Мылтықбай ЕРІМБЕТОВ. МӘҢГІЛІК САҒЫНЫШ

19 января 2019

Төлеген АйбергеновСоңғы кезде қазақ поэзиясына соны леп әкелген Төлеген Айбергеновке оралу керек деген ойға келдім.
Оралу дегенім – қазіргі жастардың оның шығармашылық ізденгіштігінен үйренсе дегенім. Әйтпесе, «болмай жатып Белинский, толмай жатып Толстой болғандар» (М. Әуезов) өзінен басқаны жазушы, ақын санамайтын, өзіне дейінгінің бәрін жоққа шығаратын «жұлдыз ақындар» көбейіп, арам шөптей қаулап, шырмауықтай болып таза әдебиетті шырмап барады.
…Баспасөздегі жас әдебиет­шілердің аяқалысы мен аста-төк, өзді-өзін классик санап, бір-бірін мақтаған көбік сөздері бұрын да көкейде қордаланып жүрген көп ойға қозғау болды. «Уақыт бәрін алып кетеді, жылдар тізбегі есімді де, сыртқы пішінді де, мінез-құлық пен тағдырды да өзгертеді» депті Платон. «Жоқ, олай емес» деп уақыт туралы ақиқатқа мойынсұнбай алғашқы махаббат сезімін қорғағандай жанұшырып – жас кезде құмартқан жақсылықтарыңды қорғағың келеді. Қазақ халқының аяулы ақындарының бірі Төлеген Айбергеновтің тағдырын еске сондықтан аламын. Ол өзіміздей жастардың, қазіргі елудегілердің студент кезде жатақхана жарығын сөндірмей, жастық астында сақтап, құмарта оқыған Төлеген жырына деген ғашықтықтарының әлі де суымағандығынан болар?! Дегенмен, найзағай-ғұмыр, қысқа өмір иесін – Ақынды жынды көбелекке теңеуіме оны сүйген сенің жүрегің келісе қоймас. Жә, мәселе теңеуде деймісің?! Төлеген есіміне қатысты барлық нәрсе белгілі емес. Кез келген жалқау қазаққа дайындап берсең зор талант иесі сияқты, оның өмірі сондықтан қызықты: жұртшылыққа танылмаған өлеңдері қосылған толық жинағы «Жазушы» баспасынан «Бір тойым бар» деген атпен жарыққа шыққанын көріп қуанып едім. Бірақ «Әуезов өлген жоқ» деген өлеңін одан көрмедім де тағы да екі ұдай ойда қалдым. Неге біздер, қазақтар Абай, Қасым, Төлеген кітаптарын қалай болса солай қате-қате, көріксіз шығарамыз?!
Біздің қазаққа таланттылардың өміріне қатысты титімдей белгіні тәбәріктей көріп қастерлеу қасиеті дарымай-ақ келеді. Ақан серінің қабірін, Қажымұқанның үй-мұражайын жөндеу, сақтау туралы айта-айта ауыз, жаза-жаза қол ауырды. Жамбылдың даусын магнитофон таспасына жазып алып қалмағанымызға енді өкініп жүргеніміз сияқты, хас таланттардың өміріне қатысты елеулі нәрселердің көбі елеусіз қалып бара жатқаны жанға батады. Ақселеу аға ән салдырып, талдап әңгімелеген Жәнібек Кәрменов даусының үстіне теледидарда лента жетпегендіктен хабар жазып жіберіпті. Әрине, бұл мәселелерді көбейтіп мысал келтіріп айта беруге болар еді. Мың сөзден бір сөз артық.
Кезінде «Лениншіл жас» газеті Төлегеннің беймәлім жырлары мен күнделігін жары Үрнисадан алып жария­лағанда мың арманымның біреуі жүзеге асқандай қуандым. Мұқағали мен Төлеген күнделіктерін жариялағаны үшін «рухани» қартайыңқырап» кеткен «Лениншіл жасты» қаншалықты жақсы көргенімді жұрт білсе ғой!
«Ақынның аты өлмейді» дейді халқымыз. Шынайы талант – мәңгі­лік ғұмыр. Төлегеннің өмірден көш­кеніне біраз уақыт өтсе де есімі елімен бірге келе жатуы соған дәлел. Оның өлең өлкесіндегі құс жолындай нұрлы соқпағы кейінгі толқын-інілерге өшпес өнеге. Жастарды ақын мұралары қашанда қызықтырып, өзіне тартып тұрады. Қа­лың оқырман қауым Төлегеннің бей­мәлім күнделігі мен өлеңдерін өте жылы қабылдады.
Ақынның отты ғұмырының шежі­ре­сіндей күнделік пен өлеңдерін Төле­геннің жұбайы Үрниса Айбергенова дайындап ұсынған. Ақын күнделігі толық нұсқасында тұңғыш рет жарық көрді. Жазылғалы бері ондаған жылдар өткенімен, Төлегеннің әдебиет жайлы ойлары құнын жоғалтқан жоқ.
Ақынның ендігі бір күнделігі жиыр­ма үш күнгі өмірі, көңіл күйі мен толғаныстары, жора-жолдастары ортасындағы күндері туралы сыр шер­теді. Ақын мұрасы – халық мұрасы. Таланттар туралы әр сөз, олардың әрбір ойы жас жүректерді тербетіп, сезімдерді тәрбиелейтіні ақиқат қой. Адал ойға жетелейді. Мынау қым-қуыт уақытта адал ой, таза пікірден асқан байлық жоқ. Ақынның қызы Салтанат дәл осы бағытта жұмыс істеп, әндер, фильмдер, кітаптар шығару үстінде. Төлеген айтпай ма: «Өзгеге қалай көрінетінін біл­меймін, мен үшін ойлану мен қиялға берілу бүкіл өмірімнің бас қызығындай саналады. Осы аз өмірім ішінде ойланып өткізген уақыттарымды өз міндетін атқарып өткен, саналы өткен, даңқты өткен уақыт деп есептеймін. Сондықтан да мен ойлар үшін, ойлану үшін қанша уақытым кеткен болса да,ол үшін өмір бойы өкінбей өтем ғой деп ойлаймын. Мен үшін өкініштісі сол, арзан күлкі мен болмашы ләззатқа бола жылап кеткен алтын сағаттарым болса керек. Мен осы күнге дейін қаншама ойларды ойладым десеңші! Соның бәрін де дер кезінде қағаз бетіне түсіре бергенде ғой – басқа үшін дүние болмағанмен өзіме көп пайдасын тигізер еді-ау, шіркін!» деп.
Ұлылық жасқа қарамайды. Асқақ ойлы ақынның қаршадай кезіндегі осы ойларының «Талант иелері уақыттарын өзін-өзі болашақ ұрпақ құрмет тұтатындай етіп пайдаланулары керек. Игілігіне ештеңе қалдырмасақ, ұрпақ біз жайлы не ойлайды?» деген Д.Дидроның пікірімен астасып жатқаны таңғалдырмай қоймайды. Төлеген өз ойын міндетті түрде құптауға, тіпті де ұмтылмайды. Өйткені ол ақиқатты жұрттың бәрі сырттай болмаса да іштей мойындайтынын жүрегімен сезеді. Төлегеннің «жұрт не десе, о десін, мен адамға бір берілгенде құлай берілуді құптар ем. Менің ойымша құлай берілу, ессіз сүю – шексіз адалдықтың белгісі. Өмірде өзінен басқаға құлай берілмейтіндер достықта, жолдастықта, махаббатта қателеспеуі мүмкін, бірақ оның шын адал достарының аз екендігіне, тіпті жоқ та екендігіне сенімім кәміл» деген пікірлеріне қалай келіскенімді өзім де білмей қаламын. Ұлы Пуш­киннің бала кезіндегі өлеңдерінің ұстаздарынан асып түскені сияқты, бала күнгі Төлегеннің ойлы пікір-толғамдарының өзі де өлеңге бергісіз жырдай оқылады.

***
Қазақтың бар ақыны Төлегенге өлең арнады десем артық болмас.
Қолыма алсам – кітабың,
Күйдіріп тұрған секілді, – деп Төлегенге арнау өлең жазып еді, менің шардаралық досым Жұмабек Мұқанов. Ойсыз жуан кітаптан, ойлы жұқалтаң кітапшаның ауыр болатынын таланттылар өмірі бізге қанша рет дәлелдеді.
Ұзақ сапарға кеттің сен,
Келер ме ең бір күнге азат боп,
Сағынып жүрміз өзіңді,
Ойдағы, қырдағы қазақ боп, – деп Кенимех ауданынан Бақтыбай Жүнісов іздесе,
Құйын боп өткен бір,
Қыршын аға көкейімде
көптен жүр,
Сұрасаңдар, оның аты – Төлеген,
Жүрегі оның – өшпейтұғын өр өлең! – деп семейлік Әубәкір Қайранов жырлайды.
Сыңсыған сағыныштың
пернелерін,
Тап басқан күйші-ғұмыр,
зергер – өлім.
Қайтадан тәңірі мені
жаратса егер,
Тағдырын Төлегеннің бер дер едім, – деп Ақтаудан Светқали Нұржанов ақын рухымен сырласады.
Бір Бауыржан Жақыпов:
Жырыңды оқимыз да табынамыз,
«Төлеген, Төлеген!» деп біз де бүгін, – деп жүрекжарды сырын айтады, екінші Бауыржан Үсенов:
Айбергенов Төлеген кім дегенде,
Төбеңнен жай ұрғандай білмей қалдың,–деп тұрғыласына өкпе артады. Бұл өлеңдердің бәрін жақсы деп ұнатқандықтан емес, жас толқын­ның ақынға деген адалдығы мен құштарлығын көріп қуанғандықтан жазып отырмын.
«Қазақ әдебиетіне жалынды ақын Төлеген Айбергенов әр жол, әр шумағынан тер исі мен тіршілік тынысы аңқып тұрған «Құмдағы мұнаралар» атты өлең кітабын алып келді. Біз осы кітап арқылы поэзиядағы бүгінгі Маңғыстауды ашқандай болдық. Төлеген Айбергеновтің осы жыр жинағын оқырман қауым да, әдебиет сарапшылары да кезінде бірауыздан поэзиядағы тың үрдіс, жаңа құбылыс деп қабылдады. Ол жырлардың небәрі оншақты жыл көлемінде көп таралыммен әлденеше рет басылып шығуы сол пікірлердің дұрыстығын байқатса керек. Әрине, ешқандай тақырып бір жазушының немесе бір ақынның жекеменшігі бола алмайды. Сондықтан жұмысшы Маңғыстау тақырыбы да Төлегенмен басталып, Төлегенмен аяқталып қалған жоқ. Бүгінгі Маңғыс­тау бейнесі қазір де көптеген ақындар­дың шығармашылығы арқылы молы­ға, дами түсуде, яғни әрбір ақын поэзиядағы «өз Маңғыстауын» ашуда. Қанағат ету – шығармашылық адамы үшін, жалпы әдебиет үшін қатер» дейді ақын Темірхан Медетбеков.
Төлеген туралы сөз айтқандарға риза болып, жақсылығымды үйіп-төккім келеді де, жазбағандарға «жазыңдар, жақсы сөздеріңді аямаңдар, кейінгі жастар білсін Төлеген туралы» дегім келеді.

*   *   *
Байқасам талай ақын мінездерін,
Санайды дербес Құдай, дүр өздерін, – деп ақын Кәкімбек Салықов айт­қандай, қазіргі жас ақындар бойындағы бір нашар қасиет – өзіне дейінгіні де, кейінгіні де көзге ілмеу, өз өлеңін өзгеден жоғары қоюшылық, кеудеге нан пісушілік керемет дүние тудыруға кедергі жасайды. «Лениншіл жаста» Мұқағали Ғабит Мүсіреповпен кездескені туралы жазды. Сонда «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын мақтағанда ыңғайсызданыпты. Ақын Төлеген туралы Ғабекең естелігі де осыған саяды. Ғабит Мүсірепов: «Ма­ған жастардың ішінен марқұм Төлеген Айбергеновтің менмендігі жоқ қарапайым ғана адамдық мінезі қатты ұнаушы еді. Бір күні ойда-жоқта екеуміз жолыға қалдық. Алдында біраз өлеңдерін оқыған едім, солардың өзіме ұнағанын айттым. Байқап тұрмын, мақтауымды ол жай сыпайылық үшін ғана қабылдаған сияқты. Айтқандай-ақ сөзімді аяқтаған кезде:
– Ой, Ғабе, жаңа сіз айтқан жақ­сылықты да, жаңалықты да мен өзіміздің халық ақындарынан алып жүрмін ғой. Тіпті сіз Ақан серінің мына бір-ақ өлеңіне еліктеуден туған өлеңімді де байқамадыңыз-ау, – деді күліп. Амал бар ма, біз қазақ әдебиеті екі-үш дарыннан ерте айырылдық. Олар – Абдолла, Баубек, Төлеген». Шын жақсы ақын әрі қарапайым, әрі талантты. Басқаша айтсақ:
Біреу мықты өркенді тармағымен,
Біреу күшті шен-шекпен
салма­ғымен.
Даналықтың мұраты қайда десең,
Ол биік қой өзінің арманымен.
Тағы да Кәкімбек Салықов. Дұрыс! Төлегеннің ұйқастарда жеткен жетістігі өз алдына әңгіме етуге тұрарлық дүние. Шәмші Қалдаяқов туралы Қадыр Мырзалиевтің «Қайырмадан қайырма тудыратын композитор» дегені бар еді. Төлеген «ұйқастан ұйқас тудыратын ақын-өлеңінің музыканты», «Қаратау» өлеңінде:
Есен-сау бармысыңдар,
армысыңдар,
Армысыңдар, қария қарлы шыңдар.
Төсінен керуен-керуен көш өткен
тау,
Сен менің керуен-керуен
алғысымды ал.

Сенбісің сияқты орман  күй
ақтарған,
Ұзатқан қыздың көші сияқтанған.
Жаныңда саз қалды ма,
наз қалды ма,
Сан тұлпар дүбірлеткен
тұяқтардан.
«Құтбайға» деген өлеңінде:
Термесі қою арман маужыраған,
Зердесі ескен самал тау-жырадан.
Теңдесін бұл аймақтан
таптырмайтын,
Кеудесі күмбірлеген ән-жыр ағам, – деп жазады. Төлегеннің бір мықты ерек­шелігі – ол ұйқас қуып кетпейді. Мағынасыздыққа ұрынбайды. Оның зәресі ұшып қорқатыны да сол мағы­насыздық, сылдыр сөз. Сұлу тіркес. Қазіргі жас ақындардың көбінде сұ­лу сөзге құмарлық басым. Олар құр жылтырақ болып көзге ұрып, ой салмағын мүлдем жеңілдетіп жібереді.
Төлегеннің бала кезіндегі өлеңдерінің өзінде шарқ ұрған ізденіс аңғарылады. Бұған Мағираш Сарикованың әңгімесі дәлел. «Асқар ақынға (Тоқмағанбетов) Төлеген келді. Қағілез қара бала. Екеуі әңгімелесіп отырған екен, үстеріне кірген едім, Асқар аға таныстырды:
– Міне, Мағираш!
Төлеген орнынан ұшып тұрды. Осы ұшып тұрған сәті есімнен кетпеді. Ол кезде мен білмедім. Бұл – екі жыл бұрын маған хат жазған Төлеген еді. Қарақалпақ жағынан келген, қисық жаға, оюлы көйлек киген қағілез қара бала ерекшеленіп тұрды. Біраздан соң, Төлеген маған келіп:
– Хатымды алдың ба! – деді.
– Алдым.
– Неге жауап жазбадың!
Жалқаулығым ұстады, – деп көңілін жықпай жауап бердім. Өлеңі аса ұнамаған болатын. Әлсіз еді. Бұл – бірінші кездесуіміз болатын». «Бір тойым бар» (1989 жыл) кітабына енген «Мағирашқа хаттан» үзінді келтірейік:
Саңқ еткен Қызылорда қаласынан,
Үніңді естіп жаным аласұрған.
Болашақ шабытыңа нұр тілеймін,
Қол созып Қарақалпақ даласынан.
Көп болған жоқ өлеңнің аймағына,
Менің де құшағымды жайғаныма.
Шыңына шығам деген үмітім бар,
Тайсам да, жығылсам да тайғағына.
Мен сендей өзен емен күркіреген,
Жырым бар өткіншідей сіркіреген.
Қусам да құйрығынан ұстатпай
жүр,
Бір сырлы, сегіз қырлы сылқым
өлең.
Әрине, бұл дос болмақ ақ ниетпен жазған Төлегеннің өлең-хаты ғана. Өзі оны жинақтарына ендірмеген, әлсіз дүние санаған.
Екінші кездесу де, ҚазМУ-де болған, есімде қалыпты. Сәбит Мұқанов басқарған бұл әдеби кеш қызықты өтті. Әбіш, Әділбек, Қадырлардың студент кезі. Сонда Төлеген «Жаныңа жаңбырлатып жақын келдім» деп басталатын өлеңін оқыды. Соңына таман шықты. Қарақалпақстаннан келді деп таныс­тырды. Көзі жарқырап, буыршындай бұрқырап тұрып оқыды өлеңді. Кейін мұндай болады деп кім ойлаған. Кейін іздесем де ізін таппай қалдым ғой. Қайта менің хат жазысып, үміт күткендерімнен түк те шықпады. Төлегенмен неге хат жазыспадым деген ой қинайды кейде…»
Тағы бір айтпағым, Төлегеннің өзіне дейінгі ақындардың шығар­маларын түгел оқып, көбісінің өлеңін жатқа білгендігі.

*  *  *
Тұтқабай Иманбеков: «Бауырлас Қарақалпақ елі Төлегеннің жырына қанықтығын танытты, ықыласы бөлек екенін аңғартты. Біз соған сүйіндік.
Осынау ықыласты Төлеген өзінің сыршыл өлеңдерімен, айрықша дос­тық жүрегімен, сағынышымен жаулап алған ғой. Нөкістегі Қарақалпақ университетінде Төлегенге еліктеп жыр жазатын, Төлегенше елтіп өлең оқитын, Төлегенше әр жырды жатқа төгетін жастарды көргенде жаңаша сезіммен сергіп едік.
Жатқа оқу дегеннен шығады. Тегінде Төлеген жырын қағаздан шұқылап оқуға қатты қынжылатын. Ал өзі бүкіл өлеңін басынан аяғына дейін дауылдатып оқып шығып, ол аз болғандай бәрін аяғынан басына  қарай түгел кері оқып, керемет қызықтыратын-ды. Мұның өзі жұртқа өрлеме әсер тудырайын деген әуейіліктен емес, жүрегінің кеудесіне сыймаған жұтынған сәттері екен-ау, шіркін.
Төлегеннің бойындағы тамаша қасиеттің бірі өзгенің қуанышын өз қуанышындай қабылдайтындығы еді. Жақсы бір өлеңің шықса жаны шаттанып, желпіне оқитын. Ол менің 1967 жылы жарық көрген «Ақ қайың» атты алғашқы жыр жинағыма өзімнен кем толқымаған сияқты».
Иә, Төлеген фольклордан, Абайдан, Ілиястан, шығыс поэзиясы алыптарынан жас басымен көп үйреніп, қабылдап, қорытып, өзінше жол таба білгендігімен де ерекшеленеді. Бұл 30 жас үшін аз емес.
Сырбай Мәуленов: «Сырдария облысында үш-төрт кездесу өткізілді. Төлегеннің жолда жазылған махаббат өлеңдерінде Шығыс поэзиясының сарыны молырақ жатқан сияқты көрінеді. Соны бір ескерткенімде:
– Мен Қарақалпақстанда туып-өстім ғой. Қазақ ақындарымен енді-енді араласып келеміз. Сіз Абдолла мен Қасым жайында айтыңызшы. Оларға сенімді серік болдыңыз ғой, – деді Төлеген.
Абдолланың жанының тым нәзік­тігін, Қасымның қажыр-қайратын, өршіл рухын айтқанда оның жас баладай жаны толқиды».
Кезінде Төлегенмен дәмдес, қалам­дас болған жандардың мен ауызша әңгімеде жазып алған байқампаздықпен айтқан бірер ой-түйіндері де маған ақын мінезін ашатын сияқты көрінеді.
Сабырхан Асанов: – Бір сүйсе өле сүйіп, бір жек көрсе толайым жек көріп кететін ақын мінезі көзге ұрып тұратын.
– Көз тілімен көріктім,
Көңіліңе салдым ба ой.
Лағындай еліктің
Елең ете қалдың ғой, – деген өлеңін Толғанайға арнап шығарып еді. Жас кезде не болмайды?
Темірхан Әліханов: – Төлеген ту­ра­лы аз жазылған жоқ, бірақ көп те емес. Кейбір әдебиет жанашыр­ла­рының мақалалары мен үлкен ақындардың сөздерінде аты аталып, мойындалмағанымен, оның бүкіл шығармашылығы жан-жақты талданып, жете зерттелген жоқ. Бұл келер үндер еншісіндегі – игі іс. Төлеген Айбергенов өлеңдерін оқығанда ешбір жалғандық белгісін көре алмаймыз. Мұның басты себебі – оның өзіне қатал да қатаң талап қойып, тек «не айтса да жүрегімен айтуды» қасиетті қағида етіп ұстағандығы деп білеміз. Сағыну арқылы өмір сүретін ақын шығармашылығының өзегі – сағыныш. Егер Төлегеннің әнші Ғарифоллаға арнаған өлеңін бұрып өзіне арнасақ: «Көкірегінен әсем әннің көк мұхитын шайқаған, сендей саңлақ бұл өмірге келер ме екен қайтадан».
Аян Нысаналин: – 60-жылдардағы қазақ поэзиясын алып қарайтын болсақ, осы өзге үн, өзгеше жазылған жырларымен келген Төлеген Айбергеновке тоқтамай кете алмаймыз. Қазақ поэзиясындағы Қасымнан кейінгі өзіндік өзгешелігімен дара­лан­ған ол жайлы көп айтуға бола­ды… Оның баспасөзге алғаш көрінуі «Ақ қайыңдар» мен одан соңғы жырлары.
Тұрап Айдаров: – Тәрбиемде болып, лекцияларымды тыңдаған студенттер арасынан Төлеген Айбергеновтей аса талантты ақын, публицист-журналистер, оншақты ғылым кандидаттары мен оқу-ағарту және партия-совет қызметкерлерінің шыққаны ұлағатты ұстаз еңбегінің сәтті жемісінің нәтижесі деп орынды мақтаныш көремін.
Үрниса Айбергенова: – «Арман сапарында», «Жақсылық жыры» деген өлең бар. Оны Төлеген жыршы Жақсылық Мамытовқа арнаған. Ол біздің үйлену тойымызда жырлады ғой. Сол кісінің әсері Төлегенге өтті. Екінің бірі Жәке болып ән салушы еді. Жыршы, әнші боламын деуші еді. Ол кісі келіп Жібек әжемізге тамақ жасатып жүруші еді. Төлеген домбыра тартып, ән салмайтындарды сауық кешке қатыстырмайтын. Оның жақсы көретін өлеңі «Мен саған басыбайлы бол демеймін». Мен қырыққа жетсем жұрт өлеңін жинастырып қояр еді деп мақтанып қоятын…

*   *   *
Төлеген көнбіс адам бола алмады. Күнделікті тірліктің айдауынан шығармайтын көнбістікке ақын жүрегімен көне алмады. Басқалар оның басындағы ең үлкен осалдық деп есептеген – тік мінезділігін жеңе алмады. Жеңуге тиіс те емес еді. Өйткені, таптаурындылыққа көнбеген шабыт иесі – ақынды еркін ұшқан құс деп сезінді мынау өзі сүйген өмірде…
Көптеген әдебиетшілер Төлегенді (жал­пы басқа талантты ақындарды да) қайтыс болған соң танылған ақын ретінде көрсетеді. Меніңше, бұл – қате, ұшқары пікір. Төлеген кітабы шықпай тұрып-ақ әдебиетті түсінетін талайлардың құрметіне бөленіп, жастардың ұстазына (отызға жетпей-ақ) айналып үлгерген-ді. Ол – кітап шығаруды емес, Өлеңге адалдықты, Әдебиетте арлы болуды көбірек діттеген ақын. Өлең аспанында құйрықты жұлдыздай жарқ етіп көрініп ғайып болған Төлегеннің бұрын жарық көрмеген бір топ өлеңдері Сарыағаш аудандық «Қызыл ту» газетінің 1960-1964 жылдарындағы сандарынан жинап алынды. Екі өлеңі 1985 жылы «Сыр» бірлестігі мүшелерінің ұсынуымен «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді.
Төлеген Айбергенов атты есімді есіткен сайын жыр құмар қауым әлі де бір елең ете қалары сөзсіз. Жарық дүниемен қоштасқан соң, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты деген құрметті атаққа ие болған оның әлі де жинақтарына енбей келе жатқан өлеңдері баршылық.
Исмаил Сапаров: – Мен Төлегенді бірінші ақын-жазушылардың өлке­лік кеңесінде көрдім. Ол кезде Төлегеннің әлі бірде-бір кітабы жарық көрмеген болатын. Шағын кешімізде тұлғасы шымыр келген бұйра шашты, тұғырынан ұшқалы тұрған қырандай айбынды қағілез қара жігіт:
– Жігіттер, мынау өлеңді тыңдап көріңдерші, – деп «Кегейлі дәптері» өлең циклдарын тебірене оқи бастады. Ақын өзін-өзі ұнатқандай өлең оқыған сайын өрши түсті. Демімізді ішімізге тартып ұйып тыңдап отырмыз. Құдіретті өлең жолдары өзіне баурап алып барады.
Сол бір кезде өлең жазып жүрген біздер Төлеген өлеңдерінің таудан атылып шыққан бұлақтай екпінді, ағыны бөлекше екендігін сезіндік. Сол күні жиналғандар түгел өлең оқыды. Кеште бізбен бірге сол кезде кітабы шығып танымал бола бастаған Сабырхан Асанов, Күлән Шілдебаева және Надежда Лушниковалар да бар еді. Ертеңіне бәріміз естелік ретінде суретке түстік.
Төлеген одан соң Шымкентке, көбіне біз оқып жатқан педагогика институтына келіп жиі өлең оқып, өзі өлең тыңдайтын. Осындай кешімізге бірде сол кездегі өлкелік Комсомол Комитетінің бірінші хатшысы Қалаубек Тұрсынқұлов та қатысып отырды. Біз өлең оқыдық. Мен сонда әлі есімде: «Т-ға» деген өлеңімді оқырмандар талқысына салдым. Сонда:
Түсінбедім сенімен,
Сыр ұқтырып жүрсің бе?
Бір суытып, бір жылытып әлде
сен –
Махаббатқа шынықтырып жүрсің бе? – деген жолдарға талас туды. Қалаубек аға: «Махаббат темір емес шыңдайтын» деді. Төлеген аға оның пікіріне қар­сы шықты. Төлеген Айбергеновті өлең­нің нағыз жанашыры екенін жан-тәнімізбен түсінетін болдық.
Бірде Төлегенмен Шымкенттің жаз­ғы паркінде кездесіп, ұзақ отырып әңгімелестік. Әңгімеміздің тақы­рыбы, әрине, поэзия туралы болды. Қарапайым Төлеген сонда шын достық көңілімен жүрек сырын ақтарып еді.
Төлеген жақсы өлеңнің жолдасы еді. Ол кезде әлі жас Мұхтар ­Шаха­нов­ты танып, болашағынан үлкен үміт күткен де Төлеген еді. Арада көп кешікпей Төлегеннің кітабы жарық көрді. Сонда ол бәрімізге:
– Жігіттер, мынау менің тұңғышым. Мынау менің дүниеге айтар алғашқы сөзімнің бастамасы, – деген еді. Не керек, қатыгез ажал Төлегендей қыранды мезгілсіз қағып түсті, арамыздан ерте әкетті.

*   *   *
Ғұмырының соңғы жылдарындағы кезекті бір сапарында Мұхтар Әуезов Ташкент қаласында болды. Педагогика институтында оқитын қазақ жастарымен кездесті. Заңғар жазушыны қаумалай қоршап таласа-тармаса суретке түскен шәкірттердің арасында болашақ ақын Төлеген Айбергенов те бар еді. Ол да ынтық көңілмен ұлағаты мол суреткердің тағылымды дәрісін тыңдады.
Ұлы қаламгер көшкен күні көз жа­сына тұншыққан көкірегі шерлі Төлеген тас жүрек тағдырдың кесіміне көнгісі келмей қасарысып:
Әуезов өлген жоқ,
Өлген жоқ соны ұқ!
Өлгендердің талайын тірілтіп кетті.
Ажалды аш бүйірінен соғып,
Ұрынтып кетті.
Әуезовті
Өлді дейтіндер –
Өз халқының бақытын тілеместер,
Әуезовті өлді дейтіндер –
Тірі еместер.
Әуезов өлген жоқ,
Күн сайын бұны сезем мен.
Келді ол асып бізбенен,
Сан асу, сан қыр, кезеңнен.
Әуезов өлмеген,
Ажалдың өзі өлген, –
деп жазды өзінің күнделігінде. Бі­рақ қазақ поэзиясының аспанында құйрықты, жұлдыздай пайда болып, тез ағып кеткен – отызға жетер-жет­песінде опат болған Төлеген ол кезде дәл сол қатыгез тағдырдың ақындығын дәлелдеуге он жылға жетер-жетпес өмір кесіп тұрғанын білген жоқ еді. Бұл өз алдына бөлек әңгіме ғой. Төлегеннің ізбасар інісі Мұхтар Шахановтың «Мені неге Мұхтар қой­ған» деген өлеңінде:
Көре алмады тағдырдың
мергендігін,
Ұланының жырдан гүл тергендігін.
Абай, Мұхтар бастаған елге әйгілі,
Ұлы көштің соңынан ергендігін, –деген жолдар бар. Сол айтпақшы, ұлы Әуезов өзінің әр басқан қадамынан гүл бітіріп, әр айтқан сөзінен жүректерге жыр бітіп, Төлегендей жүздеген шәкірт қаламгерлердің өз есімін ту көтере шығатынынан хабарсыз да болған шығар?!
Не дерсіз?! Уақыт заңы сондай. Бізге беймәлім ұлы Галактиканың мың-сан жұмбағының бірі – мықтылардың рухани әлемі өзара астасып, үндесіп жататыны да   бір құбылыс қой. Оны сезінуге кеңістік өлшеміндегі қас-қағым сәттей адам ғұмыры жетпейтіні өкінішті-ақ. Осымен Төлеген туралы толғанысымды аяқтаймын. Мен оны – Ұлы Ақынды шынымен-ақ сағынып қалыппын.

Мылтықбай Ерімбетов,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

(«Ана тілі» газетінен)


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика