Нұрбек Мырзабек өлеңдерінің топтамасы

14 Ақпан 2018

Нұрбек Мырзабек – 1991 жылы туған. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы Аппаз ауылының тумасы. Е.А.Букетов атындағы ҚарМУ-дың химия факультетін бітірген. Қазіргі уақытта Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Теректі ауылындағы №30 орта мектепте мұғалім.

Сенің құпия жымиысың,

Алып ұшқан армандарға.

Жүрегіңе сыю үшін,

Жолын тапсам арман бар ма?

Сенің мына жымиысың,

Шұғылалы шашты арай.

Жаратылған қиылу үшін,

Қарлығаш қанат қастар-ай.

Сенің құпия жымиысың,

Джокондадан ерек шығар.

Сені шексіз сүюім үшін,

Естай болу керек шығар.

Жанарыңның жалқын нұры,

Сол жымиған қалпында әлі.

Қыстың мына салқын күні,

Сезім жырын сан тыңдады.

Жүрегімді тулатады,

Тағдырыма тура келем.

Туады әлі шулатады,

Сайра сұлу туралы өлең.

***

Мен саған ғашық боп келемін,

Сәт сайын алқынып,

Күн сайын бұлқынып,

Жанымды жаулаған жалқы үміт,

Тертесін үзердей жұлқынып.

Мен саған асық боп келемін,

Кірпігім көк тіреп,

Көңілім жер шарлап,

Жүрегім кеудемді тепкілеп,

Сезімнен тер саулап.

Мен саған жасын боп келемін,

Күз мұңындай күркіреп,

Көктем жырындай сіркіреп,

Аспан мен жерді жалғайтын жыр тілеп,

Дауылдай дүркіреп.

Мен саған ғашық боп келемін,

Күн көзіндей күлімдеп,

Күзгі жапырақтай дірілдеп,

Қолдай гөр, Муза,пірім деп,

Құлаққа жағымды үнің кеп…

Мен саған ғашық боп келемін,

Жамандықтардан түңіліп,

Жақсылықтарға үңіліп,

Жанымды жылытып бір үміт,

Жанымды суытып бір күдік,

Қап-қара түнекті үркітіп.

… Мен саған ғашық боп келемін,

Күт мені…

***

Сәлем айтып жіберген ем құстардан,

Жетпеді ме?

Қыстың күні қысқарған,

Жүрсің бе, еркем?!

Сағыныштың оранып шекпеніне.

Біз қалаған ізгі арман,

Орала алмай жүр әлі өткеніне,

Орала алмай жүр әлі көктеміне.

Сәлем айтып жіберген ем аққудан,

(Қызығып ем)

Бұл дүниеде жоқ думан ,

Өлшенеді ол,

Бір тал гүлдің ғұмырымен.

Қаһарлы қыс айналаны ақ қылған,

Тілдесемін желдің ғана сыбырымен,

Үндесемін күміс айдың сынығымен.

Хат та жаздым. Жіберген ем почтадан,

Алмадың ба?

Суы бар, гүлі жоқ тостаған,

Мұңаяды.

Шыдай алмай жалғыздық салмағына.

Сезіміне бір арамдық қоспаған,

Көктем келсе екен деп жан-жағына.

Көктем келсе екен деп жан-жағына…

Сайра сұлу

Ақ жүзің нұрын шашып,

Айнала жайқалды.

Ұяң күн бетін басып,

Аңырап ай қалды.

Сен күлсең қараңғылық,

Жоламай жоғалды.

Санамды жаулады үміт,

Жүрегім тоналды.

Даусыңнан бал төгілсін,

Бұлбұлдар адыра.

Жәннаттан бақ көрінсін,

Мәңгілік жадыра.

Барлығы сұлулықтың,

Өрімі шашыңның.

Жаныма жылу жұттым,

Тыншымай тасындым.

Ақ сәуле нұр ойнаған,

Көзіңде от қарас.

Көңілде жыр ойнаған,

Саған шын жоқ талас.

Ақындар

( ақын Ерлан Жүніске)

Киелі күндердің «дұғасын»

Ерланнан сұрашы, сұрашы!

Ақындар тағдыры тым ащы,

Сондықтан жылашы, жылашы!

Ақындар тағдыры –

Киелі күндердің тұмасы.

Ақындар тағдыры –

Киелі түндердің күнәсі.

Ащыдан, тұщыдан татқызған,

Киесіз заманның кінәсі.

Ақындар –

Кешегі заманның тұрғыны,

Болашақ заманның тумасы.

Өлең оқу –

Ақынның намазы,

Мүшәра ақынның жұмасы.

Ақындар –

Көкте оның тұрағы.

Ақындар Ібіліспен

Періштенің ортасында тұрады.

Өлеңі жүректен тамызған,

Көз жасын ағызған Құраны.

Өмірі –

Өмірдің сұрағы.

Көңілі –

Жұмақтың пырағы.

Сезімі сұңқардан қырағы,

Төзімі даланың бұлағы,

Сенімі сезімнің шырағы.

Ақындар –

Өмірдің сұрағы.

P.S.

Білмейтін шығарсыз сірә, сіз?!

Әлемнің барлығы күнәлі,

Ақындар – күнәсіз.

Ақындар бәріне кінәлі,

Тек, әлем кінәсіз.

***

Тозақ отына күймейміз,

Жұмағым дейтін әлемде.

Екеуміз ғана билейміз,

Тыныштық атты әуенге.

Даңқыма немді қосамын,

Дақпыртым қалса өсем бе?!

Сырымды келіп ашамын,

Үнсіздік деген шешенге.

Еңсемді біреу басып тұр,

Тартып жіберсем обал ма?!

Құшағым неге ашық тұр,

Жалғыздық деген қоғамға…?

***

Қадалдымдағы қан алдым,

Төгілген донор-жырлардан.

Мәжнүндерден саналдым,

Ғашық болу кімге арман?!

Қадалдымдағы қан алдым,

Аумай қалған сонадан.

Сұлу төрге қамалдым,

Жүректі сен бе тонаған.

Қадалдымдағы жыр алдым,

Көркіңнен сұлу әлпетті.

Арбалдымдағы сыр алдым,

Жүректе сезім жарқ етті.

Қадалдымдағы көз алмай,

Ажарыңа кеп байландым.

Орнымнан да қозғалмай,

Шідерлі аттай айналдым.

Қасыңда тұру бақ па анық?!

Қалсам ба, – дедім – мәңгілік.

Санамда қалды жатталып,

Осы бір сурет жаңғырып.

***

Ұрлана қарайсың,

Көзіңнің қиығымен.

Сырыңды жасырасың,

Сәл ғана жымиюмен.

Сөзіңді өткізесің,

Өтініп қиылумен.

Нұр білініп жүзіңнен,

Сыр бүгіліп қылығыңа.

Әлем біткен таңдай қағып,

Тамсанады бұрымыңа.

Оны өлеңге сыйдырады,

Жазып отқан ″ұры‶ мына.

Дүние бұл ғажайып,

Ал, сұлуым көркем еді.

Бал татитын шақтар бұл,

Ал, аруым еркем еді.

Бар ма мына әлемде,

Осы сәтке тең келері.

Сөзің балдай сенбей қалам,

Жымиясың шыным дейсің.

Алқынып қап үнсіз қалам,

Жүректегі үнім дейсің.

Бұл дүние мұңға оранса,

Тек СЕН ғана күлімдейсің!

***

Ай бедерлі келбетті,

Түр-тұлғасы келіскен.

Сарсаңға сап сенделтті,

Пейіштегі періштем.

Елесіңе еліттім,

Дауысыңды тыңдадым.

Тал мүсінді көріктім,

Жұмақтағы жұмбағым.

Қаракөзайым көркіңді,

Қалай айтып тауысамын?

Сенсің жазар дертімді,

Раяндағы раушаным.

Бақытқа бастар кемесі,

Бір өзіңді таңдадым.

Мускустан болған денесі,

Жәннаттағы жан-жарым.

Шөлімді менің қандырған,

Сенсің жалғыз дәруім.

Есімнен мені тандырған,

Адындағы аруым.

Тұнығыңды лайлама,

Кәусәріңді мен ішкен.

Сені іздеп табам қайда да,

Пейіштегі періштем.

Қайдасың?

Күзгі күн. Күзгі уақ. Күзгі нұр.

Сарғайып барады күз ғұмыр.

Жігіттің ғұмыры мұңайып,

Жылауық боп алды қыз-ғұмыр.

Күзгі күн. Күзгі нұр. Күзгі уақ.

Селт етпес боп кеттік біз бірақ.

Табаны тайғанақ тағдырым,

Бір тұрып, жүреміз жүз құлап.

Күзгі күн. Күзгі уақ. Күзгі мұң.

Арына мән бермей ізгінің,

Көз жасың төкпеші, Аспаным,

Қаперге алмаппыз қыз мұңын.

Табиғат сезгенде күз лебін,

Ішіне тартқанда күз демін,

Ғашығым хал-жайың белгісіз,

Қайдасың, мен сені іздедім?

Түгіңе тұрмаспын мен сенің,

Жібектен қай жерің кем сенің?

Өмірім осылай өте ме?

Қайдасың, жолықшы Еңселім?

Топырақ тас-екеш тасы мұң,

Толқынды тірліктен жасыдым.

Өзіңсіз өмірдің мәні жоқ,

Қайдасың, көрмеген Ғашығым?

***

Көздер мен көздер түйіскенде,

Жүрек пен жүрек сүйіскенде,

Көңіл мен көңіл қосылып,

Ойлар мен ойлар жосылып,

Сезімге ерік бергенде,

Сырына берік шерменде,

Сезініп көрші…

Көздер мен көздер кері қайтады,

Сөз-екеш сөзді теріс айтады,

Бірінің жүрегі алқынып,

Бірінің жүрегі бұлқынып,

Айтпаған сөздің атасы өліп,

Екеуміз сөзден шатасып едік,

Безініп көрші…

Қолға қол тиіп, тыз етіп, ысынып,

Жерге қарайды ұялып, қысылып,

Біреуі айта алмай сырларын,

Біреуі оқи алмай жырларын,

Біреуі тосады бір налып,

Біреуі айта алмай қиналып,

Сағындым деші…

…Сол күнді.

***

Сен білесің бе?

Жақсы көрудің қаншалық мұңды екенін,

Жақсы көрудің қаншалық құнды екенін.

Сүюдің сыры – жанның сұлулығында,

Сүюдің құны жанның жылулығында.

Сүюдің мәні сезімнің құндылығында,

Күюдің бәрі менің жындылығымнан.

Өмірдің мәні – өзіңді тану,

Өмірдің сәні – сезімді табу,

Басқаның бәрі алдамшы, құнсыз,

БІЗ ОСЫ НЕ ІСТЕП ЖҮРМІЗ?!

****

Туған даланың қуаты бойға жаңа құт,

Даланы сүйер ұл болсаң бар айналаңды ұқ.

Елеп-ескермей өтесің қанден, иттерді,

Селеулі белде балаққа найза қадалып.

Еркін өскеннің тізесі қалтырамайды,

Тарлықта өскенге ең тәтті жан, сірә, қайғы.

Қамыс құлағын қайшылап құба жон белде,

Құйрығын шаншып құлын-тай құлдыраңдайды.

Бүлдірген теріп бар жерді жорамалдайды,

Қарақат іздеп тілгілеп қараған сайды.

Көкдөнен көңіл алысып ауыздығымен,

Жұпарын шашқан жусанды даланы аңсайды.

Баяу әндетті самал жел, қане, тыңдайық,

Еркіндік дәмін сезініп сана тыңайып.

Төменде жүрген торғай, бұлбұлды қайтсін,

Зәу көкте қыран самғайды қанатын жайып.

Бөрілі байрақ орнына көк ту ғұмыры,

Бұйырмай тұр ғой қазаққа дүние тұғыры.

Сонау алыста ықыласпен ауууу деп,

Жаратқанына тәу етіп арлан ұлыды.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика