НАУРЫЗ МЕЙРАМЫН ЕРЕКШЕ ЫҚЫЛАСПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

22 Наурыз 2018

Бүгін Достық үйінің алаңында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен Ұлыстың Ұлы күні наурыз мейрамына арналған «Сарыарқа – бірлік мекені» атты акциясын қарағандылықтар ерекше ықыласпен қарсы алды.  

Наурыздың мағынасы – наурыз парсыша «нау» (жаңа) және «рыз» (күн) жаңа жылдың бірінші күні деген мағынаға ие. Қазақтар бұл мейрамды әз-наурыз мейрамы деп те атайды.

Наурыз – көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің мейрамы болумен бірге, халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтейтін мейрам болып табылады.

Іс-шараның мақсаты – қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін жаңғырту, патриотизмді насихаттау, этносаралық және қоғамдық келісімді нығайту, тарихи-мәдени мұраны сақтау болып табылады.

Айтулы мерекеге этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Аналар кеңесінің, Ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, студенттер және қаламыздың барлық ниет білдіруші тұрғындары мен қонақтары қатысты.   

Мерекелік бағдарламаны құттықтау сөзбен ашқан облыстық  Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары В.Хмелевский мейрамның мәні мен мағынасына кеңінен тоқталып, жұртшылықты наурызбен құттықтады.

Шара барысында лек-легімен жиналған қалың қауымға «Сарыарқа» әсем күйінен шашу шашылып, тамаша көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, мерейлі мерекеге жиылған халық киіз үйлерге кіріп, ұлттық асымыз – Наурыз көжеденбауырсақ пен тәтті дәмнен де ауыз тиді. Қонақтарға алтыбақан қойылып, арқан тартыс, асық ату, гир көтеру сияқты ұлттық ойындар өткізілді. Сондай-ақ, жылсайынғы дәстүрге айналған «Бірлік» Қарағанды облысы өзбек мәдени-этникалық орталығымен» дәмді плов дайындалды.

Бағдарлама аясында «Авги» Грек мәдени орталығының», «Татар-башқұрт мәдени орталығының», «Ахыска» түрік мәдени орталығының», «Эребуни» армян мәдени орталығының» шығармашылық ұжымдары, «Дакия» Румын қоғамының» «Dorule» этнофольклорлық, «Полония» Қарағанды облыстық поляк қоғамының» «Небеске хабре», «Дагестан» ұлттық мәдени орталығының» «Хайдакъ» ансамбльдері, «Видергебрут» неміс орталығының» «Эдель» вокалды тобы, «Вайнах» Шешен-иншуш этномәдени бірлестігінің» ансамблі және арнайы шақырылған Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің шығармашылық ұжымдары қарағандылықтардың назарына өз өнерлерін паш етті.

Акция соңында барлық қатысушылар «Қара жорға» қазақ ұлттық биін орындады.

Қарағанды облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика