Міржақыптың тағдырына әсер еткен әйелдер

7 февраля 2019

Қазақ қызының тағдырын тұңғыш рет романға арқау еткен Міржақып Дулатұлының азаматтық бейнесі жан-жақты зерттелді. «Бақытсыз Жамалды» терең психологиялық кейіпкер ретінде жұртшылыққа жеткізе алғаны өз алдына бөлек тақырып болса керек. Ал, әйел ғұмырына ерекше тоқталған жазушының өз айналасында қандай жандар болды? Аяулы ананың аялы алақаны, ыстық жүрегі, жан тілеуі, әрине, тұлғаның өмірінен ешқашан тыс қалып көрген емес. Дегенмен, Алаш көсемдерінің бірінің өмірін айтқанда үнемі еске алына бермейтін, бірақ оның тұлға болып қалыптасуына ерекше ықпал еткен жандар туралы толығырақ тоқтала кеткенді жөн көрдік. Бұл ретте оның қызы Гүлнар Дулатованың естелігінен үзінді ұсынамыз.

Гүлнар Міржақыпқызының «Міржақып Дулатовтың өз қолымен қысқа жазылған өмірбаяны жұртқа таныс болса да, оның әлі де көпшілікке беймәлім шағы аз емес…» деп басталатын «Ардақтап өтем әкемді» естелігі оқырман қауымға кеңінен таныс деп білеміз. Естелікте Ботакөз Асқарқызы берген мәліметтердегі мына жайттарға көпшілік назарын аударғымыз келеді.

Міржақыптың туған анасы жайында былай делінеді: «Дәмеш – Қараман еліндегі атақты байдың қызы. Ол ақылына көркі сай, ажарлы кісі еді. Жиын-тойларда домбыра тартып, ән салатын, айтыстарға да қатысып жүретін. Әңгімені де қиыстырып сөйлейтін, қолынан іс келетін шебер, үй шаруасына ұқыпты, берекелі, қонақжай, ел-жұртқа жағымды, абысын-ажындарымен тату, мейірімді ана еді.

Дәмеш шешелері Міржақыпты басқа балаларынан гөрі айрықша жақсы көріпті. Қаз тұрып, апыл-тапыл жүре бастағанда-ақ арқасынан түсірмей, ауыл сыртында молдадан оқып жатқан шәкірттердің жанына барады екен. Баласы жығылып қалмасын деп, күншаш деген жұмсақ шөпті жіп тәрізді есіп, белінен байлап, өзі бір ұшынан ұстап, балалардың арасына қоя беріп, қызыға қарап тұратын болса керек. Олардың қағаз-қаламдарына жармасқан баласын көрген шешесі мәз болып: «Менің жаным да ер жетіп, оқымысты болады, көрген аян түсім бар, сол келеді» деп қуанады екен. Қуаныш ренішпен қатар жүреді демекші, Дәмеш аналарының өмірі ұзақ болмады, ұлы небары екі жасқа толғанда жетім қалды. Қаңтар айының қақаған аязы, күні-түні дамылсыз соққан ақ бораны марқұмды жерлеуге мүмкіндік бермепті. Қазаға көңіл айтуға келген кісілердің аяғы басылып, өліктің қасында отырған күзетшілердің көздері ілініп кеткенде, шешесінің қойнында жатып үйренген Міржақып өлген шешесінің қасына қисайып, ұйықтап қалыпты».

Әйелі қайтыс болған соң, Дулат әкесі екінші рет үйленуіне тура келді, Жамантік деген кедейдің он төрт жасар Манапия деген қызын алады.

Міржақып Дулатұлының сауат ашып, тәрбиеленіп, білім алуына көп үлес қосқан осы естелікті жеткізуші Ботакөз апаның әкесі – Асқар. Бұл кісі де зайыбынан ерте айырылып, Зәуре деген қызға үйленеді: «Жұрт бізді есіркеп, балалардың жағдайы қалай болар екен, Зәуре тым жас, ана бола алар ма деген күдік те айтып жүрді. Бірақ Зәуре шешеміз ақылды кісі болып шықты. Бәрімізді өзі туған балаларындай әлпештеп, аялап өсірді, ешбір зәбір, жетімдік көрсетпеді. Ағайындар Зәуре десе, ішкен асын жерге қоятын, ризалықтарын білдіріп, атын елге жайған еді.

Өз әкем Асқар Дулатов ел ішінде беделі зор, жұрт сыйлайтын, оқыған кісі, ел басшысы, атқамінері болған. Әкеміз Торғай дуанының судьясы, яғни, биі болып жұмыс істейді. Дуанға жүрерде арнайы тігілген киім киетін, қос шынжырлы медалін (оны біз «знак» дейтінбіз) мойнына салатын, ұмытпай қызыл масатыға салынған мөрін алатын. Ауылдағы келіндері ол кісіні «Би-аға» деп атайтын. Әкемізді сот мәжілісін жүргізерде бәріміз әбігерге түсіп, киімдерін даярлайтынбыз. Әкем үйге оралған соң, қос шынжырлы «Знакты» әжем (Зәуре шешемді әже дейтінбіз) алып, жоғалмасын деп, өрілген шашына шолпы орнына тағатын. Кей мезгілде, асыққанда «знакты» тез шеше алмай сасатын, сонда әкем: «Осы би мен болмай-ақ, сен бола қойшы», — деп әзілдеп күлетін.

Ботакөз апа жеңешесі, яғни, Міржақыптың жұбайы Ғайнижамалмен кездескенін былай есіне алады: «Зәуре әжем, мен және Бөпелеш жеңешем үшеуміз Ізтілеудің үйіне келдік. Үйге кірсек, үйдің екі жағында түсірулі екі шымылдық. Екінші шымылдықтың ішінде төсектің үстінде төрт жасар Гүлнар отыр. Бізге татаршалап мамасының қазір келетінін айтты. Іле-шала жеңешем де келді. Иығына жамылған шапанын сыпырып тастап, абысындарына тізе бүгіп, иіліп сәлем етті де, құшақтасып амандасты. «Сен Ботакөз боларсың» деп бетімнен сүйді. Ал енді көрімдігімді өзіңе берейін деп, қалтасынан орамалын суырып, шетіне түйілген алтын сақинаны алып менің саусағыма кигізді. Ғайнижамал жеңешем ақ құба жүзді, күлімсіреп тұратын үлкен көздері ұшқын атқан сұлу кісі екен. Бізді көптен білетіндей сөзге араласып, ашық-жарқын мінез танытып, жұртты өзіне тез үйіріп алды. Жеңешемді көрген сәтте-ақ ұнаттым, содан бастап өмір бойы айныған емеспін.

Осындай тәрбие көрген Ғайнижамал жеңгесінің кейін өзі де үйінде, яғни, Міржақыптың шаңырағында жастарға осындай үлгі-өнеге көрсетіп, қамқор бола білгенін көреміз: «Міржақып тәтем Мұхтардың (Әуезов) талантын жоғары бағалайтын, оны өзгелерден гөрі жақсы көретін, еркелетіп «қара Мұхтарым» дейтін. …Жеңешем Әулиеатадан әкелген көкала бұхары патсайыдан Мұхтарға арнап көрпе тіккізген. Біз мұны «Мұхтар көрпе» дейтінбіз. Ол басқаға жаппайтын.

Жеңешем келіншектердің үсті-басына қарады, қалаға лайықты киіндірді. Көпшіліктің арасында қысылып, қымтырылып, ұялуды тастатып, бойларына әдептілік қасиеттерді дарытты. Келешекте театр сахнасына шығуларын мақұлдап, өнерге даярлады. Сонымен қатар киім пішіп тігуді, үй шаруасын жүргізуді, түрлі тағамдар пісіруді, бала тәрбиелеу тәсілдерін үйретті. Онымен қоймай, оқып, тез сауаттануға көмектесті», – деп еске алады Ботакөз Асқарқызы.

Байқағанымыздай, Міржақып Дулатұлының анасы, оның ардақты жеңгелері, жан жары Ғайнижамал да оның тілеуін тілейтін тілекшісі ғана емес, жан шуағын төккен қамқоршылары да бола білген.

Алмас МҰҚАШҰЛЫ
Дереккөз: ҚазАқпарат


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика