Оқырманның назарына түсе бермейтін үздік өлеңдер

15 ноября 2019

Қадірменді Qasym.kz ақпараттық-танымдық порталының оқырмандары, назарларыңызға қазақ поэзиясының үздік өлеңдерін ұсынып отырмыз. Бұл жарияланымда әдеби ортаға белігілі болғанмен көп оқырман біле бермейтін қуатты жырларды жинақтадық.  Аты көп атала бермейтін үздік ақындардың өлеңдерін келер күндері де жариялаймыз. 

 

 


Әділ Ботпанов

Ақтарылу

Мен өлең жаза білмеймін. Бірақ анда-санда белгісіз бір күштің жүйкеме тат басқан темір инені сұғып-сұғып алатыны өтірік емес. Сондайда, сана түкпірінде сандырақ пайда болады. Сан-ды-рақ… Мен оны «Тәңіріммен тілдесуім» деп атаймын. Ренжи көрмеңіз. Олай дейтінім, түптеп келгенде, менің Тәңірімнің Сіздің, Оның, Олардың Тәңірінен мүлдем бөлек болуы мүмкін ғой…

Менің кеудем — менің ұлы мешітім,
Мешітіме мұң бере көр, құдайым.
Құзырыңды қабырғаммен есітіп,
Мұң артынан нұр көргенше жылайын.

Нұр көрейін, жыр жазайын, мешеу күз,
Көкіректен көкке шапшып шығардай.
Тақ пен тәжге таласардай екеуміз,
Кімді кімнің жаратқанын ұға алмай.

Менің рухым — менің жетім тайлағым,
Өскен сенің тылсымыңа құмар боп.
Тайлағымды топтан ерек байладым,
Жетімдігі шын бақыты шығар деп.

Рухым — дертім. Құпиямды ашам бар,
(Болмас, сірә, мұнан асқан шынайы үн)
Табысыңдар, жұлдыздан жыр жасаңдар,
Сен де жалғыз, ол да жалғыз, құдайым.

Менің миым — мәңгі өлеңнің моласы,
Түнегінен таң шапағын таратқан.
Мүрде болған мәңгі өлеңді жолы асыл,
Сен болмасаң кім тірілтер, жаратқан?.. …

Көгіңнен түс, кел, кел маған, Құдайым,
Сені көріп, өзімді аяп жылайын…

 


Серік Томанов:

ТЕРЕКТІҢ ШЕШІМІ

 

Мен – терекпiн,

Тоналып тозған бүгiн.

Күзi жеткен жайдары жаздан бұрын.

Tipi өлiктей түнерiп тұрғанша бұл,

Қопарыла құлайын қозғал, дiңiм!

 

Қозғал, дiңiм,

Қинама, құлат мені.

Ұзынымнан түсейiн сұлап кері,

Мазалауын қоймай тұр мына бiр жел,

Бiтпеген бе, бәтшағар сынап тегі.

 

Қозғал, дiңiм,

Құлайын жаңқаланып,

Күн кешкенше, құр бекер қаңқа бағып.

Қарық болсын қысқы отын табылды деп,

Қожайыным қолына балтаны алып.

 

Қозғал, дiңiм,

Қалған жоқ, таңданар түк,

Қашанғы тұрам саған салмақ артып.

Сүйретiліп құр сүлде күн кешкенше,

Жалын болып лапылдап жанған артық!


Тоқаш Бердияров

БІР УЫС ЫСТЫҚ ҚАР

Ех, жастық-ай,
Өкініш-ай!
Қайтемін?!
О кезде мен- жігіт едім, мәрт едім,
Терегі мол,
Сонау қала шетінде-
Тұрдым жалдап бір кемпірдің пәтерін.

Бұлаңдаған түлкіге ұқсап қырмызы,
Өмір деген дастан екен бір қызық!
Жанарынан көз жас емес нұр тамған,
Сол кемпірдің болатын-ды бір қызы.

Тұлымшағын иіскеп, сүйіп жай ғана,
Бүлдіршінін «Нәдөк» дейтін кейуана.
(Кейін білдім… Нағима екен «Нәдөгі»),
Өз перзентін еркелетпес қай Ана?!

Әзілдесіп, жүрегімді жағалап,
Нәдөгім-ай, жүрді-ау мені ағалап.
Ұмар-жұмар қар үстінде аунасып,
Кейде біздің кетеріміз жаман-ақ!

Ойын-күлкі лезде жанға дариды, ә..
Жаcтық дәурен өтті-ау, шіркін, дариға!
Күннен-күнге көйлек түртіп томпағы.
Лала гүлдей бал-бұл жанды Нағима.

«Жай оқушы қызы ғой»,- деп мектептің,
Нағиманы жүрегімнен шеттеттім.
Көп сыр маған айтқан екен қылығы,
Аңғалдық-ай!
Жүрді дейсің ептеп кім?!

Қызық-қызық түстер көріп бір түрлі,
Шырт ұйқыда жатыр едім бір күні.
Тұла бойым мұздап кетті,
Ояндым-
Естідім де сықылық атқан күлкіні.

Күліп жатыр,
Нәдөкте жоқ қысылыс,
Жасағандай өзінше бір қызық іс.
Еркелеген елігім-ай, қайтейін,
Қойыныма қар тығыпты бір уыс…

…Тағдырымның кермек дәмін көп көріп,
Жалғыздықты жүрдім бастан өткеріп.
Сол Нәдөктің тыққан қары қойныма,
Қазір мені мазалайды от болып.

 

 


Серік САҒЫНТАЙ:

Тас кітап
(М. Б.-ға)

Достарым қайтыс болған таныс-жақындарының басына қоятын тасқа өлең шығарып беруімді жиі өтінеді. Айына төрт-бес көктасқа жазатын болдық өлеңді…

Бір адам өткен күні бұл өмірден,
Бір жұлдыз аққан күні түн өңірден.
Қайғының сызы есіп іреңімнен,
Мен-дағы «жыр жазамын» жүрегімнен.

Бір мола орнағанда жоталанып,
Жыр жазып отырамын қапаланып.
Баспада шықпай жатқан өлеңді ойлап,
Жылағым келеді ылғи жата қалып!

Қайтерміз, шығар кітап — бір шығады,
Жүректе тек көктесін жыр шынары.
Өлеңі де шәйірдің таусылмайды-ау,
Қайғы деген сұм қашан тұншығады!

Сол қайғымен шулатса мола жақты ел,
Шер емген жүрегімді аралап көр.
Молалы сай-саланы саралап кел.
Төсінде сары даланың қалың қорым,
Зарлы жырды танысаң, маған ап кел.

Маған ап кел, салмағын бағалап бер,
Шабыт деген шайқыны шамалап көр.
Менің шерлі жүрегім жұлым-жұлым,
Қазанама тізетін қара дәптер.

Қара дәптер, қара ән, қаралы жыр,
Қоршап қамап тастаған даланы бұл.
Таспен бірге жүрекке жара қашап,
Мұңға көміп жылыстап барады жыл.

Қаралы жыр молаға достай болған,
Тоныкөктей шер шерткен жастай жалған.
Мола бағып жапанда тұрсыңдар-ау,
Қайран менің жырларым тасқа айналған!
Қайран менің жырларым тасқа айналған…

 

Бақытжан АЛДИЯР

Орыс тілі апай
(баллада)

Тумай жатып бәрін білген бәленің,
Бәтеңкесін теріс киген бала едім.
Өзіме тән бар болатын дүнием,
Өзіме тән бар болатын әлемім.

Тіршіліктің тауып жүрген есебін,
Тірі жанның бәрімен де дос едім.
Шаңын қағып жүретінмін көшенің,
Көршіміздің ұрлап мініп есегін.

Ұқсамаса ұқсамасын жорғаға,
Екеумізді шақыратын жол ғана.
Есениннің жатқа оқитын өлеңін,
Есегіне теріс мінген сол бала.

…Қара шашы секілденген қара түн,
Былайғы жұрт біле бермес көп атын,
Сол ауылда әрі әдемі, әрі жас,
«Орыс тілі» апайымыз болатын.

Жүрегіне қадалғандай сан ине,
Мұңлы көзбен қарайтын ол фәниге.
Өзіне сай бар еді ішкі есебі,
Өсегі де таусылмайтын әрине.

«Аңғал қыз-ай, алданған ғой» десе ауыл,
Сол кездегі аңқау бала, асау ұл,
«Кім алдайды, неге алдайды, неге деп
Ойға батып кететінмін неше ауыр.

Бала қыздай кей мінезі күлкілі,
Иіссудің бар еді онда түр-түрі.
Көп ойланып апайыма содан мен
«Ғашықпын» деп өлең жаздым бір күні.

Алшысынан түсті деп ем асығым,
Ертеңіне сабақтан соң жасырын,
Іштен жауып мұғалімдер бөлмесін,
Мені оңаша алып қалды «ғашығым».

Сосын…
Сосын көзбен қарап сәл мәнсіз,
Бауырына басып мені қорғансыз,
«Баласың ғой, не білесің?-деді де,
Ағыл-тегіл жылады-ай бір армансыз.

Жылады-ай бір, жылады-ай бір жанымен,
Жүрегінен жас боп аққан қанымен.
Сондағыдай мұңға толы қарасты
Ешкімнен де көргенім жоқ әлі мен.

Жан-жағымнан соққандай-ақ сан дауыл,
Бәрінен де осы қарас болды ауыр.
Содан кейін ешкім көрген жоқ оны,
«Орыс тілі» апайынсыз қалды ауыл.

Мен білмеймін қайда екенін, мекенін,
Оны ойласам мұңға батып кетемін.
Бір он жасқа есейдім мен сол күні,
Сонда ұқтым мен ғашықтықтың не екенін.

Солай, досым, кімге ұстатсын қасқа-арман?
Әр тағдырда бір құпия астар, мән.
Осылайша менің алғаш өлеңім
Махаббаттан соққы жеуден басталған.

 

 

 

 

Qasym.kz

Ерік НАРЫН


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика