Мұстафа Шоқайдың рухты сөздері

17 марта 2018

Ұлтқа пайдалы адам келсе, бәрiнен бұрын орыс өкiметiнiң атамекенiмiздегi жер саясатын мұқият зерттеп үйренуге тырысыңыз. Сiзге не iстеу керектiгiн осы саясаттың өзi-ақ көрсетiп бередi.


Бiз, әрине, өзiмiздiң атамекенiмiз Түркiстанды кеңестiк Ресейден де, басқа Ресейден де бiржола бөлiп алуды мақсат етемiз. Бұл – бiздiң ұлттық мұратымыз, ұлттық арман-мүддемiз. Бiз тек осы идея үшiн қызмет етемiз. Атамекенiмiздiң iшiндегi және сыртындағы барлық ұлттық күштерiмiздi осы идея төңiрегiнде топтастыруға барынша тырысамыз.


Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тәуелсiздiгi аясында өсiп-дамиды, жемiс бередi.


Ол – (ұлтшылдық идеясы, құрастырушыдан) халқымыздың жаны мен жүрегi. Ұлтымыз өмiр сүрсе, ол да бiрге өмiр сүредi.


Ұлттық рухтың негiзi – ұлттық тiл.


Бiз құл болып тұра алмаймыз. Бiз ұлт азаттығымызды аламыз.


Әрбiр өсетiн адам басынан өткенiн балалық шағын еске алса да, сол балалыққа қайтқысы келмейдi.


Бәрiнен бұрын өз қатарымызды, түркiстандық бiрлiгiмiздi күшейтейiк. Түркiстанның жұдырықтай жұмылған ұлттық бiрлiгiн Ресейден айрылу үшiн күресiп жатқан басқа халықтардың ұлттық майдандармен тығыз үйлестiре отырып, орыс империализмiне қарсы қуатты күш ұйымдастырып, бiрге қимылдайық. Орыс империализмiне қарсы күрес майдандағылардың ұлтын, дiнiн, нәсiлiн, партиясын тергеп-тектемейiк, алаламайық. Тек осындай жол ғана бiздi ұлттық азаттыққа жеткiзе алады… Бұдан басқа жолдардың барлығы алдамшы, тұйық… Өзiнiң iшкi бiрлiгiн нығайта алған халықтар ғана тәуелсiздiгiне қол жеткiзе алады. Және оны қорғап қала алады.


Ағалар, қыпшақ деген ұлт болмайды, қазақ деген ұлт бар. Егер әрқайсымыз бөлiнiп, қыпшақтың көсемi, арғынның көсемi, үйсiннiң көсемi болып жатсақ, бiздiң халық азады.


Төлқұжат деген нәрсе «ұлт» бермейдi, оның «ұлтын» өзгерте алмайды. Төлқұжат деген нәрсе сол төлқұжат иесiнiң оны берушi үкiметке тәуелдi екенiн ғана куәландырады.


Ылғи да Отаныма қайту ойында жүремiн және соған жету үшiн тырысамын. Демек, атамекенiмдi құтқару үшiн күресемiн.


Кеңестiк ұлт саясаты бiздi «балғасымен» жаншып, «орағымен» орып тастады.


Сiздер, немiстер өздерiңiздi «Еуропадағы ең мәдениеттi халықпыз» деп санайсыздар. Егер сiздердiң мәдениеттерiңiз менiң көрiп жүргендерiм болса, онда мен сiздерге тұтқындардың шеккен азабын көрулерiңiздi тiлеймiн. Сiздер ХХ ғасырда өмiр сүре отырып, ХIII ғасырда Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асып түстiңiздер. Мәдениеттi халық екендiктерiңiздi айтуға хақыларыңыз жоқ. Егер, сiздер, осыған байланысты маған «ату» не «асу» жазасын берсеңiздер, қарсылығым жоқ. Мұндай мәдени қоғамда өмiр сүргеннен гөрi өлгенiм артық.


Бiз, Түркiстан тәуелсiздiгiн жақтаушылар, елiмiздiң еркi үшiн және жұртымыз Түркiстанның бодандықтан құтылуы үшiн күресемiз. Түркiстандықтарда бұдан басқа жол болмаған. Қазiр де жоқ және бұдан соң да болмайды… Бiздiң мұратымыз Түркiстанда түрi жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттiк құрылымға қол жеткiзу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерiнiң нағыз қожасы бола алады.


Қазақпын деп мақтануды ар көретiн, қазақтың тiлiнде сөйлеудi масқаралық көретiн салт қайдан шығып отыр? Балалардың көбi не қазақ, не орыс болып тәрбиеленбей, шөре-шөре бiрдеме болып өсiп жатқанын неге көрмейсiңдер?


Өзiнiң iшкi бiрлiгiн нығайта алған халықтар ғана тәуелсiздiгiне қол жеткiзе алады және оны қорғап қала алады.


… ұлттық еркiндiк пен азаттыққа талпыну табиғаттың болмай қоймайтын заңы тәрiздi нәрсе.


Бiз тәуелсiз Түркiстан үшiн керектi барлық қасиеттi жас ұрпақтан күтемiз.


Бiз жеке тұлғалардан жоғары тұрған ұлттық мұраттарға сүйенемiз.


Түркiстан – бөлiнбес, айрылмас бiр өлке. Халқының қаны бiр, тiлi бiр, еркi бiр.


Жалпы адамгершiлiк және философиялық тұрғыдан алғанда жақсы халық, жаман халық деген ұғым жоқ, болмайды да.


Тарих рақымсыз. Ол – ғұламаны да, бiлгiрдi де, өнер иесiн де, хандар мен патшаларды да аямайды. Ол өз заңына қарсы келгендердiң бәрiн езiп-жаншып жүре бередi. Тарих заңдары керi қайтуды бiлмейдi және оны жаратпайды.


Атамекендi сүю – оның тұтас мүддесiне қызмет ету, осы жолда әрқашан қызмет етуге, керек болса жанпида қылуға дайын тұру болып табылады.


…ұлттық мүдде жеке топтар мүддесiнiң жиынтығынан тұрмайды.


Бiздiң шын жүректен және асыға күтерiмiз бiр ғана нәрсе, ол атамекенiмiздiң орыс пролетариаты диктатурасынан құтылуы. Бiз барлық жерлестерiмiздi осы ұлттық мұратымыз жолында бiр жан, бiр тән болып жұмылуға шақырамыз.


Тәуелдiлiгiн жалпы ұлт мүддесi тұрғысына сәйкес, ұлттың жалпы жағдайына үйлесетiн түзiм жолында құрбан ете бiлген адамдар ғана нағыз ұлттық патриот және ұлтқа пайдалы қызметшi бола алады.


Ей, менiң елiмнiң, Түркiстанымның сүйiктi ұландары! Мұны бiр сәт те естен шығармаңыздар. Әрбiр қадамдарыңызды ойланып басыңыздар!


Мақтаға қарсы күресте бидаймен қаруланыңыз. Шет ел үстемдiгiнен құтылудың алғашқы қадамы шет елге астық тәуелдiлiгiнен құтылу болмақ.


Атамекенiмiздiң ұлттық құқығы жолында жүргiзiп жатқан күресiмiз, тiптi, кейде «демократияның шекарасын» аттап кеткен күннiң өзiнде ешкiм бiздi шовинизммен айыптауға қақысы жоқ.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика