Мұғалімдер «тірідей» қажет болмай қалады

9 июня 2019

Митио Каку

Митио Каку, әлемдік деңгейдегі оқытушы, жапон текті Америка физигі:

ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ-ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚОҒАМҒА КЕЛЕ ЖАТЫРМЫЗ

«The New York Tіmes» газетінің бағалауы бойынша Митио Каку өткен жылы Нью-Йорктің ең үздік адамы ретінде танылған болатын. Ол «Болашақ физикасы» кітабында білім интернет-технология мен гаджеттерге сүйенетін болады дейді. Жапон текті Америка физигі болашақтағы білім туралы тағы қандай жаңалықтарымен бөліскен? Ғалымның сұхбатын біз сіздер үшін бүгін қазақ тіліне аудардық. Сонымен…

Ең бастысы, оқу енді есте сақтауға негіздел­мейді. Жақын болашақта компьютер мен Google Glass көзәйнектері қажет ақпараттың бәрін жүктейтін кішкентай ғана линзаларға айналады. Сондықтан екі жылдан кейін оқушылар мен студенттер емтиханның үстінде отырып-ақ жауапты интернеттен алады. Ол үшін көзді бір рет жыпылықтату жетіп жатыр. Бұл жағдайда, біріншіден, ми практикада жүзеге аспайтын пайдасыз білімнен таза болады. Екінші жағынан, ақыл-ой қоры ойлауға, талдау жасауға, дәйекті түрде дұрыс шешім қабылдауды дамытуға бейімделеді.

Мұғалімдердің «тірідей» қажеті болмай қалады

Адамдар автономды бола бастайды, сондықтан өз өмірімізге үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Соған сәйкес қандай да бір «қадағалайтын органдардың» қажеті де болмайды. Адамдар саналы түрде өздеріне қандай білім керек, соны алуға ұмтылады. Егер кеңес қажет болса, мысалы, олар оны «ақылды» қабырғадан сұрайды. Жасанды интеллект технологиясына негізделген құрылғылар жақын арада пәтерлер, кеңселер мен көшелерге орнатылатын болады. Ол үшін «ақылды» қабырғаға жақын келіп, «Мен биология профессорымен сөйлескім келеді» десеңіз, жетіп жатыр. Барлық сұрағыңызға сол мезетте сол маманнан жауап ала аласыз. Мұндай жүйе тек білім саласы ғана емес, медицина, құқықтану, дизайн, психологияда да қолданылатын болады. Әрине, хирург сынды нақты мамандар қай кезде де қажет. Бірақ, қарапайым мәселелер виртуалды түрде шешіледі. Мұғалімдерге келсек, олардың «тірідей» қажеті болмай қалады.

Диплом біржола жоғалады

Университеттік онлайн-курстар қазірдің өзінде бар, бұл, шындығында, тамаша идея. Бірақ, қазіргі кезде онлайн оқуды тастап кететіндердің көп екендігі ақиқат. Бұл – адамдардың әлі тәлімгерсіз жұмыс істеуге дайын еместігінен, «тек қана сен және компьютер мониторы» ұстанымына үйренбеген­дігінен, оларда жоғары мотивация жоқ. Бір жағынан, онлайн-жүйе енді қарқын алып жатқан­дықтан, оған түзетулер керек. Бірақ, ол жылдам дамып, жетілу үстінде. Сондықтан алдағы 50 жылдағы білім соған негізделеді.

Университеттер сақталады дегенмен, сәйкесінше, бұлт жүйесіне негізделген виртуалды жоғары оқу орындары болады. Дәстүрлі жоғары оқу орын­дарында лекция тыңдайтындар «ол өз білімін өзі ұйымдастыра алмапты» дегендей мінге қалатын болады. Білім қандай да бір уақытша әрі кеңістіктегі шеңбермен шектелмейтін болғандықтан, диплом қажеттілігі болмайды, сондықтан диплом біржола жоғалады. Соған сәйкес біліктілік емтиханын өткізіп, сертификат беретін орталықтар пайда болады. АҚШ, Канада, Жапония, Еуропа елдерінде оқу кезінде жинаған диплом, куәлік, сертификатын жұмыс берушіге тапсыратын портфолио жүйесі қазіргі кезде кең қолданыста.

Креативтілік, қиял және көшбасшылық қасиет

Алдағы 10-15 жылда, жекелей алғанда, онлайн педагогикасы қызметі қарқын алады. Онлайн дегенде елдің бәрін компьютердің алдында мониторға қарап отырған күйде елестету дұрыс емес. Сол кезге қарай адамдардың өмір сүру ортасы, олармен байланысты интерфейст те өзгереді. Балаларға білім беретін қызмет белсенді түрде дамитын болады.

Мұндай қоғамда шынайы жетістікке жету үшін роботтарда жоқ қасиетті дамыту керек: креативтілік, қиялдау, ынта және көшбасшылық қасиет. Қоғам тауарлы экономикадан біртіндеп интеллектуалды-шығармашылық қоғамға қарай келе жатыр. «Англия – шахталарына қарағанда рок-н-роллдан көп табыс табуда» дегенді Тони Блэр бекерге айтпайды. Тауарлы нарық пен когнитивті-креативтілік әлеуетті қатар алып жүретін елдердің жетістікке жету ықтималдығы жоғары. Тек қана ауыл шаруашылығына иек артатын елдер ұзаққа бармайды, олар кедейлікке ұшырайды.

Ақшаның көзі биотехнологтар мен нанотех­нологтарда және жасанды интеллект иелерінде болады. Тек қана білім беру жүйесі емес, жұмыс жүйесі де өзгеретін болады. Жақын уақытта фабрикада бірде-бір адам қалмайды, есесіне интеллектуалды салада жаңа мамандықтар пайда болады. Ең бастысы, жаңашылдыққа уақытында бейімделіп, бағытты өзгерте білген жөн. Көпшілік адамның проблемасы – енжарлығында, олар жұрт қимылдаған кезде ғана қадам жасайды. Болашақта жетістікке жету үшін, ең алдымен, өзгелерге ұқсамауға тырысу керек. Өз өміріңді толықтай өз жауапкершілігіңе алып, жаңа жолға түсуден қорықпау қажет.

Қазіргі білім беру жүйесі бұрынғы, дәурені өткен мамандарды дайындауда. Біз оларды бүгінде жоқ жұмысқа баруды үйретудеміз әрі баяғыдан тиімсіз интеллектуалды құралдармен қамтамасыз етеміз. Сондықтан әлемде жұмыссыздық пайызы жоғары­лауда. Сол үшін білім саласының маман­дары қазір болашақ технологиясына тікелей қатысы бар жаратылыстану ғылымының оқу бағдар­ламасын қайта қарастыруда.

Жоғары дамыған жасанды интеллект бәрібір адамды толықтай алмастыра алмайды. Мысалы, роботтарда көркем ойлау, сана, түйсік болмай­тынын білесіз, сондықтан олар интеллектен гөрі түйсікке сүйенетін қор брокерлерін алмастыра алмайды. Креативті жұмысқа негізделетін қол күші жұмысшылары, құрылысшылар мен бағбандар роботтар әлемінде аман қалады. Бүгінде интел­лектуалды мамандық иелері саналатын бағдар­ламалау, веб-дизайн, 3D-жобалау иелері жақын болашақта «жұмысшылар» деп аталатын болады. Адам немен айналысса да үнемі оған шығарма­шылықпен қарап, қиялдың қанатымен самғап, құбылмалы жағдайға тез бейімделе білуі керек әрі жақсы дамыған түйсік те артықтық етпейді.

Адам миының картасы жасалды

2050 жылға дейін барлық салада түгелдей адамның озық ақылының өзін басып озатын жоғарғы сана пайда болады. Мысал ретінде айтайын, жақында ғана ғалымдардың халықаралық командасы инвестициясы 1 млрд. доллар болатын Human Braіn Projectс еуропалық жобасында 20 микрометрге дейін дәл тәптіштелген адам миының құрылысын көрсететін Bіg Braіn бірегей картасын жасап шығарды. Мұндай анатомиялық атлас неврологтар мен нейрохирургтердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймайды, ауыр сырқат түрлерін емдеуге де көмек болады, сондай-ақ, ми эмоцияны өңдеп, ақпаратты қалай қабылдайтынын көруге мүмкіндік туады. Бұл жоғарғы сананы жасау жолын жеңілдетеді, сондай-ақ, табиғи когнитивтік процесті барынша қауіпсіз жетілдіруге әрі ынталандыруға, білім базасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Үздіксіз ақпаратпен қамтамасыз ететін ми чиптері – жақын болашақтың технологиясы.

Аударып, дайындаған – Әсел ДАҒЖАН.

«Алматы ақшамы» газетінен


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика