Нашақордың наласы (әңгіме)

14 марта 2018

Таңертең Әнуар әйелін дауыстап шақырды.

– Ғалияш! Демін бір жұ­тып өзін әлденіп алған секіл­ді се­зі­­н­іп, әйелін тағы да ша­қыр­ды. 

Ғалияш таңғы ұйқысын қи­маса да қасына келді. Әнуар алты айдай төсек тартып жатып қалған болатын. Себебі нашақорлыққа салынып, үйін тоздырып жіберген, енді жарты жылға жуық сал болып, аяқ қолдары дірілдеп, кейде сөй­леуге де шамасы келмей қала­тын өлімсек күй кешіп жатыр.  Әнуар жанары солғын тарт­қан күйде:

– Ғалия, маған су әкеп бер де қасы­ма отыршы, – деді.

Ғалия үн­демей бір кесе суын бер­ді. Әнуар жұтынып отырып ішті де: – Ғалия, сен мені кешір! Мен есірткінің не екенін біле тұрып, нашақор болдым. Сені де, екі ұлымды да, әке-шешемді де, қарындастарымды да шығын­ға түсірдім. Олардан кеші­рім сұрауға уақытым қалм­ады, сон­­дықтан менің кешірімім­ді ай­тар­­­сың, – деген кезде Ғалия селк ете қалды. Өлім туралы ой солқ ет­кізіп өте шықты. Ғалия­ның мұн­дай хәлін Әнуар іштей сез­ді де, көзінен байқады да, әрі қарай сөзін жалғастырды.

– Ғалия, осы алты айға жуық жатқанымда мен жай жат­қан жоқпын ғой. Мұндай хал­ге қалай жеттім, не себеп болды, кім кінәлі? Сонда рухым­ның әл­сіздігі ме деген сұрақ­тар­ға іш­тей жауап бердім. Үлгер­ге­нім­ше, шамамның келгенінше өсиет қалдырдым. Нашақор адам қандай өсиет қалдырар дер­­сің деп күлмеңдер. Әрине көп нәрсені жаза да алмадым. Бі­­рақ жазғанымның өзі келешек ұр­­­паққа сабақ болар. Осыншама жасқа келіп, Отанымның үлгілі азаматы болудың орнына есірт­кі деген бәлеге төтеп бере алмадым. Ұят-ай десеңші!..

Әнуар тоқтап қалды. Әрі қарай сөйлеуге шамасы келмей, тілі күрмелді. Орнына жатқы­за­йын десе Әнуар көз жұмған екен. О, Алла! Адам өлімі қан­ша­ма табиғи нәрсе болса да, жас адамның, осыншама қор­лан­­ған жанның, отбасына, қа­рын­дастарына, әке-шешесіне қиянат жасаған адамның өлімі жантүршігерлік екен.

Әнуардың өлгені жақын адам ретінде Ғалияштың жанын ауыртты. Өзін-өзі ұстау үшін Әнуардың өлімі үйіме тыныш­тық әкеледі-ау деген де ойға кел­ді. Не қайғыратынын, не шүкір­шілік айтып, жеңілденерін біл­мей, біршама уақыт мең-зең болып тұрып қалды. Есін жина­ған соң туған-туыстарға хабар берді…

Жерлеп, жетісін, қырық күндігін өткізгеннен соң қолы босағандай сәт туды. Жерлеудің өзі Әнуардың әлемін өзге қыры­нан танытқандай болды. Қай­ғыға ортақ болған адамдар келіп, түрлі ой-пікірлерін айтты. Неге екенін, Әнуарды мақтағандар көп болды. Екі ұлы ұйқыға кеткен кезде Ғалияш Әнуардың өлер алдында айтып кеткен сөздерін есіне ал­ды. Қалай өмір сүргендері, бір­­ге жүрген, қуанған, соңғы бес-алты жыл ішінде үйдің ішін­де күніге ұрыс-төбелес, айқай-шу кетпей қойған күндері еске түсті.

Екеуі үй болған кезде, аса келісті, бойы ұзын, жігіттің сұлтаны еді. Көп құрбыларының арманына айналған жігіт болатын. Сол бірнеше қыздың ішінде Ғалияны таңдап, отау құрды. Жұмысы да алға жүрген азамат еді. Үйдің жағдайын жасап, бала-шаға сүйді. Біреудің алды, біреудің арты болып өмір сүрді. Соңғы бес-алты жыл бойы Әнуар есірткіге беріліп, жарайды-ау деген дүниесін сатып, көрінгенге қарыз болып, үйінде жанжал, ұрыс-керіс көбейіп, отбасылары тозып кеткен болатын. Әсіресе Әнуар­дың әке-шешесінің жылаған кезде етегі көз жасына толатын. Қа­быр­ғ­алары қайысып, маң­дайы жерге жететін. Қар­тайған ша­ғында баланың бұзақы бол­ғанын ешкімнің басына бер­месін. Әнуардың нашақор бол­ғанына күйінген туған-туыс­тары далбасалап балгерлерге де апарды, тәуіптерге де көрсетті. Қанша шығындалса да, ақыл-кеңестерін айтса да Әнуар күн­нен-күнге адамдық қа­сиетін жоғалта берді. Мұнысы қалай екен? Сонда үй ішіндегі он бес адамның бір адамға әлі кел­мегені ме? Мүмкін бір адам­ның нашақор болмауына бір отбасының шамасы жетпесе керек, онымен бүкіл қоғам, ай­н­а­ладағы орта, әлем күресуі керек шығар. «Есірткі – ХХІ ғасыр тажалы» дегенді білген адам айтқан ғой, сірә. Әйтпесе, отба­сындағы жанашыр бауырлары қолдарынан келген көмегін ая­мады. Бастарынан мұндай со­рақылық өтпеген адамдар мұны түсіне ме екен? Түсінсе есірт­­кіге қарсы күрес әлдеқайда алға жылжитын еді ғой.

Әнуардың айқайы, балаларды, өзін ұрғаны, дүние-мүлікті сындырғаны, болмайтын тиын-тебенге сатып жібергені көз алдына елестеді. Нашақормен нан бөлісіп, бір шаңырақтың астында өмір сүру деген өте қиын.

 Осындай ойға шомып кеткен оның есіне, күйеуінің өсиет қалдырдым дегені түсті. Жатқан жерін жиыстырып жүрген кезде төсектің астында жазуы бар бірнеше парақ табылған бола­тын. Оны Ғалияш жазу үс­телі­нің бір бұрышына қоя сал­ған еді. Әнуар жазып кеткен қағаз­дарды алып оқи бастады.

 «Дүниені менше сүйіп, менше жеріген кім бар екен? Есірткі сатушы адамдар мүмкіндігінше байып алады. Сорлағанда мен сорладым. Әке-шешемнің, төрт қарындасымның жүзін төмен­детіп, қара бет қылдым.

Өзім­нің әйеліме, екі ұлыма не көр­сет­тім, қандай өнеге қал­дырдым? Бәрі­нен де айырылдым, енді менде бақыт та, береке де, ынтымақ та, мансап та жоқ. Әрине мұның бәріне де бірінші өзім кінәлімін. Бұған қоса, дискотекалардағы рок-му­­зы­ка­лар, шетел эстрада жұл­д­ыз­дарының ашық сұх­­бат­тары, шетел кітап беллетрис­тикасы, есірткі сату, қол­дану, таратуды табыс көзі, өр­кен­дей­тін бизнес ретінде көр­се­те­тін кинофильмдер кінәлі сияқ­­­ты. Менің есірткіге алғаш­қы қызы­ғу­шылығым наша­қор­лар­дың түрлі композициясынан басталды-ау деп ойлаймын. Бір күні жұмыстан жүйкем шаршап келіп, теледидарды қосқан едім, шаршаған, бұзақы, ащы дауыспен, қара киінген адамдар опиумды стилистика деп өлең айтып жатыр екен.

Бұл «Агата Кристи» еді. Осыдан шаршағанымды басатын опиум ба, әлде осыған ұқсас бірдеңе болар, соны ертең іздестіріп бір-екі тартып шаршағанымды басып көрейінші деген ой келді. Ертеңіне дискотека болатын жерге іздегенімді табармын деп бардым. Бұл жерде өз-өздеріне риза болып, бақытты сезініп жүрген жандарға тап болдым. Сөйтсем, мұнда марихуана шегіп, ХХ ғасырдың 60-шы жыл­дарын­дағы америкалық комму­на­ларда өскен хиппилердің прогрессивті рок-музыкасын және психоделикалық рокты тыңдап, есірткі шеге баста­ған адамдар жиналады екен. Әрине ол жерден құр қол кете алмайсың. Есірткі шегіп, өз-өзімді рахат сезіндім. Әрі қарай не болғанын білмеймін. Әйтеуір осы бәлеге құштарланып ал­­дым, онсыз өмір де сүргім кел­мей кетті. Есірткі туралы ақпаратты, кітаптарды, фильмдерді қызы­ға көріп, тыңдай бастадым. Сөй­тіп кітапханаға барсам есірткі, нашақорлық жайлы көркем әдебиеттер таптым. Көбі шетел әдебиеті екен. 

Бірақ кітаптардың біреуінде де соңғы нәтижесінің қандай болатыны айтылмаған. Бар болғаны одан рахат алатының, табыстың көптігі, ақша үшін бір-бірін өлтіру жайында әсер­лі жазылған. Сонда бұл қалай, отбасымнан басқаға денім­нің сау, тәні таза азамат болуым керек болмағаны ма? Есірт­кінің таралуына барлық жағ­дай жасап қойған ба деймін. Есірткіні қалай қолданатынын, сізді ләззатқа бау­лайтынын бі­л­гі­ңіз келсе – рок музыка де­се­ңіз – тыңдаңыз, кинофильм көремін десеңіз көрі­ңіз, әдеби кітап оқимын десе­ңіз – оқыңыз. Қандай парадокс. Мұны түбіне дейін шешу­ге менің мұршам да, денсаулы­ғым да, миымның қабілет­т­і­лі­гі де қалмады.

Айтар сабағым «Басыңды көтер, басқа елдің жаман қасиеттерін арқалағанша, отбасыңа, әке-шешеңе, қарын­дас­тарыңа көмек көрсет, ата-бабаларыңның аруағын сыйла, солардың қалдырып кеткен алтын қазынасын сақтай біл деген екен. Лайым, шаңырақ­тарыңызға есірткі, арақ деген бәлелерді жолатпасын. Зардабы – кемсеңдеп жылаған әке мен шеше, қабырғалары сөгілген іні мен қарындастар, артыңда жылап қалған жесір әйел мен жетім бала-шаға». Әнуар осылай жазыпты. Ғалия әрі қарай оқи алмай көз жасына ерік берді… 

Гауһар МЕДЕУОВА

«Егемен Қазақстан» газетінен


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика