Мерседес (әңгіме)

18 июля 2017

Омарташының жалғыз ұлы әкесінің қырқын берген күннің ертеңінде әйелімен айырылысып, қаладан бір сұлу келіншекті алып келген.
Ауыл шулады. Әрі-бері сөз қылды. Бар малды базарлап, жалт-жұлт еткен сүліктей қара Мерседес алған. Ұстараның жүзіндей лыпып тұр.
— Сен мені сүйесің бе? – дейді келіншек.
— Сүйемін!
— Дәлелде.
— Айта ғой.
— Құндыз тон керек.
— Аламыз
— Ренжімесең…
— Айта ғой.
— Қойшы…
— Не, не? – деп, өзеуреді жігіт.
— Балама бір бөлмелі болса да, тіпті, екі бөлмелі пәтер керек.
— Қой, кішкентай балаға үйдің керегі не, әлі жас қой, мектебін бітірсін де.
— Иә, — деді келіншек қабағын түйіп. – Тумаған әкенің аты тумаған, бір күні мені тастап, ана салпы етек қатыныңа қайтасың ғой. Бұрылып жүре берді. Жігіт орнында сілейіп тұрып қалған.
Олар сол түні бірінші рет бөлек жатты. Келіншек бөлменің есігін ашпады.
Жігіт түнімен ішті дерсің.
Тал түсте көзін ашты. Басы сынып барады. Суйгені кеп басын сүйген. Кеспе көже қырлы стақан арақ берген. Қою күрең шайын айтсаңшы…
— Ашуың қатты екен, жаным.
— Сенің ешетеңең керегі жоқ, өзің аман болшы, — деді келіншек еркелеп.
— Ақылдым менің, сенен немді аяйын.
— Менің баламнан да ма?! – деді келіншек көзін төңкеріп. – Ел тумаған баласын қарамады демесін дегенім ғой.
— Аламыз, сенің менің балам, екі бөлмелі үй не болады, әкесін танытып тұрып үш бөлмелі, жо-жоқ, коттедж алып қоямыз, ел көрсін!
— Жаным менің, жүрші, түнімен сені сағындым, — деп, келіншек оны жатын бөлмеге апарып шешіндіре бастады…
Ертеңінде таң атар-атпастан оянып алып, жолға қамданды.
Келіншек үйден шығып кетіп еді, бақырып-шақырып жылап кірді.
— Не болды, жаным?!
— Ара, ара шағып алды. Құрт көздерін, тұрмаймын бұл үйде, мына жерге сен мені өлтіруге әкелдің…
Жігіт үйден атып шықты. Алақ-жұрақ етіп біраз тұрды да, қоймадан екі шелек бензин алып шығып, омарталарға шаша бастады. Өзі «қазір-қазір» деп сөйлеп жүр. Кімге? Белгісіз. Кіжініп жүріп шырпы тұтатты. Қатар-қатар қаздай тізілген аралардың түрлі-түсті үйшіктері шатырлап жанып жатты.
Келіншек жүгіріп келіп мойнына асылды.
— Шын сүйеді екенсің ғой, жаным, коттеджді аламыз ғой, иә?!
— Иә, иә, — деді жігіт алақ-жұлақ етіп, әкелші қолыңды сүйейін, ем болсын.
— Ауырмайды жаным, сен жанымда болсаң болды.
— Бар үйден дипломатта тұрған долларды алып шық, атасына нәлет, ел көрсін… біздің кім екенімізді…
… Олар жолға шыққан. «Қалаға баламды ала кетіңдерші» — деп, бір әйел тоқтатты. «Әдірісі мынау, апасы күтіп отыр».
Таудан түсе гүрілдеп ағып жататын өзен бар. Жаңадан аспалы көпір салынған. Сол көпірден өте бергенде «Мерседестің» ішіне бір ара ыз-ыз етіп кіріп кетті. Ал кеп келіншек байбалам салсын. Келіншек пен жігіт қолдарын әрі-бері сермеп әлек, бір кезде… бір кезде Мерседес аспалы көпірден аунап түсті.
Тау өзені сонау Германиядан келген сүліктей қара машинаны төмен қарай консервінің қалбырындай даңғырлатып ала жөнелді…
Обал. Обал. Обал.
Бәрінен бұрын қалаға бара жатқан еш жазығы жоқ баланы айтсаңшы…

Талғат Кеңесбаев


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика