Нұртөре ЖҮСІП. ЗОР КЕУДЕ

29 декабря 2018

Нұртөре ЖҮСІПАтақты Қажымұқан Мұңайтпасұлы неше дүркін әлем чемпионы болды. Жарықтық Қажекеңмен күрескендердің бәрі жеңісті кеудесімен алатынын айтады екен.
Қажымұқанның кеудесінің зоры соншалықты кез келген палуанға ұстаса кеткенде шыдас бермейді екен, қанша епті, күшті, мығым болса да қазақтың даңқты палуанына Поддубныйлардың да шамасы келе бермепті…

Мұны неге айтып отырмыз?

Қазақ өнерінде де зор кеуделі бір жігіт бар. Ол – Талғат Теменов! Өнер әлеміне ынтық ибамен, ыстық ықыласпен аяқ басқан Талғаттың бірден жұртты жұлқа тартып құ­латардай кеудесі біліне де қоймаған сияқты… әдебиет әлеміне іңкәр азамат театр мен кино саласына келгенде қазақы әдеп пен ибаның, ақырын сөйлеп, асықпай барлап, аңдып басып, алыстан орағытып келетұғын байырғы дағдының кездескен кедергіден жедел өтуге, анау-мынау қиындықты тез еңсеруге септігі тие берместігін ерте сезгендей; осыны түйсіну арқылы өзінің «қыз мінезін» өзгертіп, не­ғұрлым батыл, неғұрлым жұлымыр болғанда ғана дегеніне жетуге бо­латынын ертерек аңдағандай; жұлып алу, жұлып айту, алды-артын ба­ғамдамай әрекет ету секілді қасиет-қалыптар нағыз өнер додасына араласқан күннен бастап жолдан жұғып, жолай жұғысқан ілкімді мінез секілді көрінеді маған. Талғат қа­ламынан туған «Қайырлы таң», «Гүлнәз», «Ой жасын» атты повестері көпшілікке мәлім. Алайда ол жа­зушылықтан бұрын театр мен кино өнеріне атой салып келді.. Небір алыптарға кеудесін тосқан Қажым­ұ­қанның да кеудесін намыс оты кернеген. Тап сол тәрізді Талғат Теменовті де намыс оты от жалынына орап кеткендей. Мұндай қасиет-қалып кезінде атақты Шәкен Аймановтың да болмыс-бітімінен байқалған: қияндағы Баянауылдан Алматыға келіп, театр мен кино әлеміне өзіндік өрнек, өзінше із салып кеткен Шәкен ағаның бойын­дағы өршіл мінездің ұшқыны Талғат Теменовтің де сойынан анық аң­ғарылады. Талғатты «тым дөрекі» са­найтындар мұндай пайымды бәлкім, елеп-ескермес, байқап-бағаламас, алайда сырткөзге бірде дүрдиіп, бірде далақпай, бірде даурыққыш кеудемсоқ жан секілді көрінетін Талғаттың ішкі жан әлемінің терең тұңғиығына бойлап көрген жан бар ма?!. Оның «Бөрік астындағы бөлтірік», «Махаббат аялдамасы» фильмдерін көрген адам тек кино кадрдың жетегінде немесе желісінде кетпей Теменовтің тұлғалық қасиетіне қабыстыра қараса, ки­норежиссердің жан иірімінде жатқан жұмбақ сырдың атойлап көрініс бергеніне куә болар еді.
Біз адамды көбіне оның сыртқы келбетіне, түріне, киім киісі мен жүріс-тұрысына, айтқан, айта салған сөздеріне қарай бағалап жатамыз. Талғат Теменовті сырттай көрген, білген жандардың оны қатардағы дөкір, дөңайбат, доғал адамдардың санатына жатқыза салатынын да аңдау аса қиын емес.
Талғаттың бағасын тек танығандар ғана біледі.
Талғаттың мінезін тек танығандар ғана түсінеді.
Өмірде ештеңе жасамайтын, жа­самаған адамдар ғана еш қате­леспейді. Ал Талғат Теменовтің өнер әлемінде таңдаған кредосы – жасау. Бірдеңе жасау, бірдеңе түсіру, бірдеңе қою…Әйтеуір қол қусырып қарап отырмау. Қазақ үшін қолынан кел­генше бір нәрсе істеу. Ол бәлкім, бұл жолда бі­реудің бет-жүзіне қарамас, біреудің көңілін қалдырар, біреуді ренжітер, біреуді келеке қылар, біреуді тізеге басар, біреудің көз жасын көлдетер, біреудің намысын түрт­пектер, біреудің шабына ши жүгіртер, біреудің ығында кетер, біреудің айтқанына ерер, бі­реудің шашпауын көтерер, біреудің алдында шалқаяр, біреудің алдында еңкейер, біреудің жолын кесер, біреудің айыбын бетіне айтар, біреудің көзін шұқыр, біреудің мазасын алар, біреуге уайым салар, біреудің жынын келтірер, біреудің қанын қайнатар, біреудің миын ашытар, біреудің сазайын тартқызар, біреудің сыба­ғасын берер…
Соның бәрі не үшін? Өнер үшін десек, біреу күлер, біреу күстаналар…
Өзі үшін десек, «әп, бәрекелді! Саспас сабаздың шын бағасын енді бердіңіз» деп босағадағы бөркін аспанға атар?!.
Ал осының бәрі қазақтың намысы үшін десек ше?..
Театр – бір адамнан ғана тұрмайды. Театр – директордың немесе режиссердің меншікті мекені емес. Театр – тұлғалар ордасы. «Мен нашармын» дейтін өнер адамын көрдіңіз бе? «Мен мықты емеспін» деген актер мен актриса бар ма? Бәрі де кеудесі аяқ қаптай, құдай берген талант пен дарынның арқасында алшаң басқысы, асқақтап сөйлегісі келетұғын жандар; бойындағы өнер ұшқынын ұқсатсам дейтін, қолға алған рөлін ұшпаққа шығарсам дейтін талапшыл орта. Дау да, дамай да мұндай ортаны айналып өткен емес. Тіпті «тып-тыныш» өмірдің өзі кіндік кескеннен өнердің мөлдір суына шомылған жандардың, былайғы жұрттың сөзімен айтсақ, қаптаған артистердің өздеріне де ұнамас еді… Ал енді осындай ордалы жұрттың бас­шысы болу қалай болмақ? Көптің ығында кетсе, басшыны кім ба­ғаламақ?… Жан жақтан анталаған кілең талантты шоғырдың ішінде дегеніне жете алмаса, ойындағысын орындата алмаса, қолға алғанын істетпесе, жа­сағысы келгенін жасай алмаса… басшы да көрінген маубастың қатарында қалар еді… Директор – диктатор. Көрінген адамның көңіліне қараса, кез келген директор көптің бірі, көйіттің кірі боп қала береді…Таланттарды бір тұғырға топтастыру үшін ТЕГЕУРІН керек. Дарындыларды дегеніне көндіру үшін доғал мінез, домбал әрекет керек. Тым алысқа бармай-ақ, марқұм Әзірбайжан Мәмбетовтің өнер мен өмірдегі іс-әрекеттерін мысалға алайық. Қыздай қымсынып, қарадай қысылып тұрған, жүрген болса, сол Әз-Ағаң өз дегеніне жете алар ма еді?!. Әзекеңді Әз-Ағаң дәрежесіне жеткізген әкемтеатрдағы атақты қойылымдарының арғы жағында, айдың арғы бетінде… Әзірбайжан Мәмбетовтің адамдық болмыс-бітімі, қасиет-қалыбы, бір сөзбен айтқанда МІНЕЗІ жатқан жоқ па?!.
Мінезсіз адам – майонез секілді…Кез келген салатқа қорықпай қоса беруге болады. Кеме де мұзды кеудесі­мен жарады.
Талғат  Теменовті де жер-көкке сыйдырмай, алып-ұшып, алып-жұлып, алып-жығып, айтысқанмен айқаса кетіп, таласқанмен тартыса кетіп, шыр-пыры шығып шырылдап,  дауысы жетпей қырылдап, ықтиярсызға ырылдап жүргенінің де ар жағына үңіліп қараған жан бар ма?..Терең үңіліп қараса, не көрер еді?.. Жан әлемінің тұңғиығында жатқан ер жолдасы – ТӘУЕКЕЛ төбе көрсетпесе маған келіңіз!
Талғат Теменовтің де беліне байлап жүрген орамалы – тәуекел! Тәуекел – ердің жолдасы! Өтесің де кетесің!..
Талғаттың тәуекелін талай нәр­седен байқауға болады. Бірақ оның Мұхтар Әуезов әлеміне жасаған тәуе­келіне жұртпен бірге мен де таңғала­мын.
Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында  Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясының жаңа қойылымының премьерасы болды. Трагедияның жаңа нұсқасын «Ай-Қарагөз» атауымен  театрдың көркемдік жетекшісі Талғат Теменов жасады. «Қарагөздің» алғашқы нұсқасы 1925 жылы жазылып, 1926 жылы Қазақстан халық комиссариаты жариялаған драмалық шығармалар бәйгесінің жеңімпазы болды. 1926 жылы жеке кітап болып шықты. Алғаш Семейдегі драмалық труппа сахналап, 1926 жылы Мемлекеттік қазақ драма театры Құрманбек Жандарбековтің режиссерлығымен, қазақ өнері та­ри­хындағы қуатты топ – Иса Байзақов, Елубай Өмірзақов, Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Әміре Қашаубаевтың қатысуымен қойды. Театртанушылардың ең­бектеріне қарағанда, бұл қойылымда Қарагөздің рөлін Зура Атабаева өте сәтті ойнаған. Алғашқы қойылым­дардан кейін баспасөз бетінде әділ бағасын берген мақалалармен қатар, солақай идеологиялық сындар ай­тылып, қарадүрсін жөнсіз мысалдар келтіріліп, ұлтшылдық сипат «тап­қандар» да  болған екен. Мұхтар Әуезов 1930-32 жылдары НКВД түр­месіне қамалғанда тағылған басты айыптардың бірі осы болған.
Спектакль шымылдығын ашқан Талғат Теменов «Қазір уақыт, заман, көзқарас өзгерді. Әуезов «Қарагөздің» екінші нұсқасын 1926 жылы жазды. Одан бері бір ғасырдай уақыт өтті. Бүгінде заман басқа, психология басқа. Тек махаббат өзгерген жоқ, тартыс өзгерген жоқ. Адамдардың қарым-қатынасы өзгерген жоқ. Ең негізгісі, пьесаны қайта жазып бітіргенде Мұрат Әуезовке оқыттым. Ол кісі: «Егер автор тірі болса, риза болар еді» деді. Бұл қойылымға көптеген азаматтар атсалысты. Бізге заманымызға қарай жаңашылдық та керек. Классика мәңгілік, демек өнер де мәңгілік» деп тұжырымдады.
«Құласаң – нардан құла» дейді қазақ. Талғат Теменовті «Әуезовке ревизия жасады» деп қатаң айып­таушылар да табылды. «Әуезовті ре­дакциялайтындай ол кім еді өзі?» деген сөздер де айтылды. Содан бері де біршама уақыт өтті ғой. Не есте қалды? Ай-Қаракөз, мейлі Қаракөз! Әуезов мына заманда, құмбыл уақыт, қиғаш кезеңде де Әуезов екені есте қалды.
Мұхтар Әуезов шығармасының желісі негізінен сақталған. Дегенмен режиссер әрі театрдың көркемдік жетекшісі Талғат Теменов шы­ғар­маның мүлдем жаңаша нұсқасын жасап шыққан. Мұнда сахналық безендірілуден бастап, актерлік ойындар да бөлекше.  Ең басты мәселе – қойылымға жаңаша әр берілгендігі. Осы үшін қажетті әуендердің таңдап алынғандығы. «Жігіттер» тобының орындауындағы «Ай-Қаракөз»,  Шәба Әденқұлқызының орындауындағы «Үрия-ай» әнін, Өмірқұл Айниязов репертуарының әндерін, «Қоңыр» тобының «Туған жер» әнін және қойы-лымның өн бойында лейтмотив іспетті, бірде әуені ғана, бірде әннің өзі орындалатын «Дариға-дәуренін» бұрын жеке-жеке тыңдап жүрсек те, солардың барлығы біртұтас қойылымда  образдарды ашуға сүбелі үлес болып қосылған екен. Осы  әндер кешегі, тіпті тап бүгінгі Қаракөз бен Сырымның махаббаты мен мұң-зарын жеткізуге жазылғандай әсер береді. Әнші Рамазан Стамғазиевтың мына бір пікіріне назар аудара кеткен артық болмас: – Өзім бұрыннан орындап жүрген «Дариға-дәурен» әнін алғаш «Қарагөз» қойылымына қосқалы жатырмын дегенде, «бұл қалай болар екен?» деген біртүрлі сенімсіздікпен қарағаным рас. Сондықтан спек­такль­дің дайындық барысына әрдайым келіп, актерлердің осы бір әнді қойы­лымға үйлестіре жеткізуіне өзім басшылық жасадым. Кейіннен ойлап қа­расам, мәселен, «кезінде            Е.Брусиловс­кий «Қыз Жібек» опе­расын қойған кезде қазақтың ха­лық әндерін пайдаланып, әрқайсысын әрбір образға салған екен-ау» дедім. Ендеше, менің орындауымдағы ән ғана емес, жалпы, халық әндерінің спек­такльде қолданылуын Талғат ағамыз өзінің осы «Қарагөзді» қою барысында жалғастырған екен. Шыны керек, басында тосырқай қабылдадым деп отырмын ғой, себебі Тұрсынжан Ша-пай ағамыздың «Дариға-дәуренін» орындағанда маған басқа бір ой келіп, басқаша елестететінмін. Бірақ енді қарап отырсам, Сырым мен Қарагөз жүректерін қауыштырған осы ән бе деп, сондай жылы қабылдап, сүйсіне тамашаладым. Қарагөзді сомдаған жас актриса Аида Жантілеуова мен Сырым – Дархан Сүлейменов, Нарша – Мұхит Шынтаев және Мөржан – Гүлжамал Қазақбаевалардың еңбегін көрермен қауым жоғары бағалады.

Талғаттың өзі де бұл туралы былай деп ақтарылған болатын:

– Бұл шығармаға келу қиын болды, себебі жауапкершілік жүгі ауыр еді. Өйткені бұл спектакльді қоймаған театр  жоқтың қасы. Бірақ бүгінгі заман басқа. Бұл сонау қазақта театр енді пайда болған 1926 жылы жазылған дүние, ал заман болса өзгерді, арадан ғасырға жуық уақыт өтті ғой. Бірақ өзгермеген және ешқашан өзгермейтін бір нәрсе болса, ол – сезім, ол – махаббат. Мысалы, Шекспир қаншама ғасырдан бері қанша елде, қанша театрларда қойылды – әркез жаңа бір акценттер қойылып, жаңа бір трак­товкамен ойналады. Классика де­геніміз сол. Моцартқа, Бахқа талай орындаушы баруы мүмкін, бірақ әрқайсысы өзінше ойнайды. Бірақ түпкі негіз қалады. Сол сияқты Әуезов жазған үштаған: Сырым, Қарагөз, Нарша және төртінші күш – Мөржан бейнесіндегі қоғам өзгерген жоқ. Біраз ақын-жазушыларды шақырып көр­сеттім, байқағаным, спектакль ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Әрине, әр шығарманың жақсы жағымен қатар, кейде қабылдай алмайтын да жағы болады.  Мұхаңның «Қарагөзін» жаңа заманға лайықтау барысында, өзі болмаса да, көзіндей Мұрат Мұхтарұлына көрсетуді жөн деп таптым. Ол кісі «егер автор тірі болғанда, риза болар еді» деген соң, көңілдегі біраз қорқынышты сілкіп тастап, іске кірістік. Жалғыз өзім емес, әрине, көптеген азаматтар атсалысты. Оның бірі – бүгінгі қазақ өнерінің дарынды жастарының бірі Рамазан Стамғазиев, Шәба Әденқұлқызы атты керемет әнші қызымыз бар, тағы бірі – Өмірқұл Айниязов атты әнші ұлдарыңыз. Осы азаматтардың тек әндері қойылымда қолданыла салған жоқ, өздері осы шығарманың сахналануы барысында бастан-аяқ бірге жүрді дей аламын. Тағы бір жаңалығымыз десек те болатын шығар, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып келген Индира Ихсан атты қызымыз қоюшы суретші болып отыр. Бүгін – оның жалпы шығармашылық жолдағы тұңғыш премьерасы. Со­нымен қатар ең басты жүк спектакльді алып шығатын актерлер мен жалпы шығармашылық топқа артылды. Сондай-ақ тағы бір айтарлығы, Мұхтар Әуезов классик болғаннан кейін, классикада әртүрлі жанрларға бару керек. Сондықтан біздің нұсқамызды қабыл алады деген ойдамыз. Өйткені классика – мәңгілік, Әуезов – мәңгілік, өнер – мәңгілік. Қазақ классикасы деген – біздің барымыз, арымыз, інжу-маржанымыз. Мен көркемдік көзқарастарым қалыптаса бастаған кезеңде тоғыз жыл бойы Мәскеуде тұрған адаммын, көзімді ашып көргенім орыс классикасы болды, орыс спектакльдерімен, шет ел киносымен өстім. Салған жерден қазақ классикасына бара алмағаным да – Мұхаңдар, Ғабеңдер алдындағы жауапкершіліктен еді. Институтты бітірмей жатып жас режиссерлердің біресе «Ақан Серіні», біресе «Қыз Жібекті» жылтыңдатып қоюының өзінде үлкен кінәрат жатыр. Адам жүгіру үшін алдымен қаз тұрып, тәй-тәй басып үйренбей ме? Сол секілді, заманауи пьесалар мен аударма дүниелер менің театрға бейімделу жолдарым еді.  Бір байқағаным, көрермен «Ай-Қарагөздің» басынан аяғына дейін демін ішіне тартып отырады. Мен бұл спектакль арқылы қазақ классикасын қалай қоюға болатынын көрсеттім деп ойлаймын.
Талғат Теменов қойылымындағы жастық пен махаббат, сұлулық пен нәзіктік, шынайылық пен іңкәрлік, сүйіспеншілік пен адамгершілік, сенім мен сезім көрерменді еріксіз баурайды. Бүгінгі жастардың көпшілігінің сүйіспеншілікке немқұрайлы қа­райтыны, сезімдерінде тазалық пен пәктіктің жетіспейтіні, шынайы­лықтың аздығы жасырын емес. Сондықтан да қойылым адамдық пен адалдыққа қатысты осы олқылықтың орнын толтырып, таза махаббаттың мәңгілік құндылық екенін түйіндеуімен де құнды.
«Қарагөзге» талай режиссер сан қырынан келген болатын. Мәселен, Болат Атабаев Қарагөздің трагедиясын өзінше көрсетті. Ол сүйгеніне қосыла алмай арманда кеткен Қарагөз сұлуды табалдырықтың астына тастайды. Қарагөздің асына келгендер оның мүрдесін аттап өтіп, сапырып қымыз ішіп, саңқылдап күліп, әңгіме соғып отырады. Атабаевтың трагедиялық шешімі осындай. Ал Талғат Теменов бұл қойылымға өзіндік тәуекелмен келген.
Сонымен, Талғат Теменов ректор да, директор да, режиссер де болды. Тағдыр-талайлы  90-жылдары, қиын-қыстау кезеңдерде Өнер акаде­миясында ректор болды. Сол тұста бұрын Қазақстанда болмаған он үш мамандықты ашты. Бүгінгі күнгі кинооператорлар, кинорежиссерлер, дыбыс операторлары, гриммерлер, кино сыншы мамандығы – осының бәрі бұрын Қазақстанда даярланбаған мамандықтар. Оларды бұрын Мәскеуде, сосын Ленинградта ғана дайындайтын. Сондықтан Талғат Теменов сол қиын кезде  тар аяда шектелмей, қазақтың ертеңін ойлады. «Ертең кино өркендейді, қазақ киносы да көшке ілесетін болады, сол кезде мамандар тапшылығы тумасын» деген ниетпен ашқан сол мамандықтар бойынша бітірген жастар елге қызмет етіп жатыр.
Әңгімені атақты Қажымұқанның алып кеудесімен бастаған едік. Қазақ өнерінде өзіндік өрнек салып тағы бір зор кеуде келеді. Ол  – Талғат ТЕМЕНОВ, Қазақстанның Халық ар­тисі, Қ.Қуаныш­баев атындағы мем­лекет­тік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі. Аман бол, аман жүр арда азамат!

Талғаттың ой-толғамдарынан:

Осы уақытқа дейін драма өнері тек қана ұлттық дүние деп есептелді. Екінші жағынан, бұл сала өнердің екінші сорты деп қаралды. Қазірге дейін театрға үлкен шенеуніктер келмейді. Астанада тұрып қазақ драма театрының қайда екенін білмейтін депутаттар, министрлер бар. Бұл – еліміздегі осы бір өнер саласына немқұрайлы қараушылықтың бір көрсеткіші. Ал театрға осы күнге дейін бір ғимарат салып бермей, үлкен өнер ұжымын қуықтай жерде ұстап отырғанымызды айтудың өзі ұят.
Облыстарда бұрынғыдай баспанамен қамтамасыз етіп, жас мамандарға қарайласып жатқан ешкім жоқ. Актерлерге, режиссерлерге қамқор болып, театр қызметкерлеріне жағдай жасау қазір ұмытылып кетті. Облыс әкімдіктерінде өздерінің театрларында кімдер қызмет етіп, қойылымдарында қандай актерлер ойнайтынын да білмейтін қызметкерлер отыр. Сондықтан жалпы көзқарасты өзгерту керек. Өнер адамдарын көзден таса қылмауға тырысуымыз қажет. Біз ел боламыз десек, өнерді, соның бір саласы театрды көтеруге тиіспіз. Өйткені Чехов айтқандай, «тобырдан халық жасайтын – театр». Ал Ғабең бұл жайында «қас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» дейді. Сол мөлдір өнер – театрға біз қазір алакөзбен қарап отырмыз.
Адамның қолындағы он саусақтың әрқайсысының өзінің орны, өз қызметі болатыны секілді, өнердің де әр саласының өз жолы, өз қызметі бар.  Табиғат өлер, адам да өлер, бірақ өнер өлмейді. Өйткені өнер – халықтың руханияты, халықтың жаны, халықтың жады.
Театр – тек қана өнер ордасы, өнер ошағы емес.  Бұл тек қана қойылымын тамашалап, көңілді сергітіп, демалып кететін жер емес. Театр – бұл бесік. Әсіресе, жастардың руханият бесігі. Кәдімгі бесікке сәби бір жасқа дейін ғана бөленетін болса, театр-бесікке өмір бақи бөленеді. Театр адамды өмір бақи тәрбиелейді.  Өмір бақи адамды комедиямен күлдіріп, трагедиямен жылатады. Театр мешіт сияқты. Адам мешітке барған кезде рухани тазарып шығатын болса, театрда да тазарады. Яғни бұл серпілетін, тазаратын, жаңаратын орын. Сонымен  қатар ол – саясат орны. Театр – идеология. Ондағы қойылымдар арқылы халықтың тағдыры, мінез-құлқы, образы, жағдайы танылады. Белгілі бір халық туралы, ел туралы пікір қалыптасады.  Бірақ біз осы жағын қазір ұмытып жүрміз.
Қазақ хандығы да сондай қиын кезеңде құрылды. Біздің талай батырларымыз сол тұста қалыптасты. Талай тұлғалар сол күрес үстінде танылды. Ал сол тұлғалар, батырларымыз болмаса біз Алтайдан Атырауға дейінгі осынау кең-байтақ жерді алып қалар ма едік? Ал сол ерлік, сол жауынгерлік болмаса, біз 10 миллион ғана халқымызбен осылай мемлекет болар ма едік? Жер бетінде 40 миллион халқы бар, бірақ өз мемлекеті жоқ, өз туы, өз әнұраны, өз еркі жоқ, бодан халықтар аз емес қой. Біз бүгін сол ерлікті, ата-бабаларымыздың артықшылықтарын бағалай білуіміз керек. Сонда ғана ертеңге нық сеніммен қарайтын боламыз.
Менен де жақсы министр болатын, менен де дарынды, менен де үлкен құлшыныспен қызмет ете алатын адам табылады. Бірақ мен түсіретін киноларды ол министрлер түсіре алмайды. Әрине, менің алдымда тұрған бірінші мәселе – ол тек қана шығармашылық. Мен осы жұмыстың үстінде отырып, өзімнің сценарийлерімді жазып отырмын. Осы жұмыс үстінде отырып, болашақ қойылатын спектакльдерімнің қалай боларын ойластырып отырмын. Мен тек қана шығармашылықпен айналысқанда ғана өмір сүремін. Өйткені шығармашылық елдің руханиятына, елдің көңіліне, елдің өміріне арналған дүние. Құдайдың кез келген адамға талант бермейтіні анық болса, кез келген қабілет иесі бойындағыны сарқып, еліне жұмсауға міндетті. Олардың миссиясы да сондай.
Мақсатым емес, арманым шығар: осы жерден  қазақ театрына жаңа ғимараттың іргетасы қаланса, сол театрда алғашқылардың бірі болып спектакль қойсам деймін. Одан кейін осы театрды Қазақстандағы ғана емес, Еуразиялық кеңістіктегі ең алдыңғы театрға айналдырсам деймін.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика