзiне – өзi). Бәлi, бұрын қалай аңғармағам, шахтаның бас мамандары iшiнде бiр де бiр қаракөз жоқ екен ғой. Ылғи орыс ағам… Жылда
үйiр – үйiрiмен диплом алып жатқан қазақ инженерлерi қайда жүр екен, а… (Безродновқа қарап). Емеля, менiң бригадамдағы Қайсар деген жас шахтердi бiлетiн шығарсың?
Безроднов. Шахта үлкен, адам көп. Маған өзiң сияқты бригадирлердi бiлсем де жетпей ме?
Асау. Ұмытып қалғансың – ау, Емеля?. Есiңде ме, анау жылы Алматыда өткен кезектi жиналыстан келе жатып, пойызда бiр таныс әйелге жолыққаным?
Безроднов. Асау, ты интересный человек, бесчисленные командировки, встречи. Разве обо всех помнишь.
Асау. Уай, бiздiң қазiргi экономист Фирузамен танысатын сапарың ше?
Безроднов. Вот ты какой злопамятный, мой друг. (Күледi.) Тогда, кажется, ты тоже был с женщиной. Или я не прав?
Асау. Өй, лағып кеттiң, Емеля құрдас… Басқаша түсiндiрейiн… Баяғыда, бозбала кезiңде, бiздiң Қазақстанға күнкөрiс iздеп келе жатып, Қарабас стансасында бiр кiшкентай оқушы қыздың сөмкесiн тартып алдың емес пе? Iшiнде жейтiн бiрдеңе бар шығар деп ойлағансың ғой.
Безроднов (түсi жаман бұзылып). Балалық – шалалық кiм басынан өтпеген… Ладно, говори, зачем пришел?
Асау. Қайсарды жұмыстан шығаруға болмайды. Шығарсақ, сотталып кетедi.
Безроднов. Оны менен несiн сұрайсың. Решайте сами… Кстати, сен оның не бүлдiргенiн бiлесiң бе?
Асау. Обком алдына барған жастардың iшiнде болған дей ме… Басқа айыбы жоқ бiлем.
Безроднов (ыза буып, ашуланып). Айыбы жоқ… Великую державу решили заколебать. Вон куда замахнулись… Говоришь, айыбы жоқ… Ты тоже хорош. «Бiздiң Қазақстан… Сен осында күнкөрiс iздеп келгенсiң…» Ладно, думаешь, что пошутил?.. Как бы не так. Жаль, другом считаешься. Иначе… А что касается Кайсара… Сейчас им занимается соответствующие органы…
Асау. Қайсарды олардың қолына беруге болмайды. Кепiлдiкке алып, сақтап қалу керек. Әйтпесе құриды. Түсiнемiсiң, Емеля?
Безроднов. Еще как түсiнемiн… Қиын iс. Айттым ғой, тиiстi орындар айналысып жатыр деп.
Асау. Қиыны қиын. Бiрақ шыны керек, қаланы ұстап тұрған сенiң өндiрiсiң, мына тұрған сенсiң. Бұл қалада сенен үлкен өкiмет жоқ, Емеля!
Безроднов. Не надо, ля – ля. Бiзде қазiр демократия… Дегенмен, байырғы ескi досымсың ғой, көңiлiң қатты қалмасын, құзыретімнің салмағын байқап көрейiн. (Селекторды қосады.)
Сергей-Сымбат (селектордан). Слушаю, Емельян Ненашевич!
Безроднов. Сергей, менде Асау отыр… Иә, сол жiгiттiң әңгiмесi…Бiз Асекең екеумiз баяғы бозбала күннен жақын жолдаспыз ғой. Бiлмеушi ме ең?.. Ладно, түсiнген шығарсың, шайнап салам ба аузыңа… (Байланысты
үзедi. Асауға қарап, көлгiрси күлiп). Естiдiң ғой, Сергей Котбаричқа тапсырдым. Қалғанын өздерiң шешiңдер. (Асау кетедi.) Ақымақ! Империяның саясаты мен мiнезiнен хабары жоқ иiс алмас мақұлық. Пусть Сергей Котбарич вынесет приговор, от моего имени. Но без меня. (Жымсиып күледi. Секретарына). Менiң рұқсатымсыз неге кiргiздiң, а? Не қарап отырсың?! Заслуженным его сделал я. Понятно. Еще раз допустишь оплошность, вылетишь с треском, сука не до еб… Понятно!..

3 – көрiнiс

Сергей-Сымбаттың жұмыс орны. Асау келедi.
Асау. Ой, айналайын, Сымбатжан, орныңнан табылғаның қандай жақсы болды. Шахта астына түсiп кетпедi ме деп қорқа соғып келiп ем.
Сергей-Сымбат. Не надо «айналайын», Асаубек Қасқырбайч, не надо.
Асау. Өй, «иш – иш» деп ысылдап не болған бәрiңе бүгiн?
Сергей-Сымбат. Осы казахбайский салт маскара жасаган. Не, каусаган шал Конаев отыра берген керек пе? Ол не, Кащей Бессмертный что ли?… Колбин келдi, ну что? Молодой, энергичный. Ол Казахстанда социализм с человеческим лицом жасаган.
Асау. Әй, шырағым, қолыңнан жетектеп жүрiп өсiрген мен едiм ғой сенi? Жетiм екен, жалғыз екен деп қамқорыма алдым. Түбiнде сенен жақсы инженер, бiлiктi өндiрiс басшысы шығар деп үмiттендiм. Қазақ болған соң, қаныма тартып…Мынау айтып отырғаның не сөз, шырағым?
Сергей-Cымбат. Опять двадцать пять… «Шырағым»… Мени комсомол тарбиалаган. Партия жаткизган… Советская власть аюлап устаган, барлык условия жасаган.
Асау. Ой, жарайды, болып – толып кеткен екенсiң… Мен шаруамен келдiм. Жаңа өзiңе айтты ғой, Емельян Ненашевич.
Сергей-Сымбат. Улкен кисини орунсиз мазалап…
Асау. Емеля сен үшiн үлкен кiсi шығар. Ал мен үшiн құрдасым, байырғы ескi досым, бiлiп қой.
Сергей-Сымбат. «Служба – службой, дружба – дружбой», ким айткан? Хрущев Никита Сергеич. Дурус айткан.
Асау. Өй, ол таздың қай оттағаны есте қалды дейсiң. Онан да басты мәселеге көш. Жиналысты қашан өткiземiз? Қайсарды кепiлдiкке алуымыз керек қой.
Сергей-Сымбат. Мен саган курдастык, тамырластык жумус барысында журмейди дегенди айтып отурсам, сен тусунбейсин.
Асау. Шырағым… жарайды, Сымбат Котбариш, сен Емеля екеумiз сияқты тiс қаққандардың арасына кiрiсе берiп қайтесiң. Түбiнде ұятына өзiң қаласың… Онан да Қайсардың басындағы қауiптi болдырмаудың жолын табайық.
Сергей-Сымбат. Вопрос этот уже решен.
Асау. Немене, жиналыс аштыңдар ма?
Сергей-Сымбат. Провели?
Асау. Бәрi тегiс жиналды ма?
Сергей-Сымбат. Почти все.
Асау. Иман да болды ма?
Сергей-Сымбат. Конечно… Он и выступил с предложением, с клеймом «экстремист» уволить Кайсара с работы.
Асау. Менсiз, бригадирсiз жиналысты қалай өткiзгенсiңдер?
Сергей-Сымбат. Кворум есть, «семеро одного не ждут».
Асау. Қайсар да өзiңдей қазақтың бір қара көзi едi ғой.
Сергей-Сымбат. Сен не, әли түк тусинбеген что ли?..Таги айтам, вопрос уже решен..
Асау. Оу, жаңа ғана шахта бастығы Безроднов саған сiлтеген жоқ па, бiрлесе отырып, ақылдасып шешiңдер деп?
Сергей-Сымбат. У него нет времени для болтовни. Наверное, просто хотел скорее от тебя избавиться.
Асау. Ай, шырағым, байқап сөйле тантымай!
Сергей-Сымбат. Меники шындык айткан…Кстати, Емельян Ненашевич не сообщил тебе, что сеники кыз Асема тоже усталган… Видимо, аяган… Вы же ведь у нас все – таки почетным человеком считаетесь.
Асау. Шырағым – ау, Қайсар да, Әсем де, сен де менiң баламсыңдар ғой. Сендер барда қазақ бар, ел бар, қазақ елiнiң болашағы бар деп жүрген жоқпыз ба? Әйтпесе, өмiр сүрiп керегi не? Онан да өлген жақсы едi ғой?
Сергей-Сымбат. Я тебе не бала. Я не признаю национальность. Я не хочу быть казахом. Я Советский человек…
Асау. Әй, аузыма құм құйдың – ау, тiрiдей жерге көмдiң – ау… Әй, шарасыздық – ай…
Шығып кетедi. Шахта директоры кабинетiне жалғас дәлiздегi жалғыз жетiм орындыққа келiп отырады. Не iстерiн бiлмей дағдарғандай. Ойға шомып, өткеннiң бiр елесiн еске алады.

4 – көрiнiс

Жолаушы вагонының iшi. Қалың адам. Рестораннан шыққан Асау мен Безроднов арадағы тар қуыстан сығылыса өтiп келе жатыр. Асау бұрышта бүкшиiп отырған мосқал әйелдiң аяғын басып кетедi. Ол Айша едi.
Айша. Ойбай-ай, аяғым, өлтiрдi – ау мынау аюша қорбаңдап…
Асау. Жеңгей, кешiрiңiз… Байқамай қалдым… (Екеуi бiр – бiрiне қарап қалады.)
Айша. Асаубек,.. Асау, танымадың ба менi?..
Асау. Апырмау, сен… сен…
Айша. Иә, шырамытып тұрған болсаң, сол… Сол баяғы Айшамын…Е, қайдан танисың. «Жеңгей» дейсiң, жасым сенен үлкен сияқты болып кеткен соң…
Асау. Айша… Кешiр… Мына жердiң жарығы тым көмескi екен.
Айша. Айтып тұрғаның сылтауың шығар. Онан да мен өзiм тым асқақ болып өсiп кеттiм десейшi…
Бұлардың әңгiмесiне Безроднов таңырқай қарап тұрып қалған едi. Сүйткенше купеден ойнақтап Фируза шыға келiп,қолынан тартып Безродновты iшке кiргiзiп ала қояды.
Асау. Әй, Емеля досым – ай, бетi жылтыраған ұрғашы көрсең, осы ғой тiрлiгiң, естен танасың… (Үнтаспа.) Айшаны ойлап, сағынып жүрген сол бiр күндерi мен одан хат алғам. ( Айша. Үнтаспа.) «Қыз баланың дәуренi қысқа болады деушi едi, рас па деймiн. Менi ұзатқалы жатыр. Жалғыз iлгек үмiтiм өзiңсiң, Асау. Егер тез келiп алып кетер болсаң, етегiңнен ұстауға дайынмын…». Училищеде оқып жүрген кезiм ғой. Қол қысқа. Не iстесем екен деп, Емеля досыма жүгiнейiн ақыл сұрап. «Сен немене, ақымақсың ба?» деп, ол өзiмдi мазақ қылсын… Содан берi Айшаны көрмеген ем. Уақыт зәлiм бiлдiрмей жүрiп адамды қалай өзгертедi десеңшi. Дүние жалған деген осы екен ғой. (Айшаға). Неге жүдеусiң? Бiр жерiң ауырмай ма?
Айша. Ауырсам, немене, емдеп алайын деп пе ең?
Асау. Жай, әшейiн сұрай салғаным ғой…
Айша. Затым салпы етек әйелмiн, жүдеу болмасам, құда түсейiн деп пе ең, о несi?..
Асау. Ендi көптен көрiспеген соң… Арада қаншама заманалар өттi…
Айша. Ұл – қызы аралас тоғыз баланың анасымын. Түр – ажары, күш – қуаты балаға кететiн әйел жазғаннан не сұрайсың сен…
Асау. О-о, Құдай берген екен де өздерiңе…
Айша. Шүкiр… Ал сенде ше? Бiздей емес, баланы қалай асыраймын деп қиналмайсың, қауқарлысың…
Асау. Жалғыз… қыз бала… Оның өзiн мойнымызға бұршақ салып жүрiп кештеу көрдiк…
Айша. Шахтер ақшаны көп тапқанмен, жарты өмiрi жер астында, жарты өмiрi ұйқымен өтедi деушi едi, рас болды ғой. Әйелiңе жөндеп қарай алмағансың ғой?
Асау. Қайдам, ол жағынан әйелдi ренжiткен жерiм жоқ секiлдi. Тек өзi аурушаңдау болып…
Айша. Төсекте белi қайыспаған әйел, бала табуға келгенде, тесiк жатыр болып шықты десейшi…
Асау. Қайтерсiң ендi, Алланың басқа жазғаны да… Бiздей емес, әйтеуiр өздерiң қатты қимылдапсыңдар… Шалың табыскер шығар?
Айша. Шал қайтпас сапарына аттанған… Сиыршы болатын. Жұрттан озбасақ та, көштен қалмайтынбыз. Әлгi бруцеллез дей ме, сиырдан жұққан дейдi, содан кеттi марқұм.
Асау. Алла артының қайырын берсiн.
Айша. Рахмет ниетiңе…Бұл да болса Алланың бүйрығы шығар сенi кездестiрген…Абырой – атағыңды сыртыңнан естiп жатамыз… Ал ендi балаларым iшiнде менiң ойлайтыным сүт кенжем Қайсарым. Осы балам қала көрсе, тiршiлiктiң кең өрiсiне шықса деп армандаушы ем. Он бiр жылдығын бiтiрген.
Асау. Шахтер болуға жараса…
Айша. Қайдам әйтеуiр, трактордың дөңгелегi ме, әр түрлi темiр – терсек көтерiп өз – өзiнен жұлқынады да жатады, қашан көрсең.
Асау. Онысы жақсы екен. Келсiн. Әуелi бiрер ай оқытып алармыз.
Айша. Мейлiң. «Етi сенiкi, сүйегi менiкi» дегендей, адам болатын жолға салып берсең болды да. Еңбегiң Құдайдан қайтар.
Асау. О, не дегенiң. Бiр – бiрiмiзге ықылас – пейiлiмiздi, еңбегiмiздi бұлдайтын адамдармыз ба бiз екеумiз… Мойындағы көп парыздың аз да болса бiреуiн өтеген болар ем. (Айша жымиып риза көңiлiн бiлдiредi. Асау онымен ақырын қоштасып вагонның келесi басына қарай жылжиды. Купе есiгiн тартады, жабық тұр.) Бәлi, аңқау басым- ай. Юра досым жалғыз емес. Қасында Фируза.. Үрiп ауызға салғандай татар келiншек. Қазақтың, татардың, башқұрттың сұлу қыз – келiншегi десе, өзiнiң орысына қарамайды, өлiп түседi. Мұндайға келгенде алдына жан салмайтын нағыз саппастың өзi… Мана екеуi перронда кездейсоқ танысқан. Фируза қалалық оқу бөлiмiнде есепшi екен. Безродновты сырттай жақсы бiлетiн көрiнедi. Қайсысының қандай есеп құрғаны бiр Құдайға ғана мәлiм. Әйтеуiр, бiр – бiрiне табанда тас кенеше жабысқан да қалған… (Вагон қабырғасындағы аспалы шайтан орындыққа отырады.) Бұл да өмiрдiң өзiнше бiр заңдылығы болар… Дос үшiн кейде осындай көр азапқа да шыдай тұруыңа тура келедi…
Қалғи бастайды. Вагондағы басқа жолаушылар да, iшiнде Айша да бар, көмескi жарықта жүздерi болар – болмас жылтырай бұлдырап, қалғып кеткен бәрi де. Радиодан ақырын сыңсып «Ахау, арман» әнi – «Жамандар жақсымын деп айқайлайды» орындалады… Купе есiгi ашылып, Фируза алды- артына қарамастан шыға жөнеледi. Безроднов мәз бола кұлiп, Асаудың қасына келедi.
Безроднов. Өзiнiң тiптi кеткiсi жоқ, асықтыруға тура келдi… Ал бiрақ талай кереметтi көрiп ем, соның iшiнде мына пәлең секстiң майын iшкен бе деп қалдым.
Асау. Атан түйеге бергiсiз тұлғаң бар. Жаншылып қалмады ма байғұс деп аяп жүрсем…
Безроднов. Қайдағы… Менiкi жай жалқаудың iсi болды. Кеудеме атша мiнiп – ап, көрсетпеген өнерi жоқ. (Юра қарқылдап күледi. Асау ақырын жымияды да қояды.) Сен де туысқаныңды тауып, бiр жасап қалдың – ау деймiн. Тетяң болар?
Асау. Жоқ, тағдыр қоспаған ғашығым.
Безроднов. Ладно, не бреши.
Асау. Оны сен де бiлесiң… Айша ғой.
Безроднов. Тоқтай тұр, тоқтай тұр… А- а… Сен оған үйленбек те болдың бiлем.
Асау. Алла жазбады ғой.
Безроднов. Оқасы жоқ. Үйленгенiңде мылжасы шығып, қолыңда кемпiр болып отырады екен. Ал сен, ого – го, әлi де қызға барар халдесiң.
Асау. Балалары көп екен. Жолдасы марқұм болып кетiптi. Көрген тауқымет азабы бiр басына жетерлiк жан ғой, оған не айып?.. Қайсар деген кенже ұлымды қасыңа ал, адам ғып баулы дейдi.
Безроднов. Несi бар, келсiн. Шахтада жұмыс жетедi… (Жартылай iшiлген арақ шишасын алып.) Давай, мынаны бөлiп iшейiк, ұйқы ашылсын…
Асау iшкi ой елесiнен сергидi. Өзiне – өзi келгендей.
Асау. «Күшiк асырап, ит еттiм, ол балтырымды қанатты»… Жарықтық, Абай – ай… Айтылмаған асыл сөз сенен қалған ба… Әсiлi, анасының жатырында жатып қағынған жалғыз Сымбат па?… Иман ше?.. Мен оны да бiр кезде қолынан жетектеп әкеп шахта жұмысына үйреттiм ғой… Менiң өзiм ше? Әкем Жантөре қайтыс болғанда, кiшi апам Жамал маңдайын қара тасқа соғып, аһ ұрып жалғыз қалған-ды. Мен оны жалғызсырамасын деп жаныма қамқорыма алып, мейiрiм көрсетпедiм бе?..Бiздiң үйге келген сайын Бәтжанның кiрпiдей жиырылған қабағынан жасқанып, iшкенi iрiң, жегенi желiм бола берген соң, ақыры жат бауыр боп суып кеттi… Осы бертiнде көз жұмды, жарықтық. Бiзден көңiлi әбден қалғаны сондай, хабарын кеш естiп, қабiрiне бiр уыс топырақ салуға да жарамадым… Партия айтса да, қатын айтса да көнгiш, боркемiк мiскiн болып кеткенбiз ғой… Бiр кезде пенде басында болса бiр-ақ рет болатын ұлы сезiм – махаббатымнан оп-оңай айрылғаным сияқты өзiме ең ет жақын туыстарымнан арамыздың алшақтап кетуi осындай жан баққан алдамшы түсiнiк – түйсiктiң кесiрi шығар. Апырмау, қазаққа тән ұлттық ар – ождан, обал – сауапты қай жерде, кiмге тонатып алғанбыз? Тоналып имансызданып кеткенiмiздi қалай байқамағанбыз?.. Я, я, солай, атымыз қазақ болғанмен затымыз басқа болып кетiптi. Ес жинасақ, кәне, түзеле алсақ, кәне… Жә, жә, Асау, өзiң асыраған күшiгiң Сымбат Көтбариш қапты екен деп, сонша неге жасисың?.. Безродновқа сiлтеп, әдейi өзi ойластырған қитұрқысы шығар? Қой, онан да айнымас кәрi достың алдынан тағы бiр өт… Өтейін…

5 – көрiнiс

Асау директордың қабылдау бөлмесiне келедi. Секретарь қыз кес – кестеп жолын бөгейдi.
Асау. Емельян Ненашевиш өзiнде болар?
Секретарь. Жоқ.
Асау. Әлгiнде ғана отыр едi ғой.
Секретарь. Әлгiнде отырса, қазiр жоқ. (Бiр тарақ қағаз ұсынады.)
Асау. Бұны не iсте дейсiң маған?
Секретарь. Қолыңызды қойыңыз.
Асау. Не үшiн? Не қағаз өзi?
Секретарь. Бұйрық! Пенсияға шығарылды, жұмыстан босатылды деген бұйрық.
Асау (үнтаспа). Е, бастық хатшысын жылда өзгертедi және кiлең азиаттардан таңдайды дейтiн жұрт сөзi тегiн болмады ғой… Мәлiм болды.
Жылтыраған бетi мен ыстық құшағынан басқа түгi жоқ осындай сорлыларды есiгiнiң аузында үргiзiп қойып, қаласа бiр мезгiл төсегi етiп, өмiрдегi әлсiздерге жасар өктемдiгiнiң бiр қаруына айналдырып алған екен ғой. Мәлiм болды…
Секретарь. Қолыңызды тезiрек қойыңыз. Уақытым жоқ, әр сөздi ежiктеп шайнап берiп тұратын… (Асау қағазға қолын қойып, үн – түнсiз шығып жүре бередi. Бiртүрлi мәңгiрiп қалғандай. Шахтер монументi жанына келедi. Жаңа көргендей ойлана қарайды.)
Асау. Бұрын қалай аңғармағам, бәтiр – ау. «Iшкенге мәз, жегенге тоқ» парықсыздықпен көз алдымда түрғанды танымай, естiгендi ұқпай, ештеңеге мән берместен соқыр кеуделенiп жүре берiппiн ғой… Тұрыстарын қарашы мыналардың. Бар байлықтан қазаққа бұйырғаны – бiр уыс шөкiм. Бар болғаны бiр уыс шөкiм… Қиқым…
Мен Безродновтың өзiме деген адал достығына Құдайдай сенген ем. Ал ол басыма мынадай қиын – қыстау iс түскенде сүйенiш бола алмайтынын көрсеттi, терiс айналды. Айнала берiп, жанды өзегiме бойлатып қанжар салды. Себебi, ол менi өзiне тең санамайды екен… (Көше бойлап жүрiп келедi.) Есiктен кiрiп төр менiкi дегенi ме?.. Олай болса, көрейiн мен сенiң әуселеңдi! Төрелiгiн партия айтсын! (Обкомға кiрмек болады, милиционер тоқтатады.)
Милиционер. Омыраулап, ентелеп қайда барасыз?
Асау. Қайда емес, Бiрiншiге! Бiрiншiнiң өзiне!!
Милиционер. Аты – жөнiңiз?
Асау. Асау Қасқырбаев.
Милиционер (әлдебiр қағазына қарап). Кездесуге шақырылғандардың iшiнде мұндай фамилия жоқ. Оның үстiне бүгiнгі күн арызқойларды қабылдайтын күн емес.
Асау. Шырағым, сен өзi менi кiм деп тұрсың?!. Мен Асау Қасқырбаевпын! Социалистiк Еңбек Ерiмiн! Мемлекеттiк сыйлықтың лауреатымын! Депутатпын!!! Бүкiл Советтер Одағы бiлгенде, көзiңдi шел басты ма, сен нағып танымай тұрсың мені, а?!
Милиционер. Не надо пугать меня своими погремушками! Я нахожусь на посту. Я делаю то, что мне велено… Уходите прочь!.. (Асау ақырын Ленин ескерткiшiне қарай жүредi.)
Асау. Осы жасымның iшiнде Совет халқы дегендi жиi айтсам да, қазақ халқы дегенге көңiл тоқтатпай келген екем. Иә, бәсе, қазақ халқы дегеніміз кiм?.. Ол, сiрә, мына мен шығармын… Иә, менмiн! Менмін! Мен қазақ халқымын… Ендеше, бұл қалай?.. Осы уақытқа дейiн өзiмдi iрi, дүр санап жүрдiм. Омырауыма сылдырлатып орден таққанға, депутат сайлап қоқитып жиналыс төріне шығарғанға жас баладай малданып мәз болдым. О-о, сорым, басымда еркiндiк бар, сөзiмде құн бар деп жүргенiм құр босқа мардымсу екен ғой… Мен, лауреат, депутат деген дардай атақтары бар мына мен, жазықсыз жапа шегіп жатқан бейкүнә балаларыма араша түсе алмай осыншалық шарасыз пұшайман халде түскен болсам, тап қазір басына мендей күн туған басқа қай қазақтың айдарынан жел ескендей… Бұ жарық дүниенiң жалғанында сорлы қазаққа күштiнiң ығын есiп, жайылып жастық, иiлiп төсек болғаннан басқа жол қалмағаны ма шынымен?..
Қасынан КГБ- ның қара машинасы өтiп бара жатады. Машинаның алақандай терезесiнен Қайсар мен Әсемнiң жүздерi көрiнедi. Олар мұны, бұл оларды байқайды.
Әсем. Көке! Жаным көке, қош!.. Көке…
Қайсар. Аға, ағатай, жүнжiмеңiз! Алдан арайлап атып жарық таң келедi. Қажымаңыз!!
Асау (ұмтыла түсiп). Құлындарым… Құлындарым… Жазықсыздарым… Ағарып атқан аппақ таңдай кiршiксiз уыздарым… Арашаға жарамадым мен… Кешiрiңдер… кешiрiңдер менi… Тұлыпқа мөңiреген сиырдай алданып келген сорлы әкелерiңдi… (Машина өтiп кетедi. Асау Ленин ескерткiшiнiң қасына келедi.) Тұрсың ба?.. Немене, басыңа қарға тышып кеткен бе? Жылағанбысың, бетiң ит жалағандай екен… Иә, сен де бақытсызсың… Мен де бақытсызбын… Бiрақ… менiң саған қарағанда жағдайым тәуiрлеу… Әлде қайда тәуiр! (Омырауындағы орден, медальдарын бытырлата сыпырып алып, ескерткiштiң аяғының астына лақтырады.) Мә, ал өзiң! Басыңа шайнап жақ! Осы шылдырмақ – сылдырмақтарды да әдейi аярлықпен ойлап таптыңдар ғой, адамдар арасында күндестiк қызғаныш туғызып, iрiткi салу үшiн. Бiрiн – бiрiне айтақтап қойып, ортадан төрелiк құрып, оп – оңай билеп – төстеу үшiн. Әйтпесе, менiң басқа шахтердан қай жерiм артық? Мен қазған көмiрдi олар да қазды… Солай, Ленин жолдас, «тiрiлердiң тiрiсi» деп көптiрткенмен, сен ендi бұдан былай тiршiлiк ағымын бiр кезде өзiң өлшеп – пiшкен қалабыңда сақтап тұра алмайсың… Сендер орнатқан қапастардың есік, терезесі қиратылады, қабырғасы сөгіледі. Қайсар ұлым, Әсем қызым арайлап жаңа таң атып, жарқырап жаңа күн шығады деді… Жастарымыз оянған екен ғой. Намыстарын қайраған екен ғой. Иә, Ленин жолдас, солай, бұдан былай тiршiлiк ағымын бiр кезде өзiң өлшеп – пiшкен қалабыңда сақтап тұра алмайсың сен… «Тірілердің тірісі» деп қанша дабырайтқанмен демің жоқ, құлатса пәрша-пәршаң шығып күл боп қирап қалатын құр жансыз қара тассың. Ал менің, шүкiр, кеудемде жаным бар ғой, намысым бар ғой, мен адаммын ғой… Адаммын! Кезегін күткен қазақпын!! Мен қазақпын!!! Ендігі кезек менікі!

Соңы

Өтен Ахмет

«Қасым» порталы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика