Оқырманның назарына түсе бермейтін үздік өлеңдер

19 ноября 2019

 

Әділ Ботпанов

Әумин деңіз

Мынау өлең —
Бұйырып Хақ жазаға,
Қойыны толып азаға,
Шәһит болған шаһарларға — жаназа…

Мынау өлең —
Ада болып арманы,
Арам өліп ардағы,
Ақшелденген аларып
Жанарлардың маржаны.

Мынау өлең —
Алмас тіліп гүл-өңін,
Арқан қиып білегін,
Дұшпан елге күң болған
Арулардың айтсам дейді тілегін.

Мынау өлең —
Болмай сол тұс тоқтауы,
Жалмап кеткен от-жауы,
Мешіттердің,
Мешіттердің жоқтауы.

Мынау өлең —
Емдеп елдің жүрегін,
Серпіп тастап түнегін,
Шәһит болған шаһарларды түлетер
Ұл туса дер тілегім…

Көңіліңізге орнар болса жырым нық,
Санаңызға артар болса сырым жүк,
Осы өлеңді оқып болып, ағайын,
Әумин деңіз ырым қып.

 

Дәуітәлі Стамбеков

Бөлтірік

Кіп-кішкене бөлтірікті ұрадан ?
Алып келді біздің үйге бір адам.
Сыйға тартты шын қызықты біздерге,
Сол сыйлығы бәрімізге ұнаған.

Бірте-бірте бөлтірікте өзінің
Кетті ұмытып бөрілік бір сезімін.
Шөп қорада ойнап жүріп бір күні
Көзі түсті жанарына қозының.

О, ғажап-ай, тұрып қалды таңданып,
Есі кетіп,
Көзі жанып,
Жанданып!
Содан кейін жалт бұрылып, жоқ болды,
Бұл қорада жүргеніне арланып.

Жарасқан Әбдіраш

ТЫҢДА МЕНІ

Тыңда менің жүрегімді, ақылдым,
жүрегімнің садағасы сөз деген…
Мен өмірге бір-ақ келген ақынмын,
неге мені теңейсің сен өзгемен?!

Бұл сырымды қашан сенен бүгіппін?
Біле-білсең, біреуге ұқсап жүру сын.
Мен өмірге бір-ақ келген жігітпін,
сен өмірге бір-ақ келген сұлусың!

Болар едім қасарыспай келіскен,
қас шындықтан қалай ғана танармын?
Сен өзгеге ұқсамайсың, періштем,
Мен өзгеге ұқсамайтын адаммын!..

Қайталанбас үнін қосқан құсқа сан,
табиғаттың жалғыз-жалғыз жырымыз!
Сен өзгеге, мен өзгеге ұқсасам,
табар ма едік бірімізді біріміз?!


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика