Өлімнен қорықпайтын Филипп

9 Қараша 2018

«Адам құстай ұшатын болады» деп айтқанды ақымақ санадық. Ақылға сыймайтын дүние болып келді. Бірақ ұштық. «Оңтүстік пен солтүстік, батыс пен шығыс бір-бірімен еркін тілдеседі» дегенге де сенбедік. Қазір жай ғана нәрсе болып қалды. Дегенмен тағы біреу «қиял шындыққа айналады» десе, әлі де сенбейміз. «Мұны айтқан адамның орны – жындыхана» деп ат-тонымызды ала қашамыз. «Адам сым арқан (тросс) керіп, бір ғимараттың төбесінен екінші ғимараттың төбесіне ешкімнің көмегінсіз еркін жете алады» десем, нанасыз ба? «Мүмкін емес» дейсіз. Адамда қиял мен жігер болса, бәрі де мүмкін екен…
Бізді тежейтін – қорқыныш пен сенімсіздік. Ал үрей деген – жоқ нәрсе. Сылтау. «Жасаймын» дегеннен «қорқамын» деген жеңілірек. Көпірден өтуге қорқып тұрған адамның артынан ит жіберіп көріңізші. Не істер екен?! Бір емес, жүз көпірден өтіп кетеді. Инстинкт. Бір қорқыныштың арқасында бір қорқынышты жеңеді. Қорқыныш – адам қиялының жемісі. Шынтуайтына келгенде, түкке тұрғысыз нәрсе. Жігерімізді құм қылатын да – осы. Қорқыныш, сенімсіздік пен өлімді білмейтін адамдар бар. Солардың бірі әрі бірегейі – Филипп Пети. «Жүрек жұтқандардың бірі кім?» десе, соның есімін атар едім. 1974 жылы 400 метрлік Әлемдік сауда орталығының солтүстік және оңтүстік егіз ғимаратын сым арқан арқылы өткен адам. Көкті жер, жерді көк деп білетін жан. Ол кім? Адам ба өзі?
Ол – ешқандай цирк әртісі емес. Сым арқанмен өту – өмірі. Басты ереже – өлім туралы ойламау. Мұқағалидың «өлемін деп қарамау» дейтіні бар ғой. Филипптің ойы да солай. Биікті бағындырмас бұрын талай сыннан өтті. Өнерін көшеде көрсетіп жүреді. Сүрінген кездері де болған. Бірақ мойымады. Алғашқы биіктік – Француз Құдай анасы ғимараты. Филипптің жасағаны заңсыз, негізі. Түрмеге қамайды, айыппұл салады. Жазасын да алды. Түн уағында барлығын даярлап, таң атқанда сым арқанмен өтетін болған. Жұрт таң-тамаша. «Полиция достары» ескерту жасайды. Бұл болса, сым арқанның үстінде отырады, жатады, демалады. Сонымен, қойылым тәмамдалады. Егіз ғимаратты бағындыру идеясы қайдан туды? Бір күні журналдан «Эйфель мұнарасынан да биік егіз ғимарат бой көтереді» деген хабарламаны оқиды.
Осыдан кейін «мен осыны бағындыруым керек» деген мақсат қояды.
Не үшін? Халықтың көңілін көтеру үшін бе? Жоқ. Қорқыныш дегеннің жоқ екенін дәлелдеу үшін. «Адамға табын, Жер, енді» (Олжас)… Былай қарасаң, Филипптің әрекеті – жынды адамның қылығы. Дені дұрыс адам мұндай тәуекелге бара ма? Бір ғана қателесу жетіп жатыр. Соңы – өлім. Әлде өлім жер бетінде мұндай адамның барын ұмытып кетті ме?
…1974 жыл. Егіз ғимарат бой көтерді. Бірақ толық салынбаған. Бұл хабарды ести сала Америкаға бет алады. Ғимараттың үстіне мініп өте салмайды ғой. Зерттейді. Мұндай әрекеттің заңға қайшы екенін айттық. Ешкім оған рұқсат бермейді. Биікке шығудың амалын іздеу керек. Филипп айтқанынан қайтпайды. Жоспар керек. Жақтастарын жинайды. Әлемдік сауда орталығында жұмыс істейтін адамды да табады. Жалған рұқсат қағазына қол жеткізеді. Салмағы 200 келі сым арқан мен керек-жарақ заттарды ғимараттың төбесіне жеткізу керек. Түрлі амал-тәсіл арқылы мақсатына жетеді.
Тамыз айының алтысы. Түн. Таң атқанда сым арқан арқылы келесі ғимаратқа өту жоспары бар. Бірақ бәрі ойлағандай емес. Екі жүз келілік сым арқанды орнатып жатқан кезде, онысы төменге түсіп кетеді. Алып алтыбақан құсап тұра қалады.
Жігерін құм қылмады. Кері қайтар жол жоқ. Күші жеткенше, сым арқанды көтереді. Шыңыраудан су тартқандай. Әупірімдеп жүріп таң алдында бітеді. Ұйқы көрмегені былай тұрсын, түні бойы сым арқан көтергені бар. Алда өмірлік мақсаты тұр. Әлі таусылды дейсіз ғой. Жоқ, бұл сынақ мұны қайта жігерлендіре түседі. Бір аяғы сым арқанда, бір аяғы шатырда. Алғашқы қадам.
Бұл туралы жақтастары кейіннен: «Басында оның жүзінен қырағылық байқалды. Бірақ бірнеше қадамнан кейін жүзіне күлкі үйірілді», – деген. Шын айтам, сау адам емес. Ешбір ережені көзге ілмейді. Құдды бір қанат біткендей. Ұшып келеді. Мәреге де жетті. Осымен бітті деп ойлайсыз ба? Мұның тоқтайтын түрі жоқ. Келген жеріне қайтып барады. Басты мақсат ар жақтан бер жаққа өту емес пе еді? Мынаның жасап отырғаны не? Әртіс ешқашан төмен қарамауы керек. Мұны құлаққа ілген Филипп бар ма? Малдас құрып, жиналып қалған жұртқа қарайды. Әсері қандай екенін өзінен басқа ешкім білмейді. Орнынан тұрып, иіліп амандасады. Арқасын бері қаратып, көкке қарайды. Ежелгі «достарының» ескертуі де бұйым болмай қалады. Қайта орнынан тұрып, полицейлер жаққа қарай жүреді де, біраз барып қайта бұрылып кетеді. Тағы да соны қайталайды. Филипп Пети бас-аяғы 45 минутта екі аралыққа сегіз мәрте қатынаған екен. Мұның бәрін жақтастары таспаға түсіріп алған.
4533Құқық қорғаушылар қаһарманды құрықтайды. Турасын айтқанда, өзі бағынады. Барлығының көкейінде бір ғана сұрақ: «Не үшін?». Ол болса жымияды… Нәтижесінде сот оны босатып: «Нью-Йорк Орталық саябағында балаларға тегін өнер көрсетесің», – дейді. Қуана келіседі.
Егіз мұнара. Осы ғимаратты құдды бір Филипп үшін салғандай. Одан кейін кім бағындырары беймәлім. Бір білетінім – Филипптің әрекетін ешкім қайталай алмайды. Қайталау үшін ақылды жынды болып туылуы керек. Филипп – биіктіктің аласа, қорқыныштың қуаныш, өлімнің өмір екенін дәлелдеген адамдардың бір ғана мысалы. Филипптің ерлігіне таңданамыз. Өзге әлемнің көзімен қарасақ – күлкілі. «Мұны да ерлік дейді ғой» деп мысқылдайды олар. Біз үшін бұл – құдірет. Мүмкіндігіміз шексіз. Тек ақылымызды шектеп қойғанымыз болмаса…
«Менің қолымнан келмейді» дейтініміз несі екен? Сылтау тағы. Жатқан адам ғана сүрінбейді. «Бірдеңе істеу керек» дегеннің айналасынан шыға алмаймыз. Бір шығармасында: Жанболат Баймұрынов: «Пендеден туып, пенделік ғұмыр кешкен соң, оған тән жайттардың бәрі де жат болмақ емес», – депті. Филипптің жасағанында да ешқандай құдірет жоқ. Бар болғаны қорқыныштың жоқ екенін дәлелдеді. Тек біздің әлі көзіміз жеткен жоқ. Бойымызды үрей билеп алған. Адамнан адам қорыққан деген не сұмдық?! Әбіш Кекілбаев: «Қан жұқпаған қанжардан не пәтуа, қан жұтпаған еркектен не пәтуа, қаймықтырмаған қаһардан не пәтуа?» – дейді. Өмір бір-ақ рет беріледі. Біз онда неге қорқуымыз керек? Бірақ Конфуций былай депті: «Асқан даналық пен асқынған ақымақтықты түзете алмайсың». Ірілік ұсақтықтан басталмайды. Ұсақтық ірілікке айналмайды. Шота Руставелидің «Витязь в тигровой шкуре» атты поэмасында мынадай жолдар бар:
«Кто два-три стишка скропает, тот, конечно, не творец.
Пусть себя он не считает покорителем сердец.
Ведь иной, придумав глупость, свяжет рифмою конец
И твердит, как мул упрямый: «Вот искусства образец!»
Небольшой стишок – творенье стихотворца небольшого,
Не захватывает сердца незначительное слово.
Это жалкий лук в ручонках у стрелочка молодого:
Крупных он зверей боится, бьет зверушек бестолково».
Сонда ірілік неден туындайды екен? Қорқыныштың жоқтығынан. Сенімнің беріктігінен. Ал сенім қандай жағдайда берік болады? Ғамзатов жырлағандай:
«И вера может рухнуть, шах,
Когда нет твердости в основе».
Тамырың болмаса неғайбыл. Ақыл – шам, керек оған, май мен білте (Ақан сері). Берген ақылды дұрыс пайдалану – сауап. Базар жырау қалай керемет айтқан:
«Әуеде ұшқан көк шулан,
Әуезі төмен аққудан», – деп.
Шын әнші – қуыста да әнші, шын шебер – қолсыз да шебер.

Ерболат ҚУАТБЕК


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика