Мұрын неге бұзылды?

2 июня 2019

Сфинкстің мұрны неге бұзылды?Ежелгі Мысырға жолы түскен адамдардың бәрі осы елдегі тарихи ескерткіштердің мұрындары тегіс бұзылып, быт-шыт болғанын бірден байқайды. Мұрындар неге бұзылды?

Ең әйгілі Сфинкстің де мұрны быт-шыт…Көне Каир тұрғындары перғауындар туралы әңгіме болғанда олардың басқа жақтан келгендігін мойындайды. Әлемнің жеті ғажайыбының бірін тұрғызғандар кім болды сонда?
Археология деген ілім бар. Нақты ілім. Қырық қатпарлы жер қыртысын аша қалсаңыз, оның астында жасырулы жатқан қаншама бұйым, көне заттар мен тарихи жәдігерлердің жасын, қашан жасалғанын, қалай жасалғанын дәл анықтау қиын емес.
Соңғы жылдары талайлардың түсінігін тас-талқан қылған бірнеше жаңалық ашылды. Тарихтың қазаны төңкерілді.  Мәселен, археолог ғалымдар Мысыр пирамидаларынан табылған мумиелерден темекі мен кокаин іздерін тапты. Кешеге дейін кокаинді Христофер Колумб тапқан деген аңызбен өмір сүріп келдік. 1492 жылы Колубм кокаин жапырағы туралы өзінің күнделігінде «құрғақ та құнарлы жапырақ» деп жазыпты. Оған жапырақты жергілікті аборигендер әкеп берген. Сонда бұған дейін болмады деген кокаин жапырағы мен темекі перғауындар әлемінде қайдан жүр?
1992 жылы неміс ғалымдары мысыр мумиелерінің қалдықтарын зерттей келе гашиш пен кокаиннің және темекінің жапырақтарын тапқан. Осыған дейін әлем ғалымдары темекі мен гашиш тек қана американ жеріне тиесілі деген тұжырым жасап келген. Қазақ даласында кешеге дейін көкнар болмады деп кім айта алады? Біздікі есепке алынбайтыны елге белгілі. Неміс ғалымдары мумиелердің шаштары мен терісіне, сүйектеріне қосымша тәжірибелер жасап, әйгілі Рамзес ІІ-нің іш құрылысынан темекі жапырақтарының фрагменттерін тапқан. Бүкіл әлемның ғалымдары мұндай құбылыстың кілтін де, себебін де таба алмай бас қатыруда.
1933 жылы Нью-Мексикодан салмағы 90 тоннадай тас табылған. Оған көне еврей тілінде 10 өсиет қашап жазылған екен. Зерттеулер нәтижесінде бұл жазбалардың осыдан 2000 жылдай бұрын қашалғаны анықталды. Еврей тілі Мексикада қайдан жүр?!. Тасты біреу-міреу апарды дейтіндей де негіз жоқ. Минералдың таза жергілікті жер жынысынан екенін ғалымдар анықтап қойған.
1993 жылы археологтардың бірі Мехиконың іргесінен бірқатар артефакт тапқан. Солардың арасында ежелгі рим құндылықтарына жататын статуя табылған. Тарихи көмбе 1500 жылдары бірнеше қабат цементпен нығыздалып көмілген. Ал Мексикаға  ақ адамдардың табаны 1519 жылы ғана тигендігін ескерсек, бұл да таңдай қағарлық құбылыс.
Американың Мэн штатындағы жергілікті тайпалардың тұрған орындарын зерттеген ғалымдар тастан жасалған монета тапқан. Басында оны ХІІ ғасырдағы ағылшынның пенниі деп қабылдаған олар толық зерттей келе норвег королі Олафтың тұсында жасалған ақша екенін анықтаған. Ал оның патшалық құрған дәуірі 1065-1080 жылдарға келеді. Сонда Олаф королдің монетасы америкадағы аборигендер ауылында қайдан жүр деп ғалымдардың басы қатуда.
Нью-Мексиконы мекендеген зуни тайпасының тілі жапон тілімен ұқсас екен. Мұны антропология факультетінің студенті Нэнси Дэвис деген қыз анықтапты. Екі тілдің фонетикалық және синтаксистік құрылымдары егіз қозыдай ұқсас болып шыққан. Ғалымдар мәселенің ұңғыл-шұңғылын зерттей келе зунилер мен жапондардың қан құрамы кең таралған үшінші топқа жататынын анықтаған. Екі халықтың да сирек ауруларға бейімділігі, ауыз әдебиетіндегі сюжеттері де ортақ болып шыққан. Зуни тілі Нью-Мексикодағы басқа тілдерге мүлдем ұқсамайды екен. Дэвис болса, жапондардың бір тайпасы Калифорния жағалауына ХІІ ғасырда жеткен болуы мүмкін деген тұжырым жасап отыр.
Бұдан не түюге болады? Әлем қазіргідей  алты құрлыққа бөлінбей тұрған бағзы заманда Адам баласы бірге болған. Жапондардың өздерін Алтай тобына жатқызады. Олардың арасында айн деген тайпа бар. Қазақтардан аумайды. Бойлары ұзын, атжақты, жауынгер болып келеді. Осылардың ар жағында не жатыр? Ұқсастық тамырын терең зерделеген ғалым бар ма бізде?!.
Тутанхомонның ойыншығыӘңгімені мұрыннан бастап едік қой. Каирдағы Ұлттық-тарихи музейде 1995 жылы болғанымызда Тутанхамонға қатысты тарихи жәдігерлерді көргенбіз. Қаптаған көп мұраның арасынан өзіміздің асық көзге бірден шалынған. Оны «Игрушки Тутанхамона, без названия» деп жазыпты. Біз де, бізбен болған қырғыздар мен түркпендер де «асук», «ашүк» деп қауқылдасып қалғанбыз. Бұл туралы 2005 жылғы «Егемен Қазақстан» газетінің етжеңдісінде менің «Тутанхамонның асығы» деген мақаламда жазылды.
Айтайын дегенім: әлемде қандай жаңалық ашылса да көшпелі жұрт саналатын біз сияқты халықтар айдалада қалады; құндылықтың бәрі Еуропа мен Америка, Израиль елдерінің тұрғысынан тұжырымдалады. Ежелгі Мысыр ескерткіштерінің мұрындары бұзылмаған күйі сақталса олар мен біздердің түр-тұлға жағынан ұқсастығымыз айқын білінер еді. Қалай дегенде де тарихқа тың көзқараспен – көшпелілердің адамзат баласына қосқан үлесін ескере отырып, қайта қарау да керек сықылды.
Біздің қазақта адамзат баласының шыққан тегі – АДАМ АТА есімі неге ерекше аталады? Неге біз ғана «адамзат», «адамгершілік», «адамдық» деп сөйлейміз?!.
Перғауын патшазадасы Тутанхамон басқа ойыншық табылмағандай неге асық ойнады?!.
Осы біздің мұрнымыз неге бұзыла береді?!.

Нұртөре ЖҮСІП
aikyn.kz


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика