Нұрбол ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ. ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР, ҚҰНДЫ КІТАП

21 Қазан 2017

Айқын НұрқатовҚысқа ғұмырында қомақты мұра қалдырған нарғасқа таланттар қазақ тарихында аз емес. Көп. Көптің бірі – Айқын Нұрқатов. Бірақ ол қатардағы көптің бірі емес. Бірегей болмыс, зерделі зерттеуші-тін.
Ұлттық әдебиеттану ғылымының қоржынын өзінің салмақты зерттеулерімен байытқан ғалымның бір ғана «Абайдың ақындық дәстүрі» монографиясы жайлы көп айтуға болады. Жақында Мәскеудің атақты «Художественная литература» баспасынан осы кітаптың «Путь к себе. Поэтические традиции Абая» деген атаумен орысша тәржімасы шықты. Көңілді қуаныш кернеді. Игі істің басынан табылып, жалпы редакциясын басқарған – профессор Серік Негимов ағамыз. Жатық тілмен шебер аударма жасаған – Ғосман Төлеғұл. Кітапты қолымызға алып қарай бердік. Өйткені, мұнда Абай туралы жазылған. Ал Абай туралы жазу – күллі алаштың ары туралы жазу деген сөз. Ол үшін көл-көсір білім мен терең танымның болуы аз, қайтпас қайрат пен шынайы батылдық та қажет. Толық адам концепциясын жасаған тау тұлғаны тану үшін толық ғалым болу да қажет секілді… Бала кезде-ақ «бір жазда Абайды түгелге жақын жаттап алып», ұлы ақын айналасындағы адамдармен етене жақын боп өскен заңғар Әуезовтің өзі бір сөзінде ұлы ақынның мұрасына тереңдеп ене алмағанын жазған-ды. Әрине, Әуезовтен артық жарытып жазған ешкім жоқ. Әйтсе де, отыздың о жақ, бұ жағындағы жалынды жігіттің осы тақырыпқа баруы – ерлік. Айқын Нұрқатовтың ғылым сапарындағы ерен ерлігі деуге болар, сірә. Талапты жастың талпынысың жемісіндей боп «Абайдың ақындық дәстүрі» туды. Ең бастысы, Абайдың шығармашылық әлемінде еркін жүзіп, орнықты ой, тұщымды тұжырымдар айта алғаны қымбат. Соның үдесінен шыға біліпті автор. Бес тараудан тұратын аталмыш кітапта Абай шығармаларындағы дәстүр мен жаңашылдық сипаттары, ақын айналасындағы ізбасарларының ізденістері, орыс әдебиеті мен қазақ сөз өнерінің сабақтастығы – бәр-бәрі жайында сөз болады. Монографияның арнайы айтуға тиісті тарауы – Абай айналасындағы ақындар шығармашылығы жайында жазғаны. Өйткені, бұл советтік жүйенің идеологиялық шеңберіне сыйыңқырамайтын қауіпті тақырып еді. 1951 жылы көрнекті әдебиеттанушы Қайым Мұхамедхановтың осы тақырыпта қорғаған кандидаттық диссертациясының арты қуғын-сүргінге ұласып, бірнеше қайраткеріміздің басынан қара бұлттың арылмай-ақ қойғаны жасырын емес… Бүгін бұл жайлы айту оңай, әрине. Абай айналасы жайлы сөз еткенде, қазір Шәкәрімге соқпай кету – қылмыс. Бірақ сол заманда Шәкәрім атын атау қылмыс-тұғын. Тек ол ғана емес, қаншама талантты шәкірттерінің есімдерін саясат салқыны бүркеп келді. Айқын Нұрқатов санаулы шәкіртін қалқан қыла отырып, осы тақырыпты ашуға ұмтылыс жасады. Абай мектебінің сан-салалы, сан қырлы болғандығын қажет жерінде ашық айтса, кей тұстарда емеурінмен жеткізеді. Бүгінде толымсыздау еңбек секілді көрінгенімен, өз кезеңі тұрғысынан алғанда, бұл – автордың ғана емес, тұтас қазақ руханиятының жеңісі еді. Кітапты оқып біткенде санада сақталған Абай тұлғасы тағы да биіктей түсетіндей. Өйткені, оқырман әншейінде байқай бермейтін ақын өлеңдеріндегі идеялық-көркемдік детальдар сырына қанығып, ішкі мән-мәнеріне еріксіз үңіледі. Ызалы жүректің сиясауытына уытты тілдің қаламұшын батырып ап жыр жазған абыздың сатиралық өлеңдерінің өрнегін танып, арсыздық атаулыдан жиренеді. Енді бірде сиқырлы лирикасына елтіп, эстетикалық мол әсерге бөленеді. Иә, нәзирагөйлік дәстүрімен қайта жаңғыртылып жазылған «Ескендір» дастанының астарына Нұрқатов зерттеуі арқылы бойладық. Шығыстың шоқжұлдыз-шайыры Низами нұсқасымен салыстырыла талданып, айырмашылығы мен артықшылығы таратылып жазылыпты. Мазмұндық-идеялық ерекшеліктері өз алдына, формалық өзгерістері де аз емес екен. Жиырма мың жолдық дастанды Абай жаңаша түлетіп туғызды. Абай қаламының қуаттылығы да осында болса керек. Өйткені, ол үш бастаудың қайнарынан сусындап, бір-біріне ұқсай бермейтін үш мектептің тәрбиесін көрді, көңіл көкейіне қондырды. Жақсысын алып, жасығынан жеріді. Осы үш діңгек Абайды әлемге әйгіледі. Қазақтың Абайының қарымды қаламынан алты алашты айтпағанда, алты құрлыққа жаназық болар шығармалар туды. Сөйтіп, ол адамзаттың Абайына айналды. Содан да болар, ұлтымыздың ұяты – Абайды іздейміз. Жоғымызды одан тауып, мұңымызды соған шағамыз. Босаңсып кеткен кездерде Абай сынынан ширығып, қарая бастасақ, Абай гуманизмінің шуағына жылынамыз. Жидебайда жатып-ақ жер жүзінің рухани дүниесінің тамырын басып отырған Абай хакімнің әлеміне үлкен дайындықпен кірмесе, оқырманын он айналдыратыны бар. Осындай зерттеулер сананы сәулелендіріп, жүректі жылытатын ақын мұрасын тереңірек тануға жол ашады, қазына қақпасын ашар кілт бола алады. Академик Қабдолов айтпақшы, кітапты сынайтын оқырман бар да, оқырманды сынайтын кітаптар да бар. Өзіңнің интеллектуалды сын тезіне түскеніңді байқамай қалады екенсің. Себебі мұнда Абай туралы айтылған… Нұрқатов мұратының орындалғаны сол шығар, монографиядағы түйдек-түйдек түйінсөздер, ғылыми-тұщымды тұжырымдар кім-кімді де бейжай қалдырмақ емес. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға кез болды» деген – осы. Соқтықпалы, соқпақсыз жерде күн кешкен кемеңгердің кемел мұрасын монографиясының арқауына айналдырған Айқын ағамыз жайлы сөз ету – әдебиеттің жүлгелі арналары жайлы сөз ету ғана емес, түптеп келгенде, шалқыған шабыт пен қайтпас қайсарлық жайлы да сөз ету боп шығар еді. Өйткені, үш мүшелдік ғұмырында екі жүзден аса зерттеу жазуы – ғылым тарихында сирек кездесетін таңданарлық құбылыс. Асылы, ірі тақырыпқа бара білудің өзі, оны абыроймен алып шығудың өзі автор-төлие тұлғасын да биіктетіп жібереді екен. Міне, ғалым сол үшін де биік біз үшін. Өлді деуге сыя ма… Ұрпағы бар, тәуба! Өлмейтұғын артында сөзі қалды. Ғалым – бақытты. Қазақ қана емес, аталмыш еңбек өзге ел оқырмандарының санасын сәулелендіріп жатса, сол арқылы қазақтың мерейі өсіп жатса, ол – хаты қалған ғалымның ғана емес, ұлтының, біздің де бақытымыз!

Нұрбол Құдайбергенов,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институтының кіші ғылыми қызметкері


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика