Мұхтар Тайжан: «Шаруалар Жер туралы заңды асыға күтіп отыр»

11 февраля 2018

Қарағанды қаласында бүгінгі күннің өзекті тақырыбы – жер дауына қатысты жиын өтті. Жер комиссиясының мүшесі Мұхтар Тайжан бастаған астаналық азаматтар кенді өлкенің халқымен кездесіп, жаңа заңның мазмұнын түсіндірді һәм ұлт пен жерге қауіп төніп тұрмағанын жеткізді, -деп хабарлайды Qasym.kz тілшісі.

«Құрметті ағайын, әлеуметтік желіде арандатушы посттар жазылуда. Аты-жөні жоқ жазбаларға сенбеңіздер. Жаңа заң жер сатуды құптамайды. Менің мұнда келудегі басты мақсатымда сол, халыққа Жер кодексін түсіндіру», — деп бастады Мұхтар Тайжан кездесудегі сөзін.

Қоғам белсендісінің айтуынша, әлеуметтік желіде шу шығарып жүрген топтың өкілдерінің қолында ешқандай дәлел мен дәйек жоқ. Мысал етіп айтып, көрсетіп жүргендері заңның ескі редакциясы. Ол Елбасы жариялаған Мораториймен тоқтатылған. Яғни жаңа заң халыққа зиянды емес қайта пайдалы. Ол мыңдаған гектар жерді иеленіп алған латифундистерге қарсы күресіп, халыққа ауылшаруашылығы жерлерін алып беруді мақсат тұтады.

Бұл заңның маңыздылығын Абай ауданынан келген шаруаның жанайқайы да айқындай түскендей болды.

«Мен мал өсіремін. Ұлым да осы салада жүр. Бізге жайылымдық жер керек. Бірақ оны алу мүмкін емес. Жер конкурс арқылы беріледі. Ал ол әділ өтпейді. Малмен айналысып отырған біз жерге зар болудамыз. Конкурспен жерді жеңіп, меншіктеп алғандар қалада тұратын әйелдер, олардың артында үлкен адамдар тұр. Осы мәселені шешу керек. Жер шаруаға берілу керек. Сіз үкіметке жақын жүрсіз ғой. Жоғары жақтағыларға осыны жеткізіңізші. Конкурс ашық болсын, нағыз мал өсіріп отырған адамдарға жер берілсін», — дейді Абай ауданына келген Аспандияр Сейсен есімді азамат.

Мұхтар Тайжанның айтуынша, жаңа заңда бұл мәселе қарастырылған. Яғни конкурс тәртібі өзгеріс енгізілген. Бұрын жер беру туралы шешімді шенеуніктер қабылдайтын болса, енді оның құрамына қоғамдық ұйым өкілдері де енгізіледі және бәрі ашық өткізіледі. Алайда шешілмей қалған бір мәселе бар екен. Ол еуропа елдеріндегі тәрізді ашық кадастрдың болуы. Жұрт жер телімдері кімнің иелігінде екенін және ол қандай мақсатта пайдаланып отырғанын білуі тиіс. Алайда бұл әзірге мүмкін болмай отыр екен. Әйтсе де қол қусырып отырған белсенділер жоқ. Ашық кадастр мәселесі Қазақстанды цифрландыру бағдарламасы аясында өзінің оң шешімін табуы мүмкін.

Бұдан бөлек,  енді ауыл шаруашылығына қажетті жерді алу үшін   бірыңғай келісім шарт қолданылады. Алдағы уақытта әкімдер жерге қатысты заңсыз әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілікпен ғана құтылмай, қылмыстық жауапқа да тартылады.

Бір сөзбен айтқанда, бұл заңның мақсаты жерді шетелдіктерге беріп жіберу емес, қайта ауылда отырған ағайынның мал өсіруіне оң жағдай жасау. Қазір шаруалардың дені осы заңды асыға күтіп отыр екен.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика