Мұхтар МАҒАУИН: Қадыр Мырза-Әлі Есенберлин туралы мақала жазды

21 января 2019

– Мұхтар аға, «Жұлдыз» журналынан сіздің соңғы кездері жазған Әбіш Кекілбаев туралы естелік жазбаларыңызды оқыдық. Естуімізше, бұдан кейін Ілияс Есенберлин туралы естелік жазыпсыз…

– Иә, Ілияс Есенберлин туралы естелігімнің көлемі алты баспа табақ болды. Кішігірім кітап. Мен әр сөзіме айрықша жауапкершілікпен қарайтын адаммын. Кейінгі кездері баспаға, басқа жақтарға жазғандарымды беруге тартынатын болдым. Өйткені сөзімді өзгертіп қояды. Сұмдық қой! Бұрынғы уақытта да саясатқа сай қарайтын, бірақ, жазушының өзімен ақылдаспай өзгертпейтін. Бір мысал айтайын, «Көкбалақ» деген шағын романымда домбырашы шал ескі күйлерді жаздыру үшін ауылдан қалаға келеді. «Орыстың музыкасын тыңдағым келеді» дегеннен кейін оны бір таныс әнші қыз операға апарады. П.И. Чайковскийдің «Аққу көліне». Операны тамашалағаннан кейін шал: «Бұл Бекжанның күйлеріндей екен, қазақтың күйлері сияқты өте әдемі екен. Орыс та үлкен халық қой», – дейді риза болып. Сонда «орыс та» дегендегі «та» дегенді редакциядан өткізе алмадым. Шалдың ойынша, қазақтан үлкен халық жоқ. Ақыры «та» дегенді алып тастады. «Орыс – үлкен халық» деген ақымақшылық болып шығады екен. Бірақ оны екінші басылымдарында қалпына келтірдім. Айтайын дегенім, бұрындары жазушының сыртынан түзетпейтін. Қазір сыртыңнан түзете салады. Бүкіл «совет» дегенді «кеңес», «колхозды» «ұжымшар» дей ме, әйтеуір… Ілияс Есенберлин туралы естелігімді биылғы мамыр айында жазып бітірдім. Ол кісімен өте жақсы қарым-қатынаста болдық. Алғаш танысқанда мен 27-де, Ілекең 52-жаста болатын. «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеп жүрген кезім. Жазғандарымды оқып, біліп жүреді екен. Ілекең алғашында сері болып, филармонияда директор болып, кейін айдауда жүріп, біраз уақытын өткізіп алған. Елу жасқа жақындағанда, нақтырақ айтсақ, 48-49 жасында кенеттен «Айқас» деген роман жазады. Ол басылып шыққан соң жұрт бірден сынай бастайды ғой. «Жұлдыз» журналында бұл еңбектің түкке тұрмайтыны айтылып, мақала басылған. Ілекең осыған біраз ашуланады. «Айқас» – әдемі роман. «Қазақ әдебиеті» газеті бұл романды мақтап, Қабдеш Жұмаділов бір мақала жазды. Осы мақала шыққаннан кейін Есенберлин Димекеңе барған. Димекең бұл кісіден үнемі: «Саған қандай қызмет керек?» – деп сұрайды екен. Бұл кісі: «Ешқандай жұмыс керек емес, киностудияда коллегия мүшесімін», – дейді екен. Енді ол жақта 200 сом ақша алады, қолы бос, уақыты көп. – Димекеңді бұрыннан танитын болып тұр ғой? – Иә, бұрыннан біледі, екеуінің қарым-қатынасы жақсы болған. Ілекеңнің Дінмұхамед Қонаевпен ежелден жақындығы бар еді. Сөйтіп, «Айқас» романынан кейінгі талас-тартыстан кейін бұл кісі Димекеңе барып, баспаға директор болғысы келетінін айтыпты. Сол уақытта баспада директордың орны босап тұрған. Оның орнына кісі тағайындалып, бірақ әлі бекімеген болатын. Қысқасы, 1-2 ай күтіп, Ілекең баспаға директор болды. Сол екі ортада араға кісілер салып, мені бас редактордың орынбасарлығына шақырды. Сөйтіп, Ілекең екеуміз төрт жарым жыл қызметтес болдық. Көп мәселелерді шешуге тура келді. Кем дегенде бірер жүз жаңа адамдардың, жас толқынның кітаптарын шығардық. Кейінгі жастарды Ілекең біле бермейді. Мен бәрін жақсы білемін. Мен өз естелігімде ол кісінің жазушылығы, қайраткерлігі туралы айтқан жоқпын. Адамшылық қасиеттері мен өзім білетін мінездері жайлы айттым. Расында, ол ғажайып адам еді. Орыстарда «хочешь нажить себе врага – сделай человеку добро» деген мақал бар. «Жау тапқың келсе, жақсылық жаса» деп аудардым оны. Жақсылық жасаған адамдардың ішінде бірлі-жарымы болмаса, көпшілігі Есенберлинге жау болды. Бұл енді пендешілік. Өзін біреуге борыштар деп есептегісі келмейді. Борыштар екенін біле тұрып, сол адамнан құтылуға тырысады.

– Қадыр Мырза-Әлі Есенберлин туралы мақала жазды. Сонда Есенберлинді шыр-пыр болып қорғадыңыз ғой. Есенберлинді өте жақсы көретініңізді сол кезде білдік.

– Бір адам жөнінде әртүрлі пікір бола береді. Өйткені бір адамның бойында жақсы мінез де, жағымсыз мінез де болады. Кемшіліксіз адам болмайды. Бірақ өтірік айтпау керек. Қадырдың мақаласын «Жас Алаш» газетінен оқыдым да, қатты ренжідім. Оған жауапты кезекті кітабы шыққаннан кейін жазамын деп шештім. Кітабы шықты, оны дүкеннен 500 теңгеге сатып алдым, қарасам «Жазмыш» деген тағы бір кітабы тұр екен, оны да алдым. Бір кеш отырып, кітабын оқып едім, қаным көтеріліп кетті, ыза болдым. Қателеспесем, Есенберлинге тоғыз айып таққан. Тоғызы да өтірік, ойдан шығарылған жала. Содан оның мақаласына жауап жазуға отырдым. Бұл жердегі мәселе оның Есенберлинді жамандағанында емес, мәселе оның жазғанының түгел өтірік екендігінде. Оның мақсаты Есенберлинді сорлы, өтірікші, алдамшы, жалтақ, қорқақ етіп көрсету болды. Ал сол Мырза-Әлі Есенберлин баспада директор болып отырғанда өзінің 7 кітабын шығарды. Алты кітабын сол «Жазушы» баспасынан, бір кітабын Мәскеуден шығарды. «Советский писатель» баспасынан. Ілекең бұл баспаның коллегия мүшесі, ол кісінің жолдамасынсыз бұл кітап басылмайтын еді. Ілияс Есенберлин ешкімнің басынуына көнбейтін. Өмірімде ештеңеден қорықпайтын екі адам көрсем, соның біреуі – Есенберлин болатын.

– Намысқой кісі ме еді?

– Иә. Ол өзгеше адам болатын. Өзі – Кенесарының Жеке батырының ұрпағы.

– Төлебай батырдың ба?

– Иә, Төлебай батырдың.

– Есенберлин ұлтшыл адам еді ғой. Сіз де ұлтшылсыз. Осы жағынан екеуіңіз жақынсыздар ма деп ойлаушы едік…

– Есенберлин «Жазушы» баспасына 1967 жылдың 30 сәуір күні директор болып келді. Мен ол кісінің келетінін алдын ала білетінмін, келісім беріп, дайындалып отырғанмын. Таңертең жұрт абыр-сабыр болып жатты. Ол кісінің келетінін ешкім күтпеген еді ғой. Жұрттың бәрі кабинетіне құттықтап кіріп жатты. Ол кезде бұл жалғыз баспа, бүкіл қазақ әдебиетінің тағдыры Жазушылар одағында да, басқа жерде де емес, сол баспада шешіледі. Сағат он бір жарымда мен де төменгі қабатқа түстім. Бірінші қабатта түгел «Жазушы» баспасының қызметкерлері отыратын. Ілекең баспаны аралап келе жатыр екен. Екеуміз бетпе-бет кездестік. Амандасып едім, иығымнан құшақтады да: «Бүгін үлгермейміз, мамыр мейрамынан кейін сөйлесейік», – деді. Бар әңгімеміз сол болды. Мейрам күндеріндегі демалыстан кейін таңертең мені кабинетіне шақырды. Бас редактордың орынбасары етіп тағайындады. Қысқасы, Есенберлин баспаға директор боп келгеннен бастап, қазақ әдебиетінің жаңа дәуірі басталды. Өйткені бұрын қамалып жатқан, тіреліп тұрған, жол таппаған қолжазбалардың бәрінің жолы ашылды. Өз естелігімде ол кісінің кімдердің алғашқы кітаптарын шығарғанын, кімдерді қандай дәрежеге жеткізгенін бәрін жаздым. Ол кісі төңкеріс жасады. Жұрттың бәрі Ілекеңнің тарихи романдарын айта береді. Бұл кісінің баспагерлік қызметі де ерекше, бүкіл қазақ әдебиетінің тағдырын басқа арнаға бұрды.

– Әлкей Марғұлан туралы да естелік жазып жатыр деп естідік…

– Әлекең ғажайып, мінезі өзгеше адам еді. Мен жақсы адамдардың алдын көп көрдім. Жас кезімнен олармен теңдей болып жүрдім. Менің кеудем өте жоғары еді. Олар осының бәрін көтерді. 1967 жылы диссертация қорғағанымда Әлекең маған бірінші оппонент болды. Еңбегімді оқығаннан кейін мені өте жақсы көрді. Үнемі үйіне барып тұратынмын. Ескі тарих, әдебиет тарихы жөнінде әңгімелесетінбіз. Өте көп білетін ақсақал еді. Мен де білгішпін. Кейде ескі құжаттарды, қолжазбаларды көрсетеді. Денсаулығы өте күшті еді, тәбеті де жақсы. Бір өкінішім бар. 1969 жылы ол кісі мені өзімен бірге бүкіл Сарыарқаны аралап шығуға шақырды. «Ұлытауды, Жезқазғанды аралап, Жошы ханның басына барып, одан ары Қызыларай тауы, қысқасы, бүкіл Арқадағы бұрынғы жерлерді аралап қайтамыз. Бір айға жуық менің қасымда жүресің», – деді. Ол кезде үш балам бар, бәрі кішкентай болатын. Мен ары-бері ойланып, бара алмайтынымды айттым. Баруым керек еді. Осы үлкен өкініш болды. Екеуміз көп әңгімелесетінбіз, елді бірге аралағандағы әсер мүлде басқаша болар еді. Кейін ол жерлердің бәрін көрдім, бірақ Әлекеңсіз.

– Сіздің «Архив хикаясы» деген әңгімеңіз бар ғой. Сондағы басты кейіпкер прототипі Әлкей Марғұлан деседі кейбіреулер?

– Бұл әңгіменің басты кейіпкері – өзіммін. Жалпы, архив – адамды тартып кететін бір шыңырау нәрсе. Оған бір түскеннен кейін шығу қиын. Бір жаңалық тапсаң, оның арты қазбаланып кете береді. Уақытында тоқтай білу керек. Әлекең бірталай жерге кетіп қалған. Мен де біраз жерге барып, әрең тоқтадым. Өмір бойы архивте отырған адамды білемін. Ғылым академиясында қызметтес бір жігіт болды. Ол кезде мен аспирантурада оқимын, Ленин мен Комсомол көшелерінің қиылысындағы Пушкин атындағы кітапханада (бұрын бұл кітапхана сол жерде орналасқан болатын) 22-24 орын ғана бар ғалымдар залы болды. Ол жерге тек ғалымдар ғана кіре алатын. Сонда үнемі бір жігіт отыратын еді. Тұлғасы тіп-тік, құсмұрын, шашы бұйра, әдемі киінетін. Кейін білдім, біздің академияның кіші ғылыми қызметкері екен. Өмірі ештеңе жазбаған адам. Өзі жаза алмайды, не жазғысы келмейді. Бірақ білмейтіні жоқ. Ешкім білмейтін нәрселерді, ескі газет-журналдарды қарайды. Мағжанның біраз өлеңдерінің түпнұсқасын мен содан алып барып жариялағанмын. Мағжанның бір томдығын бастырып алған екен. Оны мен сұрап алып, журналға бастым. Әпенділеу адам еді, бір күні кітабын қайтаруымды сұрап келіп тұр. «Оқжетпестің қиясында» дегенін енді баспақшы едік», – десем де, бой бермей алып кетті. Кейіннен естідім, оған біреулер: «Мағауин сенің еңбегіңді пайдаланғалы жүр, кітабыңды қайтарып ал», – депті. Мен оны қалай пайдаланамын? Мағжанның өлеңдері ғой. Осындай адамдар болады… Мағжан барлық уақытта да ұмытылмайды. Басқалар ұмытылған шығар, Мағжан ұмытылған жоқ. «Қазақ әдебиетіне» жаңадан келген кезім, бірер айдан кейін Қапан Сатыбалдин деген ақсақал (мінезі қызық, әпенділеу кісі еді) қалың түптелген қолжазба көрсетіп, латынша жазылған екен, «мынау Мағжанның өлеңдері» деді, содан мен «маған бір күнге бере тұрыңызшы» деп едім, «жоқ, болмайды, өзім біреуден сұрап алдым» деді, сондай қолжазба жинақтар жұрттың қолында жүрді. ҚАЗІРГЕ ДЕЙІН ЖАЗҒАН-СЫЗҒАНЫМ 24 ТОМ БОЛДЫ

– Сыртта жүріп жазған шығармаларыңыз да аз емес…

– 2006 жылы 28 желтоқсан күні Прагаға барып түстім, эмиграцияның басы осы. Бір аптадай демалып алып, бір әңгіме жаздым. Содан кейін «Жармаққа» отырдым, оны 18 күнде жаздым, сонан соң бір күн демалып алып, 19 күнде көшіріп біттім. Ондай тез жазулар болады, Стендаль «Қызыл мен қара» деген романын 50 күнде жазған, Достоевский атақты «Құмарпаз» романын 23 күнде жазған. Бірақ шығарманың құны оның тез жазылғанымен өлшенбейді. «Шыңғыс ханның» екінші кітабын бітірген соң, үшінші кітабына дейінгі аралықта «Құждың қу жілігі» деген әңгіме жаздым. Мен оны үздік әңгімелерімнің бірі деп есептеймін. Мен бұрын ең тәуір әңгімем «Салах-ад-Дин үкімі» деп есептейтінмін, бұл бір өзгеше, мағынасы мол әңгіме. Онан кейін «Құмырсқа қырғынын» бірінші орынға шығардым. «Құждың жілігі» әңгімесі алғашқы 10-20 әңгімелердің біреуі болады. Менің әңгімелерім толық үш том болды. Әрқайсысы 25 баспа табақтан. Қазақта менен көп әңгіме жазған адам жоқ. – Бейімбет Майлиндікі екі том болады… – Мәселе көлемде де ғана емес, жалпы мен Бейімбетті мықты әңгімеші деп есептемеймін, өте қарабайыр. Әлем әдебиетінде төрт ұлы әңгімеші бар, біріншісі – Ги де Мопассан, екіншісі – Чехов, үшіншісі – Сомерсет Моэм, төртіншісі – Акутагава. Осы төрт ұлы әңгімешінің қатарында мен де бармын. Әрине, біріншісі емес, соңы да емес. Әңгімеші ретінде бәрінен де Мопассанды жоғары бағалаймын, оны француздардың өзі жете танымаған. Мопассанды Чеховпен салыстыруға болмайды. Француздың бір зерттеушісі Мопассан мен Чехов туралы монография жазып, «Чехов жоғары» депті, ол енді өзіне тартпай әділ айтқысы келгені. Ал енді неге салыстыруға болмайтынын айтайын. Чеховтың бүкіл әңгімелері мінезге құрылған. Ал Мопассан әңгімелері тағдырға құрылған. Әдебиеттің басты объектісі – тағдыр. Менің ең үлкен ұстазым – Мопассан. Үнемі оқимын, әрі таңғаламын, онда мінез де, тағдыр да, табиғат та бар. Моэм – осы екі жазушының қосындысы, ол – ағылшын жазушысы емес, француз бен орыстың арасынан шыққан жазушы. С.Моэм Францияда тұрған, француз әдебиеті мен орыс әдебиетінің ықпалымен қалыптасқан. Акутагаваның әңгімесі мүлде басқа тұрғыда, мен Акутагаваға жете алмаймын, қалғандарымен таласуыма болады. Мопассанның екі ұстазы – Флобер мен Тургенев болды. Тургенев орыс әдебиетінде бірінші болып шетелге танылды да, Толстойдан тартып орыс әдебиетін насихаттады. Өйткені ұлы адамдарда қызғаныш деген болмайды.

– Қазірге дейін жазғандарыңыз қанша томға жетті?

– 24 том болды. Бәрін жинақтап, дайындап қойдым. Оның алғашқы үш томы – жаңа айтқанымдай, әңгімелер. Онан кейінгі жеті томы – роман-повестер, онан кейінгі төрт том – «Шыңғыс хан», 15-томнан «Қобыз сарыны» басталады, онан соң «Қазақ тарихының әліппесі». Кейінгі кездерде жазылған көсемсөздердің өзі екі том болады. Ал естеліктер бір томдай болады, бәлкім онан да асып кетер, әлі жазылып жатыр. Араға біраз уақыт салып есімді жиып алған соң, 78 жасымды білмеймін, 79 жасымда «Алтын Ордаға» кірісемін. Құдай қуат беріп, Тәңірім демесе, екі том «Алтын Орданы» жазуым керек. Оны да «Шыңғыс хан» сияқты тарихи баян етіп жазбақшымын. – «Шыңғыс ханға» аттай жеті жылыңызды арнадыңыз… – Мен «Шыңғыс деген хан болыпты» деген әңгімені көзімді ашқаннан естігенмін. Анық есімде, 9 жастағы кезім, екінші сыныпты бітіргенмін, ағам (шалдың қолында өскендіктен әкемді «аға» деймін) Семейге барып, Янның «Шыңғыс хан» деген кітабын алып келді, соны оқыдым. Сол жылы бесінші сыныпта оқитын Мұратхан дейтін шөбере ағамнан Бичуринның «Ерте дүние тарихы» деген кітабын алып оқыдым, ескі грек, Римның тарихын содан білдім. «Шыңғыс ханды» оқығанымда, мен оны қазақ деп ұқтым, өйткені тұрмыстарының бәрі қазақтікі, оның үстіне үлкен әкем «Шыңғыс хан болды» деп айтып отыратын. Сонымен қоса: Шыңғыс хан қатарынан асып туған, Кеудесін дұшпанының басып туған. Туғанда уысына қан шеңгелдеп, Қызартып екі көзін ашып туған, – деген өлеңді кішкене кезімде жаттағанмын. Ол заманда қазақтар бір-бірін қонаққа шақырса арақ ішпейді, ет желініп болғаннан кейін әңгіме айтады. Үлкен әкем Мағауия ақсақал түрлі ертегілер айтатын. Бір жолы ағам (әкем) Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романын әңгімелеп айтып берді. Мен де ертегіші болдым, мектепте оқып жүргенімде балалардың басын қосып ертегі айтып беретінмін. Ең қызығы, сол ертегілердің біреуін-біреуіне қосып өзгертіп, дамытып айта беретінмін. Осындай ескіге құмарлықтан тіл байыды, көзқарас қалыптасты… Совет заманында Шыңғыс ханға қалам тарту мүмкін болмады, мен алғаш Шыңғыс хан мұрасына «Көкмұнар» романында бардым. Бас кейіпкер Едіге дағдарысқа түсіп жол таба алмайды, содан ескі әдебиетті зерттей жүріп Алтын Орданың құлау дәуірі туралы роман жазады. Білген адамның танып алуы да оңай, онда түріктердің қалай күшейгені, бүкіл дүниені жаулағаны, ақырында үлкен Орда құрғаны, ол мемлекеттің іргесі түбінде берік болмай шыққаны туралы айтылады. Бұл Алтын Орданы жоқтау, Шыңғыс ханды жоқтау болатын. Сөйтіп, отыз жасымда Шыңғыс ханға ойқастап бардым. Оны біреулер ойлапты «тарихи роман жазып, «Көкмұнардың» ішіне кіріктіріп жіберді» деп. Жоқ, оны бірден жаздым. Жалпы менде жазғаннан кейін қайта құрау деген болмайды, басынан түскенімде аяғы көз алдымда тұрады. Үлкен екі кітаптан тұратын «Аласапыранның» өзі алғашқы сөйлемін бастап жазғанымда соңы немен аяқталатыны көз алдымда тұрды. Алып прожектор төбеден түскенде жарым дүниені жарық қылады ғой, сол сияқты ол кезде санам ашық болатын. «Кесік бас, тірі тұлып хикаясы» романында оқиға шым-шытырық, соны да қолдан құраған жоқпын, басынан түскен кезде ойымда болды, аяғына бір-ақ шықтым. Менің өз тұрғымнан алғанда «Кесік бас, тірі тұлып хикаяты» романы – менің мінсіз шығармаларымның бірі.

– «Шыңғыс ханды» жазу әу баста жоспарыңызда болған жоқ қой?

– «Шыңғыс ханды» жазу әу баста жоспарда болған жоқ, өйткені ол жарияланбайтын еді. Жарияланбайтын шығарманы «үстелдің астына жасырып жазу» деген орыстарда болды, себебі олардың шетелде газет-журналдары, баспалары бар еді. Ал бізде ондай ештеңе жоқ, жазған дүниең өзіңмен бірге кетуі мүмкін. Сондықтан жарияға шығатын, қажетті нәрсені жазу керек болды. Тәуелсіздік алып, цензура жойылғаннан кейін «Шыңғыс ханды» жазу ойымда болды, бірақ ол кезде бүгінгі күннің тақырыбына арналған ең зәру, қажетті дүниелер анталап тұрды, соларды жазып болып, үш-төрт ай дайындық жасадым да, 2008 жылы «Шыңғыс ханға» кірістім. Бірінші кітапты екі жарым жыл жаздым, қалған кітаптар бір жылдан жазылды. Бұл жерде менің өмір бойы жинақтаған тарихи танымым, ұлттың тарихына көзқарасым айтылады. Төртінші кітапты 2015 жылы қараша айының соңында бітірдім, шаршап-шалдығып, сіңіріме ілініп әрең бітірдім. Сонан кейін бір айдай теңізге түсіп демалып, тынығып келдім де, бір ай үстінен қарап баспаға бердім. «Шыңғыс ханның» төрт кітабына тура 7 жыл уақыт кетті. ШЫҢҒЫС ХАНДА» МЕН КӨП ДҮНИЕНІ ӨЗГЕШЕ ЖАЗДЫМ

– «Шыңғыс ханды» оқығанда бір байқағанымыз, сіз «Қастерлі шежіредегі» («Моңғолдың құпия шежіресі») деректер мен мәліметтердің біразын жоққа шығарасыз…

– Егер ежелгі неміс тарихының тұтас бір кезеңі – Нибелунгтар, француз тарихы – Роланд, испан тарихы – Сид, ағылшын тарихы – король Артур жөніндегі аңыз-жырлармен айғақталса, қазақ тарихы «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» жырлары арқылы белгіленсе не болар еді? «Қастерлі шежіре» – ғажап мұра, бірақ нақты, тарихи деректі жәдігер емес. Бұл – Бартольдтың бағалауынша, қаһармандық эпос. Біз өз тарапымыздан айтар болсақ, мұны шежіре-эпос дер едік. Яғни, ата-баба шежіресі. Шыңғыс хан тарихының халықтық ұғым, ауыз әдебиеті үлгісімен қайыра қалыптанған жаңа бір нұсқасы. Ақиқат пен әсіре, шындық пен лақап, даналық таным мен балаңқы ұғым астасып, араласып жатқан әдеби-көркем туынды дер едік. Сондықтан да «Шыңғыс ханда» мен көп нәрсені басқаша жаздым. Абайдың айтатын сөзі бар емес пе: «Білгенге маржан, білмеске арзан» деген. Сол сияқты, мұның бәрі білмегенге арзан болып көрінеді. Мәселен, «Қастерлі шежіреде» айтылатын дерек бойынша: «Шыңғыс ханның әкесі Есугей бахадұрға татарлар у беріп өлтіреді». Есугей жолай той үстіне түсіп, татарларға қонақ болады. Осы кезде олар сусынға у қосып береді. Біз бұл деректі мақұлдай алмадық. Жарайды, Есугей бахадұр ен далада мереке, сауық құрып жатқан азды-көпті татардың үстінен шықсын-ақ делік. Дала рәсімі бойынша Есугей – мейман. Ал мейманға у беру… Қандай жағдайда да ас иесі ортақ дастарқан үстінде қонағына құйылған сусынды (қымызды) ең алдымен өзі дәмін татып қана ұсынуға тиіс. Баяғыда менің тәтем (шешем) қымыз құйып бергенде өзі үнемі шетінен ұрттайтын. Бұл – Шыңғыс хан заманынан, көне түрік заманынан қалған дәстүр. Бұл – «асым адал» деген сөз. Енді таза тарих, нақты дерек, мағлұматқа құрылған Рәшид-әд-Дин еңбегіне жүгінейік. Мұнда Есугейдің төтенше өліміне қатысты ешқандай емеурін жоқ. Есугейдің жастай кеткені, мезгілсіз болса да өз ажалымен өлгені айтылады. – Жошыға қатысты деректерді де пысықтап, қайсысының шын, қайсысының өтірік екеніне тоқтала кетіпсіз… – Жошыға қатысты жала, өсек қайдан туған? Бұл – Батыс тарихшыларының қайткенде де Шыңғыс ханға көлеңке түсіру ниетінің кезекті бір көрінісі. Жауыз Шыңғыс ханның алғашқы, үлкен ұлы Жошы өзінен тумапты! Көлденеңнен жабысқан жолдыбай екен! Атының өзі айтып тұр! – деседі. Ал жолда тусын. Көшпенді жұртта аттың жалы, түйенің қомында кім тумаған?! Рәшид-әд-Дин атап көрсеткендей, ол кезде сапар, көш үстінде туған баланы Жошы деп атайтын ырым болған. Темужіннің туған інісінің толық аты – Жошы-Қасар. Кейінгі Жошы ханмен шатастырмас үшін көбіне-көп, үнемі дерлік есімнің екінші жартысы қабылданған. Рәшид-әд-Диннің еңбегін ақтарыстап қарасаңыз, тағы қаншама Жошы алдыңыздан шығады: Түмбине ханның ұлы Жошы, Құтұла ханның ұлы Жошы, Қадан бахадұрдың ұлы Жошы, Таудан-отшыгеннің ұлы Жошы, тайжуыттан, жалайырдан және басқа да рулардан шыққан тағы қаншама Жошы. Бұл – таңбалы қағазға түскен Жошылар ғана, соның бәрі некесіз туған ба сонда? Үлкен ұл Жошыны аз көрсеңіз, Шыңғыс ханның кенже ұлы Төлені де шалағай-шата қылып қояды. Керек десеңіз, Шыңғыс ханның өзі күмәнді – Өгелін Есугей бахадұрдан бұрын ұрықтанып үлгерген… Әрине, мұндай қисынсыз, жолдан қосылған, ойдан шығарылған дерексымақтардың бәрін жоққа шығарып, нақты тарихи деректерді алдыға шығардық.

– Орыс тарихшыларының «моңғол-татар шапқыншылығына» байланысты асыра, өсіре айтқандары туралы да мол дерек келтіресіз…

– Өзінікін асыра бағалау, ақылға сыйымсыз ғаламат ерлік туралы хикаялар жеңілген және жеңген барлық халықтың ауызекі тарихында көптеп ұшырасады. Эпикалық жырлар, шежірелі хикаялар, аңыз бен қауесет. Мұндай ертегілік оқиғаның бізге жақын ең көрнекті нұсқасы – Салқам Жәңгір ханның небәрі алты жүз кісімен ойраттың елу мыңдық қалың қолын талқандауы туралы хикая. Мүмкін емесі ешкімнің қаперіне келмеген, отаншылдық ұранымен барлық тарихқа еніп кетіпті. Біз кезінде жазғанбыз, Салқам Жәңгірдің қол астында Дүрбін-Ойрат қосындарына қарайлас, соған жақын, бәлкім, одан да артық жауынгер шерік болған. Атаулы алты жүз – ол заманда Орталық Азияда қолданысқа түсе қоймаған от қару – мылтықпен жасақталған екпінді, арнайы топ. Қалмақтар үшін мүлде тосын, қорқынышты қару бастапқыда оларды дүрбелеңге салады да, ақыры бүкіл қазақ әскерінің жаппай шабуылынан соң, түбегейлі жеңіске жол ашады. Ғалдан-Бошұқты қоңтажы он мың шерігінен айырылыпты. Біздің түйсіксіз ертегішілер небәрі алты жүз қазақ қалмақтың елу мыңдық қолын қиратып, оның ішінде он мыңын қырып салды деп жүр. (Қисынсыз қиял үстіне, майданға жетіп үлгермеген, сондықтан ғаламат ұрыстың әуелгі де, екінші де кезегіне мүлде қатынаспаған Жалаңтөс әмірді әкеліп қосады.) Қанша мәрте айтсаң да, санаға кірер емес, барлық тарихта солай жазылып жатыр және шегі көрінбейді. Орыс ағайындардың «Козельск қорғанысы» да – осы қатардағы құбылыс. Тек «Козельск қорғанысы» ғана емес, Смоленск қорғанысы туралы да өсіре жазады. Мұның бәрінің шындығын айттық. Орыстың Ростов, Углич, Ярославль, Тверь қалалары «моңғол-татарларға» қарсылық көрсетпей, қақпаларын бірден ашады. Осыған орай малы бүтін, жаны түгел, ешқандай бүліншілікке ұшырамай, аман шығады. Арғы-бергі орыс тарихшылары осыны бүркемелеп, елеусіз қалдырады. Тек Л. Гумилев қана назар аударады. Біз айтар едік, Л. Гумилев айғақтаған төрт қаланың сыртында кем дегенде тағы да үш шаһар тұр деп: Юрьев-Польский, Кострома, Белоозер.

– Сонымен, Шыңғыс хан түрік тайпасының қай руынан шыққан?

– Қият руынан шыққан. Қияттар уақыт оза келе қарасыны молығып, жеке-жеке атаға бөлінеді, әйткенмен, қият түбірін сақтайды: қият-жұрқын, қият-шаншығұт, қият-жасар, қият-қоралас, қият-бөржіген. Шыңғыс хан қият-бөржіген ұрқына жатады. Бөржіген сөзінің мағынасы – «бөрі нәсілі, бөрі текті ханзада», таратып айтсақ, «бөрі» және «тегін» атауынан туындаған: бөрітегін немесе бөржіген (түрік нәсілі, тіпті берідегі Қабұл-хан әулетінде шаңырақ иесі кенже ұл «отшыген» – от тегін, яғни от иесі, шаңырақ иесі ханзада атанғаны белгілі). Шыңғыс ханның билігі және оған жалғас заманда күрт көбейген қият тайпасы бүкіл империя шегіне таралады. Әсіресе Алтын Ордада айрықша күшке жетеді. Ұлыс бектері, қолбасылар шығарады, хандық өкіметтің сенімді тіректерінің біріне айналады. Тоқты ханнан соңғы бұлғыр кезеңде төңкеріс жасап, заңды мұрагер, Бату хан нәсілі Өзбекті таққа отырғызған – осы қият бектері болатын. Алтын Орда ыдырағаннан соңғы кезеңде де қарашы қият өз орнын табады. ХV-ХVІ ғасырларға қатысты жазба тауарихта қият – «тоқсан екі баулы өзбек», яғни киіз туырлықты көшпенді түрік тайпаларының бел ортасында көрінеді. Уақыт оза келе тілі бір, қонысы орайлас туысқан халықтардың арасына сіңісіп кеткені байқалады. Ал қият-бөржіген, яғни Шыңғыс ханның тікелей тұқымы билік басында қала берген. И. Березин, Н. Аристов сияқты зерделі орыс ғалымдары қазақтағы қазіргі шанышқылы руын сол кездегі шаншығұттың (қият-шаншығұттың) тікелей жалғасы деп есептейді. Қазақ ұғымы, қазақ халық әдебиетінде ежелгі қият – қыпшақпен туыстас және одақтас ру ретінде жүреді. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов өзінің тарихи шығарма, әдеби зерттеулерінде «қият-қыпшақ елі» деп жазады. Қазақ арасында қият өзінің жалпы атымен шанышқылы руының құрамына енген. Бүгінгі шанышқылы – бағзыдағы қият-шаншығұттың тікелей жалғасыдеп білсек, мұндай ауыс – азайған үлкен ата мен өскен кіші атаның орын алмасуы – түсінікті жағдай. Сондай-ақ адай келімберді мұңал ішіндегі бір бұтақ – ежелгі қият есімінде. Мұндағы «мұңал» – «моғұл», «мұғал» атауының басқашарақ дыбысталған нұсқасы. Яғни, бүкіл мұңал осы қияттың төңірегінен табылады деген сөз. Қият-бөржіген (бөржегін, бөржігіт) яғни Шыңғыс хан әулеті «төре» атанды, Алтын Ордаға жалғас Қазақ Ордасының барлық ханы – Жәнібек пен Керейден бастап, Кенесарыға дейінгі аралықтағы, Алаш жұртының аруағын көтерген ұлы тұлғалар: Бұрындық хан, Қасым хан, Тоғым хан, Хақ-Назар хан, Тәуекел хан, Еңсегей бойлы ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан, Әз-Тәуке хан, Абылай хан, кейінгі, Ішкі Орданы негіздеген Бөкей хан – түгелімен осы тұқымнан. Ел қорғаған, қол бастаған атақты батыр сұлтандар: Қамбар, Еренші, Жаныш, Таныш, Ұзын Оқты Ондан, Шах-Мұхамед, Көшек, Қанішер Абылай, Көкжал Барақ, Наурызбай, Сыздық… өз алдына бір төбе. Беріге келсек, ХІХ ғасырдағы ұлы ғалым Шоқан, күйші Дәулеткерей, әнші Мұхит, ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлттық көсем Әлихан Бөкейхан, күні кешегі, қазақ тарихы үшін жапа шеккен Сәнжар Аспандияров пен Ермұхан Бекмаханов, бүгінгі белгілі архитектор Шота Уәлихановқа дейінгі қаншама ірілер түгелдей осы қият-бөржігіт әулетінен тарайды.

– Шыңғыс ханды түрік деп таныған зерттеушілер бар ма?

– Шыңғыс хан әу баста зерттеле бастағанда Дегин деген француз оқымыстысы Шыңғыс ханды түрік деп жазған. Кейін біздің империялық саясат үшін түрік болмау керек болды және Еуропа да түріктерді жақсы көрмейді, сонымен момын мал бағып жатқан моңғолдарға тели салған. Ал қазіргі қалқа моңғолдары бұл жерге Шыңғыс хан өлгеннен кейін, 1450 жылдары ғана келе бастаған. – Осы еңбегіңізге моңғол ғалымдары қалай қарады? – Олардың оқыған-оқымағанын білмеймін. Біреулер айтады: «Моңғолдар Шыңғыс ханды бермейді» деп. Бермейтін ол мүлік емес, жер емес. Бірақ, моңғолдарға риза болуымыз керек, олар өздерінің тарихын Шыңғыс хан негізінде түгендеді. Олар: «осы далада біздің бабамыз Шыңғыс хан өмір сүрді» деді. Бір ғана мысал айтайын, қазақта екінің біреуінің аты – Шыңғыс. Ал моңғолдарда ондай ат мүлде болмаған, енді қойып жатыр. Сонан кейін ХІХ ғасырдың соңында орыстар Моңғолияға өте ауқымды зерттеу жасаған. Орыстың ол кездегі империялық саясаты күшті болды. Моңғолияға Ресей үнемі саяхатшыларын жіберді, олар жер танып қайтады. Сол зерттеушілердің бәрі жазған: «моңғолда ру жоқ, қосын, аймақ қана бар» деп. Бірақ, не десек те моңғолдар Шыңғыс ханнан айныған жоқ. «Шыңғыс ханның 800 жылдығын тойлаймыз» деп Моңғолияның сол кездегі бірінші хатшысы өлімге ұшырады, басында орнынан түсірілді, кейіннен балталап өлтірілді. Ақыры олардың тарихшылары қисынын былай тапты: «Шыңғыс ханның әуел бастағы ісі дұрыс, өйткені ол моңғол мемлекетін құрды, ұлтты ұйыстырды, онан кейінгісі – қате, өйткені басқа жерлерді жауламақ болды» (күлді). Ал біздің қазақтарға таңғаламын, жүз рет «Шыңғыс хан – түрік, Шыңғыс хан – қазақ» деп айтсаң да миына қонбайды. Шыңғыс хан қазақта асыл нұрдан жаралған әулие саналды. Алтын Орданы есептемегенде, қазақты неше жүз жыл Шыңғыс ханның ұрпақтары биледі. «Алтын шежіренің» бір нұсқалары қазақтың арасында да сақталған. Оны кейін Г.И.Потанин жазып алған. Арыдан бастасақ, Мұрат ақынның, Мағжанның, Шәкәрімнің өлеңдері, Абайдың айтқандары бар. Ғұмар Қараш айтады: «Шыңғыс, Бату хандық құрып тұрған ел, Қарақыпшақ Қобыландылар туған ел» дейді. Ал Мұратта: «Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз, Қайран Саланың жатқан аңғары-ай, Ақ сәлделі пірлердің мешітке жаққан шамдары-ай, Кәпірден теңдік алуға қайтып та туар деймісің, Мұсылманның баласы Шыңғыстан туған хандар-ай», – дейді. Осылардың ішінде «Шыңғыс хан жаман» деген бір ауыз сөз жоқ. Совет өкіметі жамандап еді, сол әлі миларынан шықпай отыр. – «Шыңғыс ханды» өзге тілге аудару ойыңызда бар ма? – «Шыңғыс ханды» басқа тілге аударуға менің уақытым да, жағдайым да жоқ. Едіге ұлым айтып еді: «Төрт томнан бір том жасасаңыз, соны аудартайық», – деп, байқап қарасам болмайды екен. Енді қағазға түсті, ешқайда жоғалып кетпейді, 20-30 жылдан кейін осының біразын басқалар да аша бастайды. Бірақ мен айтқан дүниелерге жете алмайды деп ойлаймын. Ең бастысы, мен қазақ үшін жаздым.

Сұхбаттасқандар Әмірхан МЕҢДЕКЕ, Жақсылық ЫРЫСБАЙ
«АҢЫЗ АДАМ» журналы №22, 2017 жыл
madeniportal.kz


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика