Министр Мұхамедиұлы: «Концерт ұйымдастыруды заңмен қадағалау керек»

26 декабря 2017

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы әнші Төреғали Төреәлінің Павлодардағы даулы концертіне қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, бұл оқиға концерт индустриясын заңнамамен реттеуді қажет ететінін көрсеткен.

«Қазір бізде, өкінішке қарай, кез келген адам концерт ұйымдастыра алады, әншінің өзі де ұйымдастыра алады. Мұндай оқиға болды ма, онда біз шара қолдануымыз қажет. Мен әрқашан көрерменді құрметтеу керек деген ойдамын», — деді министр. Арыстанбек Мұхамедиұлы мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін министр ретіндегі міндеті қазақстандық концерт индустриясын өркениетті нарыққа келтіру керек екенін атап өтті. 

«Бар мәселе бұл саланың заң тұрғысында реттелмегенінде болып тұр. Мысалы, кез келген адам концерт ұйымдастыра алады. Әлемде концерт ұйымдастырғысы келгендер лицензия алады. Қазір біз оны (Төреғали Төреәліні — Авт.) жақтауымыз да, даттауымыз да мүмкін. Ал концерт ұйымдастырумен кәсіби ұйым айналысса, ұйымдастырушылардан мұндай жағдайға неліктен жол берілгенін, әншінің қандай күйде болғанын сұрай алар едік, қазір оның тіпті ақылға қонымсыз әрекет жасағанын айтып, талқылап жатыр. Барлығын да заңмен реттеу керек деп есептеймін», — деді Мұхамедиұлы.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика