Мысыққа деген махаббат

14 марта 2018

Мысық жақсы ма, әлде ит жақсы ма? Осы сұраққа жауап іздеген жұрттың басын қатырған бір мәселе жұрттың екеуін де жақсы көретіндігінде. Тіпті қаладағы көп қабатты пәтерлерде де мысық пен ит ұстайтындар баршылық. Мысықты қаладағы көпқабатты үйлерде асырауға қазақтар да ықыласты. Өкінішке қарай, соңғы кездері пәтерінде ит ұстайтын қандастарымыздың қатары көбейді Үйіне қонаққа барғанда итін көріп түңілгендер кездеседі. Ал мысыққа қарап, көңілінде бір жиіркеніш пайда болған қазақты көрмейсіз. Бұған мысықтың тазалығы себеп пе, әлде кішкентайлығы әсер ете ме?

Итке қарағанда мысыққа деген махаббат айқын байқалады. Үй жануарының ерекше қасиеті, ол адамның ауырған немесе ағзасы сыр берген жерін дөп басып, сол жерін өзінше емдеуге тырысатыны. Мысық аяққа оратылып жүрсе, демек аяғыңыз қақсайды немесе қан айналымы нашар. Ал «алдыңыздан қара мысық өтсе, жолыңыз болмайды» деген болжамың қайдан шыққаны белгісіз. Егер жаңа үй алсаңыз, бөлмелерге мысық жіберетін әдеттің де қайдан пайда болғаны жұмбақ.  Біздің ойлағанымыздай жаман ойға берілмейтіндер де бар. Мәселен, ағылшындар қара мысықты «табыс, жақсылық әкеледі» деп санайды.

Әлемнің әр шалғайында мысыққа деген көзқарас әртүрлі. Айталық ежелгі мысырлықтар үй иесі өлген соң, оның жаны мысықтың денесіне жасырынады деп есептеген. Өрт болған жағдайда ең алдымен мысықты құтқаруға тырысқан. Киім-кешекті аман алып қалуды екінші мәселе ретінде санаған.

Ежелгі викингтер (көне скандинавиялық теңізші жауынгер) мысықты қасиетті санаған.  Норвегия ормандарындағы жабайы мысықтар үй мысығын еске түсіреді. Сондықтар теңізшілер сапарға шыққанда мысықтарды өздерімен бірге алып жүрген.

Франциядағы Лион университетінің мамандары әлем бойынша үйде мысық ұстайтындардың санын есептеген. Олардың санағы бойынша жер шарында  400 миллион мысық бар. Дені — америкалықтардың қолында. Австралияда әрбір оныншы тұрғын мысық асырайды.

Азия континентінде бірінші орында Индонезия тұр. Бұл елде 30 миллион мысық бар. Еуропада сегіз миллон мысық мекендейді. Керісінше Перу, Габон және басқа да мемлекеттерде үй мысығы жоқ деуге де болады.

Үй жануарларының арасында мысыққа деген махаббат шын мәнінде ерекше. Мысалы, біздің халқымыз оны көп жағдайда тышқаннан сақтану үшін бағады. Бірақ оған уақтылы тамақ бергеннен басқа соншалықты құрметтемейді. Ал Жапония секілді елдерде әрбір үй қақпа алдына мысықтың мүсіндерін қоюға дағдыланған.  Оны отбасы және шаңырақ тыныштығы мен жайлылықтың белгісі санайды.  Орыстар жаңа үйге кірсе, ең алдымен мысықты босаға аттатқызады.

Ең басты ерекшелік — мысық пен адам баласына әртүрлі  ғұмыр бергендігінде. Кейде мысық өлетін немесе одан бұрын иесі қайтыс болатын жағдайлар жиі ұшырасады. Адамға тән қасиет жақсы мысығын еске алып отыратындығында.  Ал мысық иесі туралы не ойлайды? Бұл сұраққа жауап табылған жоқ. Жастық шақ, орта жас, кәрілік — мысыққа да тән құбылыс. Айталық, бір айлық мысық бес-алты айлық нәрестемен шамалас.  Алты айлық мысық 14 жастағы баламен, 14 жастағы мысық 72 жастағы қариямен бірдей.

Ғалымдардың айтуынша, мысықтардың жираф немесе түйемен ұқсастықтары бар: Жорға жүрісті. Тұрғанда бірінші алдыңғы аяғын көтеріп, содан соң артқы аяғымен тұрады. Ол жүргенде бірінші табанына емес, тырнағына сүйенетін бірден бір хайуан. Оның өте биіктен құлағанда да жарақат алмайтын қасиеті бар. Осыны зерттеген  Вашингтон университетінің маманы Уайн Уитни мысықтың 132 рет сәтті құлағанын талдап, денесінің парашют секілді құбылатындығын анықтаған.  Құлап келе жатқанда денесі толықсып, табандары кеңиді екен.

Мысықтардың танымалдығы туралы да әңгіме көп. Дәрігерлер оны қан қысымын төмендетуге себепші, инфарктің алдын алуға жәрдемдеседі деген қорытынды жасаған.  Әсіресе сипағанда адам өте жақсы әсерде болады. Өкініштісі, кейбіреулер мұны басқаша қабылдайды. Үйлеріне ондаған қаңғыбас мысықтарды кіргізіп, көршілерінің мазасын алады. Александр Дюманың  «Үш мушкетер» шығармасындағы кардинал Ришельдің 12 мысығын білесіздер ме?  Ал жазушы Эрнест Хэмингуэй үйінде 150 мысық асырапты. Шахматтан әлем чемпионы Александр Алехин мысықты тірі бойтұмар ретінде ұстаған. Чесс деп атаған сүйікті сиам мысықтары өзі жарысқа қатысқанда әйелінің тізесінде отырады екен. Көрермендер залына түскенде мысығын сипауды ұмытпаған. Айтпақшы, мысығына мол мұра қалдырғандар да баршылық.   Тіпті ағылшын  королі Карл I мысықсыз өмірін елестете алмаған.  Сол үшін жеке күзетші де жалдаған.

Жапонияның Кагосима қаласында мысық шіркеуі де бар. Ғимарат 1600 жылы соғысқа өзімен бірге алып кеткен әскербасына арнап салынған.  Мысықтардың оянуы мен жатуына қарап жауынгерлер уақыттың қанша болғанын біліп отырған.

Ежелгі Таиландта барлық ханшайымдар  мысық ұстаған. Шомылуға барғанда сақиналарын мысықтардың құйрығына іліп қойған.  Сиам мысықтары орман ішіндегі будда храмдарында бағалы заттарды қорғаған.   Сыйлыққа мысық ұсынатын да дәстүр болған.

Исламда мысыққа жақсы көзқарас қалыптасқан.  Ол адамды беймезгіл оятпайды.  Осы секілді қырларын терең зерттеген ғалымдар адамдардың мысыққа деген махаббаты ерекше екендігін мойындайды. Мысықтың жүздеген түрін жинап, түрлі көрмелер ұйымдастыратын елдер де бар. Оның өткір көзіне қарап фотоаппарат та ойлап табылған деген әңгіме бар. Қалай десек те, үй жануарының жақсылығын қазақ үйін тышқан қаптап кеткенде ғана білген. Ал оны сипау арқылы емделу әлі күнге бізге тән емес.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

«Айқын» газеті


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика