Нүркен НҰРҒАЗЫ: «ал, құдай бүгін қаттырақ үрлеп жіберді…».

30 января 2020

***
ажал айтып келер болса:
есікті таулармен бекітіп қояр ем…
жер бетіндегі сəбилер мен гүлдерді,
сыңғырлаған күлкілер мен
былдырлаған тілдерді
жүрегімнің ең түкпіріндегі бөлмеге кіргізіп,
алақаныма мəңгіліктен сарай тұрғызып,
əзірейілді аула сыпырушы етіп қояр ем…
эй, өмір, недеген баяу ең!
эй, өлім, недеген таяу ең!
/біз бəріміз жардың шетінде екенбіз…
біз бəріміз желдің өтінде екенбіз…
мейірімді адамдар салмақсыз келеді екен,
ал, құдай бүгін қаттырақ үрлеп жіберді…

ДӘРУMAN

Өзің де… Өзгелер де «Өзім!» — дейді.
Тек сәби мейірімі көз ілмейді.
Өлгендер тірілмейді,
Есесіне Тірілер өлім жайлы әзілдейді.
Есігін балалықтың ашсаң жылап:
Күлесің елден ерек,
Достан жырақ.
«Бұл өмір – қаныпезер!» «Өмір – ғажап!»
Қысқасы, екеуі де бос сандырақ…
Сұлумен танысарсың тойға барып,
Жүзім жеп… шәйдан алып, ойдан алып…
Келерсің жарым түнде… Келмеймісің?
Келесің, ораласың, әй, қарағым…

Сосын кеп хат жазасың, мұң шағасың,
Шишаға шылымыңнан күл саласың.
Күл емес күллі өмірің шығар мүмкін,
Өмір мен күлсалғыштың білші арасын…

Атағың алыстағы елге жеткен,
Өткенді бауыздайсың кербез өткен.
Бір досың сенен гөрі ақымақтау,
Бірақ та сенен гөрі елгезектеу…

Қорықпа, Бәрі оңалар,
Бәрі оңалар!
Тәуіп шал тасбиығын санамалар.
Намазға жығыларсың жәйнамаздың
Үстінде жүрегіңнен жара қалар…

Құдай да қарамайды кей кездері,
Аспанның бұлттанғасын ой-көздері.
Бір сәуле кезікпейді жер бетінен,
Болмаса қара аспанды ай кезгені.
— «Күллі өмір – бір сәттік түс» — деген рас па?
Бар ма екен басқа түсте әлем басқа?
– Түсіңе қара мысық кірмеу үшін,
Ұйқтамау керек еді әуел баста…

 

ПӘК ПЕЙЗАЖ

Өтіп жатыр қисық күн,
Өтіп жатыр қиғаш түн.
Ғасырларға сиғанмен,
секундтарға симаспын.
Қиранды үйдің ішінен таппай жүрем өзімді,
Жанымды алып кеткендей ең алғашқы қимастық.

Қапталдағы бөлмеде бықсып жатыр көрпелер,
Пеш үстінде балалық армандарым өртене…
Көзім жасын сүртем де,
өз-өзімнен күлемін,
Ең сүйікті адамның елесіне еркелеп.

Терезенің сыртында бір ұяң қыз жымиды,
Кім жұбатты сол қызды..?
Кім өртеді бұл үйді..?
Апам неге сабаққа оятпады шәй қойып..?
Неге жаңбыр жауып тұр..?
Мойнақ неге ұлиды..?

Осы болар көктемім…
Осы болар жеткен үн…
Әткеншекке отырғым келіп тұрған жоқ менің!
Бір бақытым бұртиып жатып қалды.
Тұрмады.
Содан бері алаңда теңбіл доп та теппедім.

Тас та жылап қалыпты көздерінен қан ағып,
Тасты қойшы, гүлдің де жыламауын қаладық…
Жыламаған кім қалды?
Үй де бәлкім жылады…
Жалғыз тұрған қиранды үй – қирап қалған балалық.

 

Бақылау. ВОЛЬФГАНГ ПРОХАЗКА

еш қарсылық танытпайтын
жұбайындай некелі
таңға жуық бұл саябақ үйсіздердің мекені.
түннен қалған естелікті білдей қоқыс көлігі
таң сібірлей бастағанда тиеп алып кетеді…

таңға жуық ие болар дейсіздер ғой баққа кім
— білгісі де келмейтін жан қайда бара жатқанын.
білгені тек – «өмір» — дейді кей кездері қамығып
сыртындағы ызғары мен ішіндегі аптабын.

таңға жуық, бағынбайтын əлеуметтік заңдарға,
сая болар бұл саябақ соңғы ғашық жандарға…
екі жүрек кетер сонсоң бір-ақ сəтте езіліп
жердің беті олардікі еместігін сезініп…
.
..жұмыс күні. жəшіктерде жас келіндей газеттер.
– ақпараттың барлығын да жеткізуі қажет пе?
кеңседегі жұмысшылар һəм тышқандар
індегі таңға жуық саябақта не болғанын білмеді.

Түн. СТЕФАН ГОНЧАРОВ

жап-жарық
мүмкін жақын маңда
əлдекім өрт сөндіре алмай
дал болып жатқан шығар

ал балалар өрт сөндірушіні тоқтата алмай
дал болып жатқан шығар
қараңғыдан қорыққандықтан…

 

АҚҚУ

Есек те ән айтады лирикалық,
Шошқа, қарға, әбжылан билейді анық…
Аққу бәрін қорқытып жібереді,
Би кешіне бетперде кимей барып.

Тышқандар да қимылсыз тынып қалған,
Ұмытылып ұрлықты ұлықтаулар.
Аққу сонда ағынан жарылып кеп,
Сырын айтып береді тіл ұққанға:

Елітейін алдамшы күйге кімді?!
Іздеп келдім бұл маңға сүйгенімді.
Жоспарымыз көп еді, арманымыз,
Көл үстінде қалап ек үйленуді…

Сағынышым күйдірді қанатымды,
Ал үмітім алтынға жалатылды.
Жылдан асты оны іздеп жүргеніме,
Жамылып ап ақ таң мен қара түнді.

Айтыңдаршы, бар болса көргендерің!
Құтқарыңдар, жандарым, шөлден мені!
Жеткізсе кім сүйінші хабарды алғаш,
Түсірмеспін, тәйірі, төрден – кемі.

Тыңдар құлақ табылмай, ұғар мишық,
Жауаптарын айтады бұлар қисық:
— Ее, диуана! — Бейшара! — Қойыңдаршы,
Ертең бұдан қандай құс шығар дейсің?!

Жаралы құс жанары жалынышты,
Жалғыздығын аспанға алып ұшты.
Жас жүрегі астында қалып қойды,
Жалғандағы ең ыстық жарылыстың.

Би кешінде: бәрі де бақытты еді,
Бұралқы иттер билеуде жатып келіп.
Қолтырауын Аққу! — деп айғай салды,
Кетпесеңші қайғыға батып тегі..!

Ұстамды бол, ойласаң, ұқыпты ойлан,
Сабырың да қалмасын бітіп бойда…
Кешіргейсің, өткен күн сүйгеніңді,
Шайнап-шайнап, соңында жұтып қойғам…

Көздің жасын жөн шығар төгіп те алған.
Аяп кетті аққуды көріп қарға…
Мүмкін біздің шынайы сезіміміз
Бір күмәннің ішінде өліп қалған?


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика