«Өкінбеу» философиясы

15 Маусым 2018

Өкінбеу философиясыӘдебиет дегеніміз психологиялық және тарихи материал ғана емес, ол сонымен қатар өзіндік интеллектуалдық қуат. Оны ғасырдан ғасырға аман-есен жеткізетін де сол қуат. Ал оның бұл қасиеті өзіндік тілдік және үйлесімділік математикасы арқылы мүмкін болады. Сөздердің шумақ ішінде бірін-бірі теңдестіруі шебер математикалық жолмен қиюласқанда оқырман өлеңнен сөздік ұйқас іздемейді де. Өйткені бұл жерде сөздің ұйқасы емес, ырғақтық ұйқас белсенділік алады. Ал ырғақтық ұйқасты мүмкін ететін математикалық ұйқас. Математика дегеніміз, ең қарапайым тілмен айтқанда, шым-шытырық ішкі жолдар арқылы үйлесу емес пе?

Тоғай, тоғай, тоғай су,
Тоғай қондым, өкінбен.
Толғамалы ала балта қолға алып,
Топ бастадым, өкінбен.

Доспамбеттің біз мысалға алып отырған осы өлеңінің жолдарында математикалық белсенділік арқылы дыбыстық-мазмұндық теңдеу құрылып, «өкінбен» сөзі теңдеудің шешімінің қызметінде тұр. Егер де өлеңнен «өкінбенді» алып тастап оқысақ, былай болып шығады:
Тоғай, тоғай, тоғай су,
Тоғай қондым,
Толғамалы ала балта қолға алып,
Топ бастадым.

Яғни, ешқандай сөздік ұйқас жоқ және «тоғай қонғандығының», «топ бастағандығының» бір нәтижеге алып келгендігі туралы ой-тұжырым, шешім жоқ. Олар «өкінбенге» жеткенге дейін математикалық төрт амалдың не бәрін, не ішінарасын бастан кешіру арқылы мәтіннің ішкі мазмұндық және рухтық ұйқастығын үйлестірді. Дыбыс, түр, мазмұн, логика – бәрі «өкінбенде» түйісу үшін ақынның көкірегінде екшеліп, лабиринттік жолдармен жүріп өтті. Әрине, мұның бәрі ақынның санасында қазіргі есептегіш машиналардың жылдамдығындай асқан жылдамдықпен жүзеге асырылды. Сөйтіп оның нәтижесін мөп-мөлдір етіп, төгілтіп-төгілтіп жеткізгендігіне тамсанбай қалмайсың.

Тоғынды сарты нар жегіп,
Көз түзедім, өкінбен.
Туған айдай нұрланып,
Дулыға кидім, өкінбен.

Судың мұзға немесе буға ауыса алатындығы сияқты, сөз де бір күйден екінші күйге ауыса алатындығы белгілі. Судың басқа күйге ауысуына ауа температурасы ықпал ететіндігі сияқты, сөздің бір күйден екінші күйге ауысуына да контекстің ішкі «ауа-райы» әсер етеді. Сарты дегендегі «ы» зат есімнен сын есім тудырып тұрған жұрнақ, мысалы, қазақ+ы. Бұл да, жоғарыда айтылған«озушылар»сияқты, қазіргі қолданыстан шығып қалған сөз-экзотика. Сөздің осындай сыр-сипаттармен естілуі мен көрілуі және естілмейтін де көрілмейтін ішкі диалогтағы күйі үнемі өзгермелі. Сөз де ойланады. Ойды қалай жеткізуді ойлайды. Жоғарыда айтқанымыздай, тек түбір ғана қозғалыссыз тұрады да, оның айналасында зат алмасу процесі сияқты үдерістер тасқыны еш тоқтаусыз жүріп жатады. Ал осындай процестер негізінде туындап жататын сөз-экзотикалар арқылы берілетін Доспамбет жыраудың негізгі идеясының экзотикалығы одан да асып түседі. Ол – өкінбеу идеясы.

Зерлі орындық үстінде,
Ал шымылдық ішінде,
Тұлымшағын төгілтіп,
Ару сүйдім, өкінбен.

Донның төменгі ағысындағы Азау маңын мекендеген Кіші Орданы билеуші әскери шонжарлар тұқымынан шыққан ұлы жырау молшылықта өмір сүрген болар:
Арғымақ мінген өкінбес,
Кілең бұздай кілшейтіп,
Көбелер киген өкінбес,
Жұпарын қардай боратып..,
Құрама шапшақ көп қымыз,
Құйып ішкен өкінбес, –
дегені соның айғағы іспетті. Бірақ оның өкінбейтіндігінің себебі тек бұл ғана емес. Жыраудың «өкінбеу» философиясының тереңінде жатқан факторларға көз салсақ, оның ел мен жердің тағдырын шешетін ұлы мақсат жолында жүргендігін, небір аласапыран айқастардың ортасында оттай лаулап, хас батырлармен бірге қол бастаған тұлға болғандығын да:
Бүгін, соңы өкінбен
Өкінбестей болғанмын.
Ер Мамайдың алдында,
Шаһит кештім, өкінбен, –
деген жолдарынан көреміз. Ер Мамайдың алдында шаһит кешкенін айтуы, жырау Доспамбеттің сондай батырлардың алдында бас иетін, ел қорғаған ерлерді тәңіріндей қастерлейтін қасиетті адам болғандығын да танытады.

Осындай кесек-кесек себп-салдарлық факторлардан келіп шығатын өкінбеу идеясы – ақынның аса қуатты концепциясы. Тіпті, қайткенде де ұзағырақ ғұмыр кешкісі келетін адам баласы үшін, түсініксіз концепция. Бірақ оны жырау түсініксіз концепциядай емес, өзінен өзі ұғынықты мәселедей толғайды.

Біз бұл жерден өкінбейтіндіктің түрлі мазмұнын көріп тұрмыз. Екінші жағынан, өкінішсіз өткізу үшін тіршілікте қандай нәрселерді жүзеге асырып үлгіруің керектігінің бағдарламасы да осы жолдарда тұр. Бұл – тіршіліктегі адамның Доспамбет сызған іс-қимыл формуласы.
Екі арыстап жау шапса,
Оқ қылқандай шаншылса,
Қан жусандай егілсе,
Аққан судай төгілсе,
Бетегелі Сарыарқаның бойында,
Соғысып өлген өкінбес.
Өткен өмір жолының кезең-кезеңдерін айтқанда жырау жүз жылдық ғұмыр кешкен адамдай сөйлейтіні осы тұста тағы бір көрініс береді. Бұл ақынның ғұмыр жасы мөлшерінің адам үшін қандай да бір мәнінің болмайтындығына жасаған сілтемесі тәрізді. Мәселе, жасыңда емес, сол жасыңның ішінде не тындырғандығыңда деп тұрғандай.

Адамзат өзіне ыңғайлы болу үшін уақытты сағаттап өлшеп, бір тәулікті 24 сағатқа бөліп қойған. Бірақ тағы бір «уақыт» бар, ол – әр адамның өзінің табиғи жылдамдығы. Ол сағатпен өлшенбейді. Соның бірі – «ақыл-ой» жылдамдығы. Жаратушы иеміздің уақыты адамзат кесіп қойған уақытпен өлшенбейтіні түсінікті. Оны былай пайымдауға болады: жәй адамдар неше жыл ғұмыр кешсе, сонша жылды ғана жүріп өтеді. Ал аса дарынды адамдардың ой жүйесі шапшаң қимылдайды да, олар орта жастан асқан адамдардың ақыл-ой деңгейіне тым жас кезде-ақ жетіп барады. Мұндай адамдардың бір ғұмырына бірнеше ғасыр сыйып тұрғандай әсер береді. Солай бола тұрса да, Доспамбеттің өзіне өлшеніп берілген отызға да жетпеген жасын азсынбағаны, яғни, жас кетіп бара жатқанына өкінбегендігі жай адамдардың түсінігіне қиындау.

Бүгін, соңы өкінбен,
Өкінбестей болғанмын, –
деп өз тұжырымын қайтадан тұжырымдайды. «Өкінбестей болғандығының» себебі – уақыттың қашықтыққа «жүгіру» жылдамдығының әр адам үшін әр түрлі мөлшерде болатындығына ақынның көз жеткізгендігінде болар. Доспамбет өзінің қысқа ғұмырында бір адамның толық ғұмырында атқаруға тиістіні атқарғандығына, бұ дүниядағы өз миссиясының аяқталғандығына сілтеме жасайтындай. Ал, бізге, пенде болған соң ба, әйтеуір адамның ең болмаса 70-ке жетіп, 80-нен де, мүмкін болса, 90-нан да асуы міндет сияқты көрінеді де тұрады. Сіздің басыңыздан не өткені маңызды емес, маңыздысы – сол жағдайға жауап ретінде сіздің өзіңізді қалай ұстағандығыңызда. Доспамбет осындай тұжырым жасап кетті.

Неміс ойшылы А.Камюдың дәлелдеуі бойынша «табиғилық – түсінікке қиын категория» (А.Камю. «Миф о Сизифе»). Ұлылық – табиғи құбылыс. Демек, ол түсінікке қиын. Доспамбеттің өкінбейтіндігін өлеңдерін саралап түсінуге тырысқанымызбен, біз оның байыбына бәрібір жете алмаймыз. Өлеңнің әр нәрсені түсіндіріп айтып беруі міндет те емес, әрине. Бәлкім, жыраудың құпия ұстап қалғаны – бұ дүниядаға адамзатқа айтуға болмайтын шындық шығар. Бәлкім, өкінбеу – пенденің Жаратушыға ризашылығын білдіруі шығар. Бәлкім, бұл қанағатшылдық идеясы болар.

Қалаға қабылан жаулар кіргей ме?
Қабырғадан дұспан жалдап жүргей ме?
Ел шетін қорыған Доспамбеттің алаң көңілінің сұрағы сұрақтан гөрі жауап сияқты естіледі. Бұл, әрине, елдің дүрбелең кезеңінің суреті:
Қатарланып, қарланып,
Қайран ер қарт күреңге мінгей ме?
Дәл сондай кезеңде, ең ауыр кезеңде, жыраудың артына алаңдай, қарайлай кетіп бара жатқаны сезіледі.
Қабырғадан қараған,
Достым менен дұспаным,
«Апырым, ер Доспамбет!» дегей ме?
Дос түгіл дұшпаны да оның үзіліп бара жатқанына сенер-сенбесін білмей қалғандай, қан-қасап ұрыс та тына қалып, заулаған оқтар да тоқтай қалып, ала шаң да басыла қалып, бәрі де кеше ғана «дулыға киген» Доспамбетке, «туған айдай нұрланған» Доспамбетке, «топ бастаған» Доспамбетке, «тоғай қонған» Доспамбетке, «ару сүйген» Доспамбетке аңтарыла қарап «Апырым, ер Доспамбет!» деп тұрып қалғандай. Бұл шумақта жыраудың өзі де өз ғұмырының дәл осылай, дәл сол күні, дәл сол жерде аяқталғанына аң-таң қалғаны ап-айқын көрініп тұр. Бірақ, өкініш емес екені де ап-анық.

Біздің қазақта қазіргілердің де таңдайын қақтырар осындай да тұлға өткен! Апырым, ер Доспамбет!

Оңайгүл Тұржан
филология ғылымдарының кандидаты, доцент


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика