Міржақып Дулатұлы жазған «Есеп құралының» ескі нұсқасы қалай табылды?

5 Мамыр 2018


Кереку қаласында Алаш қайраткері, ағартушы Міржақып Дулатұлының «Есеп құралы» кітабының 1925 жылы жарыққа шыққан данасы табылды. 2014 жылдың 15 қазан күні еді. Павлодар қаласындағы «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінде ескі кітаптарды сақтайтын қойманы жинап, тазалап, жаңадан сөре орнату қажет болды. Ол кезде мешіттің жастармен жұмыс бөліміне жауапты қызметкер едім. Кітапхана саласында көп жыл еңбек еткен «Еңбек ардагері», зейнет демалысына шыққан соң құлшылық үйінде кітапхана меңгерушісі болып жүрген Назым Шайкенова екеуіміз мешіттегі көне Құран Кәрім басылымдарын тізімге алу, қалпына келтіру жұмысын жүргізуді көздедік. Қоймада араб тіліндегі көне діни кітаптар, ескі Құран Кәрімдерден бөлек, арабша жазылған қолжазбалар, жыртқыш жануарлар туралы ескі энциклопедия, т.б. қағаздар жиналыпты. Мешіттің сол кездегі наиб имамы араб, түрік тілдерінің білгірі Берікбай Германұлының көмегімен діни жазбалардан, энциклопедиялық кітаптағы мағлұматтардан хабардар болдық.

Кенет сырты сарғыш тартқан, қалың дәптер пішіндес кітапшаға көзім түсті. Мұқаба бетінде «Міржақып Дулатұлы. Бастауыш мектепте 2-інші жыл оқылатын Есеп құралы 4-інші басылуы (түзетілді, толықтырылды)» деп жәдитше жазылған да: «М.Дулатов. Задачник. Часть ІІ. Киргизское государственное издательство Оренбург 1925 год» деп орысша таңба түсірілген. Мұқабасы қатырма қағаз емес, жай ғана парақ. Оның сол жақ шекесіне сол кездің дәстүрі бойынша «Жер жүзінің жалшылары бірігіңдер!» деген ұран жазылыпты. Мұқабаның ішкі жағында мынадай мәліметтер берілген: «Қазақстан мемлекет баспаханасы. Орынбор. 1925 жыл.» «Кирглавлит №137. Тираж 10.000. Типография Киргосиздата. Оренбург, Караван-Сарай 1925 г.» Кітап 4-інші басылуында он мың данамен шықса, сұранысқа ие болғаны анық. Айтарлықтай жақсы сақталған. Таңбалары анық, оңай оқылады. Оқулық – 98 беттен, 3 тараудан тұрады. Парақтарының реттік саны 4-інші беттен басталады. Соңғы бетінде мазмұны берілген. І бөлім: «100-ге шейін сан» – 4 тармақтан тұрады. ІІ бөлім: «1000-ға шейін санау амалдары» – 4 тармақтан тұрады. ІІІ бөлім: «Төрт амалдық есептер» деп аталып, «Айналадағы табиғат», «Еңбекті тұрмыс» және тағы бір тармағы бар. Өкінішке қарай, кітаптың бір парағы – 95-96 беттер жоғалыпты.

 

Кезінде шариғаттан хабары бар, шағатайшадан, жәдитшеден сауаты бар аталар мен әжелердің көбінің қазір көзі жоқ. Сандықтарында көздің қарашығындай сақтаған, ақыреттік бөзінің астына жасырған қасиетті жазбалар, көне көшірмелер, қала берді дәптерлерге тізген дұғалықтар мен араб емлесімен таңбаланған парақтар олармен бірге көмілмесе де, соларға үйден орын табылмағандай. Балалары өздігімен оқи алмайды, лақтырып тастауға құдайдан қорқады. Тегінде қариялар: «Бұған тиіспеңдер, дәретсіз ұстауға болмайды, қасиетті сөздер жазылған» деп тыйып ұстайтыны белгілі. Міне, осындай бума-бума қағаздар ұрпақтарының ұйғаруымен мешіттерден тұрақ тапқан екен. Осындайда еліміздегі ескі мешіттердің қоймаларында талай-талай әдеби қазына жатқан шығар деген ой келеді. Бірақ, соның соңына түсушілер табылса. Павлодар облысының имамдарынан сұрау салғанымда білгенім: 2000-шы жылдары әлде Алматы, әлде Астана жақтан келген тіл мамандары мешіттерді адақтап шығып, кейбір жазбаларды әкетіп қалған десті. Біз кездейсоқ тапқан сирек кітап осыған дейін кімнің меншігінде болғаны, оны кімнің сақтағаны, мешітке кімнің өткізгені белгісіз. Алаш арысы 1988 жылы ақталғанға дейін оның еңбектерін сақтау – қиын шаруа болғаны айқын. Осындай ыждағаттылық танытқан кім екенін білу – маңызды, әрине. Бірақ, мешіт тарапынан қабылдап алу жөнінде ешқандай тіркеу жүргізілмеген. Тапсырушы адам да бұған құлық танытпаса керек. Арада бір апта өткен соң, Міржақып Дулатұлының «Есеп құралының» табылғаны туралы жергілікті телеарналарға сұқбат берілді. Дегенмен, ақпарат республикалық БАҚ-қа жол тартқан жоқ. Ескі кітаптың тиісті жағдайда сақталуын, республикалық реестрде тіркелуін көздегендіктен, Назым Шайкенова екеуіміз ескі оқулықты С.Торайғыров атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының сирек кітаптар қорына тапсырдық. Бірнеше жыл сол қордың көрме залында тұрды. Алайда, оны ешкім зерттеу нысанына айналдыра қоймады. Сондықтан, жалпақ жұртқа жария жасау, М.Дулатұлының шығармашылығын зерттеуші ғалымдардың назарын аудару мақсатында осы мақаланы ұсынып отырмын.

Екі басылымды да зерделей келе, 1925 жылы Орынборда басылған нұсқа мен 1927 жылы Қызылордада шыққан оқулықтың мазмұны біркелкі екендігіне көз жеткіздік. Павлодар облыстық С.Торайғыров атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы сирек кітаптар қорында сақтаулы тұрған Міржақып Дулатұлының бастауыш мектепте 2-інші жыл оқылатын «Есеп құралы» оқулығы М.Дулатұлының көп томдық шығармалар жинағының 4-томына еніп, ғылыми айналымға түскен 1927 жылғы нұсқасынан 2 жыл бұрын жарияланғандықтан, зерттеушілер үшін көнелігімен құнды демекпіз.

Айбек ОРАЛХАН Павлодар қаласы. «Найзатас» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналының жауапты хатшысы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика