МИНИСТРГЕ ДАТ! «Әдебиет порталы» Сәкенді жендет деп суреттеп отыр

30 августа 2017

Құрметті Дәурен Әскербекұлы! Ұлттық әдебиетіміздің айнасы іспеттес «Әдебиет порталы», естуімізше, сіздің құзырлы мекемеңізге қарайды екен. Сондықтан бұл хатта көтерілген мәселені шешуге өзіңіздің де пәрменіңіз жететініне сенеміз. Кеше (29.08.2017) сіздің құзырыңыздағы «Әдебиет порталы» интернет-жобасында Қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушы Сәкен Сейфуллинді кісі өлтірген жендет деп суреттеген мақала басылды. Әлеуметтік желіні «өртеп» жатқан жазба он жасар қыздың атасынан естіген әңгімесі екен. Оқиға отызыншы жылдары болған.«…Комиссарлық топтың жетекшісі С.Сейфуллин әйеліне аяқ киім тауып бере алмай, оны Түркістанға тастап…біреудің мәпелеп отырған қызын бір ай бойы бауырына басады… Одан кейін соған рахаттанып «Тау ішінде» деген әнін шығарады да, ол қызды алмаймын деп арудың өз шашына өзі асылып өлуіне… себепкер болады»?! 

Соңғы жылдары қаламгерлер арасында шығармашылық жұмысы үнемі сынға ілігіп жүрген «Әдебиет порталы» (жетекшісі Бауыржан Қарағұзұлы) бұл жолы таза шектен шығып кетті. Енді «Әдебиет порталының» бетін өсек-аяң, саржағал (желтый пресса) шығармаларға толтыра бастапты. «Әдебиет порталы» – ғайбат пен қаңқу сөз, өсек-аяңның «порталына» айналып кетті! «Халқымыздың тағылымы мол тарихынан…» (Н.Ә.Назарбаев) үлгі алудың орнына, текті тұлғаларымызды қаралауға әдебиет пен тарихтан мақұрым, орыс және әлем әдебиетінен хабарсыз, шала сауатты Қарағұзұлының қандай хақысы бар?! Ендігі жерде «Атам айтқан», «Әжем айтқан..» деген желеумен тарихи тұлғаларымыздың рухымен ойнау ойыны басталғалы тұрған сияқты. Ешқандай дерек, дәйексіз, біреу айтты екен деп, ұлттың ұлыларын қорлауға бола ма?! Сталиндік репрессия жылдары жазықсыз «халық жауы» атанған Сәкен Сейфуллинге ел Тәуелсіздік алған 26 жылдан кейін тағы да жала жабылып жатыр?!. «Әдебиет— ардың ісі»,-дейміз. Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер қазақ әдебиетінің ар-ожданы емес пе?!

Құрметті Дәурен Әскербекұлы! Қазақ әдебиетінің күрмеуі көп проблемаларын айтып, сіздің уақытыңызды алу міндет емес. Құзырыңыздағы «Әдебиет порталын»  ар-ұяттың—әдебиеттің алаңына айналдыратын мезгіл жетті деп ойлаймыз!

Серік Қирабаев – Қазақстан ҰҒА академиясының академигі

Оралбай Әбдікарімов – Мемлекет және қоғам қайраткері.

Темірғали Көкетаев – физика-математика ғылымдарының докторы, Ғасыр адамы

Диханбай Биткөзов – халықаралық дәрежедегі спорт шебері

Ғазым Жарылғапов – Жаңаарқа ауданының құрметті азаматы.

Қайрат Байбосынов – әнші, Қазақстанның халық артисі.

Серік Ақсұңқарұлы – ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

Қайрат Кемалов – актер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

Аманжол Әлтай – айтыс ақыны, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

Жақсыкелді Кемалов – әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

Қойлыбай Асанұлы – Филология ғылымдарының докторы, профессор. ҚР мәдениет қайраткері.

Болат Сыздық – заң ғылымдарының кандидаты.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика