… Өкінбен мен де бір күн өлемін деп

9 Маусым 2016

Қасым Аманжоловтың ақындық миссиясыДауылпаз ақын Қасым Аманжолов туралы қалам тербеу оңай емес.

Бірақ біздің тілге тиек еткіміз келгені, поэзия көгінде жасындай жалт еткен ақынның жеке өмірі. Бір қараған адам, талантты ақын дүниені жалпағынан басып, өмірін думанмен өткізді деп ойлауы мүмкін. Бірақ Қасымның өмірі солай өтті ме? Әрине жоқ.

«Берсең бер, бермесең қой, баспанаңды,

Сонда да тастамаспын астанамды;

Өлеңнің отын жағып жылытармын

Өзімді, әйелімді, жас баламды – деп қарны тоқ, көйлегі көк, уайымы жоқ адам, жан мұңын ақ қағазға осылайша түсірмес еді. Айрықша дарын иесі Қасымның жеке өмірі қалай болды? Осыдан біраз жыл бұрын, алаштың ардақты ұлының, бұрын еш жерде жарияланбаған күнделігі табылды. Оны ақынның қызы өлкетану мұражайына тапсырған екен. Бұл жөнінде бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары жазды. Ақынның тағдыр тауқыметін тартып, қағаз бетіне қинала отырып түсірген күнделігін жария етті. Күнділікті арнайы барып көріп, оқып, танысуға мүмкіндік болмаған соң, амалсыз «Орталық Қазақстан» (21.05.11) газетінде жарияланған нұсқасын қысқартып пайдаланғанды жөн көрдік. Өйткені Қасым исі қазаққа ортақ, үлкен дарын иесі. Қазақ поэзиясының мұзбалағы. Қасымның жырларын ғана емес, оның жеке өмірін біле жүрген ешкімге артықтық етпес.

Қасымның күнделігі

ДАРИҒАҒА

Дариға Қасымқызы Аманжо­лова Алматыда 1946-жылы, ноя­брь­дің 4-нде, кешкі сағат 8.1/2-да туды.

***

Сағат кешкі 7-лердің шама­сында үйге қайтып келе жаттым. Азырақ қызулау едім. Үйіміз Алматының шығыс жақ шетінде, таудың нақ етегінде, бір кезде жазушылар Союзының дачасы, кейінірек қазақ драма театрының жатақ қанасы бол­ған үйлердің бірінде болатын. Орталықтан алыс, қараңғы, тар, лас көшені «Городская» деп атайтын. Сол көше, 69- үйде бір корпуста, бір бөлме (басқа түгі жоқ) үйде менің семьям тұрады. (Бұл жерде енді қанша тұрармыз, кім біледі).

Бұл тұңғұйық түпкірге мен ағам Ахметжанмен бірге 1938-жылы кеп орналасқам. Бір бөл­меде ол кісінің үй іші, екінші бөл­меде – менікі. Мен Отан соғысына 1941-жылдың 4 ағусында кеттім де, 1945 жылдың 20-июнінде дема­лысқа келдім. Құсатай Сү­лейменов деген жақын інімнің ізденуі арқасында әскерден бо­садым. Жазушылар Союзы, оның бастығы Сәбит Мұқанов ме­нің әскерден босауыма, әде­биет жұ­мысына араласуыма жөн­ді кө­мек көрсете алған жоқ. Сәкең, әдетінше, құр сөзбен жа­рылқады. Жалғыз мені емес…

1945-1946-жылдары мен қа­зақ ақындарының ішіндегі на­ғыз ақыны болып шықтым. Осылай деп жұрт та түсінді. Осылай деп ақындар да мойындады, өзім де солай деп ойладым. Бұл кез менің ақындық қуатымның нағыз қайнап жеткен кезі еді. Көп істер істегім келді. Ақын адамның борышын түсіне де білдім. Қара бас қамы емес, халықтың хамы, әдебиеттің дағдыры менің өз ісіме айналды.

Біраз жұмыстар істедім. Бірақ, тұрмыс қиыншылығын көп көрдім. Ең басты қиындық – квартира. Мен мына «жаһан­намамның» тү­бінде жатып, өмірмен араласуым өте қиынға соғып келеді. Қа­зақтың Қасымы деген атақты, талантты ақыны, үйінің жоқтығынан, кешкі уахыттарда қалаға беттеп баса алмайды, – бұзықтардан, ұры­лардан қорқады. Әскерден қайтқалы кино, театрға бару деген тиылды. Кеш­кі жиылыстарға да бара алмайды. Қасымның атағын естіп алыс­тан адамдар келсе, оларды мына «үйіне» шақыра алмай қысылады. Олар қайдан білсін, – Қасымның тұрмысы министрдің тұрмысынан кем емес деп ойлайтын шығар.

Мен квартира алам деп титық­тағаныма он жылдан асты. Бер­мейді, не қыласың. Қалалық Совет пен квартбюродағылар сенің ақындығыңды қайтсін, – арақ дү­кенінің сатушысы болсам, – онда, мүмкін, есептесер еді. 1946 жылы ең болмаса күрке салып алайын деп қолайлы жер сұрадым. 4 ай жүріп жауап алдым. Бір оңбаған «инженер» – саудагер жерді маған зират жақтан (!) ұсынды. Кімге айтарсың. Сондай сұмдардың соңына түсіп жүруге уақытым бар ма. Жазушылар Союзының сорлы басшылары Сәбит, Снегин дегендер өздерінің құлқындарының құлы болып алған адамдар. «Құдай» бізге сондай бастықтарды береді ғой… Құрысын!

Баламның өміріне көшейін.

Сол кешкі 7-лердің мезгілінде, үйге тақалғанда менің алдымнан әйелім Сәпен, інім Еркін, қарын­да­сым Таупан тап болды. Сәпенді тол­ғақ қысыпты.

Дереу милиция бөліміне барып, «жедел жәрдем» сұрадым. «Жедел жәрдемі» құрысын, табандаған бір сағат күттік. Әйелім көшеде босанып қала жаздады. Келді-ау әйтеуір. Босанатын үйге алып жүрдік. Бара сала босанды. «Қыз бала тапты» деп бір қазақ қызы қабар берді. Қуанып үйге қайттым. Бұл менің бұл әйелден көріп отырған тұңғыш балам. Сәпенмен 1946-жылдың 5-януарында қосылғам. Бұрынғы Райхан деген әйелсымағыммен ай­рылысқам (1940-жылы). Онымен 5-6 ай ғана тұрдым. Одан бір бала туып еді. Көшеде бір рет көрсетіп те еді, ол бала мен соғыста жүр­генімде қаза болыпты…

«Мына қызымның атын Да­риға» қоямын деп Сәпенге хат жазып бердім. Хаттан басқа жөнді ештеме апарып бере де алмадым. Ақша таба алмадым. Тұрмыстың бар михнатын нақ сол кезде қайыса көтердім. Жаным қатты ауырды. Амал жоқ.

7 күн өткен соң әйелім мен баламды үйге алып келдім. Соңғы (қа­рызға алған) 75 сомды беріп, машина жалдадым. Той жасау ма?! Жас босанған әйеліме тамақ тауып берудің өзі оңайлыққа түскен жоқ. Қызыма Дариға деп ат қойдым. Менің тойым сол болды.

Дариғам аман-есен ержетсе, – тойым да сол, қуанышым да сол.

Бала деген қалай өседі екен? Адамның ержету жолдары қандай болады екен? Дариғам қалай өсер екен? Осы сұрақтар мені осы бір күнделік дәптерге үңілуге мәжбүр етті.

***

Дариға туғанына 10 күн тол­ғанда мен оның көз алдында тұрып домбыра ойнадым. Ол кәдімгідей қара­ды. Бірдеме түсініп қарады ма, әлде тек әйтеуір көз тоқтата салды ма, білмеймін.

12-13 күн болғанда жылап жатқан бала домбыраның үнін ес­тігенде жұбана қалды. Мен бұған өзімше мән бердім. Тегі дом­быраның әдемі дыбысы сәби­дің де сезіміне тиеме деп ойлап қалдым. Барлық бала осылай жұбана алама, – онысын байқаған емеспін.

Дариға өте мазасыз болды. Оның себебі – біріншіден, туа сала өкпесіне суық тиіп ауырды, туа сала сулфидин ішті. Балалар кон­суль­тациясына апарамыз деп, ауыр­тып алдық; бір дәрігер суық үйде жалаңаш баланың салмағын өлшеймін деп, емдеудің орнына – ауру берді; Екіншіден: баланы ылғи қолға ұстап үйретсең, – шатақ болады екен. «Көтер де тұр» дейді. Бесігі не арбасы болмай-ақ келеді. Ақшасыз алатын жер жоқ.

Ақшаны жаман да таппаймын. Айына кейде 2000, кейде 3000 табам. Бірақ ет 70-100 сом, ұн 30-40 сом, сүт 10-15 сом, арақ 113-125 сом, шәй, – бұрыш, толып жатқан хоректер ақша шыдатпайды. Ақ­шаны үнемдеуге де салақ ақпыз.

8/IY 47

Бүгін үйде көк тиын жоқ. Азық де­ген­нен 1 килодай ұн, жарты бө­телке май, екі-үш қайнатым шәй ғана бар. Күні бойы Сәбитті іздеп қалжырадым. Сталин ту­ралы жазған поэмама шарт жа­саттырып, ақша бергізбек болып уағда бергеніне бес күн. Баяғы бір «күнде ертең». Поэманы жөндеуге де кірісе алмай қойдым. Сәбитті үйінен де, кеңседен де таппадым.

Сәпен науқас. Миы ауырады. Жаннат көжемен қарнын қам­пайтты да ұйқтап қалды. Мен қа­ра шәй ішіп отырмын. Жанымда Дариға. Ептеп қана жылайды. Қарны ашқан болуы керек. Сүт қай­да?! Шешесі жатыр.

Мен Дариғаны домбырамен ал­дандырып отырмын. Мен дың­қылдатам. Ол өзінше «басады», – саусақтарын тарбайтып, қозғап, дом­быраның ішегін басқан болады. Мен дыңылдатпасам – жылайды. Осымен жарты сағаттай отыр­дым…

Келер күн не дер екен? Көрелік оны да.

Міне, ғажап! Ойламаған жерден ағамның Алма деген баласы есік ашты. Қолында 200 сом ақша: ше­шесі Мәми беріп жіберіпті. Түнеу күні менен 2000 сом қарыз алып еді, соның есебіне бергені ғой. Бірақ дәл мына 200 сомы менің ондағы 2000 сомымнан маған құндырақ болды-ау. Уһ!!!

***

23/IY 47

Соңғы күндері Дариға «Мә­мә», «Әй, мәмәу» дейтінді шы­ғарды. Шешесін айтып жы­­лағанда осыны айтып оты­рады.

«Аға» дегенді ап-анық етіп айтатын болды. Ерте оянып алып, былдырлап сөй­леп жатады. Отыр­ғанда да былдырлап сөйлеп оты­рады. Ойыншыққа жармаса бастады. Қыз баланың бейнесі бар қуыр­шаққа қарап, өзінше «сөй­лей­ді».

Скрипка, домбыра тарт­ылса бар ынтасымен тың­дайды. Емшекті тастай сала тыңдайтын болды. Кейде дом­быраны ұйып тыңдап отырып, ұйықтап та қалады. Дом­бы­раны өзінше ойнамақ болып әуреленеді.*

*Қызыма арнап «Сталин» деген ұзақ поэма жазып едім, өте жақсы болып шықты.

16/Y-да ғаламат тасқын бол­ды. Қатты састық.

20/Y 47

Іші әлі өтеді. Ыстығы жоқ. Бүгін дәрігерге апарамыз».

Күнделік осы жерден үзілген. Міне, ерекше дарын иесі Қасымның өмірі, тұрмысы қандай болғанын осы күнделікті оқи отырып білуге болатындай.

«Медицина, әлсіз бе едің әлі сен!

Қайдан іздеп табам енді әдіс, ем?

Қандай адам түсінер бұл халімді,

Ащы қайғы уытына зәр ішім?!» деген жыр жолдарын қызы Дариға ауырып жатқанда қайғы оранып отырып жазған болар-ау, «Он жыл бопты, жүгірдім астанада, Шақырсада бармадым басқа қала. Алдамшы елес сықылды үміт қуып, Он жыл бойы болдым зар баспанаға» деп шерін төкті –ау, ақиық ақын. Десе де, «Өкінбен мен де бір күн өлемін деп, Өкінем ұқсата алмай келемін деп, Күніне жүз ойланып, мың толғанам, Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп» өзін қайрап, өзіне дем берген кездері де көп. Бүгінгі ұрпаққа өлеңі де, өмірі де керемет көрінетін Қасымның тұрмыс-тіршілігі осындай болған.

Айнұр Қазыкенова

«Айқын» газеті


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика