Намазалы Омашұлы: «Журналист болуды жоспарлаған емеспін»

27 Қазан 2018

7f7c1098f26d128d67584bafa97e8e07_XLҚиял қумай өскенбіз

Мен бәзбіреулер сияқты мектеп қабыр-ғасында жүргенде «журналист боламын» деп армандаған емеспін. Балалық шағым сол кезеңдегі балалардың барлығы сияқты қызықты, шытырман оқиғаларға толы болды. Жалпы, жастық шақты екіге бөліп қарастыруға болатын сияқты.
Кейбір балалар арман-қиялға бейім болады, сол қиялдаған дүниесін іске асыруға тырысады. Ал менің оған уақытым жоқ, ойын ойнаудан қолым тимейтін. Мінез-құлқымнан ба, әлде өскен ортам солай болды ма, әйтеуір, неше түрлі тосын оқиғалардың бел ортасынан табылатынмын. Бала кезімде бірнеше рет суға ағып кете жаздаған жерімнен үлкендер құтқарып алды. Талай рет аттан құлап, үзеңгіге аяғым ілініп қалып сүйретіліп, одан да аман қалғанмын.
Балалық шағым Жамбыл облысы Меркі ауда­нына қарасты Ойтал деген ауылда өтті. Ауылда қыс мезгілінде ойын сәл саябырлап қалады. Сол уақытта менің қолымнан кітап түспейтін. Біздің ауыл малдың қысқы азығына жоңышқа дайын­дайды. Сабақтан келісімен үйдегі азын-аулақ малға су беріп, жем-шөбін салу менің мойным­да. Бауланып, жиналып тұрған жоңышқаның үстін қалың қар басып жатады ғой. Содан малдың алдына салу үшін бір бауды суырып алғанда, көкпеңбек жоңышқаның, гүлдің иісі бұрқырап сала береді. Жаздың кішкентай бір бөлігі сол жерге келіп орнағандай болады. Мен әлгі жоңышқаның қуысына еніп алып, кешке дейін кітап оқимын. Қас қарайып, кітаптағы әріптер көрінбей қалғанша бас алмаймын. Бірақ көркем әдебиетке деген құмарлығым болса да, жур­налист болам деп ойлаған емеспін. Математика пәнінен жүйрік болдым, облыстық, республикалық олимпиада­ларда жүлделі орындар алып жүрдім.

Кино өмірді күрт өзгертті

Мектеп бітірген соң Ауыл шаруашылығы институтының агроэкономикалық факультетіне оқуға түстім. Алматыдағы бір не­мере ағамыздың үйінде тұрамын. Ағамыздың үш бөлмелі кең пәтеріне есімдері елге танымал ақындар, ғалымдар, композиторлар көп жина­лады. Төлеужан Смайылов, Танаш Дәуренбеков, Бүркіт Ысқақ, Хамза Ғабдуллин сияқты қаламгерлер тіпті сол үйге қонып, паналап жүретін. Солардың ішінде ақын Төлеужан Смайыл менің журналистиканы төңіректеуіме көп ықпал етті. Ол кісі Теодор Драйзердің «Америкалық трагедиясын» қазақша сөйлеткен мықты тәржімашы, үлкен ақын еді ғой. «Сенің тілің бай, білімің бар, жазу қолыңнан келеді. Неге журналист болмайсың?! Қарным тоқ бо­лады деп ауылшаруашылық саласына оқып жүрсің бе?» деп қайрап қоюшы еді. Бірақ мен ол кісінің айтқанын құлағыма ілмей біраз жүрдім.
Күндердің күнінде кинотеатрда «Журна­лист» деген екі сериялы фильм көрсетілді. Сол кино маған сұмдық әсер етті. Қатты ұнады. «Журналист» деген мамандыққа деген қызығушылығымды оятты. «Бірдеңе жазсам» деген ой менде болған емес. Олай өтірік айта алмаймын. Бірақ осы фильмді көргеннен кейін журналистиканы меңгеруге құлшындым. Кейін көп ұзамай оқуды орта жолдан тастап ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түстім. Менің журналистикаға келу жолым осылай өрбіді.
Республиканың түкпір-түкпірінен келген Тұрсын Жұртбай, Несіпбек Аитов, Дәуітәлі Стамбек, Жүрсін Ерман, Жанболат Аупбай, Асқар Егеубаев сияқты мықтылармен бірге оқыдық. Бәріміз таласып, жарысып оқыдық. Оқу ғимаратында ректордың кабинетінен бас-тап Кәсіподақ кабинеті арасында отыз-қырық метрдей жер бар. Біздің топтың ұл-қыздары сол ұзын қабырғаның бәріне қатар-қатар тізіп газет шығарамыз. Одан бөлек, материал-дарды кәдуілгі машинкаға бастырып, оны тігіп, журнал шығарамыз. «Толқын» деп аталады, көлемі қазіргі «Жұлдыз» журналын­дай. 1969 жылы журналистка факультетіне қабылданған біздің топ өте сүйекті, білімдар топ болды. Біреуіміз өлең, енді біріміз мақала, публицистикалық дүниелер, очерктер береміз. Түскен материалдар қабырға газетіне сый­май, қазіргі республикалық газеттер сияқты кезек күтіп тұратын. Жарысып оқығанның, шығармашылық бәсекенің пайдасы сол, біздің топтан қазір республика көлемінде танымал тұлғалар көп шықты.
Жас кезімде спортқа да, өнерге де бейім бол­дым. Ешкімнен қорқа қоймайтын қайсарлығым да болған сияқты. Домбыра, гитара, баян тартатынмын. Сомбреро киіп, гитарамен ән айтып жүрген кезімді достарым әлі күнге дейін ұмытпайды. Бірақ оқытушылық жұмысқа кіріскеннен кейін осы қызықтың бәрінен өз еркіммен бас тарттым. Себебі, мен ҚазМУ-дың журналистка факультетіне жастайымнан оқытушы болып орналастым. Студенттерімнің 70 пайызының жасы менен үлкен еді. Үлкен жігіттерге сабақ беру үшін өзімді қатқылдау ұстауға тура келді.

 Менің мектептерім

Оқу бітіргеннен кейін университет қабырғасында бірнеше дәріс оқыдым. Өзімді-өзім жетілдіруге тырыстым, іздендім. Мен үшін ҚазМУ-де өткен жылдарым өз алдына үлкен бір мектеп болды.
Журналистика ғылым ретінде Қазақстанда қалыптаса қоймаған кез. Сол себепті, маған ғылыми жұмыстарымды Мәскеуде қорғауға тура келді. Сексенінші жылдан бастап, 1992 жылға дейін 12 жыл бойы Мәскеуде болдым. Қазақ ауылынан шыққан, жоғары оқу ор­нын қазақ тілінде бітірген бала үшін бұл өте қиынға тиді. Бірақ көз майымды тауысып, ерінбей еңбектеніп жүріп, журналистика ғылымындағы корифейлердің еңбегін түгел оқып шықтым. Бұл – менің журналистикадағы екінші мектебім.
1995 жылы ЮНЕСКО жанындағы Дүниежүзілік Коммуникация мен журналистиканың «ОРБИКОМ» деп аталатын ұйымына мүшелікке қабылдандым. Орта Азия елдерінен мүше болған жалғыз мен ғана. Бұл ұйым әлемдік журналистиканың проблемала­ры туралы алқалы конференциялар өткізеді. Сондай конференцияларға қатысып, әлемнің жартысын аралап шықтым. Барған елдерімде базар аралап жүргенім жоқ. Лас-Вегас, Ма­дрид, Барселона, Монреал, Париж, тағы басқа қалаларда өткен конференцияларға атсалысып, дүниежүзілік журналистиканы толғандырған тақырыптар бойынша баяндама жасадым. Шетелдік әріптестеріммен сұхбаттасып, өзара пікір алмасуға мүмкіндік туды. Осы үшінші мектебім менің ғалым ретінде, шығармашылық адамы ретінде өсірді.
Менің пайымдауымша, қазіргі жастар ұлт, рух деген ұғымдарды Алаш зиялыларының еңбектері арқылы терең ұғынуы тиіс. Жастар жалған патриоттық пен шынайы патриоттықтың аражігін ажырата­тын дәрежеге жетуі керек. Мұстафа Шоқай Францияда жүріп өле-өлгенше қалың елі қазағының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап кетті. Ал қазір Францияда, Англияда, АҚШ-та жүрген жастар ана тілін білмейді. Өйткені, олардың туған жерінде тамыры жоқ. Ал Ах­мет, Міржақып, Шоқайлардың тамыры туған жерінде жатыр. Себебі, олардың тілі қазақша шықты, ділі қазақша қалыптасты, тәрбиені қазақша алды. Сосын ғана олар әлемдік ғылым-білімді бағындырды, сол биікке көтерілді. Мені қазіргі кейбір ұл-қыздарымыздың тамыры туған жерінен ажырап қалғаны қынжылтады. Қазақстанға келгеннің өзінде, оларды ешкім керек етпейді. Шетелде білім алып, осын­да оралған кейбір жастардың қайта кетіп қалғанын көзім көрді. «Мен қазақша білмеймін, бұл жақта ешкімге керек емеспін. Одан да тіл білетін, өзім үйренген ортаға кетейін» дейді. Ұрпағының өз ұлтына өзі сыя алмауы – үлкен трагедия.
Бізге де бренд керек
Әлемді аралап, әр елдің артық жақтары мен кемшіліктерін көру, оны өз еліңмен са­лыстыра білу – үлкен университет. АҚШ-тың тарихы 300 жылдан аспайды. Үндістерді қырып, солардың саудыраған сүйегінің үстіне тұрғызылған держава. «Аме­рика ұлты» осылай жоқ жерден пайда болды. АҚШ ғалымдарымен пікірлескен кезде, тарихтарының қалай қалыптасқанын олардың өздері де мойындайды.
Канадаға жолым түскенде, бізді зәулім ғимараттардың қасында тұрған кішкентай ғана ағаш үйде қабылдады. «Бұл ағаш үйдің не кереметі бар?» деп сұрасақ, «Канаданың алғашқы үкіметі осында отырған» дейді. Соны әлі күнге әспеттейді.
Францияға барсақ, француздар «Париж сияқты шаһар дүниежүзінде жоқ» деп мақтанады. Біздіңше, асып бара жатқан түгі де жоқ. Ірі қалалардың бәрі сондай. Қаңқа темірлерден құралған Эйфел мұнарасы тұр. «Триумфальный арка» сияқты нысандар басқа қалаларда да бар. Елисей алаңының да көздің жауын алатын кереметтігі байқалмайды. Александр көпірі де сол сияқты. Әрине, ондағы мүсіндер бәлен ғасыр бұрын таза алтыннан құйылған ғой. Дегенмен мен француздардан әдейі «Неліктен соншалықты мақтанасыздар?» деп сұраған едім.
– Адамзаттың айуаннан айырмашылығы білімінде, ғылымында, өнерінде емес пе?! – дейді.
– Оныңыз рас.
– Ендеше, соның бәрін қамтитын халықаралық ұйымдардың штаб-пәтері бізде шоғырланған,– дейді. Оған қарсы қандай уәж айтасың?! ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері сонда екені рас. Де­мек, кез келген ел өзінің артықшылығын тауып алып, соны әлем елдеріне дәріптейді.
Біздің ел де өзінің бет-бейнесін әлем елдеріне танытатын төл брендін жасап алуы керек. Құралақан отырғанымызға кінәлі өзіміздің құнтсыздығымыз ғана. Дүниежүзіне дәріптейтін құндылықтар қазақ халқында да көп. Соны жарыққа шығару, әлемге әйгілеу жастардың қолынан келсе екен.

Арнұр АСҚАРОВ
sn.kz


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика