Мұғалім мәртебесі туралы заң қабылдау керек пе?

14 Ақпан 2018

Бүгінгінің мұғаліміне сіз қандай мінездеме берер едіңіз? Бізге кейде тәулік бойы жұмыс істейтін, барлық қоғамдық іс-шараларға жегілетін белсенді, ақша жинап ата-аналарға қол жаятын сұраншақ, оқушыларына «тәйт» дей алмайтын жасық, басшыларының сөзін екі етпейтін тілалғыш, қолбала секілді көрініп кетеді. Барлық мұғалім осындай дей алмаспыз, дегенмен… Осындай жағымсыздау мінездеменің туындауына мұғалім ғана емес, бүгінгі қоғам да кінәлі екені анық. Мұғалімнің міндеті баланы өмірге дайындау, оқушыны білімге өз бетінше ізденіске және шығармашылық іс-әрекеттерге баулу екені жұртқа жақсы мәлім.

Алайда, соңғы жылдары мұғалімдерге қатысты жиі көтеріліп жүрген мәселелерді сараласақ, педагогикалық міндеттерінен тыс түрлі қара жұмыстарға, сенбіліктерге, сайлау кезіндегі шараларға мәжбүрлеп жұмсау, мектеп әкімшіліктері тарапынан болатын түрлі ақша жинау, мәжбүрлеп билет алғызу сияқты жөнсіз әрекеттердің көбейгенін аңғарасыз. Мұғалімдердің мектеп директорлары мен әкімдіктердегі білім бөлімдерінен көретін қысымдарын айтып шағымдануы да жиілеген. Заңсыз мәжбүрлеу оқиғаларына қарсы шығып, өз құқықтарын сот арқылы қорғауға мәжбүр болғандары да аз емес. Әлеуметтік желілерде бірігіп, бір-бірінің құқығын қорғауға жәрдемдесе бастаған белсенді топ та бар. Мысалы, «Ағартушы» қозғалысы – оның Шымкенттегі өкілі Өмір Шыныбекұлы мұғалімдердің әлеуметтік желі арқылы «оянып», ынтымақтаса қимылдауға үйренгенін айтады. «Қазір директорлар мұғалімдерден аяғын аздап тартып қалды.

Бірақ облыстық білім басқармаларын тікелей Білім және ғылым министрлігіне бағындырмай жағдай түзелмейді, Біз сол қолбала күйімізде қаламыз, сайлау болса, сенбілік болса, алаңға шығу керек болса, мұғалім дайын тұрады», дейді «Ағартушының» өңірдегі өкілі. Қозғалыс мүшелері білім басқармаларын жергілікті биліктің құзыретінен шығару, мұғалімдерді басқа жұмыстарға жекпеу, мәртебесін қорғау сынды мәселелерді «Білім туралы» заңға қосу қажеттігі туралы ұсыныстарын министрге де жеткізіпті. Алайда, әзірге нәтиже жоқ. Тіпті соңғы кезде «қорғансыз, шамасыз болсаң, не Үкімет қолдамаса, не заңың қолдамаса бұдан өткен қасірет жоқ» екенін айтқан мұғалімдер министрге мұғалім мәртебесі туралы заң қабылдау керектігін айтып, кеңес беруде.

Академик Ш.А.Амонашвили мұғалімнің болмысы жайында: «Барлық реформалар басталуы тиіс жерде емес, әуел бастан құрдымға кетер жерде басталады. Реформа тек мұғалім бойында бас­талады. Егер мен нашар мұғалім болсам, маған берілген ең жақсы бағдарламаларды мен қандай деңгейге айналдырамын? Егер мен жақсы мұғалім болсам, маған берілген нашар бағдарламаларды қандай деңгейге жеткіземін? Әдістемені өз бетіңше көре білуге тырысып, балаларға өз-өзіңді ұсын. Сонымен, мектепті кім реформалайды? Өз бағдарламаларымен министр ме? Әлде жеке ақиқаттарыммен мен бе? Мұғалімді ойшыл, шығармашыл, еркін етіп тәрбиелеу керек. Мұғалімдерді балағаттаудың орнына оларды ұлықтау қажет. Олар өмір суретшілері ғой. Бүгінгі мұғалімдер ХХІ ғасырдың ортасын салып жатыр», деп жазыпты. Бүгінде қолға алынып жатқан реформаларды жүзеге асырады деген мұғалімдеріміздің арасында дау-дамаймен басы қатып, сотқа жүгінетіндері көбейе түсуде. 

Балағаттау аздай, таяқ жеп жатқандары да баршылық. Бір ғана мысал, өткен жылдың көктемінен бері Шымкентте мектеп директоры мен қарапайым мұғалім соттасып жатыр. Дау мұғалімнің көпшілік үшін қалыпты жағдайға айналған мектептен тыс жұмысқа келіспеуінен шыққан секілді. Шымкенттегі Нұртас Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназияның мұғалімі Гүлжан Сәлімбаеваның айтуынша, 4-12 сәуір күндері басшылықтың тапсырмасымен әдеттегідей үй аралау, яғни тұрғындардың мәртебесін анықтау бірнеше оқытушыға қатар жүктелген. Тапсырманы мұқият орындаған мұғалім сенбі күні сырқаттанып қалған анасының халін білуге шалғай ауылға кеткен. «Ол күні, яғни аптаның сенбісі күні, менің сабағым жоқ болатын. Сол күні қоңырау шалып, дәл бүгін Еңбекші ауданы әкімдігінен тұрғындардың статусын анықтау бойынша тағы да жұмыс түскенін айтты. Директордың орынбасары сол жұмыс бойынша шақырып, мені тез жұмысқа келуімді өтінді. Мен келе алмайтын себебімді айттым. Анам ауырып қалған еді, өкінішке қарай мен бара алмаймын, егер барып жатсам орындап беремін дедім. Бұл біздің міндетімізден тыс болса да, әрине, біз мектеп басшылығына бағынышты адамбыз ғой, бәрібір», деген Гүлжанның сөзімен айтсақ, осыдан соң қысым жасау басталған. Екі бірдей акт түзілген. Сөгіс те беріліпті. Мұнан соң ол өткен оқу жылының соңында мектеп басшылығы міндетінен тыс жұмысқа салғанын, қысым көрсетіп, денсаулығына зиян келтіру салдарынан 17 күн ауруханада ем қабылдағанын айтып, Елбасының атына үндеу жолдап, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің атына шағым түсірген. Одан кейін мектеп директоры «ар-намысымды таптады» деп мұғалімді сотқа берген.

Мұғалім мен мектеп басшылығы арасындағы дауға байланысты сот биылғы қаңтарда да жалғасты. 24 қаңтарда Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты қаладағы №38 мектептің мұғалімі Гүлжан Сәлімбаеваның үстінен түсірген мектеп директоры Айман Жүсіпова мен оның орынбасарларының шағымын қанағаттандырмай тастады. Шағымданушылар мұғалім мектеп әкімшілігінің абыройына нұқсан келтірді деп әрқайсысы 500 мың теңгеден және моральдық шығын келтірді деп 1 млн 500 мың теңге өндіріп беруді судьядан сұраған. Судья Б. Ахметов мұғалімге тағылған айыптарды негізсіз деп тапты. Сондай-ақ Шымкент қаласының Еңбекші аудандық соты, Гүлжан Сәлімбаеваның «Н.Д.Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, қалалық білім бөлімі, облыстық білім басқармасы, Шымкент қаласының әкіміне, Оңтүстік Қазақстан облысының әкіміне, «Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша білім саласындағы бақылау департаменті» мемлекеттік мекемесіне талап арызын қанағаттандырудан бас тартты. Яғни, бұл дау-дамай мұғалімнің жүйкесін жұқартып, мектеп ұжымының берекесін алды.

Осындай жайттарға қатысты пікірін білдірген жоғары санатты ұстаз Өмір Шыныбекұлы: «Әкімшілік директорға звондайды, директор қарамағындағыларды жұмсайды. Сөйтіп көше сыпыртады, әлгі сайлау, санақ сондайға жүгіртеді. Ал негізі мұғалімнің міндеті тек қана оқу, тәрбие болуы керек. Басқа жұмысқа басын қатырмауы тиіс. Неге ол көше сыпыруы керек?! Қаланың коммуналдық қызметі бар, олар не істеп жатыр? Оған қыруар қаражат бөлінуде. Иә, анда-санда балаларды еңбекке тәрбиелеу мақсатында мектептің ауласын аздап сыпыруға болады.  Ал кейбір ауылдарда тіпті трассаның бойын жағалатып, тазалатып қояды. Тіпті Түркістаннан, Мырзашөлден келіп түскен шағымдарға қарағанда, мұғалімдерге трассаны күзеттіріп қояды екен, балаларды қағып кетпесін деп. Сонда жол инспекциясы қайда қарап отыр? Сайрам ауданындағы №49 мектепте басшылық пен қарамағындағы қызметкердің арасындағы алауыздыққа біз де куә болдық. Әсіларық ауылындағы орта мектеп ұстаздарының бір тобы мен ауыл азаматтары арасында наразылық орын алды. Мектептегі берекесіздіктен балаларын бұл мектепте оқытудан бас тартқандары бар. Себеп – білім сапасы төмендеп кеткен», дейді. Яғни, мектеп директоры мен мұғалімдер арасындағы дау-дамай, мұғалімдерді басқа жұмысқа жегу сынды келеңсіздіктер облыс орталығында ғана емес, аудандарда да көп. Мысалы, Сарыағаш ауданында білім саласы қызметкерлері арасындағы дау өршіп, соттасу әлі күнге дейін созылуда. Мұндай жайттар Мақтарал ауданында да орын алған еді. Бүкіл республикаға мәлім болған Жетісай қаласындағы №119 мектептің директоры мен аудандық білім бөлімінің басшысы арасындағы текетірес көп даудың бірі ғана. Ал Түркістан қаласына қарасты мектепте орын алған даулы мәселе қоғамдық ұйым және БАҚ өкілдерінің араласуымен оң шешімін тапқан болатын. Мұндай даулар мектептегі білім сапасына кері әсер етері анық. «Ағартушы» қозғалысы өкілінің айтуынша, мұғалім мәртебесін қорғайтын арнайы заң шығарудың қажеті жоқ. Тек қолданыстағы «Білім туралы» заңға бірнеше бап қосу қажет. Дау-дамайдан бөлек мектептердегі білім сапасының нашарлығына мұғалімдердің білім, біліктілігінің төмендігі де әсер етуде. Бұл орайда, «мұғалімнің беделі…» дей бергенше, саны бар сапасы жоқ мұғалімдерді дайындап, қолдарына диплом ұстатып жатқан жоғары оқу орындарының санын азайту керектігін, мемлекеттігі бар, жекеменшігі бар, бір өңірге бір пединститут жететінін айтушылар да жоқ емес. Мектепте ер мұғалімдер қатарын көбейту қажеттігі де жиі айтылады. Сондай-ақ білім сапасында баланың қабілетіне ерекше мән беру, жақыннан әсер ету-тәрбиелеу бойынша дарынды балаларды бөлектеп оқытпау да маңызды. Мұғалімдердің ата-аналардан ақша жинайтыны жиі айтылады және оны ешкім жоққа шығара алмас. Бұл білім саласына қаржының аз бөлінетінін немесе мақсатсыз жұмсалатынын аңғартса керек. Осы орайда мұғалімдер де, ата-аналар да жариялылықты қалайды, яғни мектептің күрделі немесе ағымдағы жөндеуіне, басқа да қажеттіліктеріне бөлінген қаржы көлемі туралы ақпарат ашық болуы тиіс. Соңғы жылдары енгізілген қамқорлық кеңесі қызметтік міндетін толық атқара алмай отыр. Бұл орайда оның бұрынғы ата-аналар комитеті ауқымында қалып қойғанын айтушылар көп. Яғни, көпшілік кеңестің функциясын толық білмейді. Қысқасы, бүгінгінің мұғаліміне қатысты өзекті мәселе өте көп. Қоғамда мұғалім мәртебесі туралы мәселенің жиі көтерілуі сондықтан да болар.  Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ы.Алтынсарин: «Мұғалім – білім берудегі ең маңызды адам. Ең озық педагогикалық оқу құралдары, үкімет қаулылары, өте қатал инспекторлық бақылау маңызы жағынан мұғалім дәрежесімен теңесе алмайды. Сондықтан, мен үшін мұғалім әлемдегі барлық асыл заттардан қымбат», депті мұғалімнің адами болмысына баса мән бере. Біздің тілек, мұндай мінездемеге бүгінгінің барлық мұғалімі сай болса екен.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан» 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика