«Оралманға» жауап

20 Мамыр 2018

Бұл хат, осыдан біраз уақыт бұрын елге деген сағынышын жылап тұрып жырлаған Өмірұзақ Батырғазы бауырыма жазылды.

«Қолда барда-алтынның қадірі жоқ».  Аяғымыздың астында жатқан жерге нендей сезіммен біз қараймыз, нендей сезімде қандастарымыз қарайды? Туған елдің қадірін біз, әсте, сен секілді жетік біле бермейміз, байыбына бойламаймыз, таңын сендей шарқ ұра қарсы ала алмаймыз. Бұл мақала тек сөздер тізбегі ғана емес,түбіне барлай білгенге ғасырдың шері, мыңның мұны бары тайға таңба басқандай көрініп тұр. Мен Шыңжаң қазақтарының қыспаққа кептелгенін білсемде, бір пенденің жүрегіне осынша сағыныш, мұң сияды деп ойламаған да екенмін. Жүзінде күлкі тұра санасының түкпірінде Отанға деген мәңгі өшпес маxаббаттың барлығын, тамақ қуысына тығылған елім деген жылымық өксіктің барын аңғарсам да, менің сезінгенім әлдеқайта ұсақтау дүние. Сендегі бауырыммен құшақ кере жүздесіп, амандық сұрассам деген алып арманның маздағанын байқасам да, туған елдің таңын өз жерімде тұрып, еркін керілсем деген көксеудің бар екендігін мойындасам да сенікіндей сезіммен құша көрмеген екенмін. Сенің жөнің-ерек, жолың-өзге бауырым. Себебі сенің мойыныңда ата-анаңның не ауылдың жүгі емес, сенің мойыныңа артылған жүк елім деп емешегі үзілген, Қазақстан деп шартарапқа шарқ ұрған мыңдаған пенденің, тұтас бір ұлттың алып арманы, ғұмырлық талпынысы, көкірегін қарс айырған, үкілеген үміті екенін сен менен жақсы білесің. Білесің де түсінесің. Қаракөздің, дүниенің түкпір-түкпіріне құмалақтай шашылған қазақтың, кеудесінде атамекен деген титтей де болсын үн бар әр пенденің ендігі сенері сен секілді серкелер дағы. Сол дүйімнің зұлмат сағынышы, елге оралсам деген орасаң мақсаты сенің еншіңде. Сен саған сенген, сендейлерге сенген ұл-қыздарымыздың отын маздатуға міндеттісің. Міндеттісің дағы мүдделісің. Себебі сен-азат көкте қанатын барынша кең жаюға құқылы қырансың. Санасының бір бұрышында ұлттық руx қоныс тепкен дариядай талабы бар құйттай жастардың алдындағы шамшырағысың. Сен – бағыт сілтеушісің. Біз сені лайым қостар, кез-келген уақытта арқа сүйерлік сенімді де руxты серілерден сұрыпталған бөрілі байрақтың астына жиылған тобырды нық ұстап тұрар тірегің болуға серт етіскен ағалы-інілі бір шаңырақтың ұл-қыздарымыз. Сенің жан айқайыңды оқығанның сай-сүйегі сырқырары xақ.  Ал түсінгеннің тамыры иіп, жүрегін жылы жас жумалары тағы бар. «Оралмандарды» жатсынғандардың тамағына құм құйылғаны анық. Ел үміті – сен, мен, біз.

Арлан


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика