Өркениетке апаратын жол: жаңа әліпби

22 Қараша 2017

Қарағанды қаласындағы Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының базасында «Латын әліпбиіне көшу – тілім үшін жасалған игі қадам» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Қазіргі Қазақстан қоғамында орын алып жатқан елеулі өзгеріс сарапқа салынған жиынға «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ аға оқытушысы К.Смагулова, «Болашақ» академиясының доценті Бабашов Азат Мақсұтбекұлы, оқытушы-ғалымдар, ардагер ұстаздар және мұғалімдер, сондай-ақ жоғары сынып оқушылары қатысты.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – қазақ тілінің латын әліпбиіне көшірілуі туралы Елбасы жолдауына қолдау көрсету, латын әліпбиіне көшудің өзектілігін жас ұрпаққа насихаттау.

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бізге не береді? Бұл бастаманың ұтымды тұстары қандай? Көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдардың жауабын «Болашақ» академиясының доценті Азат Бабашов өзінің баяндамасына беріп өтті. Тіл маманының айтуынша, бұл реформаның өзектілігі тым жоғары. Біз осы өзгерістерге көшу арқылы тіл тазалығының сақталып қалуына жол ашамыз. Өйткені қазіргі қолданыстағы кирил әліпбиі қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін толық қанағаттандыра алмайды.

Бұдан бөлек семинарға қатысушылардың дені латын графикасының ұлт болашағы үшін құндылық екенін талқылап, ұстаздар мен оқушылар жаңа әліпбидің мемлекет болашағын өркениетке апаруға жол ашатындығына тоқталды. Ең алдымен латын графикасы заманауи технологияның тілін оңай меңгеруге жол ашпақ. Әрі Қазақстанның жаһандану заманында әлемнің бәсекеге қабілетті елдерінің сапынан көрінуіне де үлкен мүмкіндіктер туындайды. Ең бастысы – тамыры мен тарихи бір түркі әлеміне бір табан болса да жақындай түсеміз. Бұл ежелден бері қонысы ажырамай, салты мен тілі ұқсас болып келетін халықтардың арасындағы рухани байланыстың нығая түсуіне жол ашады.

БАИ аға оқытушысы К.Смагулова өз сөзінде жаңа әліпбидің түркі және жаһандық әлеммен ықпалдасуға, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашатындығына назар аударды. Ал ардагер ұстаз Тауықбаева Бәтіш Мұқатайқызы тәуелсіз рухтағы қазақ жастарының ұлтын сүйетін ұрпақ болып қалыптасуына жаңа әліпбидің тигізер пайдасы маңызды екендігін айтты.

Дөңгелек үстел мектеп ұстаздарына және шәкірттерге құнды мағлұмат беретін кездесу болды.

Смагулова Казиза,

тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру кафедрасының аға оқытушысы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика