«НӨМІР КЕРЕК ПЕ, ӨМІР КЕРЕК ПЕ?»

17 Қыркүйек 2017

Мұса РахманбердиевӨткен ғасырдың 1980 жылдарының басында «Қазақ әдебиеті» газетінің очерк және публицистика бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған дарынды жазушы Мұса Рахманбердиев ортамызда аман-есен жүргенде биыл пайғамбар жасы 63-ке толған болар еді. Бүгін сіздердің назарларыңызға белгілі қаламгердің досы, жазушы Доқтырхан Тұрлыбектің Мұса туралы жазған юмор мен әзілге, сағынышқа толы үш әңгімесін ұсынып отырмыз.

***
Белгілі жазушылар Мұса Рахманбердиев пен Серік Байхонов араларынан қыл өтпейтін достар. Сексенінші жылдардың ортасында Мұса «Қазақ әдебиеті» газетінің очерк және публицистика бөлімінің меңгерушісі, ал, Серік Қазақ теледидары қоғамдық-саяси Бас редакциясының бөлім бастығы болып дүркіреп тұрды.
Бірде Серік «Сал үстіндегі маусым» деген сериялы телехабар жасап, Сырдария өзені өңірінің әлеуметтік және экономикалық өзекті жайларын жан-жақты көтереді. Кезекті бір шығармашылық лездемеде оған лайықты баға беріліп, мақтаудан кенде болмайды. Жақсы сөз қай жүректі болмасын жаймашуаққа бөлеп жібереді емес пе? Серіктің сақасы алшысынан тұрғандай болып, Сырдың суы тізесіне келмей Алматының көшесімен алшаңдай басып келе жатқанда, дәл қарсы алдынан досы Мұса Рахманбердиев ұшыраса кетеді. Аман-саулықтан соң Мұса да Серіктің хабарын жата кеп мақтай жөнеледі.
– Сен нағыз қазақтың Песковысың, – дейді ол қыза-қыза. Осындай мақтаудан соң Серік Байхонов қалай шыдасын, әлгі хабарын шұғыл түрде «жуып» жібереді.
Екі дос біраз шырқап, қоштасарда Серік керемет бір идея айтады:
– Давай, Мұса! Біздің елге барып қайтайық. Мен саған тұнып тұрған нағыз табиғатты көрсетемін. Өзің де сексеуіл жайында проблемалық очерк жазамын деп құлшынып жүрсің ғой. Ал, сексеуілдің көкесі біздің жақта біле білсең. Ішінде ептеп қызуы бар Мұса досының ойын қолдай кетіп, жолсапарға бірге баратын болып келіседі.
Серік пен Мұса арада бір апта өтпей жатып, Сыр өңірі қайдасың деп тартып кетеді. Серік, Мұса досын өзінің туған ауылы «Авангардта» біраз аунатып-қунатып алған соң, Шиелі аудандық партия комитетіне бас сұғып, келген шаруаларын айтады. Райкомдағылар аты белгілі екі жазушы-журналистке арнайы жолбасшы және құммен еркін жүре алатын «КамАЗ» автомашинасын бөледі.
Еркін жүріп-тұрып қалған Серік, райкомның жауапты қызметкерін өздерімен ерткісі келмей, сан түрлі сылтау іздейді.
– Серік, абайла, – дейді Мұса, – құмның ішінде адасып кетіп, өліп қалып жүрмейік. Сондықтан да, жолбасшыны алғанымыз жөн болар.
– Қорқатын ештеңесі жоқ. Бұл өңірді талай-талай жаяу кезгенмін, бес саусағымдай жақсы білемін десем, артық айтқандық болмас. Тіпті, адасып кеткеннің өзінде менің жұлдызға қарап, жол табатын қасиетім бар, – деп желпінеді Серік.
Айтқанынан қайтпайтын Сәкең әлгі райкомның жауапты қызметкерін бір амалын тауып тастап кетеді де, арнайы бөлінген «КамАЗбен» жолға шығады.
Мұса досы ауылына күнде келіп жатқан жоқ. Қоржынын мықтап толтырып алған Серік Байхонов әрбір шақырым сайын тоқтап, алыстан арнайы келген жан досы үшін, топырағында аунап өскен туған жері үшін, аузын ашса көмекейі көрінетін ақ көңіл жандары үшін, тұнып тұрған табиғаты үшін үсті-үстіне тост көтереді. Қызыл сөзге Мұса батыр да дес берген бе? Оның да көңілі асып-тасып, сөзді түйдек-түйдегімен ағытады.
Мұндай кезде уақыт дегенің де тым жүйрік қой. Лезде ымырт үйіріліп, үшеуі құмның ішінде кәдімгідей адасып кетеді. Серіктің бұл аймақты бес саусағындай жақсы білетіндігі, жұлдыз санап жол табатындығы жайына қалады. Түннің бір уағында үлкен шамдарын жарқыратып жандырған бірнеше машина адасқан жолаушыларды жан-жақты қоршап алады. Кәдімгідей қызу болса да, Серік әлгілердің рұқсатсыз киік аулап жүрген броконерлер екенін біле қояды.
Иә, шаш ал десе, нағыз бас алатын осылар. Олар жол үстінде кездейсоқ кездесе кеткен көк аттыларды онша жарата бермейді. Мұны да өте жақсы білетін Серік: «О, құдіретті Құдай, өзің сақтай гөр!» деп мылтықтарын кезеніп, өктем-өктем сөйлеп тұрған бұзық жандарға қарсы жүреді. Біреуін көке деп, енді біреуін жезде деп, сендер жақсы, біздер жақсы деп, қалған төрт бөтелке арағын беріп, алдап-сулап баскесерлерден әрең құтылады.
– Мыналарың кімдер? – дейді әлі мастығы айыға қоймаған Мұса, – Саған дауысын көтеріп сөйлеуге кім право берді оларға? Давай, Серік, машиналарының нөмірлерін жазып ал. Алматыға барған соң шетінен әкелерінің кім екендігін танытамыз.
– Тсс, – дейді сонда Серік, – Саған нөмір керек пе, өмір керек пе?

«Жан жарын күтіп әлі отыр»

Сәтсіз аяқталған сексеуіл сапарынан соң Мұса мен Серік Қармақшы ауданына бармақшы болып, жұбын жазбай пойызға бірге отырады. Бұл екі достың да Қожанасырдан артық жері шамалы, бір-бірінен көз жазып қалып, Серік Жусалының теміржол бекетінде түсіп қалады да, Мұса мұртын тікірейтіп, қақиғаннан қақиып, Тереңөзектен бір-ақ шығады. Көп жолаушымен бірге пойыздан түсіп, жан-жағына қарайды. Жанынан бір елі қалмайтын ұзынтұра досы Серік жер жұтып жібергендей ұшты-күйлі жоқ. Осылайша алаңдағаннан-алаңдап, Мұса біраз уақыт тұрып қалады. Бірақ Серік көрінетін емес. Не де болса баратын жеріме өзім-ақ тарта берейін деген оймен, Мұса жанынан өтіп бара жатқан жас келіншектен жөн сұрайды.
– Біздің ауданда сіз айтқандай совхоз жоқ, – дейді әлгі келіншек таңқалып.
– Сонда қалай болғаны, – дейді Мұса сасқалақтап, – бұл қай жер өзі, айналып кетейін?
– Сіз Тереңөзекте тұрсыз, ағай.
– Ә, солай ма еді?! Қап, енді не істесем екен? – деп қара санын бір-ақ соғады Мұса.
Журналистік өмірде талайды көрген Мұсекең бұл жолы да онша әбіржи қоймайды. Болары болды. Битке өкпелеп, тоныңды отқа тастай алмайсың. «Әй, Серік, саған не дейін? Бір әдемі келіншек бетіңе күліп қарап еді, есің шығып, жаныңдағы жалғыз досыңды ұмытып кеттің. Енді менің сүмірейіп тұрысым мынау. Әлгі мен жазатын сексеуілдің жағдайы анау болды. Он күн бойы босқа салпақтап, газетке жариялайтын бір дүние алмай келгенімді құдайым да, бас редакторым да, сірә, кешіре қоймас. Айтпақшы, Ұлы Жеңістің 45 жылдығы жақындап қалды емес пе?
Соғыстан күйеулері қайтпаған жесірлер туралы очерк жазу көптен бері ойымда бар еді. Меніңше, ондай кейіпкерлер кез-келген ауылда табылып қалады», – деп ой түйген Мұса аудан орталығына жақындау бір ауылға жаяу-жалпы тартып кетеді. Үлкен ауылға кіре берісте бір қариямен жүздесіп, жөнін айтады.
– Ондай кемпірлер біздің ауылда толып жатыр. Мысалы, Қалимаш жайында жазуыңа әбден болады. Үйі анау тұрған тоқал там, – дейді ақсақал жөн сілтеп.
Құдай оңдағанда Қалимаш әжей үйінде екен. Біреу газетке жазайын деп құлшынып тұрса аянсын ба, көзінің жасын төгіп-төгіп алып, соғыстан оралмаған күйеуі туралы сызылтып тұрып айтып береді.
– Әже, осы ауылда өзіңіз сияқты жесір қалған кімдер бар? – дейді Мұса қоштасарда.
– Күлпаш пен Әлиманы жазуыңа болады, шырағым. Екеуі де онша алыс тұрмайды. Кез-келген баладан сұрасаң да, үйін тауып береді, айналайын, – дейді кемпір.
Мұса бірінші болып Күлпаш апаның үйіне бас сұғады.
– Солай де, шырағым. Сонау ит өлген жерден арнайы келген екенсің, – дейді шүйкедей қара кемпір, – келгенің өте жөн. Бірақ Қалимашты газетке жазбағаның жөн болар. Оған бәрібір, өзің үлкен ұятқа қалып жүрерсің.
– Неге, апа? – дейді Мұса таңқалып.
– Балам, Қалимаштың күйеуінің соғыстан оралмағаны рас. Ол жайлы бүкіл ауыл біледі. Бірақ ол албасты күйеуінен қара қағаз алған соң, бір емес, екі бірдей байға тиді емес пе? Соңғы байы жақында ғана өлді, өзі жақсы адам еді, жаны жәннатта болғыр. Жазатын болсаң, мені жаз газитке, балам. Қайта-қайта байға шыққан кемпірді кәйтесің әлдеқандай қылып.
Қара кемпірдің айтқандарын қойын кітапшасына түртіп алған Мұса, көп ойланбастан Әлима әжейдің үйіне келеді.
– «Қырықтың бірі Қыдыр» деген. Өзің бір жүзі жылы бала екенсің, жоғары шық, қонақ бол, – дейді үй иесі ақ пейіл танытып.
Шай үстінде Мұса келген шаруасын айтады.
– Шырағым, кәрі қойдың жасындай өмірім қалғанда біреуді жамандап қайтейін. Дегенмен, жасырып-жабатыны жоқ. Қалимаштың жағдайы сондай болған, ол жағын өзің де естіпсің. Анау құдай атып кеткір Күлпаштың да оңған қылығы шамалы. Ол беті қара көлденең көк атты біреуден бір емес, екі бірдей бала туып алды. Отырмын ғой мен құдай алмай-ақ. Не күйеуге тиген жоқпын, не бала туған жоқпын. Қыздай тиген Рысбегімнен қалған жалғызым аман болсын! Соның тілеуін тілеймін, қарағым.
Құдайға шүкір, он немерем бар. Ешкімнен кем емеспін, не ішем, не кием демеймін. Әй, дегенмен Рысбегімнің орны бөлек қой, жігіттің нағыз төресі еді ол. Рысбекті өлді дегенге әлі де сенбеймін. Бір күні есікті айқара ашып, кіріп келетін құсайды да тұрады, – деп Әлима әжей ағыл-тегіл болып жылап алады…
…Осыдан көп ұзамай-ақ «Қазақ әдебиеті» газетінде Мұса Рахманбердиевтің «Жан жарын күтіп әлі отыр» деген очеркі жарық көреді.

Жаяу Мұса және оның серігі

1992 жылдың күзінде «Қазақтелефильм» студиясына жеті қайнаса да сорпасы қосылмайтын Әбжан Жақсыбеков деген директор болып келіп, айрандай ұйып отырған шығармашылық ұжымның берекесі қаша бастады. Бас редактор Мұса Рахманбердиев, режиссер Қалила Омаров және бірнеше жігіт арыздарын жазып, жұмыстан босанып кетеді. Бірақ битке өкпелеп, тоныңды отқа лақтырмайсың. Тірі адам тіршілігін жасайды, бір-екі ай жұмыссыз жатқан Қалила бір тірлік жасамаққа бел байлайды.
– Саған екі күнде бір жәшік сигарет беріп тұрайын, – дейді бір танысы, – соны сат. Маған сол бір жәшік темекінің өзіндік пұлын берсең жарап жатыр. Үстіндегі пайдасының қызығын өзің көр.
Ертесіне Қалила танысы берген бір жәшік темекіні алып, Жеміс-жидек зауытының жанындағы аялдамаға шығады. Үш күннен соң адам көрге де үйренеді деген рас екен. Алғашқыда ептеп ыңғайсызданған Омаров бара-бара темекі сатудың ұңғылы мен шұңғылын әбден меңгеріп алады. Оның үстіне сигарет атаулының қат кезі, бұрынғы кинорежиссердің қолы жүріп, бала-шағасын асырауға жарап қалады.
– Темекі алыңыздар, темекі алыңыздар, өте сапалы, өзі арзан, – деп айқайлап тұрған Қалила біреудің өзіне қадала қарап тұрғанын сезіп жалт қараса, бұрынғы бас редакторы Мұса Рахманбердиев оған таңқалып қарап тұр екен. Үлкен көздерінен мейірімділік пен жанашырлық сезімі айқын аңғарылып, өз-өзіне сенбегендей басын шайқап-шайқап қояды.
– Қалила, көше кезіп, темекі сатып, саған соншама не болды? – деді ол ешкім естіп қоймасын дегендей сыбырлап.
– Мұсеке, не десем екен? Күнкөрістің қамы ғой. Оның үстіне қызым ауырып қалып, дәрі-дәрмек керек дегендей, – дейді Қалила жерден көзін алмай міңгірлеп. Үш сағаттан соң Мұса темекі сатып тұрған Қалилаға қайта соқты.
– Қалила, – деді Мұса, – білесің, өзім де жұмыссыз жүрмін, мынау бір керегі болар деп сары майдай сақтап жүрген пұлым еді, жағдайың келсе кейін қайтара жатарсың, қызыңа жарат, – деп бір бума ақшаны береді.
Мұса асығып кетіп қалған соң, Қалила бұрынғы бастығы берген ақшаны санай бастады. Бақандай 5000 сом екен. Ал, сол кезде білдей режиссердің айлық табысы 250 сом болатын.
Арада екі ай өтпей жатып, Мұса «Қазақтелефильмнің» Бас директоры болып тағайындалды, Қалила бұрынғы қызметіне қайта оралды. Бұлбұлдан гөрі кейде қарғаның жолы болғыштығына бүгінде таңқалмайтын болдық емес пе? 1994 жылдың жазында ойламаған жерден «Қазақстан теледидар және радио хабарларын тарату компаниясының президенті болып, Ләйлә Бекетова ханым тағайындалып, Шерхан Мұртаза отставкаға кеткен соң, бір топ қазақи жігіттер қызметтен шеттей бастады. Солардың арасында Мұса мен Қалила да бар еді. «Қазақтелефильмнің» Бас директоры қызмет орны мен жеңіл мәшинесін тапсырып, Қалила екеуі жаяулатып Абай көшесіне түседі. Дәл осы кезде күн қарайып, сіркіреп жаңбыр жауып тұрады. Онсыз да көңіл-күйлері болмай тұрған Мұса мен Қалиланың дәл жандарынан бір шетелдік жеңіл мәшине зу етіп өте шығып, үсті-бастарын малмандай етеді. Жын қуғандай болып өте шыққан «иномарканың» жүргізушісін Қалила танып үлгереді.
– Қап, мына иттің қорлығы-ай! – дейді ол, – бір кездерде менің ассистентім еді. Қарашы шіренуін! Общым, Мұсеке, сіз адам емес екенсіз.
Мұса мынаны жын ұрып кеткен бе деп жанында тұрған серігіне мұрты едірейе қарайды.
– Әй, сен не деп сандалып тұрсың?
– Сіздің сөзіңізге еремін деп, әжептеуір басталған бизнесімді тастап, киноға келдім. Енді жаяулатып, кім көрінгеннің шалшығын үстімізге шашқызып тұрысымыз мынау! Баяғы өзіңіз берген 5000 сомды айналдырып, әлдеқашан мынандай деген мәшине сатып алар едім. Көлік болғанда, әрине, сіз екеуміз дәл осылай тұрмаған болар едік. Үйіңізге жеткізіп, Қалдыкүл жеңгемнің шайын рахаттанып ішіп отырған болар едіңіз.
– Тәйірі, сол да сөз болып па, – дейді Мұса, – мәшине деген темір, сынса көрінген жерде қалып қояды. Ал, сен болсаң, Мағжан мен Міржақыптарды тірілтіп, өлмейтін кинотуынды жасадың. Мұндай бақытқа кез келген жігіт ие бола бермейді. Біреулерге жаяу жүру қорқынышты шығар, біз оған әбден үйренгенбіз, бауырым! Осы кезде №5 троллейбус шиқ етіп тоқтай қалады. Екеуі көппен таласа-тармаса, қоғамдық көлікке ұмтыла береді.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика