МҰХАМЕДИҰЛЫ: Сарайшықты сақтап қаламыз

25 февраля 2017

Тарихи жәдігерлер мен жеті ханның сүйегі жатқан Сарайшық қаласы жойылудың аз-ақ алдында тұр. Далада қараусыз, ешкімге елеусіз қалған тарихи орынның су астына кетіп бара жатқанын «31 арна» бұған дейін де бірнеше рет айтқан. Содан бері өзгерген ештеңе жоқ. Бүгін өңірге Арыстанбек Мұхамедиұлының өзі барды. Соған қарағанда, жергілікті билік бұл істі қолға алғанға ұқсайды.

Сарайшықты су шайғалы бері тарихшылар дабыл қаққан болатын. Алайда, сол жартас күйінде қалған көне тарихи орынға бүгінде билік бас ауыртқан сыңайлы. Жайық өзені жағалауындағы көне қаланың іргесін қымтап, Сарайшықты толық қалпына келтіріп, жағалауын бекіту жұмыстары басталып кеткен. Аталған құрылыстың жалпы құны 1 625 197 мың теңгені құрапты.

ЗЕЙНОЛЛА САМАШЕВ, Археолог-ғалым:
— Жиырма жыл бойы шешілмей жатқан мәселенің мінекей биылғы жылы шешімін тауып, жұмыстың басталып кеткені қуантады. Үлкен мәселенің қозғалғанын білдіреді, шешімін табады деген сенім туғызады бізге.

Археологтардың айтуынша, Сарайшықты қалпына келтіру жұмыстары жалғасын табуы керек. Сонымен қатар, «облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, министрлік тарапынан қолдау табылатын болса, Сарайшық қалашығы аспан астындағы мұражайға айналады» деді. Бұған мәдениет минстрі де қолдан келгенінше көмектесеміз дегенді айтты.

АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
— Сарайшықты жылдан-жылға шайып жатқаны бар. Қазір дереу тоқтатып, үлкен шаралар жасап жатыр әкімшіліктің атынан. Біз министрлік күн жылығаннан кейін бірден жұмысқа кірісуге біздер дайынбыз.

Бұрынғы қаланың орнында қазба жұмыстары жүргізіліп, қазіргі уақытта айналасы қоршалған. Көне қаланың орнын болашақта аспан астындағы мұражайға айналдырмақ.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика