Мешіт имамына ауыр айып тағылды

28 февраля 2018

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында басқа емес, имамның өзі теріс уағыз жасаған болып шықты. Қарабұлақтағы мешітте имам қызметінде болған азаматқа құзырлы орындағылар теріс дінді уағыздап, тұрғындар арасында алауыздықты қоздырғаны үшін айып таққан, деп хабарлайды 31 арна

«Жамағатқа уағыз айтуда экстремистік идеологияны насихаттады» деген молданың ісі қазір аудандық сотта қарала бастады. 

Қырық бес мыңдай халқы бар Сайрамның Қарабұлақ ауылында жиырма үш мешіт бар. Имамға бой түзеп, соған ұйыдық дегендер теріс уағызынан хабарымыз жоқ деп отыр. 

«Жақсы кісі еді. Имамға ұйып намазымызды оқып жүрдік. Басқа тірліктерін білмеймін, бірақ», — дейді тұрғын Рахымжан Мамедов.

 Мешіттің наиб-имамы бұрынғы әріптесі жайлы пікір айтудан қашқақтады. Бұрын бірге жүрдік, ағайын-туыстары дұрыс түсінбеуі мүмкін дейді.

«Оның әке-шешесі бар. Туыстары бар. Жұмыс орны болғандықтан бірге келіп-кетіп жүргенбіз, сәлеміміз түзу болды. Ол туралы ешнәрсе айта алмаймын», — дейді Қарабұлақ ауылы мешітінің наиб-имамы Жамалхан Құрбантаев.

Имамды айыптаған іс бойынша қазір алғашқы отырыс қана өткен. Ол қылмыстық кодекстің 174-бабы 2-бөлігімен, яғни дiни алауыздықты қоздыру дерегімен жауапқа тартылуда.

«А.С. есімді азаматқа қатысты қылмыстық іс Сайрам аудандық сотының өндірісіне келіп түсті. Қылмыстық іс қазір қаралып жатыр», — деп атап өтті ОҚО Сайрам аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Сабыр Мейрамбаев.

Діни экстремизге қатысты биылдың өзінде Сайрам ауданында үш азамат сотты болыпты. Бұл төртінші жағдай. Егер имамның қылмысы дәлелін табатын болса, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

 

Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика